Циклы Авторы Сортировка

20 насихат: Сенім (ақида) ілімі (1-ші бөлім)

2 895
9 сентября, 15
Сенім (ақида) ілімі (1-ші бөлім)
 
Жіктеуіміз бойынша шариғат ғылымдары ішіндегі ең маңыздысына да келіп жеттік, бұл – сенім немесе ақида ілімі. Сондай-ақ, арабша бұл ғылымды «усуль әд-дин» (діннің негізі), «‘ильм ат-таухид» (таухид жайлы ілім) немесе «‘ильм әл-кәлам» деп те атайды.
 
Ал, енді сенім ілімі нені зерттейтініне келсек, кітаптардан мынадай анықтаманы жиі кездестіруге болады: «Бұл ғылым – сенім тудыратын дәлелдерден алынған, діни наным-сенімдерді зерттейді».
 
Бұл айтылған «сенім тудыратын дәлелдер» дегеніміз - Құран аяттары мен Алла Елшісінің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) хадистері және Ислам ғұламаларының ортақ пікірі (иджма’). Яғни, мазмұнындағы шындық жүз пайыздық сенім тудыратын дәлелдер болады, олардың растығына адам  күмән келтіре алмайды, оған құқығы да жоқ. Сонымен бірге, ғалымдар сенімнің дұрыс болу қағидасының қайнар көзі ретінде - парасатты ақыл-ойды да жатқызған, себебі, Құдайдың бар болуы т.б. секілді сенімдер адамның өз санасы, ақыл-ойы арқылы келетін нәрселер. Егер адамның ақыл-ойы сау, парасатты болса, бұл ол үшін дұрыс сенім қалыптастыруының іргетасы секілді.
 
Имам Акмалюддин әл-Бабирти  «Шарх әл-Ақыда ат-Тахауийя» еңбегінде бұл ғылым жайлы  кеңінен анықтама беріп кетеді: «Бұл, Алланың есімдері, Оның сипаттары, әрекеттері, Оның жаратқандары: періштелер, пайғамбарлар, ізгілер, имамдардың және де мына дүниенің басы мен ақырының күй-жағдайын философтардың айтуынша емес, Ислам ілімі тұрғысынан зерттеп, қарастырады».
Имамның бұл анықтамасында ақиданың негізгі тақырыптары мен бөлімдері қамтылған. Бұл жайында әлі әңгімелейтін боламыз, ин шаа Аллах.
 
«Неліктен ақида ғылымы ең маңызды ғылым саналады?» деген сұрақ әрбірімізді мазалауы мүмкін. Имам әл-Бабирти бұл сұраққа: «Ғылымның асылдығы оның зерттеу пәнінің асылдығымен өлшенсе керек. Ал, Алла Тағала – бәрінен де ең ұлық, мақтау мен мадаққа лайық болғасын, Ол туралы ілім де ең асыл және ең маңызды болмақ. Пенденің бойындағы азаптан құтылу үміті мен рухани дамуы тек Раббымыздың қалауымен ғана жүзеге асуда».
Басқаша жауап берер болсақ, мына екі себепті келтіруге болады:
 
1. Ақида бәрінен де маңызды болғанды зерттейтіні себепті, өзі де ең маңызды ғылым саналады.
 
2. Ақида ілімін білмейінше мәңгі өмірде азаптан құтылу және мына өмірде рухани дамуға жету мүмкін емес.
 
Неге құтылу мүмкін емес дейсіз ғой? Біз білетіндей, адамды мұсылман ететін мыналар: қысқаша екі бөлікке бөлінген діндегі сенім куәлігі: «Алладан өзге құлшылық етуге лайықты ешкім және ештеңе жоқтығына және Мұхаммед (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Оның Елшісі екендігіне куәлік етемін». Бұл сөздерді жай ғана айту адамды мұсылман ете қоймайды, айтылған сөздердің мағынасына саналы түрде, жүрекпен терең сену қажет, яғни, белгілі бір сенім болуы керек. Осы белгілі бір сенім дегеніміз нендей сенім? Бұған мүфти Мухаммад Таки Усманидің (Алла оны панасына алсын) берген тұжырымы мынадай:
 
«Ислам дінін қабылдаған адам мойындауы тиіс болған сенімнің негізгі қағидалары мыналар:
 
1. Құдай Жалғыз. Оның серігі, ұлы немесе қызы жоқ. Ақиқатында Ол Біреу, «монотеизмнің»атынжамылған троица туралы тұжырым және басқа да сенімдерге мұнда орын жоқ, негізінде олардың бәрі – жасырын көпқұдайшылық болып табылады.
 
2. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Алланың соңғы Елшісі, одан соң елшілер де, пайғамбарлар да болмайды.
 
3. Қасиетті Құран – Ардақты Пайғамбарға (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) түсірілген соңғы діни кітап, ондағы жазылғанның барлығы ақиқат.

4. Өлімнен кейінгі өмір – мәңгі өмір, өлім дәмін татқан әрбіріміз сол өмірге тап боламыз, сонда тұрақтаймыз, істеген ісімізге сай сыйымызды немесе жазамызды аламыз.

5. Қасиетті Құранда жазылған және Ардақты Елшіміздің (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) бұйырғанының барлығы дәл және анық түрде дұрыс әрі ақиқат болып табылады »[1]
 
Яғни, Исламды қабылдаушы адам сенім куәлігі (шәһаданы) айтпастан бұрын, Исламдағы сенім ілімінің кейбір жалпы қағидаларымен келісуі керек, былайша айтқанда, белгілі бір деңгейде ақиданы үйренуі қажет болады.
 
Егер адам шәһаданы айта тұра, бірақ, мысалға, троицалық діни қағида көпқұдайшылыққа жатпайды, ол ақиқат немесе Мұхаммедтен (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) кейін өзге де пайғамбарлар келеді дегенге сенетін болса, онда оның сенімі (иман) күшін жояды. Тіпті өзін мұсылманмын деп санап, намаз оқып, ораза тұтып, т.б. амал етсе де, іс жүзінде ол Ислам қабылдаған болып есептелінбейді. Ол адам алдағы уақытта ақиданы үйренуді бастамаса, өз сенімінің қателігін білмей өтетін болады. Ал, оның Қияметтегі жағдайы тіпті аянышты.
 
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков