Циклы Авторы Сортировка

6 бөлім. Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, пайғамбарлыққа дейінгі өмірі

2 839
26 января, 16
Алла Елшісіне, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әкесінен мирас болып ештеме де қалмаған. Тумай жатып-ақ ол тұл жетім болып қалады. Ол Саꞌд тайпасында асыранып өседі, әлдебір жұмысты атқара алатын жасқа жеткенде, өзінің сүт бауырларымен бірге шексіз жазық жерлерде қой баққан. Сосын Меккеге оралғанда да, ақша табу үшін, бір неше уақыт жергілікті тұрғындардың қойларын бағады,  бұл туралы бізге имам әл-Бұхари[1] «Сахихте» айтады.
 
Дүние мен дүние қамын ойлаудан ада болу – пайғамбарларға міндетті болған қасиет. Өйткені, егер олар бай болса, пендешілік орын алып, оларды мәңгіліктен алаңдатар еді. Сондықтан да Алланың барлық шариғаттары дүниені тәрк ету мен пендешіліктен қол үзуді қолдауда бірыңғай, ал пайғамбарлардың тарихтары осы ойды жеткізудегі ең үздік мысал. Мәселен, Ғиса пайғамбар, оған Алланың сәлемі болсын, адамдардың ең тақуасы болған. Мұса мен Ибраһим де сондай болған. Олардың барлығы балалық шақтарында кедей болған. Алла Тағаланың ұлы данышпандығы да осында - Ол пайғамбарларды арттарынан ерушілер үшін дүниенің нығметтеріне ұмтылып, соңына түсуден бас тартуда үлгі етті. Дүниенің артына түсу тек қасіреттер мен сынақтар әкеледі.
 
Барлық пайғамбарлардың қой баққанында да зор кемеңгерлік жатыр, ол туралы бізге әлемдегі ең шыншыл адам, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жеткізген  (әл-Бұхариден жеткен хадисте).

Себебі, адам қой бағып жүргенде – ал қой ең әлсіз жануар – адамның жүрегіне жұмсақтық, мейірімділік пен аяушылық ұялайды. Ал қойлардың қамынан адамдардың қамына көшкенде, ол табиғи ашуланшақтық пен зорлық-зомбылыққа бейімділіктен арылады. Ол өз бойына әділеттілікті сіңіреді.

Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ержеткенде саудамен айналыса бастайды. Ас-Саиб ибн Әбу ас-Саиб оның серігі болады. Ол ақы алып Хадишаның, оған Алла разы болсын, сауда істерімен Шамға барып жүреді. Ал ол оған үйленгенде – ол бай әйел болған – оның мүлкін басқарған, өзінің тапқанын жұмсаған. Алла оған сыйлаған игіліктерді «Духа» сүресінде көрсеткен:
 
أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيمًا فَآوَىٰ ﴿٦﴾ وَوَجَدَكَ ضَالًّا فَهَدَىٰ ﴿٧﴾ وَوَجَدَكَ عَائِلًا فَأَغْنَىٰ

Мағынасы: «Әлбетте Раббың саған береді де разы боласың. Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма? Сені абыржуда көріп, жолға салмады ма? Сені кедей көріп, байытпады ма?» (93:5-8).

Баспана мен байлық Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, пайғамбарлыққа дейін, ал ақиқат жолға түсуі – өзінің арқасында берілген болатын. Алла оған Кітапты, Ибраһимнің иманы мен  дінін сыйлады, бұның бәрін Мұхаммед пайғамбарлыққа дейін білмеген. Алла Тағала «Шура» сүресінде былай айтқан:
 
وَكَذَٰلِكَ أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ رُوحًا مِّنْ أَمْرِنَا مَا كُنتَ تَدْرِي مَا الْكِتَابُ وَلَا الْإِيمَانُ وَلَـٰكِن جَعَلْنَاهُ نُورًا نَّهْدِي بِهِ مَن نَّشَاءُ مِنْ عِبَادِنَا

Мағынасы: «(Мұхаммед ғ.с.) саған осылайша әмірімізден бір “рух” (Құранды) уахи еттік. Сен, Кітап не, Иман не, білмейтін едің. Бірақ Құранды нұр қылып, онымен құлдарымыздан кімді қаласақ, тура жолға саламыз» (42:52).
 
Мұхаммедтің пайғамбарлыққа дейінгі халқымен қарым-қатынасы
 
Ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өз жерлестерінің арасындағы ең көркем мінездісі, ең шыншылы, берген сөзіне адалы болған. Ол мүмкін болар барлық жексұрындық пен адамгершілік кемістіктен алыс болған. Ол өз тайпасындағы адамдардың ең мейірбаны әрі беделдісі болған, өз көршілеріне басқалардан жақсы қараған, ең момын және әділ болған. Оның тақуалығының және оған Алла берген мақтауға тұрарлық қасиеттері: момындығының, сабырлығының, ризашылығының, әділеттілігінің, кішіпейілділігінің, пәктігінің, жомарттығының, батылдығының, ұяттылығының арқасында оны «әл-Амин» (сенімге лайық) деп атаған.

Бұны тіпті қас жауы Абд ад-Дар тайпасынан шыққан ан-Надр ибн әл-Харис[2] те мойындап, былай деген: «Мұхаммедке бәрі қызығатын, сендердің ең шыншылдарың және ең сенімге лайық бозбала болатын. Ал оның самайын ақ шалған кезде, не үшін келгенін айтып сендерге келгенде, сендер оған: «Сен – сиқыршысың!», - деп айттыңдар. Жоқ, Алланың атымен ант етейін, ол сиқыршы емес». Бұл сөздерді ол құрайыштармен болған жиналыста, басқа жерлерден қажылыққа келетін арабтарға не айтарларын шешпек болып жатқанда айтқан[3].

Византия патшасы Ираклий Әбу Суфьяннан былай сұрайды:

- Бұрында оның осындайды айтып бастамағанында, бір рет те болсын одан өтірік айтты деп күмәнданған ба едіңдер?[4]

Ол:

- «Жоқ», - деп жауап береді.

Ираклий сонда айтады:

- Адамдар жайлы жалған айтпаған адам Құдай туралы да өтірік айтпайды.

Бұл оқиға «Сахих әл-Бұхаридің» басында келтірілген.
 
Алла Тағала Мұхаммедті, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жас кезінен бастап жәхилият дәуіріндегі  қылықтардан сақтаған, ал кейін Шариғат оларға тыйым салған. Ол пұттарды қатты жек көрген және олардың құрметіне арнап пұтқа табынушылар жасайтын той-томалақтарға ешқашан қатыспайтын. Ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай айтқан: «Мен өсіп келе жатқанда, пұттарды жек көрдім және поэзияны жек көрдім. Мен, жәхилият дәуіріндегі адамдар жасағандардың ешбірін ешқашан жасаған емеспін, тек екі ғана жағдай болды, бірақ әр кез Алла маған оны жасатпады. Содан кейін, Алла маған пайғамбарлықты беріп, игілік көрсетпегенінше менде ондайға деген көңіл қалауым болып көрген емес. Бір күні менімен бірге қой бағып жүрген жас жігітке былай айттым: «Менің қойларыма қарай тұрасың ба, ал мен басқа бозбалалар сияқты Меккеге барып біраз көңіл көтеріп қайтайын». Мен кетіп қалдым, Меккедегі бірінші үйге жеткенімде, біреудің үйлену тойынан жеткен дабылдар мен сырнайлардың  үнін естідім. Тыңдау үшін отыра қалдым, бірақ Алла мені есту қабілетімнен айырды, ал мен болсам ұйықтап қалдым да ештеме естімей, күннің ыстығынан ояндым. Екінші рет те менімен осыған ұқсас әлдебір нәрсе болды»[5].
 
Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ешқашан пұтқа арналып шалынған жануарлардың етін жемеген. Шарап оның халқының арасында аса таралған болса да, ол ешқашан оны ішкен емес.  Алла Тағала пайғамбарлары уахиді қабылдауға дайын болуы үшін, оларды осы қасиеттердің бәрімен көріктендіріп қойған. Олар пайғамбарлық келгенге дейін және одан кейін де жамандықтың бәрінен сақталған.  Пайғамбарлыққа дейін - оларға әзірленген ұлы міндетке дайын болуы үшін.  Ал пайғамбарлықтан кейін – өз қауымының басшысы болуы үшін. Олардың бәріне де Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
 
[1] Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай айтқан: «Алланың жіберген пайғамбарларының бәрі қой баққан». Сахабалар сұраған: «Ал сен ше?». Ол: «Иә, бірнеше уақыт ақша үшін мен де меккеліктердің қойын баққанмын» - деп жауап берді.
 
[2] Ол Бадр шайқасында кәпір күйінде Әли ибн Әбу Тәлібтің, оған Алла разы болсын, қолынан қаза табады.
 
[3] Қажыға келушілерге Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, адамдарды Исламға шақыруын бұрмалап түсіндіру үшін  
 
[4] Пайғамбарлық басталғанға дейін.
 
[5] Ибн әл-Асир жеткізген. Әл-Хакім мен аз-Захаби хадисті сенімді деп санаған (Мубаракфури).
АВТОР ЦИКЛА
Сира «Нұр әл-яқин» Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад әл‑Худари
Автор:
МҰХАММАД ӘЛ‑ХУДАРИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков