Циклы Авторы Сортировка

4 бөлім. Бұзғыншылық соғысы

2 775
19 января, 16
Шам сапары
 
Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, он тоғыз жасқа толғанда, оның ағасы (Әбу Тәліб) сауда жасап Шамға[1]  жол тартпақ болып шешеді. Пайғамбарымызды, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ұзақ уақытқа айрылысу қапаландырады да, ағасы оның көңілін қимай, өзімен бірге ала кетеді. Бұл оның алғашқы саяхаты еді. Ол жерде олар ұзақ болмайды. 
 
Бір жолы Бусра[2] өңірінде олардың керуеніндегі адамдарға монах Бахира келеді. Ол арабтарға келуі керек болған пайғамбар жөнінде сұрастырады. Монах ол туралы өзінің қасиетті кітаптарынан оқыған болатын. Арабтар оған пайғамбардың  әлі келмегенін айтады. Бұл жөнінде Кітап иелериелері:  яһудилер мен христиандар, Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, келгенге дейін көп айтатын.
 
فَلَمَّا جَاءَهُم مَّا عَرَفُوا كَفَرُوا بِهِفَلَعْنَةُ اللَّـهِ عَلَى الْكَافِرِينَ
 
Мағынасы: «Олардың қасындағы Тәуратты растаушы Құран келген шақта, олар бұрын (ақыр заман пайғамбары арқылы кәпірлерге) үстемдік тілеген бола тұра өздерінің Тәуратта таныған (Мұхаммед Ғ.С.) келген заманда, қарсы шықты. Қарсы болушыларға Алланың лағынеті болсын!» (2; 89).
 
Бұзғыншылық соғысы
 
Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жиырма жасқа келгенде  «бұзғыншылық соғысы» басталып кетеді. Бұл соғыс кинанит пен оларға қосылып кеткен құрайыштар мен Қайс тайпасының арасында болған.
 
Бұл соғыстың басталу себебі мынада еді, әл-Хирадағы[3]арабтардың патшасы ан-Ну'ман ибн әл-Мунзир жыл сайын Указдағы жәрмеңкеге сауда керуенін жіберетін. Оны қорғау үшін ол лайықты әрі мықты адамды таңдайтын.  Бір күні  патша кинаниттерден шыққан, халқы оны көптеген зұлымдықтары үшін қуып жіберген қанішер әл-Баррад ибн Қайс пен Урва ар-Раххалдың қастарында отырады. Патша олардан сұрайды:
 
- Сендерден кім менің керуенімді Указға дейін қауіпсіз түрде жеткізе алады?
 
Әл-Баррад айтады:

- Мен оны кинаниттерден қорғай аламын.

Ан- Ну'ман қарсы сөз айтады:

- Маған оны барлық адамдардан қорғай алатын адам қажет.

Урва киліге кетеді:

- Саған бәлекет жоламасын![4] Қалайша мына қашқын төбет сенің тауарыңды сақтап қалмақ?! Мен сенің керуеніңді барлық жерден Неджден Тихамаға дейін жеткіземін.

Әл-Баррад айтады:

- Ал сен оны Кинаниттайпасы арқылы өткізе аласын ба, Урва?

Ол былай жауап береді:

- Мен оны барлық тайпалардан өткіземін!

Әл-Баррад кегін ішіне сақтап, жасырын түрде керуенге ілеседі. Керуен жолға шықпай жатып-ақ, әл-Баррад опасыздықпен Урваны өлтіреді. Сосын ол өзінің бауырластары кинаниттерге болған жайтты айтып, Урва шыққан Қайс тайпасынан келер қауіпті ескерте отырып қуғыншы жібереді.   
 
Жасалған қастандық туралы біле сала Қайс тайпасы, өлтірілген адам үшін кек алмақ болып жолға шығады.  Қайстер кинаниттер мен құрайыштарды  Нахля[5] деген жерде күтіп алады да шайқас басталып кетеді. Қайстер үстем келіп, құрайыштар Харамға тығылуға мәжбүр болады. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, олардың арасында еді. Сосын қайстер қарсыластарына Урваның өлімін бұлай қалдырмайтындарын айтады. Екі жақ шайқасты келесі жылы Указда жалғастырмақ болып келіседі. Содан кейін әр жақ сақтық шараларын қолдана отырып, өз жерлеріне жол тартады.
 
Тағайындалған уақытқа Қайстер Сакиф және басқа тайпалармен бірігіп барлық күштерін жинайды. Құрайыштар да күштерін Кинаниттер мен Ахабиш тайпасымен (олармен одақтас болған) біріктіреді. Хашім ұрпағының басшысы  Зубайр ибн Абдул-Мүттәліб болды. Онымен бірге ұрысқа оның бауырлары Әбу Тәліб, Аббас пен Хамза, сондай-ақ, оның немере інісі Мұхаммед, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, шыққан еді. Барлық әскердің қолбасшысы тайпаның ең егде әрі қадірлі адамы Харб ибн Умайя болған.  
Осылайша соғыс басталды. Сол жылдар арабтар тарихындағы ең сұрапыл әрі қиын жылдар болған. Шайқасушылар тіпті Меккедегі қасиетті Харамның шекарасына дейін жетеді, сондықтан да бұл соғысты «шектен шыққан соғыс» (немесе «масқара соғыс») деп атаған. Бастапқы кезде Қайстіктер үстемдік танытқан еді, алайда кейін кейбір тайпалар оларды тастап кеткендіктен, олар бітімге келуді сұрауға мәжбүр болады. Әрбір шайқасқан жақтың өлгендерін санап шығу келісіледі. Және де қай жақтың құрбаны көп болса, сол жақ өлгендері үшін қосымша құн алулары тиіс болған.  Нәтижесінде қайстер құрайыштардан құн төлетіп алады. Бұл шартты Харб ибн Умайя жасаған, ол (құн төленгенше) ұлы Әбу Суфьянды кепіл тұтқын ретінде қалдырады.
 
Осылайша, Алла Тағала арабтардың жүректерін біріктіріп, адасуларын Исламның нұрына алмастырмайынша, жиі болмашы желеумен басталатын есепсіз соғыстарының бірі аяқталды.
 
[1] Сирияның тарихи атауы.
 
[2] Шам мен Иорданияның шекарасындағы ауыл. Қазір бұл Сирияның оңтүстігіндегі Босра Набатейск қаласы.
 
[3] Қазіргі кезде Иракта жоқ қала.
 
[4] Сол кездегі арабтарда таралған сыпайы тілек.
 
[5] Мекке мен Таифтың арасында.
АВТОР ЦИКЛА
Сира «Нұр әл-яқин» Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад әл‑Худари
Автор:
МҰХАММАД ӘЛ‑ХУДАРИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков