Циклы Авторы Сортировка

12 бөлім. Жасырын шақыру, 1 бөлім

2 385
19 февраля, 16
Жасырын шақыру (жалғасы)
 
Исламның сәулесі нұрландырған алғашқы адамдар Хууайлидтің қызы, Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әйелі Хадиша мен Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, немере інісі Әли ибн Әбу Тәліб[1] болды. Әли, оған Алла разы болсын, сол кезде оның қолында тұрып, оған тамақ пен сусынын беріп, сондай-ақ, оның тапсырмаларын орындаған болатын. Мәселе құрайыштарға аштық келгендікте еді, ал  Әбу Тәліб көп балалы кедей адам болған. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өзінің ағасы Аббас ибн Абдул-Мүтәлібке былай айтады:
 
- Сенің бауырың Әбу Тәлібтің бала-шағасы көп. Оның отбасына қиын соғып жүргенін көріп жүрсің. Оған көмектесіп, өзімізге оның балаларының бірін алайықшы: сен біреуін ал, мен біреуін алайын.
 
Олар Әбу Тәлібке барып, оған өз көмектерін ұсынады. Аббас өзіне Жаꞌфар ибн Әбу Тәлібті алса, ал Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Әлиді алады. Мұхамедке пайғамбарлық миссиясы келгенше, ол оның үйінде басқа балалармен тең өмір сүреді. Осылайша ол балиғатқа да толады. Ол Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, барлық істерінде қасына еріп жүрді, сондықтан да пұтқа табынушылық, кесірлі құмарлық сияқты жәхилиәт жексұрындықтары оны арамдап үлгере алмаған болатын.
 
Сондай-ақ, Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, азат еткен құл Зайт ибн Харис ибн Шурахбил әл-Калби де дінге шақыруды қабыл алды.  Бастапқыда оны Заид ибн Мұхаммед деп атаған, өйткені Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, оны сатып алып, азат еткен және асырап алған. Исламға дейін асыранды ұлы, туған балаларындай мұрагері де, мұра бере алатындай да құқыққа ие болған.
 
Исламды бірінші қабылдағандардың қатарында Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тәрбиешісі Үммү Айман да бар еді, оны Мұхаммед Зайтқа тұрмысқа береді.
 
Ал Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, отбасынан еместерден бірінші болып ақиқатқа шақыруды қабылдаған  Әбу Бәкір ибн Абу Кахаф ибн Амир ибн Каꞌб ибн Саꞌид ибн Тейм ибн Мурра ат-Тейми әл-Құрайыш[2] болған. Ол пайғамбарлық басталғанға дейін Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, досы болған, сондықтан да ол оның теңдесі жоқ мінезі мен шыншылдығын білген – Әбу Бәкір олардың достықтары басталған күннен бастап, одан бір ауыз жалған сөз естіп көрмеген еді.  Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, оған өзінің пайғамбар болғанын айтқан кезде, Әбу Бәкір оған бірден сеніп, былай айтады:
 
- Ант етемін, сен шыншылсың. Алладан басқа құдайдың жоқ екендігіне және сен - Оның елшісі екендігіңе куәлік беремін.
 
Ол, оған Алла разы болсын, байлығы мен көркем мінезі үшін құрметті құрайыш болған. Ол ең ізгі және жомарт адамдардың бірі еді, әрқашан дүние-мүлігімен көмектесіп тұратын, адамдарға онымен істес болу ұнайтын.  Осы қасиеттерінің арқасында ол Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, кеңесшісі сияқты болатын.  Ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әрқашан Әбу Бәкірдің кеңестеріне құлақ қойып отыратын. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ол туралы былай айтқан:
 
«Әбу Бәкірден басқаларының бәрі, мен Исламға шақырғанда абдырап қалатын болған»[3].
 
Исламға шақыру бастапқыда жасырын жүргізілген еді, өйткені Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,  мұндай қиын да маңызды хабарды арабтар дұрыс  түсінбей әрі егер оны бірден жеткізсе шақыруды қабылдамай қояр деп қауіптенген. Сондықтан да ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, алғашқыда өзі кәміл сенгендерді ғана шақырған.  Сондай-ақ, Әбу Бәкір де, оған Алла разы болсын, өзі сенген құрайыштарды Исламға шақыра бастаған.  Олардың кейбіреулері шақыруға құлақ асқан.
 
Олардың ішінде – Осман ибн Аффан[4] ибн Абул-ꞌАс ибн Умай ибн Абду-Шамс ибн Абду-Манаф әл-Омауи әл-Құрайыш. Османның ағасы әл-Хакам оның Исламды қабылдағанын біліп, оған бұғау салып қояды да былай айтады:
 
- Сен ата-бабаңның дінінен теріс айналып, ойдан шығарылған жаңа дінді қабылдадың!  Алламен ант етемін, оны тәрк етпейінше, мен сені босатпаймын!
 
Оған Осман былай жауап қатады:
 
- Алламен ант етемін, мен одан бас тартпаймын да, безбеймін де!
 
Жиенінің өз ақиқат дініне берік екенін көрген әл-Хакам, оны босатып жібереді. Сол кезде Осман отызды артқа қалдырған жігіт ағасы  еді.
 
[1] Сол кезде ол онға толған еді. Ибн Исхак оның Исламды қалай қабылдағаны туралы мынандай әңгіме келтірген: Әли сол кезде Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қолында тұрған. Бір күні ол Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бен Хадишаның намаз оқып жатқандарын көреді.
Ол сұрайды:
- Мұхаммед, бұл не?  Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай жауап береді:
- Бұл Алланың діні, Оның Өзі орнатқан және онымен бірге Өзінің елшілерін жіберген. Мен сені Жалғыз Аллаға шақырамын, Оған құлшылық етуде, Оның серігі жоқ. Әл-Лат пен әл-Ұззадан бас тарт.
Әли бұған былай айтады:
- Осы күнге дейін бұл туралы ештеме естімеген едім. Әбу Тәлібпен ақылдаспай, мен шешім қабылдай алмаймын.
Бірақ Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Әбу Тәлібтің оның құпиясын әзірге білмегенін қалап еді, сондықтан да ол былай айтады:
- Әли, егер Исламды қабылдамасаң, оны жасыра тұр.
Әли, оған Алла разы болсын, түнімен ойланып, нәтижесінде Алла оның жүрегін дінмен нұрландырған еді.
 
[2] Әбу Бәкір ас-Сыдық, оған Алла разы болсын,  Пайғамбардан, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, кейінгі ислам үмбетіндегі адамдардың ең жақсысы, григориан жыл санауы бойынша 573 жылы туған.  Ғалымдардың көпшілігінің пікірлеріне сәйкес, оның рас аты, –  Абдулла ибн Осман. Басқа пікірлер бойынша, оның аты - ꞌАтик. Ол – тақуа халифтердің біріншісі әрі Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, үңгірдегі және хижра уақытындағы серігі. Оның күниясы  – Әбу Бәкір, ол өзінің адамгершілік қасиеттерінің бірегейлігінен (ибтикар) осылай аталып кеткен.
 
[3] Әл-Байхакы «Даляиль ан-нубуввада» (2 т, 164 б.) және Ибн әл-Асир «Джамиꞌ әл-усулде» келтірген.
 
[4] Ол Піл жылынан кейін алтыншы жылы туған, хижраны Эфиопияға әйелі Рұқиямен бірге жасаған. Ол Бадрда шайқаспаған, өйткені Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бұйрығы бойынша науқас әйеліне қараған.  Үшінші ізгі халиф және тірі күндеріне Жұмақпен сүйіншгіленген он сахабаның бірі болған.
АВТОР ЦИКЛА
Сира «Нұр әл-яқин» Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад әл‑Худари
Автор:
МҰХАММАД ӘЛ‑ХУДАРИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков