Циклы Авторы Сортировка

4 бөлім. Ібілістің ықпалы. Намаз кезіндегі ойлар. Ақыл-ой магистралі. Нағыз иман.

4 739
7 марта, 16
Ібілістің ықпалы
 
Бізде мынадай күмән болуы мүмкін: Ібіліс қалай миллиондаған адамдарға өзінің ықпалын жүргізе алады? Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны былайша қарапайым жолмен түсіндірген: біздің әрқайсымызда жақсылыққа үндейтін періште болады әрі дәл солай жаман жолға итермелейтін жын (шайтан) да болады.
 
Бүкіл шайтандардың басшысы – Алланың лағынетіне ұшыраған Ібіліс. Әр адамның қасында бір шайтан жүреді.

Бұған мынадай ұқсас мысал келтіруге болады: технологияның, спутниктік байланыстың және хабарласудың жылдам құралдарының дамуымен бүкіл әлемге тек бір ғана жалғыз адам өз ықпалын жасай алатынын бәріміз білеміз. Адам кейпіндегі бір шайтан қандай да бір идеологияны, схеманы және т.с.с.жасайды, сосын барлық адамдар коммунизм, социализм, фашизм және т.б.біледі. Ібілістің көмекшілері адамдардың да, жындардың да ішінен болады, сол себепті ол алыстан-ақ өз әсерін тигізе алатынын түсіне аламыз.

Сырт көзді көзқараспен ойласақ, Ібілістің ықпалы өте мықты секілді болуы мүмкін, бірақ оған қарамастан Алла Тағала "Әйелдер" ("Ниса") сүресінде былай дейді:

"...Негізінен шайтанның әдісі нашар". (Құран, 4:76)
 
Бұл аят Алла Тағалаға иман еткендерге қатысты. Алла Тағалаға толықтай сеніп, тәуекел еткен адамдарға Ібілістің билігі де, күші де, қуаты да, әсері де жүрмейді.
 
Намаз кезіндегі ойлар
 
Адам намаз оқып тұрған сәтінде әр түрлі ойлар келе берсе, ол кісі сонымен арпалысқа түседі, бір кезде намаз тәмамдалады, алайда ойлар әлі қалып қояды. Намаздан кейін сол кісі намаз бойынша бір ой кетпей қойғанын айтады. Ондай ойлармен арпалысу былайша болады: адам сол ойлармен қарбалас болғаны соншалық, сол кезде ол тек Алла Тағалаға бет бұрып тұруы керектігін ұмытып кетеді.
 
Осындай ойлар туындап, намаз оқып тұрған кезіңізде ойыңыз сан-саққа жүгіріп, шашырайтын болса, бірден ойыңызды жинақтап, бар ықылас-зейініңізді намазға бөлуіңіз керек. Ол ойлармен арпалыспаңыз, оқып тұрған сүреге мән беріңіз. Сол үшін сүннет намаздарда, нәпіл намаздарда әрдайым ұзағырақ болған, әдетте оқымайтын сүрелерді оқығаныңыз абзал болады; Құраннан жаңа жаттаған сүрелерді намаз үстінде тәжірибеде қолданыңыз.
 
Көптеген адамдар намаз кезінде "Кәусар", "Ықылас" сүрелерін қосымша сүре ретінде оқиды, себебі оларды жақсы жаттап алған және бұл сүрелер аз ғана аяттардан тұрады. Бұл сүрелерді барлық намаздарда оқиды: үтір, сүннет намаздар, қосымша нәпіл намаздар және тіпті парыз намаздарда. Адам бұлай жасай берсе, намазын тәмамдап, екі жаққа сәлем берген кезде, дәл қазір намаз оқығанын сол кезде барып түсінеді.
 
Ал егер ол үтір намазында "Тин" сүресін, ал сүннет намазында "Адият" сүресін оқыса, ол оны айтқанда аса зор көңіл бөледі, себебі әдетте ол бұл сүрелерді оқымайтын.
 
Ең болмағанда жатқа білетін сүрелердің мағынасына мән беріп, соны үйреніңіз. Оны үйреніп, осы сүре арқылы бізге жеткізілген хабарларға ой жүргізіп, пікір өрбітіңіз.
 
Үшіншіден, дәл осы сәтте Алла Тағаланың алдында тұрғаныңызды ойлаңыз, біз дәл осылай Қиямет күні Раббымыз Алла Тағаланың алдында тұрып, есепке тартыламыз, әр істеген амалымыз үшін жауап береміз. Алла Тағаланың Ұлы екендігін жүректерімізге сіңдірейік, сол кезде Алла қаласа, намазымыз да жақсы жағына дұрысталмақ.
 
Шайтанның азғырулары (уәсәуис) біз олармен арпалыссақ бізге келе береді, тіпті намаздан тыс уақытта да мазамызды кетіріп, алаңдатады. Сол үшін оларға мән бермеуіміз қажет.
 
Ақыл-ой магистралі
 
Адамның санасына (мейлі ол намазда болсын, намаздан тыс кезде болсын) сырттан әр түрлі ой келуі мүмкін, алайда адам оны өзіне қабылдай беруі дұрыс болмайды. Бұлай жасамауымыз керек.
 
Адамның санасы құдды бір магистраль секілді. Автомагистралінде сан түрлі тасымалдау құралдарын көруге болады: жеңіл көлік, жүк тасымалы, мопедтер, мотоциклдер, арбалар және т.б. Кейде жолдан жануарлар да жүгіріп өтуі мүмкін: мысықтар, иттер, аттар және тіпті шошқалар.
 
Ал ақыл-сана магистралінде неше түрлі ой болуы мүмкін: жақсы және жаман пікір, керемет және нашар идеялар, жақсы және теріс пиғылдар.
 
Адам жол бойында көлікпен кетіп бара жатқанда әр нәрсеге көңілін бөлмей, өзі діттеген жеріне жету үшін бар ықыласын салады. Ол жолда кездескен басқа көліктер мен жануарларға қарау үшін тоқтап, тұрып қалмайды. Ол бар көңілін өзінің баратын жеріне аударады. Міне, дәл осылай санаңызға қажет емес ойлар келген кезде оларға еш мән бермеңіз. Олармен күреспеңіз және олар жайында ойламаңыз.
 
Нағыз иман
 
Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жолдастары болу бақыты бұйырған саңлақ сахабалар Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өздеріне жаман ойлар келе беретіндігін айтып шағымданған. Осындай әр түрлі жағдайлар көптеген хадистерде келтіріледі.
 
Бір кісі Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)  келіп былай дейді:
 
 –  Кейбір кездері маған бір жаман ойлар келеді. Оны дауыстап айтқаннан гөрі, мені күлге айналғанымша жағып жіберсе, сол дұрыс болар ма еді. (Бұл жерде "Алла Тағаланы кім жаратты?" деген дұрыс емес ой келетінін айтып тұр)
 
 – Мұны тек жаман ойларыңның біріне жатқызғаны үшін Аллаға шүкір, Аллаға мадақ болсын, - деп Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жауап береді.
 
Басқаша айтқанда, Алла Тағала мұны шынайы күмәндар мен жаман істерге айналдырмай, тек ой түрінде қалдырғанының өзі – Алла Тағаланың Мейірімі.
 
Басқа бір хадисте сахабалар Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) келіп былай дегендері айтылады:
 
 – Бізге кейде жаман ойлар келеді. Оларды дауыстап айтқанымыздан ауыр ештеңе жоқ шығар.
 
 – Бірақ бұл нағыз иман ғой, - деп жауап қатады Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын).
 
Яғни осындай ойлар үшін қиналып, абыржу – иманның жақсы дәрежесінің белгісі.
АВТОР ЦИКЛА
Шайтани азғыруларды жеңу
Юнус Патель
Автор:
ЮНУС ПАТЕЛЬ
Мүфти
Список уроков