Циклы Авторы Сортировка

22 насихат: Ислам құқығы (фикх). 1-ші бөлім

3 354
19 сентября, 15
Ислам құқығы (фикх). 1-ші бөлім
 
Араб тілінде «фикх» сөзі «түсіну» мағынасын білдіреді, бірақ кез-келген түсіну емес, зерттеуге жататын затты егжей-тегжейлі және күрделілігімен терең түсіну. Мысалы, аспанның жердің үстінде тұратынын білуді «фикх» деп айтуға болмайды. Сондай-ақ, бес уақыт намаздың парыз екендігін немесе зинаға тыйым салынғандығын білу де бұл мағынада «фикх» болып табылмайды, өйткені ол барлық мұсылмандарға белгілі және ешкім де діннің бұл қағидаларымен таласпайды. Ал үтір намазының жағдайы қалай: ол парыз ба әлде қажет пе? Жылқыдан немесе балдан зекет беріле ме? Қамқоршының рұқсатынсыз неке қиюға бола ма? Осындай сұрақтар «фикх» болады, себебі бұларға жауап беру үшін ғалымдарға әртүрлі қарама-қайшы дәлелдерді зерттеуге тура келген, оларды сараптап, нақты бір шешімдерге келген.
 
Бірақ кімнің Құран мен Сүннетті түсінуі  фикх болмақ? Сізбен біздің бе? Замандас ғалымдардың ба? Жоқ, біз ғалым-муджтахидтердің түсінігін ұстануымыз керек. Иджтихад – бұл ілімнің нақты және өте жоғары деңгейі, бұны ғалымның рухани және зияткерлік кемелденгені, ол оған тікелей Құран мен хадистерден шешімдер шығаруға рұқсат етеді. Исламның дәуірлеп тұрған уақытының өзінде де бұндай деңгейлі ғалымдар сондай көп болмағанда, біздің замандастарымыз туралы не айтуға болады?
 
Қазіргі кезде біздің үмметімізге танымал төрт құқықтық мектептер – мәзхабтар бар: бұлар Әбу Ханифаның, аш-Шафғидің, Мәліктің және Ахмадтың мәзхабтары. Әрбір адам - біз сияқтылар – иджтихад дәрежесіне жетпегендер, осы төрт мәзхабтың біреуін таңдауға және оны ұстануға міндетті. Олардың бәрі шынайы, сүнниттік, кез-келгенін ұстанып, дұрыс жолда болуға болады. Бұл мәселелер арнайы кітаптар мен мақалаларда талқыланады, олардың жартысы орыс тілінде де қолжетімді.
 
Мәзхаб пен оның соңынан еретін ғалымды қалай таңдауға болады? Ең жеңілі өзіңіз тұратын жерде таралған мәзхабты таңдағаныңыз. Осылайша, сіз жамағатпен, мұсылмандардың көпшілігімен әрі қоршаған ортаның түсінбеушілігін тудырмастай олардың қатарынан боласыз. Егер де сіздің тұратын жеріңізде бірнеше мәзхаб тәжірибеленіп жүрсе (немесе бірде біреуі, өкінішке орай, бұрынғы КСРО-ң кейбір жерлерінде солай), онда үйренуге қолайлысын таңдауға болады: ғалымдары, кітаптары, дәрістері көбірегін және т.б. Мәзхаб таңдауда қандай қағидатты қолданғаныңыз маңызды емес, маңыздысы – бұл таңдаудың Алла үшін жасалғандығында, көзге түсу ниетімен мұсылмандардың арасын жікке бөлу және тағы да басқаларында емес. Айталық, Қазақстанда ханбалит немесе мәликит мәзхабтарын ұстану қисынды бола қоймас.
 
Бірақ фикхты ғылым ретінде қарастырайық. Ғалымдар оның мынадай анықтамасын береді: «нақты дәлелдерден алынған, шариғат шешімдерінде қолданылатын ғылым».
 
"Қолданылатын" деген сөз мынаны білдіреді: сенімге байланысты шариғат шешімдерін фикх ғылымы зерттемейді. Фикх саласы – бұл тәжірибе: денемен және мүлікпен жасалатын құлшылық,  мүліктік қатынастар, неке, қазылық және тағы басқалары, ол туралы ары қарай толығымен айтып береміз.
 
«Шариғат шешімдері» — арабша «үкімдер» —  бұл алдымен келесі бес нәрсе:

1. міндетті (парыз және уәжіп)
 
2. қажетті (сүннет, мәндүб, мұстахап)
 
3. ұйғарынды (мубах)
 
4. қажетсіз (мәкрүх)
 
5. тыйым салынған (харам).
 
Олардың өздері – түрлерін, анықтаулары мен салдарын – усуль әл-фикх ғылымы зерттейді, ол туралы біз алдында айтқанбыз. Фикх – бұл әрекет немесе құбылыс үкімдердің бірімен сипатталғандығы туралы имам муджтахидтің шешімі. Мысалы, Құранды ұстау үшін дәретті болу міндетті, намаздың үшінші рәкәтінде «әл-Фатиха» сүресін оқу мустахап, ал өлімтікті сату - тыйым салынған амал. Сондықтан да анықтамада бұл үкімдердің бәрі нақты дәлелдерден алынған деп айтылған,  яғни муджтахидтің әрбір шешімдерінің Шариғаттың (Құраннан, сүннеттен,  ғалымдардың бірауыздан келісілген шешімдерінен (ижмағ) немесе басқа шешімдерге ұқсас (қыяс)) қайнар көздерінен алатын өз дәлелдері бар.
 
Фикхты зерттеу міндетті білімге (фард `айн) жатады, өйткені Алла Тағала бізге нақты міндеттер жүктеп және тыйымдар орнатқан. Фикхты үйренуден бөлек бұны білудің басқа жолы жоқ. Әркімде мәселені үйренетін мүмкіндік болып, бірақ үйренбегендігінен Шариғатты бұзса, бұнысы үшін Мәңгілік өмірде жауап беретін болады.
 
Міндетті білімге адамның өзі қолданып жүрген фикхтың бөлімдерін үйрену жатады. Ал қолданылмайтын бөлімдерді үйрену (мысалы, шариғат жазалары немесе құлдарға байланысты мәселелер) – ұжымдық міндет (фард кифая).
 
Сонымен, қандай сенімдердің, сөздер мен әрекеттердің Исламнан шығаратынын бәрі білуі қажет және өз сенімін қорғау үшін олардан аулақ жүруі керек. Сондай-ақ, Алла басқа бермесін – егер адам Исламнан шықса, ол қайтадан қалай мұсылман болуды және басқа да діннен қол үзушіліктің салдарын білуі тиіс.
 
Әрбір ержеткен және есі дұрыс мұсылман намаз оқуға тиіс. Демек, намазға қатысты барлық мәселелерді үйренуі керек: дәрет, намаз оқудың тәсілі, оны бұзатын және бұзбайтынжағдайлар туралы және т.б. Егер мұсылман зекет беруге міндетті болса, онда ол зекет мәселелерін үйренуі керек, егер қажылыққа бару міндетті болса – онда қажылық туралы. Бәріміз де ішіп-жейміз, ендеше ненің рұқсат етілгенін, ал қандай ас пен сусындарға  тыйым салынғанын білуіміз қажет. Бұл адам қызметінің басқа да салаларына қатысты, өйткені Шариғат олардың бәрін толығымен қамтиды. Сатып алушы мен сатушы сауданың ережелерін, үйленгісі келетін – неке мен ажырасу фикхын  білулері керек. Осылайша, білім алу жолына түскен адам ақида бойынша ең қажетті білімін азын болса да алған соң, фикхтан оған нені білу міндетті екенін үйренуге көшуі тиіс.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков