Циклы Авторы Сортировка

1 бөлім. Шынайы хикаялар, 1 бөлім

3 725
1 марта, 16
«Бешти зевар» («Жәннат өрнектері» деп аударылады) – мәуләнә Әшраф Әли Тәнуидің (Алла оны рақымына бөлесін) фиқһ бойынша қыз балалар мен әйелдерге арнап құрастырған сегіз томдық еңбегі.

Бұл кітапта Исламның бес тірегі мен өзге де көпшілік біле бермейтін шариғаттық қағидалар егжей-тегжейлі түсіндіріледі. «Жәннат өрнектері» кітабы көптеген жылдардан бері Үнді-Пәкістан аймағында ең сүйіп оқылатын кітаптардың бірі болып отыр.
 
Өздерін ханафи мен деобандтықтарға жатқызатын мұсылмандардың арасында қалыңдыққа «Бешти зевар» кітабын тарту ету дәстүрге айналған. Мұның себебі, әйел адам өзінің жұбайлық және болашақ аналық жаңа міндетіне кірісетіндіктен, дініміздің негіздері мен ислами салт-дәстүрлерді жақсылап үйренуі тиіс.
 
Шынайы хикаялар
 
Бірінші хикая
 
Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп баяндағаны риуаят етілген: «Бір адам ну тоғайда жүріп, кенеттен бұлттың арасынан: «Бар да, бәленшенің бағын суар», - деген дауысты естиді. Дауысты естіген бұлт орнынан қозғалады да, тастақ жерге барып, нөсерлетіп құйып кетеді. Сол судың бәрі арыққа жиналып, ары қарай аға жөнеледі. Әлгі адам аққан судың артынан жүріп отырады да, әлдебіреудің өз бағында суды күрекпен жан-жаққа таратып тұрғанын көреді. Ол бағбаннан: «Уа, Алланың құлы! Есімің кім?» - деп сұрайды. Ол атын айтады. Сөйтсе, оның аты әлгінде бұлттан шыққан дауыс айтқан бағы бар адамның аты болып шығады. Сонда бағбан әлгі адамнан: «Уа, Алланың құлы! Неге менің есімімді сұрадың?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Мен әлгі нөсерлетіп кеткен бұлттың арасынан бір дауыс естідім. Ол сенің атыңды атап, бағыңды суаруды бұйырды. Сен соншалықты не істеп едің?» - деп сұрайды. Бағбан былай деп жауап қатады: “Өзің сұраған екенсің, айтып берейін. Мен егіннен түскен өнімге қарап, оның үштен бір бөлігін садақаға беремін, екінші бөлігін өзім мен отбасыма қалдырамын, соңғы қалған бөлігін қайтадан бағыма егін егуге жұмсаймын”».
 

Ғибрат:

 
Барлық мақтау-мадақ Аллаға лайық! Өзіне бағынған пендесіне нығметтерді оның ойына да келмеген жерден беретін Алла неткен Рақымды!
 
Екінші хикая
 
Бірде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бану Исраил тайпасының үш адамы жайында баяндап берді. Олардың бірі – алапес, екіншісі – қасқа бас, үшіншісі соқыр болған. Алла Тағала оларды сынамақ болып, періште жіберген. Періште алдымен алапеске келіп: «Сен бәрінен де нені қалар едің?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Бетімнің реңі жақсы, терімнің әдемі болғанын және адамдарды менен қашқақтататын, бәрі жек көретін дертімнен айығуды қалар едім», - деп жауап береді. Періште оның денесін қолымен сипағанда әлгі адам дереу жазылып, терісі мен бетіндегі дақтар кетіп, өңі кіреді. Періште одан: «Бәрінен де қандай мүлігің болғанын қалайсың?» - деп сұрайды. Ол: «Түйем болғанын қалаймын», - деп жауап береді. Сол кезде періште оған буаз түйе сыйға тартады да: «Алла Тағала берекесін берсін», - деп, кетеді.
Содан соң періште қасқа басқа келіп: «Сен бәрінен де нені қалар едің?» - деп сұрайды. Қасқа бас: «Шашымның жақсы өскенін және адамдар жақтырмайтын мына дерттен айыққанымды қалаймын», - деп жауап береді. Періште қолымен оның басынан сипағанда әлгі адам дереу жазылып, шашы әдемі болып өсе бастайды. Содан соң періште одан: «Бәрінен де қандай мүлігіңнің болғанын қалар едің?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Сиырымның болғанын қалаймын», - дейді. Сол кезде періште оған буаз сиырды сыйлап: «Алла Тағала саған мұның берекесін берсін», - деп, кетіп қалады.
Ақыр соңында, періште көзі соқыр адамға келіп: «Сенің ең үлкен қалауың не?» - деп сұрайды. Соқыр адам: «Алланың маған көру көру қабілетін қайтаруын және барлық нәрселерді көруді қалаймын», - дейді. Періште оның көздерін сипаған кезде Алла әлгі адамға көру қабілетін қайтарып береді. Сонда періште: «Қандай мүлігіңнің болғанын қалар едің?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «Ешкімнің болуын қалаймын», - деп жауап береді. Періште оған буаз ешкі сыйлайды. Уақыт өте келе, түйе боталайды, сиыр бұзаулайды, ешкі туады. Көп ұзамай төңіректің бәрін солардың бірінің түйелері, екіншісінің сиырлары және үшіншісінің ешкілері жайлайды.
Содан соң Алла Тағаланың әмірімен періште бұрын алапес болған адамға оның бұрынғы кейпінде келіп: «Мен бір кедеймін. Жолға қамдаған бар азық-түлігім таусылды. Бүгін мен үйіме алдымен Алланың, содан соң сенің жәрдеміңмен жете аламын. Саған осындай өң берген, әдемі тері берген Алланың атына үйге жетіп алуым үшін маған бір түйе беруіңді сұраймын», - дейді. Әлгі адам оған: «Жоғал бұл жерден! Менің өз шаруам басымнан асып жатыр. Саған беретін артық малым жоқ», - деп жауап қайтарады. Періште: «Мені сені таныған сияқтымын. Сен кезінде адамдардың бәріне жиіркенішті алапес болмап па едің? Алла саған осынша нығметін жаудырмай тұрғанда сіңірі шыққан кедей емес пе едің?» - дейді. Әлгі адам: «Не деп тұрсың? Бұл мал-мүлік маған ата-бабаларымнан мирас боп қалған», - деп жауап береді. Сонда періште: «Өтірік айтқан болсаң, Алла сені баяғы халіңе түсірсін», - деп, кетіп қалады.
Содан кейін періште қасқа бас адамға оның бұрынғы кейпінде барып, оған да алапеске айтқандарын айтып еді, ол да дәл солай жауап береді. Сол себепті, періште оған да: «Өтірік айтып тұрған болсаң, Алла сені бұрынғы халіңе түсірсін», - деп, кете береді.
Ең соңында періште бұрынғы соқырға оның бұрынғы кейпінде келіп, былай дейді: «Мен бір жолаушы едім. Жолға алып шыққан барлық қорым таусылды. Бүгін менде әуелі Алланың жәрдемі мен содан кейін сенің жәрдеміңнен басқа ештеңе жоқ. Саған көру қабілетін қайтарған Алланың атымен сұраймын, жұмыстарымды бітіріп, сапарымды аяқтау үшін бір ешкі берші». Сонда бұрынғы соқыр оған: «Әлбетте, менің көзім көрмейтін еді. Алла Тағала маған Рақымын төккеннен кейін ғана жанарым қайта қалпына келді. Қалағаныңды ал, қалағаныңды қалдыр. Алланың атымен ант етейін, не алсаң да, сені тоқтатпаймын», - деп жауап береді. Періште оған былай дейді: «Мал-мүлігің өзіңде қалсын. Маған ештеңе керек емес. Мен тек үшеуіңді сынау үшін қайта оралған едім. Енді сынақ аяқталды. Алла саған разы, ал, қалған екеуіне наразы».
 

Ғибрат:

 
Өзіңіз ойлап көріңізші: әлгі екеуі шүкірсіздіктерінің, қайырымсыздығының кесірінен өздеріне берілген бар нығметтен айрылды да, бұрынғы халдеріне түсті. Алла оларға қаһарланғандықтан, олар бұл дүниеде де, мәңгілік дүниеде де бақытсыз болды. Ал, шүкірлік етуші қайырлы адамға берілген нығметтің барлығы өзінде қалды. Алла оған разы болғандықтан, ол адам бұл дүниеде де, келесі дүниеде де бақытқа қол жеткізді.
АВТОР ЦИКЛА
Бешти зевар (Жәннат өрнектері)
Ашраф Әли Сануи
Автор:
АШРАФ ӘЛИ САНУИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков