Циклы Авторы Сортировка

10-шы насихат. Имам Ибн әл-Джаузи және исламдағы тайм-менеджмент

3 443
6 мая, 15
Имам Ибн әл-Джаузи және исламдағы тайм-менеджмент
 
Уақытты бағалау мен оны орынды жұмсауға ерекше мән беруімен ғұламалар арасында ең танымал болғаны - имам Ибн әл Джаузи (Алла оны мейіріміне бөлесін(хижри бойынша 508-597 ж.) Ол 89 жыл өмір сүрді, бес жүзге жуық ғылыми еңбекжазып қалдырды. Өзінің «Сайд әл-хатыр» атты кітабында имам былай дейді:
 
«Өзім туралы айтар болсам: мен бала кезімнен ғылымға қызығып өстім, содан, өсе келе ғылыммен айналыса бастадым. Және бір ғана ғылым саласын емес, барлық ғылымды бірдей ұнататтым. Әрі, ғылымның бір бөлігін ғана емес, оны толығымен зерттеп шығуға асығатынмын. Себебі, уақыт көп емес, қашанда аз ғой...»
 
Осы дәйексөзден-ақ, ілім иесін не нәрсе өз уақытын бағалауға итермелегенін, қазіргі тілмен айтсақ, оның – мотивациясы не болғанын анық байқауға болады. Бүгінде уақытты тиімді басқарудың (тайм-менеджмент) әдістемелері де мотивацияның маңыздылығын дәлелдеуде, онсыз адам ешқашан өз уақытын саналы түрде тиімді жұмсауды қадағалай алмайды. Былай айтқанда, мотивациясыз адам тіпті, уақытын қалай және неге өткізіп жатқаны жайлы ойланбайды да, бұрын қалай өмір сүріп келсе, солай жалғастыра береді. Адамдардың көбіне өмірдің ағысымен ғана, өздері ешбір күш жұмсамай өмір сүре беру  тән, осылайша өзгеру сәті келіп, саналары соны сезген кезге дейін жалғасады. Байқағанымыздай, имам Ибн әл-Джаузидің (Алла оны мейіріміне алсын) мотивациясы - оның жас кезіндегі білімге деген махаббаты мен көптеген ғылымның биік сатыларына жетуге деген құлшынысы еді. Ал, мұндай сипаттағы мотивация – Алланың құлына беретін ерекше мейірімі екені белгілі, себебі, Алла Тағала қай құлына игілік қаласа, оған ілімге деген махаббат нәсіп ететінін жақсы білеміз.
 
Әрі қарай имам Ибн әл-Джаузи былай жазады:
 
«Уақыттың зор құндылық екенін және оны ізгі істерге арнау қажеттігін түсінгеннен кейін, мен ол нәрсені (адамдардың пайдасыз кездесулерін) ұнатпайтын болдым. Сонда да, өзімді екі нәрсенің ортасында жарылғандай сезіндім: егер адамдармен мүлде жолықпайтын болып, маған келулеріне тыйым салсам, онда қоғамдағы салтты бұзғаным үшін жалғыздықта қалар ма едім, ал, егер, адамдармен бас қосатын болсам, бар уақытым солармен өткелі тұр. Соңында, шамам келгенше адамдармен жолығудан ұзақтайтын болам деп шештім. Ал, олай болмаған жағдайда, кездесу уақытын созып алмау үшін, көп сөзден қашып, ойымды қысқа жеткізетін болдым. Әңгімеге кедергі болмаса, сол аралықта, өз ісіммен де айналысып үлгеретінмін, өйткені, бос отыруға мүлде болмайды. Сол кездесулер үстінде қағаз қиып, қалам ұштап, кітапшаларды түптеп отыратын едім: бұлай істеу ол іске ойыңды жинақтауды қажет етпейді. Осы секілді кейбір істерді арнайы кездесу уақытына қалдыратынмын, есесіне, уақытым зая кетпейтін. Алладан  уақытымыздың құндылығын ұғынуды және әр уақытты пайдалы өткізуімізге тауфық беруін тілейміз!»
 
Уақыттың қадірін ұққан адам нәтижесінде оның жемісін көреді: уақытының шектеулі  екенін білген ол, оны пайдалы өткізуді ойлайды, істерін екіге: өте маңызды және екінші кезекте маңызды деп бөлу арқылы, барлық істерін маңызы басымдылығына қарай бір жүйеге келтіреді. Осы арқылы, аса маңызды емес істерін былай қоя тұрып, өте маңызды істеріне көбірек уақыт бөледі, ал, әлі де уақытын дұрыс басқара алмай жүргендер мұны керісінше істейді.
 
Сонымен қатар, имамның кітабындағы мына сөздерге аса мән бергеніміз жөн: «Менің түйгенім, Алла Тағала уақыт пен денсаулықтың құндылығын ұғынуды тек тауфық нәсіп етіліп және нығметтерді қалай пайдалы жұмсау керектігін оларға Өзі ұғындырған пенделеріне  ғана береді». «Әрі бұған тек ұлы үлеске ие болғандар ғана жетеді» («Фуссилат» сүресі, 35-ші аят)
 
Бұл сүренің тәпсірлерінде айтылғандай, Алла Тағала Исламның барлық игіліктерін сабырлы, өз нәпсісі қалауларымен күресе білген әрі қиындықтарға төтеп бере алатын иман еткен құлдарына сыйлайды, сонымен бірге, Алла бақыттың бұл ұлы үлесін пендесіне екі дүниеде де нәсіп етеді. Бұл дегеніміз, бұған дейінгі жазбамызда айтқанымыздай: кез-келген іс ізгі нәтиже беру үшін, оның ішінде ілім алуды айтқанда, оған жету екі нәрседен тұрады: адамның өз талпынысы және Алладан келетін көмек, яғни, тауфық.
 
 Қорытынды ретінде имамның «Сайд әл-хатыр» кітабынан  тағы бір дәйексөз келтіре кетсек, бұл сөздерді шейх Абдуль-Фаттах Әбу Ғудда (Алла оны мейіріміне бөлесін) өзінің «Ілім иелері үшін уақыттың құндылығы» атты маңызды еңбегінде қолданған еді:
 
«Адам бірде-бір сәтін құлшылықтан өзге бос нәрсемен өткізіп алмауы үшін, уақыттың қадірі мен оның мәнін түсінуі тиіс. Ісі мен сөзінің ішінен алдымен ең маңыздысын орындау қажет. Мүмкіндігі келгенше, әрдайым ізгі амалдарды орындауда белсенді ниет білдірген жөн, себебі, хадисте де: «Мұсылманның ниеті – амалынан хайырлы» делінген».
 
Бұл насихатта, дәлірек алғанда тайм-менеджменттің негізгі қағидалары тұжырымдалған. Соның бірі - әр істің өзіндік орындалу тәртібін білу керектігі, яғни, қазіргі технология мен неше түрлі нәрсенің көбейіп, адамдарды қызықтырып әрі соған бәріміз алданып жатқан заманда, ең бағалы болған ресурс - уақытымыздан қалай айырылып жатқанымызды байқамаймыз да.
 
Исламдағы тайм-менеджменттің ережелерін қысқаша жүйеге келтіру үшін, осыған дейінгі мақалаларымызда жазғанымыздың аралығын бір қорытындылап өтсек. Бұл тұрғыда ғалымдарымыз былай жазады:
 
1. Ниет. Ниеттің дұрыс болуы – ілім іздену жолында сәттілікке жету мен екі дүниеде де пайдаға кенелудің кепілі болып табылады.
 
2.Ілім алудың маңызы мен білім иелерінің Алла алдындағы дәрежесінің биік екенін ұғыну.
 
3.Уақыттың құндылығын, оның орны толмас және ең маңызды ресурс екенін түсіну. Бұл 2 және 3-ші айтылғандар біздің мотивациямыз болсын. Адам білім мен уақыттың қадірін білмесе, уақытын ешқашан тиімді өткізуге тырыспайды, ал, онсыз білім алуда жетістікке жетем деу бекер.
 
4.Істің маңыздылығына мән беру. Пайдалы ілім іздену – бұл, біз үшін ең маңыздысы, ал, біз пайдасы келіп-кетер істерді тізімге бірінші қоямыз. Осылайша, тізімімізде түкке тұрғысыз істер қалғанша жалғаса береді. Ал, негізінде, іс неғұрлым маңызды болса, уақыттың көбі соған арналуы тиіс.
 
5.Мақсатты тұжырымдау. Жоғарыда айтқандарды жақсылап түсінген соң, мұсылман адам өз алдына нақты қандай мақсаттар қоятынын анықтап алуы керек, мысалы, қайсыбір сүрені, бірнеше хадистерді жаттау, нақты бір кітапты оқып шығу, белгілі бір сабақтарды тыңдап шығу қажет деген сияқты. Бұл оның талпынатын мақсаты болады.
 
6.Жоспарлау. Адам өз уақытының көлеміне талдау жасап, сол уақытты істерінің маңыздылығына қарай, нақты қайсысына жұмсайтынын бөліп алғаны жөн.
 
7.Жүзеге асыру. Алға қойылған мақсатына жету үшін, жобамен құрған жоспарына сай, нақты әрекеттер мен қадамдар жасау.
 
8.Мақсатқа жетуді әркез бақылап отыру, сол аралықта және істің соңында қорытындылар жасап отыру: нәтижеге қол жетті ме (немес оның бір бөлігіне), оған қанша уақыт жұмсалды деген секілді. Егер нәтижесіз болса, қандай қателіктер кетті, оның себептері қандай екенін білу, бұл келесіде сол қателікті болдырмау үшін қажет.
 
Бұдан басқа, мұсылман адам тайм-менеджмент саласының мамандары құрастырған қазіргі таңдағы әдістемелерді де қолданып, олардың арасынан өзіне лайықтысын таңдап алуына рұқсат етіледі. Ол әдістерді зерттеуді әрине, мақтауға тұрарлық деуге болады, алайда, ол адам үшін қара бастың қамына айналып кетпеуі тиіс, оны тек уақытты басқарудың пайдалы дағдыларын үйренудегі құрал ретінде ғана қолданған жөн.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков