Циклы Авторы Сортировка

10 бөлім. Уахидің басталуы

3 186
12 февраля, 16
Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, кемеліне келген жасы қырық жас еді, Алла оны адамдар мен жындарға хабаршы әрі насихатшы ретінде, надандық түнегінен білім жарығына шығару үшін жіберген. Марқұм Махмұд Паша белгілегендей бұл григориан күнтізбесі бойынша 610 жылдың ақпан айының басы болатын.   Көп еңбекті талап ететін зерттеуден соң, мұның хижраға дейінгі 13 жылдың 17 рамазанында, яғни 610 жылдың шілдесіне сәйкес келетіні дәлелденген.
 
Уахидің келе бастауы аян беретін түстерден басталған: оның, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, көрген барлық түстері туп-тура келіп отырған. Алла Тағала бұл дүниеде барлық нәрсе біртіндеп кемеліне жеткенше дамып отыратындай тәртіп орнатқан. Адамға уахиді періштеден бірден қабылдау аса қиын болар еді.  

Сосын Алла Тағала Мұхаммедті, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жалғыздықты жақсы көретіндей етіп жаратты.  Ол әбігерлік пен дүниенің әділетсіздігінен оқшауланған және Алла үшін жаратылғандармен байланысын үзген. Өйткені расымен, жалғыздықта жан тазарады.

Ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бірнеше күнге, кейде он күнге, ал кейде бір айдай Хира тауының үңгірінде құлшылық ету үшін оқшауланатын. Оның құлшылығы арғы атасы Ибраһимнің, оған Алланың сәлемі болсын,  сеніміне сәйкес болған. 

Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өзімен бірге азық-түлік алатын, ал онысы таусылғанда, Хадишаға келіп, азық-түлігін толтырып алып, қайтадан қайтатын.
 
Бір күні ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Хира тауының үңгірінде болғанда оған ақиқат түсті. Ол тауда тұрғанда, әлдебіреу пайда болып, оған былай айтады:
 
- Қуан, Мұхаммед! Мен – Жәбірейілмін, ал сен – осы халыққа келген Алла Елшісісің. Сосын періште:
 
- Оқы! – деді.
 
Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын:
 
- Мен оқи алмаймын, - деп жауап берген.
 
Расында да, ол оқып үйренбеген еді. Сонда періште әдетте Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ұйықтап жүрген кілемшемен оған дем алу қиынға соғатындай етіп оны қысып тастайды, сосын босатып, қайтадан айтады:
 
- Оқы!
 
- Мен оқи алмаймын.
 
Періште дәл жаңағыдай қайтадан бүркеп тастап, қайта босатып, үшінші рет айтады:
 
- Оқы!
 
- Мен оқи алмаймын.
 
Сол кезде ол оны үшінші рет бүркеп тастап, қайтадан ашып, былай айтады:
 
اقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ ﴿١﴾ خَلَقَ الْإِنسَانَ مِنْ عَلَقٍ ﴿٢﴾اقْرَأْ وَرَبُّكَ الْأَكْرَمُ ﴿٣﴾ الَّذِي عَلَّمَ بِالْقَلَمِ ﴿٤﴾ عَلَّمَ الْإِنسَانَ مَا لَمْ يَعْلَمْ

Мағынасы: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» («ꞌАләқ» сүресі, 1–5 аяттар).
 
Содан кейін, періштемен бірінші кездесуінен қатты қорыққан Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жүрегі қалтырап, үйіне оралады да әйелі Хадишаға келіп:

- Бүркеңдер мені...бүркеңдер…- дейді.
 
Ол, денесінің қалтырап, дірілдегенінің басылуын қалаған еді. Оны бүркеп қойған соң, денесінің қалтырауы басылып, ол Хадишаға болған оқиғаны айтып береді де, өзі үшін қатты қорыққандығын айтады, себебі періште оны қапсыра құшақтап, қатты қысқан кезде, ол жан тапсыра жаздаған еді, әрі Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, осы күнге дейін Жәбірейілдің қандай екенін көрмеген де, білмеген де еді. Хадиша оған айтады:
 
- Жоқ! Алламен ант етемін, Жаратушы сені ешқашан қорламайды, өйткені сен туыстарыңмен араласып тұрасың, әлсіздерге көмектесесің, қайыршыларға барыңды үлестіресің, қонақжайлық танытып әрі бақытсыздыққа ұшыраған адамдарға жәрдемдесесің. Алла саған сайтанды немесе аздырманы жібермес болар. Сөзсіз,  халқыңа бағыт көрсетсін деп, Алла сені таңдаған ғой.
 
Өзінің болжауларына сенімді болу үшін, Хадиша алдыңғы қауым кітаптарынан пайғамбарлардың қасиеттері туралы білетін біреумен сөйлесіп көруге бел буады. Ол Мұхаммедті, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өзінің немере ағасы Уарақа ибн Науфілге алып барады, ол жәхилият дәуірінде христиандықты қабылдаған болатын.  Ол еврейше хат таныған адам еді және Алланың қалауы бойынша Інжілден көне еврей тілінде жазып алатын. Ол қаусап қартайған, оның үстіне соқыр болып қалған еді.  Хадиша оған айтады:
 
- Уа, менің ағамның ұлы, өз жиеніңді тыңдашы!
 
Уарақа одан сұрайды:
 
- Иә, жиенім, сен не көрдің?
 
Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, оған не көргенін айтып береді. Уарақа онысына былай айтады:
 
- Ол- Алла Тағала Мұсаға жіберген намус (періште).
 
Әлібетте, Уарақа Жәбірейіл Алла Тағаланың пайғамбарларға жіберетін періштесі екенін білетін:
 
- Еһ, егер мен жас болып, сенің халқың қастықпен, өшпенділікпен сені туған жеріңнен қуып жіберетін күнге жетсем ғой, өйткені сен олардың өз ата-бабаларынан келе жатқан сенімдерінен бас тартуға шақыратын боласың.
 
Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, таңғалады, өйткені адамдар оны көркем мінезі мен шыншылдығы үшін қатты жақсы көретін әрі сол үшін оны әл-Амин деп атайтын:
 
- Олар мені қуып жіберетін бола ма?!
 
Уарақа былай жауап береді:
 
- Қашан да болсын, сен әкелгендейімен қандай адам келмесін, ел-жұрт әр кез онымен жауласқан болған. 
 
Бұны Қасиетті Құран да дәлелдеген. «Ибраһим» сүресінде Алла Тағала былай айтқан:
 
وَقَالَ الَّذِينَ كَفَرُوا لِرُسُلِهِمْ لَنُخْرِجَنَّكُم مِّنْ أَرْضِنَا أَوْ لَتَعُودُنَّ فِي مِلَّتِنَا

Мағынасы: «Ал қарсы болғандар пайғамбарларына: “Әлбетте сендерді жерімізден шығарамыз немесе дінімізге қайтасыңдар” деді»» (13 аят).
 
Уарақа Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ақиқат пайғамбар екендігіне кәміл сенгендігінен:
 
- Егер мен сол уақытқа жетсем, міндетті түрде саған көмектесемін! – деген еді.
 
Алайда көп кешікпей Уарақа қайтыс болады.
АВТОР ЦИКЛА
Сира «Нұр әл-яқин» Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад әл‑Худари
Автор:
МҰХАММАД ӘЛ‑ХУДАРИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков