Циклы Авторы Сортировка

3 бөлім. Діндар кісілерге сыбырлауы. Ібілістің бар болуы. Шектен шығу.

4 125
5 марта, 16
Діндар кісілерге сыбырлауы
 
Дегенмен, шайтан күнәға батып жүрген адамдарды қалай адастырса, жақсы адамдардың да жүректеріне жаман пиғыл салып, тура жолдан тайдырады. "Адамдар" ("Нас") сүресінің түсіндірмесінде дінді ұстанатын, тақуа болып, Алла Тағалаға және Оның Пайғамбарына (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақын болуға тырысатын кісілер де Ібілістің арбауынан қорғауы үшін Алла Тағаладан пана тілеу керектігі айтылады.
 
Ібіліс дін жолындағы кісілерді тәкаппарлықпен, паңдықпен және риякерлікпен тура жолдан тайдырғысы келеді. Тәкаппарлық пен паңдықтың себебінен Ібіліс жолынан тайды, және оның осылай азғыруынан адамдар да тура жолдан таюы мүмкін.
 
Ібілістің бар болуы
 
Ібілістің бар екендігі Қасиетті Құранда айтылады. Бұған сенбеген адам мұсылман болып есептелмейді және иман етушілердің қатарына қосылмайды. Алла Тағала Адам Пайғамбарды (алейхис сәләм) жаратқанындай, Ібілісті де жаратқан.
 
Қысқаша айтар болсақ, Ібіліс оттан жаралған жындардың бірі және оның табиғаты толықтай отпен байланысты. (адам топырақтан жаралғаны сияқты және оның табиғаты толықтай топырақ). Жындар адамдардан анағұрлым ертерек жаратылған және жер бетіне өмір сүруге жіберілген. Раббымыз Алла Тағала олардың уақиғасын және көптеген басқа да нақтылықтарды қасиетті Құранда баяндайды:
 
"Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік". (Құран, 15:27)
 
Адамдар арасында жақсы және жаман ерлер де, әйелдер де бар болғаны секілді жындардың да жақсы-жаман ер-ұрғашысы бар. Олар бізді көре алады, ал біз оларды көре алмаймыз.
 
Алла Тағала былай дейді:
 
"...Өйткені, ол және оның сыбайластары, сендер оларды көрмеген жерден көреді..." (Құран, 7:27) 
 
Алғашында Ібіліс «Әзәзіл» деп аталған, ол бар шын пейілімен Алла Тағалаға құлшылық еткен. Алайда ол өзінің тәкаппарлығы және паңдығының кесірінен Адамға (алейхис сәләм) сәжде жасаудан бас тартып, ақырында лағынет Ібіліс, Шайтан аталған.
 
"...Жыннан болған ол, Раббының әмірінен бас тартты..." (Құран, 18:50)
 
"Құранның даналығы" атты кітаптың "Бақара" сүресінің тәпсірінде (түсіндірмесінде) "Ібіліс" сөзі "түңілген, көңілі қалған" деген мағынадағы "бәләс" түбірінен шыққан деп жазылған, яғни "Алланың мейірімінен үмітін үзген" деген мағына. Ал "Шайтан" сөзі "алыстау, алшақ болу" деген мағына беретін "шатн" түбірінен шыққан, яғни "Алла Тағаланың мейірімінен  мақрұм қалған" деген сөз.
 
"Құранның даналығы" кітабының авторы мүфти Мұхаммед Шафи (Алла оны рахымшылығына алсын) "шатн" сөзі "ашу мен қаһардың мол болуы" деген мағына береді және "Шайтан" сөзіне негіз бола алады деп көрсеткен.
 
Өзінің жолдан таюын Адамнан (алейхис сәләм) көріп, кінә тартқан Шайтан Адамның (алейхис сәләм) ұрпақтарын тура жолдан тайдыруға ант берген. Сондықтан оның бар талпынысы бізді тура жолдан тайдырып, ақырында өзі де баратын Жалын отқа бізді де ертіп кетуге саяды.
 
Шайтан Адам пайғамбарға (алейхис сәләм) сәжде жасаудан бас тартқанына сену ислами сенім негіздерінің маңызды бөлігі болып табылады.
 
Мен дәл қазір қасиетті Құран кітабына сенбейтін адамдарға айтып отырған жоқпын, тек Алла Тағала біздерді жаратқанындай, Шайтанды да жаратқанына сенген, иман етушілерге айтып отырмын.
 
Шектен шығу
 
Адамдар екі түрлі жағдайда шектен шығады. Біріншісі – Ібілісті мүлдем жоқ деп айту. Бұлай ойлайтын адамдар "естіген нәрсені емес, тек көздеріммен көріп тұрған нәрселерге ғана сенемін" деген асығыс пайымдауларға барады. Бұл анық мұсылмандар ұстанатын түсінік емес, себебі біз көре алмайтын нәрселерге сенеміз: жәннат, тозақ, Қиямет қайым және т.б.
 
Мына материалды өмірде құралсыз, жай көзбен көруге келмейтін нәрселер өте көп, алайда біз олардың бар екеніне сенеміз әрі бұл ұғымды солайша қабылдаймыз. Мысалы, біз күнделікті жұтып жүрген ауаны көзімізбен көрмейміз. Ал бактериялар жайлы айтпасақ та болады... Ғылымның айтуынша, бізді айнала қоршап тұрған микроорганизмдердің мыңдаған түрлері бар: біз оны өз көздерімізбен көре алмаймыз, бірақ олардың бар екендігіне шүбә келтіріп жатқан ешкім жоқ.

Ібілістің бар екендігіне кей адамдардың сенбегендігі олардың сол Ібілістің қармағына түсіп қалғандығының белгісін көрсетеді.

Екіншісі – адамдардың Ібілістің Құдай деп сенуі. Мұндай сенім тұрғысындағы адамдарды сатанистер деп атайды. Олар Ібілісті өздеріне Құдай санап, соған табынады.

Міне, адамдардың осындай екі шектен шығушылығы болады. Екеуі де мұсылмандардың сеніміне сәйкес келмейді.
АВТОР ЦИКЛА
Шайтани азғыруларды жеңу
Юнус Патель
Автор:
ЮНУС ПАТЕЛЬ
Мүфти
Список уроков