Циклы Авторы Сортировка

5-ші насихат. Парыз болған білім мен оның түрлері. Фард кифая

3 739
28 марта, 15
Парыз болған білім мен оның түрлері. Фард кифая
 
Әрі қарай жалғастырар болсақ, парыз білімінің екінші түрі – ол «фард кифая», яғни, барша мұсылман қауымына міндетті болған білім.

Фард кифаяның кез-келген түрін орындаудың қағидасы – жамағат арасынан (мысалы, ауыл ішінен) бір ғана адамның бұл міндетті орындауы жеткілікті болады да, қалған адамдардың мойнынан бұл міндет түседі. Ал, егер, жамағат ішінен де ешкім мұны орындамаған болса, онда түгелімен барлық адам күнә жасаған болады. Негізгі тәртібі осы, жалпы алғанда бұл бәрімізге мәлім әрі түсінікті болар.

Бірақ, шейх Аввама (Алла оған пана болғай) осы тұста айта кетуге тиіс бір мәселеге тоқталып, оған мына мысалды келтіреді: егер бір уақытта бір қалада кардиология саласы бойынша мамандандырылған он дәрігер тәжірибесін өтеп жүрсе, ал, бір қала үшін бұл он дәрігер жеткіліксіз болған жағдайда мұсылман қауымы жасөспірімдерді медицинаның дәл осы мамандығын үйренуге бағыттауға міндетті болады. Олай істемеген жағдайда, сол қаладағы балиғат жасына жеткен барлық мұсылман күнә жасайды.

Ал, енді, өзіміз ойланып көрелік, біз тұрып жатқан ауыл, қала болсын мұсылман қауымы осы міндетті орындап жүр ме? Тұрғындарға қажет әр түрлі маман иелері жеткілікті ме, жетпейді ме, оны қадағалап жүр ме? Егер, қадағаламайтын болса, онда біздерге жергілікті қауымның өкілі ретінде не істеу керек? Жауабын мен де білмеймін. Бұл сұрақтың жауабын білім иелерінен сұрап көріңіздер.
Егер сіз ұл немес қыз өсіріп отырған болсаңыз, олар өскен соң (оқуға түсіргіңіз келсе), айналаңызға бір көз жүгіртіңіз, сіз тұрып жатқан ауылда немесе қалада нақты қай мамандық тапшы екенін алдымен біліп алып, балаңызға дәл сол мамандықты таңдатып, оқуға жіберіңіз. Ал, оқуын бітірген соң, мегаполистің бәрін билеп алған «жансыз» офистік жүйенің бір «бұрандасы» ғана болып қалмай, үйіне оралып, алған білімімен өзінің өскен өлкесіне, жамағаты арасына пайдасын тигізгені артық емес пе?!

Сіз студент болсаңыз немесе студент атануға дайындалып жүрсеңіз, онда сіз де осы қағиданы мықтап ұстаныңыз. Ата-анаңыз түсінбей, ойлары бөлек болса, оларды жұмсақ әрі даналықпен сендіруге тырысыңыз.  Өйткені, адам діни білім немесе дүниәуи пайдалы білім алғысы келіп, түпкі ниеті фард кифая міндетін орындау болса, Алла Тағала Өзі қаласа ол адамға береке беріп, білімінің пайдасын көруді де нәсіп етеді. Көп адам осылай әрекет етер болса, қоғамымыз емделіп, мұсылман қауымы да гүлдене түсер еді.

Әрбір жергілікті жердің тұрғындарын алып қарасақ, олар шариғи ғылым мамандарына өте мұқтаж. Нақтырақ айтқанда, мұсылмандар тұрып жатқан әрбір ауыл, қалада Исламнан және онымен байланысты ғылым салаларынан білімі бар үш түрлі топ адамдарына қажеттілік туындап отыр:

1. Міндетті түрде мешіттегі мінбер, михраб орындарына лайықты белгілі бір мөлшерде дінтанушы ғалымдар мен студенттер, яғни, имамдар мен уағыз айтатын маман иелері қажет. Қиямет Күнінің бір белгісі – имамдар азайып, мешіттер босап, жамағатпен оқылатын намаздарды ешкім оқымай, қарапайым адамдар тіпті діннің негізі, ең оңайы болған тазалық пен намазды да үйрене алмай қалады делінген. Бүгінде осы көріністерді байқап жүрміз бе? Иә, әрине. Әсіресе, ауылдық жерлерде. Сол секілді, Есеп беру сәті таяғанының тағы бір белгісі – мінберлерден ілім иелерінің бейнесіне енген шайтандар сөз ала бастайды. Мұндайды қазір көріп жүрміз бе? Иә, бүкіл жерде тіпті қасымыздан да! Дінбұзарлар, өте адасқан сенімдегілер, модернистер, сән мен нәпсіге ұнамды істермен шариғатты бұрмалап жүргендер осы сияқты көптеген тұлғаларды мешіт пен медреселерде кездестіріп жүрміз. Олар еш кедергісіз уағыздарын жүргізіп, сабақ, дәріс өткізіп, оларын таратып та жүр. Алла бізді және біздің жақындарымызды олардың жамандығынан сақтасын дейміз!

2. Мұсылман қауымы үшін қызмет етіп, көпшіліктің туындаған сауалдарына жетік жауап бере алатын мүфтилер (ең болмағанда, оқыған адамдар) болуы қажет.

3. Сонымен қатар, ілім иелерінен тұратын тағы бір топ болуы керек, олардың ілімі мен шариғи ғылымдарды зерттеуге деген ынтасы алдыңғы атап өткен топтардан да жоғары болады. Бұл ғалымдарға имам мен уағызшылардың өзі келіп, сенім (ақида) мен фикхқа қатысты, Құран мен Сүннетті түсінуге қатысты болған күрделі сұрақтарының шешімін тапқан болар еді. Бұл ілім иелері - Ахлю-с-Сунна уәл-Жамаа сенімінің қорғаушылары, олар қоғамды адасушы ағымдардың таратып жүрген күдіктері мен ақиқатқа қарсы шабуылдарынан сақтап қалады. Мұндай ілім иелерін «антибиотикке» теңесек болады: дені сау дене секілді, сау қоғам үшін олар әркез қажет болмас, алайда, денеде ауру тудыратын бактериялар тарап кетсе, әрине, антибиотик аса қажет. Мұсылман қауымы арасында да дәл осылай: адасушыларға қарсы тойтарыс бере алатын ғалымдарымыз болмаса, адасушы ағымдар ауру ағзадағы бактериялар секілді үсті-үстіне өрши түспек. Ал, егер бір жердің өзінің сондай ілімді адамы бар болса, онда адасушылар оның алдында бас көтере алмай, дінбұзарлық ойларын жүзеге асыра алмас еді. Енді сізге сауал, қашан соңғы рет адасушы дінбұзарлардың қаупінен ада болған мұсылман қауымын көріп едіңіз? Жауабыңыз белгілі деп ойлаймын. Міне, сондықтан, қазіргі кезде ілім иелеріне деген мұқтаждық аса зор болып отыр.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков