Циклы Авторы Сортировка

11-ші насихат. Мотивация және «химмат»

3 300
20 мая, 15
Мотивация және «химмат»
 
Исламдағы тайм-менеджменттің жүйесі туралы жазған алдыңғы мақаламызда мотивацияға жеке тоқталып, оның білімнің құндылығын бағалауда, білім алуда бос сөзден  амал етуге көшіп, нақты әрекеттер жасауға түрткі болатын фактор екеніне тоқталдық. Мотивация болмаған жағдайда, біз сол баяғыша: «Осы мектепті бітіріп алайыншы, (әлде институтты бітіріп, демалысқа шыққанда) сосын бірден Исламды үйренемін» деумен боламыз. Яғни, өз-өзімізді алдап қана қоямыз. Бұл сөздердің: «Зейнеткерлікке шықсам болғаны намаз оқимын, ораза тұтамын, орамал тағамын» деуден не айырмасы бар? Алла Тағала біздің мектепті бітіргенше немесе зейнетке шыққанша өмір сүретінімізге еш кепіл берген жоқ, алайда, орындамаған міндеттеріміз, соның ішінде - діни ілім үйрену жөнінен Қиямет күні сұралатынымыз белгілі. Сондықтан, бізге қажет мотивацияны іздеп тауып, (әлі қолға алмағандар болса) бос сөзден нақты амал ету ісіне көшейік.
 
Сондай-ақ, ілім алудағы мотивация – ілімнің маңызын шынайы, терең ұғыну және  білім иелерінің Алла алдындағы дәрежесін білу екендігін айтқан болатынбыз. Уақыттың бағалығын, өтсе болды қайта айналып келмейтінін түсінгеннен соң, сол құндылықты барынша  ақыретімізге пайда болатындай етіп, ең жақсы амалдармен өткізуге тырысу да – ілім ізденудің мотивациясы болмақ. Осы жайлы алғашқы он мақаламызда жазып өткенбіз, Алла Тағаладан сол жазғанымызды өзімізге және оқырмандарға да пайдалы етуін сұраймыз!
 
«Мотивация» - деп, адамның ішкі сезімдеріне түрткі болуға бағытталған және оның белгілі бір істі орындауға ниеті оянуына ықпал етуші әсерді атайды. Адамның қайсібір істі орындауға іштей қалауы туындауы да – мотивация болып табылады. Мотивация жайында білгісі келген мұсылман адам оның түрлері, оны қалай қолдану керек т.б. турасында (ғаламтордан, ал, ең дұрысы психология саласында танымал болған ғылыми еңбектерден) оқып білсе болады.
 
Әрі қарай, бұған дейін тайм-менеджменттің Исламдағы орнын жазғанымыз секілді, енді мотивацияға қатысты дініміз не дейтінін, ілім иелері бұл турасында не жазғандығын анықтап көрелік.
 
Араб тілінде « الهمة» («химма» немесе «химмат») деген сөз бар. Барановтың сөздігінде бұл сөзге «қуат, жігер, жалын, зейін қою, әрекет» деген мағыналар берілген екен. Меніңше, «химматтың» мағынасы біз айтып отырған мотивацияға жақын келеді. Тағы бір мағынасында бұл сөз "белгілі бір істің маңыздырағына басты көңіл аудару" дегенге де саятын секілді, (өткен жазбаларда айтып өткеніміздей), сондықтан да, шейх Аууама (Алла оны панасына алсын) «Ма’алим иршадия» еңбегінде «химма» сөзіне қатысты көптеген анықтамалар ішінен шейх Мухаммад әл-Хадыр Хусейннің (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Химмат – бұл, ең маңызды болған нәрселерден өзгесінің бәрін маңызсыз деп білу» деген  анықтамасын таңдап алған.
 
Демек, химмат сөзін – бойдағы жалын, күш-қуат, талпыныс, маңызды болған істерді орындауға деген құлшыныс, оған бірден кірісіп кету, ынта қою деп түсінсек болады. Ал, ең маңызды істердің бірі - білім алу болғасын, осы айтылған күш-қуатты сол білімге арнағанымыз жөн.
 
Алла Тағала Қасиетті Құранда бірнеше мәрте ізгі амал жасауға талпынудың маңыздылығын ескертеді:
 
فَاسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتِ
 
Мағынасы: «Қайырлы істерде алдында болуға ұмтылыңдар [жақсылықта жарысыңдар]» («Әл-Бақара» сүресі, 148-ші аят).
 
لِمِثْلِ هَـٰذَا فَلْيَعْمَلِ الْعَامِلُونَ
 
Мағынасы («Әл-Мунтахаб» тәпсірінен): «Арғы өмірде Аллаға иман еткендерге берілетін Жәннаттағы осы секілді игілік үшін мына өмірде амал етсін, ал, кім амал етуге тырысқан болса, алдағы өмірде сол секілді сыйға кенеледі» («Әс-Саффат» сүресі, 61-ші аят).
 
وَفِي ذَٰلِكَ فَلْيَتَنَافَسِ الْمُتَنَافِسُونَ
 
Мағынасы: «Талпынушылар, міне, осыған ұмтылсын» («Әл-Мутаффифин» сүресі, 26-шы аят).
 
Бұл аяттарда айтылғанның бәрі тікелей білімге де қатысты, себебі, білім алу - Аллаға деген сенімнен кейінгі, ұмтылуға лайық болған амалдың ең жақсысы. Ал, білім алу үшін адамға химмат қажет, өйткені, дүниеде бәрінен де бағалы болған білім - адамға тек ерен еңбекпен келетіні белгілі. Араб тілі грамматикасы (наху) саласының ұлы ғұламасы имам Ибн Хишам әл-Ансари (Алла оны мейіріміне бөлесін) (хижри б.ша 671-ші ж.қайтыс болған) өзінің өлең жолдарында былай деген: 
 
Ілім алуда сабырлық танытқан бәрін жеңіп, ілімге қол жеткізбек,
Жақсы қызға үйленгісі келген кісі ол қыз үшін аса қымбат мәһр беруге де даяр,
Ал, кімде-кім ұлы құндылыққа жетуде өз нәпсісін титтей болса да қорламаған болса,
Ұзақ жылдар бойы өзі қорлықта өмір сүрмек.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков