Циклы Авторы Сортировка

3-ші насихат. Біраз артқа шегініп, басты қозғамақ болған тақырыбымыз қандай, ол туралы неге жиі айтылмайды деген сұраққа тоқталсақ

3 164
20 марта, 15
Біраз артқа шегініп, басты қозғамақ болған тақырыбымыз қандай, ол туралы неге жиі айтылмайды деген сұраққа тоқталсақ
 
Осы мақалалар жиынтығын ойластырарда,  мақсатымыз - оқырманға ең алдымен діни ілім алудың маңыздылығын жеткізу, еш діни білім ізденбей, өзін жәй ғана «жақсы мұсылман» қатарында санау - шынайы мұсылман үшін жеткіліксіз екенін түсіндіру еді. Білімді шетке ысырып қою өте қауіпті, себебі, бір пенде құлшылығын жасап, оразасын тұтып, міндетті болса зекетін беріп, жағдайы келіп тұрса қажылық пен умрасын өтеп жүр делік, бірақ, ол осы істеп жүрген амалдарын өзіне жеткілікті деп түсінуі мүмкін. Ал, егер  ол құлшылықтан бөлек уақытының толығын  өзінің дүниәуи істері мен мәселелеріне арнап, діні - Исламды үйренуді елемей кетсе, онда ол - үлкен қауіпке тап болған адам. Оның сенімі мен иманының негізіне де зор қауіп төніп тұр. Міне, негізгі айтпағымыз да дәл осы жайында еді!...
 
Кейін әдеттегідей жұмыс жоспарын реттеу кезінде назарымыз тақырыптың тәжірибелік жағына ауып, ілімнің маңыздылығы, оны алу әдіс-тәсілдері, ол жолда кезігетін қателіктер мен олардан сақтану жолдарына басты мән берілді. Ал, жоспар соңы тіпті автордың өз әлсіздігін, яғни, әлі де жеке басының білімі мен тәжірибесі аздығын мойындауымен аяқталды. Оған: «Өзгелерге насихат айтатындай мен кім едім, алдымен өзім насихат алуға  көбірек мұқтаж жан  емеспін бе?!...» деген ойлар келді. Мұндай  сенімсіздікті  былай анықтауға болады: өз атынан пікір айтпау, беделді  ғұламаның панасына жасырынып, соған ілесу, оның аузынан шыққанды сөзбе-сөз жеткізуге талпыну, ал, сөзбе-сөз болмаған жағдайда,  оның жол сілтеуші ой тізбегін сақтап қалу, қолдан жібермеу. Алланың мейірімімен, ондай ғұлама мен кітап та табылды. Ең басында айтқанымыздай,  бұл жиынтық негізі ретінде  шейх, мухаддис Мұхаммед Аввамның (Алла оған пана болғай) «Маʼалим аль-иршадия лисынаʼа толяб аль-ʼильм» («Ілім іздену жұмысындағы жөн сілтегіш өсиеттер»)[1]  атты салыстырмалы түрдегі жаңа кітабын таңдап алған едік. Кітапты толығымен аудару әрі тек осы кітапты ғана басшылыққа алу көзделмеген, десек те, Алла қаласа, дәл осы кітапта көрсетілген мәліметтің баяндалу тәртібін ұстанбақшымыз.
 
Нағыз ілім иесінің соңынан еруде Алланың берекеті жатыр. Сондықтан, Алла Тағаладан тілеріміз, бізді берекесінен айырмай, қарапайым болса да бұл жазбаларымызды пайдалы еткей!
 
Мақала жиынтығында қалыптасқан құрылым басты тақырыптан ауытқытып жібергенін айтып едік. Бірақ, сонда да, арасында негізгі тақырыбымыз болған - Исламды үйренуді елемеу, қазіргі уақытта «жақсы мұсылман» атанып қана жүре берудің білімсіз адасуға, ал, оның түбі опат болуға апаратыны жайлы сөз қозғап тұрмақпыз. Ал, мәтіннің барлық қалған  бөлігі сөз басында келген сұрақтардан тұратын тақырыпқа арналады. Себебі, ол сұрақтар да аса маңызды. Ал, автор ретінде оқырманнан өтінерім, қазіргі білім іздену аса қажет етілген заманда, қандай да бір себеппен діни ілім алу жолына түсе алмай жүргендеріңіз  болса, онда біздің басты тақырыбымызды жадында ұстап, ол жайында ой жүгіртіп, Алла Тағаладан алдымен өзіне және жақындарына насихат тілей жүрсе...
 
Дұрыс әдістермен білім алу жайлы.  Манхадж деген не?
 
Арабтың «манхадж» сөзі («минхадж» деп те айтылады) «анық ілесу жолы» деген мағынаны білдіреді.  Манхадж  «жол» болған болса, ал, білім алуда манхаджы дұрыс болмаған жолаушы бағыт-бағдарсыз, өзіне таныс емес, бөтен, белгісіз  жолға түскендей күй кешеді. Мұндай жолда адасып кету оңай және жолаушының көздеген мақсатына жетуі де екі талай.
 
Араб тіліндегі «манхадж» сөзіне көпшілік мақұлдаған орыс тіліндегі ұқсас болғаны  - «әдіс» сөзі.  Уикипедияға сай, әдіс бұл -  (грек тілінен μέθοδος – зерттеу немесе таным жолы, μετά- + ὁδός «жол») – белгілі бір мақсат пен істің шешімін табуға бағытталған әрекеттер мен жасалатын қадамның жүйелі жиынтығы. Осыдан шығатыны, әдістің дұрыс болуы - оның нәтижесінің дұрыстығымен, көзделген міндетке жете алуымен анықталады.
 
Манхадждың маңыздылығы
 
Негізінде, дұрыс әдістермен білім алудың  маңызы оның сөздік мағынасынан-ақ белгілі болып отыр.
 
Ал, енді әлдебір ғылымды үйренерде манхаджымыздың  дұрыстығын кімнен білеміз? Әлбетте, сол ғылым мамандарынан ғана білуге болады. Мысалға, Құран оқу саласының мамандары, әр түрлі қырағатпен оқуды жетік меңгерген ғұламалар Қасиетті Құранды оқу үшін араб тіліндегі әріптердің дұрыс шығуы мен дыбысталуына (махрадж) аса мән берілуін талап етеді. Алайда, кейбіреу үшін олардың бұл талабы тым артық көрініп, махрадж бен тәжуидті соншалықты терең зерттемей – ақ оқи беруге болады деп түсінеді. Міне осы тұста, арнайы маман иелеріне ме әлде қарапайым адамның ойына жүгінеміз бе, ол жағын әркім өзі-ақ түсінген де болар...
 
Бұл мәселе өзге шариғи ғылымдарға да қатысты. Әсіресе, қазіргі бүлік пен тұрақсыздық орнаған мына уақытта, бар ынтасымен бойына білім мен оны тәжірибеге асыруды ұштастыра білген, Сүннетті жаңарту мен Ислам ғылымының өркендеуіне өз үлесін қосқан  көне ілім иелерінің манхаджына жүгіну –аса маңызды қажеттілік. Ал, керісінше, модернизмді жақтаушыларға ілесіп кетпеген жөн. Ол модернистер, уақыттың болмашы талабына, саяси ахуалдар мен «сәнге» айналған тұжырымдамалар, теріс түсініктегі идеяларға бола, көне ілім иелерінің манхаджынан бас тартуға шақыруда. Әрі жергілікті жердің әдет-ғұрпы шариғатқа әсерін тигізіп, оның тәртібін өзгертіп жібереді деген ойды ұстанады. Әрине, сөз жүзінде бәрі оңай. Ал, сөзді қойып, амал етуге даярмыз ба, міне, мәселе сонда.
 
 [1]Алғашқы басылым. Дар аль-юср/Дар аль-минхадж, 2013/1434.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков