Циклы Авторы Сортировка

1 бөлім. Алғысөз

4 257
8 января, 16
Аудармашыдан. Автордың алғысөзі.
 
Ардақты да сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, дүниеге келген Рәбиүл әууәл айында, Алла Тағаланың осындай ерекше адамды жолдау арқылы адамзатты қараңғылықтың түнегінен ақиқат пен таухидтің жарығына шығарып, біздерге сыйлаған осындай Мейрімін еске алудың маңыздылығын ұмытпаған жөн.
 
Алланың бұл нығметіне деген шүкіршілікті әр түрлі жолдармен білдірсе болады. Қонақ шақырып, дастархан жайып, өлең шумақтары арқылы (әрине, жай ғана бір сырттай дәстүр ретінде ғана емес), мәуліт, яғни Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мадақ оқыса болады.
 
Бірақ, ең абзалы – Пайғамбарымызды, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, іштей терең құрмет тұту, оның алып келген Шариғаты мен нұрлы сүннетін ұстану маңыздырақ болады. Әйтсе де, сираны, яғни Пайғамбарымыздың өмірлік жолын толығымен зерттеместен, Пайғамбардың сүннетін ұстану мүмкін емес. Осыған орай, шейх Мухаммад Таки Усмани, оған Алла пана болсын, былай деп жазады:
 
«Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тиесілі болған ең маңызды нәрсе – ол ең алдымен оның үйреткен ұстанымына берік болу, екіншіден - оның сирасын әр мұсылманға жеткізу, оны әр мұсылманның жүрегіне бала кезінен бастап сіңіру. Өмірлерін осы жолға сай құрастырып, Пайғамбарымызды адамзат тарихындағы ең ардақты үлгі ретінде құрмет тұтатындай етіп, сираны отбасымыздың әр-бір мүшесіне үйретуіміз керек. Ал, мұның барлығы жай ғана сыртқы көрініс арқылы емес, сүннетті шынайы ұстанып, ең ұлы махаббатпен, ең үлкен құрметпен іске асуы қажет. Ал бұған әншейін рәсімдер мен ресми ақпараттар арқылы қол жеткізу мүмкін болмасы рас. Ол нақты да тұрақты әрекеттер жасау, жүйелі түрде білім беру мен дайындық бағдарламасын атқару арқылы ғана іске асады.»[1]
 
Соңғы Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тұлғасы, әр мұсылманның ақиқат жолында жарық беретін шамшырағы. Ол кісі өз бойына адамзаттың ең әсем қасиеттерін жинай білді, ал оның өмір жолы – біздерді бұл өмірде жақсылыққа ынталандыратын ең көркем амалдардың легі. Сонымен қатар, кез келген мұсылман оның өмір жолын зерттеп, өзіне үлгі тұтуы қажет, себебі Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Расында, Алла Елшісінде сендер үшін ең көркем үлгі бар»,- деген.
 
Пайғамбарымыздың өмірбаянында үлкен тәрбиелік әлеуеттің бар екенін көрген сахабалардың ұрпақтары оның өмірлік деректерін сақтап қалуға бар күш-қуаттарын жұмсап, келер ұрпаққа жеткізуге тырысып баққан. Сағд ибн Әбу Уаққас атты сахаба, оған Алла разы болсын, айтатын: «Біз балаларымызға Құранды қалай үйреткен болсақ, Алла Елшісінің сирасы мен оның әскери жорықтарын да дәл солай үйрететін едік». Бұның өзі-ақ оның өмір баянын дүниеге келген сәтінен бастап, соңғы деміне дейін біліп, адамзаттың ең ардақтысының үлгісінде балаларымызға тәрбие берудің маңызды екендігін көрсетеді.
 
Ғалымдардың Пайғамбарымыздың өмірін зерттеудің маңызды екендігі жайлы айтқан насихаттарына, әсіресе осы айда амал ете отырып, Азан.кз Ислам порталы, рәбиүль-әууәл айын сира бойынша кітаптың аудармасын жариялаумен бастап отыр.
 
Мұхаммед Пайғамбардың оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,өмір жолы жайында жазылған кітаптардың саны өте көп. Ой жүгірте ақылдасқаннан соң, аударуға шейх әл-Худари деген есіммен танымал болған шейх Мухаммад ибн 'Афифи әл-Баджуридің «Нұр әл-яқин фи сира сеййид әл-мурсалин» атты кітабын таңдап алдық.
 
Бұл кітаптың басқа сира кітаптарынан айырмашылығы: тарихи деректердің толыққандылығы аз ғана көлеммен үйлестірілген, ғылыми тұжырымдар қызығушылық тудыратындай етіп келтірілген, ал ақиқаттың рухани тереңдікпен көрсетілгендігі кітапты әсіресе орыс тілді оқырмандар үшін ерекше бағалы ете түседі. Аталған кітапты таңдауда есепке алыңған ең маңызды аргументтердің бірі – автордың сунниттік көзқарастағы ұстанымда болуы еді, себебі орыс тіліне аударылған көптеген кітаптарды өзгеше сенім ұстанымындағы адамдар жазған.
 
Шейх Мухаммад әл-Худари (немесе әл-Худари Бек) хижри бойынша 1289 жылы (1872) Каир қаласында дүниеге келген. Медресені тәмамдап, Суданда шариғат соты қызметін атқарған, содан кейін 16 жыл Каирдағы медреседе сабақ беріп, Мысыр университетінде Ислам тарихының мұғалімі болып қызмет жасаған. Артынша білім министрлігінде лауазымды қызметте болған. Шейх хижри бойынша 1345 (1927) жылы Каирде қайтыс болды.
 
Оның ең танымал кітаптары:

- Нур әл-яқин фи сира сеййид әл-мурсалин.
 
- Усуль әл-фикх.
 
- Тарих ат-ташри әл-ислями (ИсламШариғатының тарихы).
 
- Итмам әл-уәфа фи сира әл-хуляфа (Төрт ізгі халифалардың өмірбаяны).
 
- Әл-Ғазали уа таалимуху уа арауху (Имам әл-Ғазали жайлы кітап).
 
- Мухадарат фи тарих әл-умам әл-ислямийя (Ислам тарихы бойынша лекциялар, 2 томда). Және басқа да еңбектері
 
Кітап авторының алғысөзі.
 
Иә, бізді қараңғылықтың түнегінен жарыққа шығарып, тура жолға Салушы! Мақтау-мадақтарымыз тек Саған ғана! Біз үшін куәлік етіп, біздерді әрі қуанту үшін, әрі ескерту үшін және Өзінің қалауыңмен Аллаға шақыру үшін жолдаған жарық нұрыңа Сенен игілік пен сәлем сұраймыз. Сондай игілік пен сәлем Алла разылығы үшін мекендерін тастаған оның сахабаларына, оларға пана болып, діннің ұлықтығы үшін дүниелерімен бөліскен ансарларға болсын.
 
Әрі қарай, 'Афифи аль-Баджуридің ұлы Мухаммад аль-Худари былай жазады:
 
Жастайымнан өткен заманның оқиғаларын оқып, ол жерден өзім үшін ұлы ұстаз, ал ақыл-ойыма ең абзал азық тауып, жаным жай табатын. Сонымен қатар, мен Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өмірінен ақиқатқа шақырған халқының оған көрсеткен қорлығына деген төзімділігінде, туған тал бесігін тастап кетуінде мұсылмандар үшін ең көркем тәрбиешінің үлгісін көрдім. Ол біздерге неден қашып, неге талпыну керектігін көрсетті. Сондықтан да, біз ол көрсеткен жолмен ата-бабаларымыз жүргендей жүруіміз қажет. Бұл әсіресе басшылар үшін өте маңызды болып табылады, өйткені олар дәл сондай үлгіде адамдардың жүректерін өздеріне бұра біліп, араларын жақындастыра алулары керек. Сонымен қатар, бұл әскери қолбасшылар үшін де маңызды, себебі олар жауды жеңу үшін қол астындағы жасақтары мен қару-жарақтарын дұрыс пайдалана білулері керек. Бұл, сондай ақ қарапайым мұсылмандар үшін де аса маңызды, себебі олар зұлым ниеттілердің айлаларына төтеп беру үшін бірігіп, ажырамас бір ағзадай болулары керек.
 
Сираны оқу барысында мен рахат әсер алып, мұсылмандардың оны зерттеуді тастап қойғандарына қатты қынжылдым. Алайда, мен оларға ақтау іздеп, себебін сира тақырыбына жазылған кітаптардың тым ұзындығы мен күрделігіне сілтедім.
 
Бір күні, Мансура қаласына келгенімде, мен сол қаланың Махмуд-бек Салим есімді сотымен танысқан едім. Сол кезде мен ол кісінің терең біліміне тәнті болдым. Дін жайында қандай да болмасын сұрақ қойылса, оның берген жауаптары білікті де көркем болды. Әсіресе, оның Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сирасын терең білгендігі мені таңқалдырды. Мен ол адамның қысқа да жеңіл, қарапайым мұсылмандарға пайдасын тигізетін, сонымен қатар ауқымды сира кітабын жазғысы келетіндігін естіп жүрдім. Сонда мен өз-өзіме былай дедім: «Иә Алла! Бұл құрметті мырзаның сөздері менің көкейімдегі арманыммен сай келді». Дегенмен, бұл істің ауырлығы мен жауапты екендігін ескере отырып, жұмысты бастай алмай жүрдім. Бірақ, Мансураның ғалымдарымен араласу, мен үшін кең аудиторияға пайдасын тигізетін осы бір істі бастауыма әсерін тигізді. Аллаға тәуекел етіп, Оның жәрдеміне жүгініп, ісімді аяқтамайынша күні-түні аянбай еңбек еттім. Ақыры, Алланың қалауымен, кітап оқуға жеңіл, жанға жағымды, қарапайым мұсылмандар мен сыншыл оқырмандарға пайдалы болып шықты. Еңбек барысында мен Қасиетті Құран мен имам Бұхари мен имам Мүслім жеткізген сенімді сүннетке сүйеніп отырдым. Алайда, мен хадистерді қажетімен, кей жерлеріне түсінік беру үшін ғана келтіріп отырдым. Сонымен қатар, бұл еңбекті жазуға маған Қади Ғияданың «аш-Шифа» кітабы, имам әл Қастыләнидің «әс-Сира әл-Халябийя», «Мауахиб әл-лядунийя» атты кітаптары, және имам әл Ғазалидің «Ихья 'улюм ад-дин» кітаптары көп көмек берді.
 

Және мен біздің имамдарымыз бен басшыларымызға діни білімді қайта жаңғырту үшін, мырзамыз Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, артынан еруді нәсіп ет деп Алладан тілеймін. Әмин!

 

[1] http://darulfikr.ru/story/manhaj/true_mawlid
АВТОР ЦИКЛА
Сира «Нұр әл-яқин» Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад әл‑Худари
Автор:
МҰХАММАД ӘЛ‑ХУДАРИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков