Циклы Авторы Сортировка

2 бөлім. Шынайы хикаялар, 2 бөлім

2 933
4 марта, 16
Үшінші хикая
 
Бірде Умм Сәләмә (Алла оған разы болсын) үйіне ет алып келді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) етті қатты жақсы көретін. Сол себепті, Умм Сәләмә Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп, етті жеп қалар деген оймен оны үй қызметшісіне айтып, сөреге қойғызды. Сол кезде үйлеріне бір кедей келді де, есіктің алдында тұрып: «Алла үшін садақа беріңіздерші! Раббым үйлеріңізге береке кіргізсін!» - деп айқайлады. Үйдің ішінен: «Алла сізге де береке берсін!» - деген жауап естілді. Бұл сөздер үйде садақаға беретіндей ештеңе жоқ екенін білдіру үшін айтылған болатын. Сөйтіп, пақыр адам кетіп қалды. Содан соң Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келді де: «Уа, Умм Сәләмә! Тамағың бар ма?» - деп сұрады. Умм Сәләмә: «Иә», - деді де, үй қызметшісіне етті әкелуді бұйырды. Қызметші етті алуға барса, ет жоқ, оның орнында ақ тас жатыр. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кедейге бермегендіктен, еттің тасқа айналып кеткенін айтты.
 

Ғибрат:
 

Өзіңіз ойлап көріңізші: Алла разылығы үшін садақа ретінде бермегенге бола ет тасқа айналып кетті. Осылайша, садақаға мұқтаж жанды алдап, тамағын өзі жейтін адам шындығында тас жейді. Тас жегендіктен, ол одан сайын мейірімсіз, безбүйрек бола түседі. Алла Тағала Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отбасына көптеген рақымын төккендіктен, Ол әлгі етті олар жемесін деп, айқын түрде тасқа айналдырып жіберді.
 
Төртінші хикая
 
Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі дәстүрлерінің бірі – ол таң намазынан кейін сахабаларына бұрылып: «Бүгін түнде түс көргендерің бар ма?» - деп сұрайтын. Кімде-кім түс көрген болса, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтып беретін де, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны жоритын.
 
Бірде ол әдеттегідей сахабаларынан түс көрген-көрмегендерін сұрады. Ешқайсысы түс көрмеген болып шықты. Сонда ол былай деді:
 
«Бүгін түнде менің түсіме екі адамның қасыма келіп, қолымнан ұстап, қасиетті жерге алып барғандары кірді. Мен отырған адамды көрдім, тағы бір адам қолына қысқыш ұстап тұр екен. Ол қолындағы қысқышпен отырған адамның бетін мойнына жеткенше жұлғылады да, содан соң екінші бетіне көшті. Оған дейін бірінші беті қалпына келіп үлгерді де, әлгі адам оны қайтадан жұлғылай бастады. Мен періштелерден: «Бұл не?» - деп сұрап едім. Олар: «Ары қарай кеттік», - деп жауап берді.
 
Біз ары қарай жүре бердік те, жерде жатқан адамның қасына келдік. Оның бас жағында бір адам қолына үлкен тас ұстап тұр екен. Ол жерде жатқан адамның басын бар күшімен таспен ұрып, бассүйегін сындырды. Соққыдан кейін тас жерге түсіп, алысқа домалап кетті. Әлгі адам оны алып келгенше [жерде жатқан адамның] басы қайтадан сау қалпына келді. Әлгі адам оның басын тағы да ұра берді. Мен періштелерден: «Бұл не?» - деп сұрап едім, олар: «Ары қарай кеттік», - деп жауап берді.
 
Біз ары қарай кеттік. Сөйтіп, бір пешке ұқсайтын үңгірдің қасына келдік. Оның түбі өте жалпақ, аузы тар екен. Ішінде алаулап от жанып жатыр және жалаңаш еркектер мен әйелдерге толы екен. Жалын көтерілгенде ішіндегілер де қоса көтеріліп, сыртқа шығып кете жаздады; ал, жалын басылғанда ішіндегілер сол жалынмен бірге төмен түсті. Мен періштелерден: «Бұл не?» - деп сұрап едім, олар: «Ары қарай кеттік», - деді.
 
Біз ары қарай жүріп отыра бердік те, қан ағып жатқан өзенге кеп жеттік. Өзеннің ортасында біреу тұр екен, жағасында тағы бір адам бар, оның алдында тастар үйіліп жатыр. Өзендегі адам жағаға қарай жүріп еді, бірақ, жағаға шыға бергенде сол жерде тұрған адам оның бетіне бар пәрменімен тас лақтырып жіберді де, әлгі адам қайтадан өзінің тұрған жеріне, өзеннің ортасына қайтып барды. Ол тағы да жағаға шықпақ болғанда екінші адам оған тағы да тас лақтырып, бұрынғы тұрған жеріне қайтара берді. Мен: «Бұл не?» - деп сұрап едім. Олар: «Ары қарай кеттік», - деді.
 
Біз одан әрі жүре бердік те, жасыл салтанатты үйге келдік. Сол жерде үлкен ағаш бар екен, сол ағаштың астында бір қарт пен балалар толып отыр екен. Ағаштың жанында тағы бір адам алдында жанып жатқан отты үрлеп отыр. Содан кейін жолдастарым мені ағаштың төбесіне көтерді. Онда әсем үй тұрғызылған екен. Олар мені үйдің ішіне кіргізді: мен одан асқан әдемі үйді бұрын-соңды көрген емеспін. Үйдің ішінде қарттар, жас еркектер мен әйелдер, балалар толып отыр. Періштелер мені ол жерден алып шықты, сөйтіп, одан да жоғары көтерілдік. Ол жерде әсемдігі бірінші үйден де асып түсетін үй бар екен. Періштелер мені үйдің ішіне кіргізді: ол жерде де қарттар мен жас адамдар бар екен. Мен қасымдағы екеуге [серіктеріме] былай дедім: «Сендер мені түні бойы көптеген жерге ертіп апардыңдар, енді солардың сырын айтатын кез келді».
 
Періштелердің бірі былай деп тіл қатты: «Беті жұлымдалған адам – өтірікші. Ол үнемі өтірік айтатын және оның өтіріктері бүкіл әлемге тарап кетті. Олар Қиямет күніне дейін оны сол азапқа салатын болады. Басын біреу таспен ұрып жарған адамға келер болсақ, Алла оған Құран ілімін берді. Ол түнде сол біліміне немқұрайлы қарады, күндіз жүзеге асырмады. От үңгірінде көргендеріңе келер болсақ, олардың бәрі – зинақорлар. Қан өзеніндегі адамды айтар болсақ, ол өсімқорлықпен айналысқан. Ағаштың астында отырған қарт – Ибраһим, оған Алланың сәлемі болсын, ал, оның айналасындағы балалар – басқа адамдардың балалары. Отты үрлеп отырған адам – Тозақ Қарауылы. Сен кірген бірінші үй – жалпы мұсылмандарға арналған. Екінші үй– шейіт болғандарға арналған.

Мен – Жебірейлмін, ал, мынау - Микаил». Содан соң ол: «Басыңды көтер», - деді. Басымды көтерсем, төбемде ақ бұлт тұр екен. Ол: «Бұл – сенің үйің», - деді. Мен: «Үйіме кіруге мұрсат бер» деп едім, ол: «Сенің өмірің әлі аяқталған жоқ. Тағы біраз уақыт қалды. Өмірің аяқталса, сен ендігі үйіңе кірген болар едің», - деп жауап берді».
 

Ғибрат:
 

Біз білуіміз тиіс бір нәрсе, пайғамбарлардың түстері – Уахи. Болған жайттың бәрі – шындық. Бұл хадистен мынаны түсінуге болады: 1) өтірікшінің жазасының қаншалықты ауыр болатынын, 2) біліміне сай амал жасамайтын ғұламаның тағдыры қандай болатынын, 3) зинақордың жазасы қандай болатынын, 4) өсімқорлықтың жазасы қандай екенін. Лайым Алла Тағала барша мұсылмандарды осы күнәлардың барлығынан қорғағай.
АВТОР ЦИКЛА
Бешти зевар (Жәннат өрнектері)
Ашраф Әли Сануи
Автор:
АШРАФ ӘЛИ САНУИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков