Циклы Авторы Сортировка

3 бөлім

5 181
7 октября, 14
8. Неге төрт қана мәзһаб бар?
 
Бұл – нені қаласа сол болатын Алла Тағаланың шешімі. Оған ешқандай да бір жаратылыстың қатысы жоқ.
Сондай- ақ осы төрт деген санның ерекшелігін атап өту қажет. Төрт үлкен періште, төрт иләһи кітап, тиым салынған төрт ай, төрт әділ халиф тағы басқа.
 
Әлләма Бұрхануддин Ибрахим ибн Әли әл-Мәлики (һ.ж. 799ө.)  кейбір мәзһабтардың қалай пайда болып, олардың қалай жоғалып кеткені жайлы қысқаша баяндап береді. Ол былай дейді:
 
«Имам әл- Әузаидің мәзһабы хижраның екінші ғасырында имам Мәліктің мәзһабы ортаға шықпай тұрып, Шамда үстем болған және Андалус аймағында кең тараған. Осыдан соң имам әл- Әузаидің мәзһабы ұмытылып қалды. Хасан әл- Басри мен Суфиан әс- Сәуридің мәзһабына келер болсақ, олардың ізбасарлары аз болған және де олар ұзаққа бара алмады. Біраз уақыт өткен соң олардың да мәзһабы жоғалып кетті...
 
Әт- Табари және Әбу Сәуридің ізбасарлары да аз болған, олар да көп ұзамай ұмыт болды. Әбу Сәуридің ізбасарлары хижраның үшінші ғасырында жоғалып кетсе, имам әт- Табаридің соңынан ерушілер төртінші ғасырдан соң...» Тажуддин әс-Субки (777 х.ж.ө.) былай деп жазады:  «Осы төрт мәзһаб Алла Тағаланың мейірімімен сенім мәселесінде ортақ көзқараста болды. Олардың ізбасарларының біразы муғтазилилер мен мужассимдерге қосылғанымен басым бөлігі ақиқатқа еріп, өткен және қазіргі заман ғалымдары толықтай құптаған Әбу Жағфар әт- Тахауидың ақидасында болған…» 
 
Өзге мужтахидтерге келер болсақ, олардың мәзһабтары жүйеленбеген, зерттелмеген және де төрт мәзһаб секілді толықтай жазылмаған. Ғалымдар жылдар бойы олардан пайда алып, солардан білім алған. Олар өмірден озған соң мәзһаб емес, ілім ретінде қалды. Сол себепті де олардың дәлелдері Ислам құқығы және хадис ілімі еңбектерінде жазылған, алайда осы имамдарға қатысты деген мәзһаб болмаған еді.
 
9. Бізде бір Құран және бір Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бар, әртүрлі мәзһабпен жүрудің не қажеттілігі бар?
 
Бұл сұраққа жауапты шейх Әууәма өзінің «Адаб ул ихтиләф» атты еңбегінде келтірген төмендегі диспуттан табамыз:  
 
Бірінші әңгіме шейх пен бір студенттің арасында осыдан он жыл бұрын «Ислам құқығы тарихы» дәрісінде болған. Шейх былай деп жазған: «Студент маған: «Мәзһабтарды біріктіру және адамдардың барлығы тек бір мәзһабпен жүруі жайлы қандай шешім бар?»,- деп сұрақ қойды».
 
Алғашында мен қысқаша: «Бұл Алланың шариғатына, біз соңдарына ілескен Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), сахабаларға, салихалы ғалымдарға қарсы шығу болып табылады. Сондай- ақ бұл қисынға келмейді.
 
Осыдан соң мен ойымды тарқатып: Алла Тағала арабтардың «қур» сөзін екі түрлі мағынада қолданатынын білмеді ме:
 
1) Етеккір кезеңін
 
2) Екі етеккір аралығындағы тазаланған уақытты?
 
Ол болса: «Әрине, білген»,- деп жауап берді.
 
Мен былай дедім: «Алла Тағала Зәйд ибн Сәбит және Абдулла ибн Масъуд атты екі сахаба өмір сүретінін, әрі Зәйд «қур» сөзі – таза кезең деп санайтынын, ал Ибн Масъуд болса – етеккір кезеңі деп есептейтінін білмеді ме?».
 
Ол: «Білген, әлбетте»,- деді.
 
Мен: «Онда Алла Тағала Ибн Масъуд пен Зәйдтің арасындағы әртүрлі оқу мәселесіне тап болмау үшін неге
 
ثَلَاثَةَ قُرُوءٍ  аятын осылай жібермеді? Аят неге мына формада келмеген:
 
ثَلَاثَةَ حيض немесе
 
ثَلَاثَةَ اطهار яғни, нақты не етеккір, не тазарған кезді нұсқаған күйде келмей, екі түрлі көзқарас қалыптастырған? Осындай сұрақтарды Құранның біржақты мағынада тәпсірлеуге болмайтын әрбір аятына қатысты қоюға болады.
 
Мен былай деп жалғастырдым: «Осындай жағдай хадистерге де қатысты. Біз оларды Алла Тағаладан жеткен деп білеміз. Олай болса Алла Тағала хадистерді адамдар әр түрлі түсінбес үшін Өзінің Пайғамбарының (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көкейіне бір мағыналы сөздерді ғана салмады? Мысалы, Алла Тағала Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Бану Қурайзаға асығып бара жатқанда сахабаларына екінті намазын жолда оқымауды неге ашық айтуды көкейіне салмаған? Жоқ, ол былай деді: «Әркім екінті намазын Бану Қурайзаға жетіп оқысын деді». Нәтижеде сахабалардың бір бөлігі Пайғамбарымыздың сөзін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тура мағынасында түсінсе, бір бөлігі астарлы  мағынасын алды».
 
Мен студенттен былай деп сұрадым: «Сахабалар мен оларға ергендердің арасында келіспеушілік болған ба?»
 
Ол: «Әрине, болған»,- деп жауап берді.
 
Мен одан әрі: «Олардың ойлау ерекшеліктері әртүрлі болды ма?»
 
Ол: «Ия»,- деді.
 
Мен айттым: «Бұл келіспеушіліктер өмір сүру салтының әрі қоршаған ортаның әртүрлі болғандығынан емес пе?»
 
Ол: «Ия, сол себепті»,- деді.
 
Қорытынды ретінде мен былай дедім: «Мәзһабтарды біріктіру және адамдарға бір мәзһабпен жүріңдер деу – надандық пен адасушылық болып есептеледі».
 
Екінші әңгіме шариғат ілімдерін терең түсінетін Аббасидтердің халифы әл- Мәмуннің басынан өткен. Ибн Қутайба былай деп жеткізеді:
 
«Мәмун діннен шығып, христиандықты қабылдаған адамнан: «Сені біздің дінімізден не алыстатты, айтшы? Егер сен сол дертіңе біздің көмегімізбен шипа табар болсаң, оны
қабылдайсың. Егер дертіңнен айыға алмасаң және де ем сені одан әрі құртатын болса сен кешірілесің әрі сені ешкім кіналамайды. Егер біз сені содан соң тонар болсақ, оны біз шариғатқа сай жасаймыз. Сенің барлық күмәндарыңды саралап, ақиқаты іздеуде ешқандай да қарастырылмай қалған мәселе қалған жоқтығына сеніміңді нығайтуға мүмкіндігің бар. Егер осылай жасар болсаң, сен қолыңнан келгенді жасап, адамгершілік танытқаның.
 
Діннен шығушы былай деді: «Мені Исламнан көзқарастардың әртүрлігі алыстатып жіберді»
 
Мамун былай деді: «Екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі азанға, жаназа намазындағы тәкбірге, әт- тахийатқа, айт намаздарына, ташриқ күндеріндегі тәкбірлерге, Құранды әр түрлі қырағатта оқуда және өзге де шариғат шешімдерінде пікірлер айырмашылығы бар. Мұндай сұрақтарда талас болмайды. Ол сұрақтар тек жобалауға, сан алуандыққа және де сынақты жеңілдетуге негізделген (адамдардың ұстануына шариғат жеңіл болуы үшін). Азан және қаматтағы сөздерді екі реттен айтқан адам азан мен қаматтың сөздерін бір рет қана айтатын адамды адасушы деп санамайды. Олар бір- бірін көзқарастың әртүрлігілі үшін кемсітпейді.
 
Екінші түрі Құран мен хадистерді тәпсірлеудегі айырмашылық. Біздің барлығымыз Құранның Алланың сөзі екендігін және де хадистердің жоғары дәрежелі екендігін білеміз.
Егер дәл осы жағдай сені діннен алыстатқан болса, ол жағдайда Зәбур мен Інжілді тәпсірлеген кезде әртүрлі пікірлер болмауы тиіс, себебі олардың Құдайдың сөзі екендігіне ешкім күмән келтірмейді ғой. Ия, және де христиандар мен яһудилердің арасында да айырмашылық болмауы қажет. Әрі сен өзің тек бір мағыналы ғана сөздерді сөйлеуің қажет, яғни сөзің әртүрлі мағынада қолданылатын болмауы қажет. 
 
Егер Алла Тағала Өзінің Кітабын пайғамбарлардың терең етіп түсіндіруі мен үйретуінсіз түсіруді қаласа Ол оны әлбетте жасар еді. Бірақ біздің дінімізде болсын, тіпті мына өмірдің өзі де әр нәрсенің байыбына жете түсінуден құралған. Олай болмаған жағдайда сынақ, бақталастық пен бір- бірінен асып түсуге ұмтылу дейтіндер болмас еді. Алла Тағала бұл өмірді олай жаратпаған».
 
Сонда діннен шығушы былай деді: «Мен Алладан басқа құлшылық қылуға лайық ешкім жоқ екендігіне және Иса (оған Алланың сәлемі болсын) Оның құлы екендігіне, Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шыншыл және сен мұылмандардың әділ басшысы екендігіңе куәлік етемін»
Шейх Мұхаммад Әууәма былай дейді: «Бұл көзқарастардың әртүрлігі мәселесінде шешуші қорытынды және де айқын жауап. Алла Тағала Мамунге рахым етсін және де бізге осыны түсіндіріп бергені үшін үшін оның күнәларын кешірсін».
 
Расында да әртүрлі түсінік пен оқылу Алла Тағаланың рахымы болып табылады.
 
Ибн Куддама әл-Ханбали өзінің «Әл- Муғни» еңбегінде былай деп жазады: «Осыдан соң: Расында Алла Тағала Өзінің Мейірімімен, Құдіретімен және Күшімен бұл үмметтің ақиқатын сақтауды Өзіне алған. Оларды қорламақ болғандар Алланың әмірі келмейінше (бұл жерде Қиямет күні айтылып тұр) ешқандай зиян бере алмайды. Әрі олар бұрынғы ұстанған нәрселерін ұстанып жүреді. Ұлы Алла Тағала олардың қорғалуының, олардың ғалымдарының қорғалуын және де имамдары мен фақиһтарының артынан ілесу себебін де бекітіп қойған. Сонымен қатар, Пәк және Ұлы Алла Тағала бұл үмметті олардың ғалымдарымен қоса өзге қауымдарды пайғамбаларымен қандай қылған болса, сондай етті. Әрбір ұрпағынан Алла Тағала оларға артынан ілесіп, оның шешіміне тоқталатын фақиһтар берді. Осы үмметтің салиқалы ұрпағынан Ислам заңдарын үйретіп, оларды түсіндіріп беретін белгілі имамдарды шығарды. Олардың келісіп шешкендері – талассыз дәлел. Олардың пікірдегі айырмашылықтары – асқан рахымдылық. Олардың әңгімелерімен жүрек оянып, оларға ілесумен бақыт табады. Осыдан соң олардан дәрежесі жоғары бір топ бөлініп шығады, олардың есімдері мәзһабтың атауы болып әлі күнге дейін ел аузында жүр. Олардың сөздері пәтуа айтуда негіз болып болып табылады және де олардың мәзһабтарына сай Ислам ғалымдары пәтуа шығарып келеді».            

Ибн Абдул Барр былай деп жеткізеді:
 
«Бірде Омар ибн Абдул Ъазиз бен Қасым ибн Мұхаммад екеуі бір хадисті талқылап отырды. Кей жерде Омар Қасыммен келіспей қалған кездері Қасым оны жақтырмай қалып жатты. Сол кезде оған Омар былай деді: «Өзіңді олай ұстама! Мен сахабалардың әртүрлі көзқарастарын қызыл түйеге де айырбастамаймын».  
 
Имам Мәлікпен болған тағы да бір таңқаларлық оқиға мынандай, бірде сол заманның халифының көмегімен барлық үмметті өз мәзһабына тарту мүмкіндігі туады. Бірақ имам одан бас тартады. Ол өзі былай дейді: «Халиф Әбу Жағфар әл- Мансур маған былай деді: «Мен шариғат сұрақтарына қатысты барлығына жаппай біркелкілік орнатуды жоспарлап отырмын. Осыдан соң барлық әскербасына және де барлық сот төрешілеріне осы заңға сүйенуді әмір етемін. Кімде кім қарсы келер болса, тоналады».
 
Мен оған былай деп жауап бердім: «Ей, мүміндердің әміршісі! Расында Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)жорыққа әскерлерін жіберген кезде өзі де сахабаларының арасында болған. Ол өмір сүрген кездері көптеген жерлер жаулап алынды. Содан соң Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) басшы болған кезде халықтың жағдайы оның кезеңіне ұқсас болды. Кейін Омар (оған Алла разы болсын) басшылық тізгінін қолына алды. Алла Тағала оған көп жерлерді бағындырды.
 
Алайда ол Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларын өзге жерлерге дін үйрету үшін жіберудің жолдарын тапты. Адамдар олардан сабақ алып және де алған білімдерін біздің күнімізге дейін жеткізді. Егер сен оларды білетін ілімдерінен қайтарар болсаң, олар мұны күпірлікке санайды. Керісінше, әр жердің өз ілімін көтерулеріне жәрдемдес, ал өзің сол ілімдерді өзіңе ал». Сонда Мансур былай деді: «Керемет сөздер! Айтылғандарды менің ұлым Мұхаммедке жазып беріңдер».
АВТОР ЦИКЛА
Мәзһаб ұстану не үшін қажет
Әбу Усама Айюб ибн Мауләна Мұхаммед
Автор:
ӘБУ УСАМА АЙЮБ ИБН МАУЛӘНА МҰХАММЕД
Мауләна
Список уроков