Циклы Авторы Сортировка

6 бөлім.«Фәләқ» пен «Нас» сүрелерінің түсуі. Сауығу. «Қуль…» сүресінің пайдасы туралы. Мағынасы. Жарылғыш оқ.

6 601
12 марта, 16
«Фәләқ» пен «Нас» сүрелерінің түсуі
 
Бұл жерде мына жағдай еске түседі, Алла Тағала қасиетті Құранның соңғы екі сүрелерін «а’у́зу» сөзімен бастайды. Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, дуалы арбаулар жасалғанда, дәл осы сүрелер түскен.

Қызғаныш пен дұшпандықтан, яһуди Лябид ибн Асим мен оның қыздары Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, арбау жібереді. Бұл сиқырдың салдарынан Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бір нәрсені жасап, оны жасаған-жасамағанын кейін ұмытып қала беретін болған.

Ол Алла Тағаланың Пайғамбары болғандықтан мұндай ұмытшақтық ислам қағидаларына, оған түскен уахилер мен аяттарға сиқыр ешқандай әсер ете алмаған. Бірақ ол оның дағдылы, күнделікті істеріне әсерін тигізді. Ол бір нәрсені істеп, ал сосын оны істемедім деп ойлайтын болған. Немесе әлдебір істі бастамас бұрын, оны тындырып қойдым деген шешімге келетін.  Сол кезде «Фәләқ» пен «Нас» сүрелерінің он бір аяттары сиқырдың салдарын жою үшін түсірлген болатын.

Жіптен болған он бір түйін (әрбір түйіндегі инесімен) Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, шашымен бірге көмілген екен. Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,осы сүрелерді барлық түйіндер шешілмейінше оқыған, - әр аят бір түйінді шешіп отырған. Нәтижесінде Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,сауығып кетеді.  
 
Сауығу
 
Ақ және қара сиқыр болады деп өз әңгімелерімен басқаларды адастыратын талай адамдар бар. Олардың сөздерінше, қара сиқыр жасау үшін әлдебір пұтқа табынатын ғибадатханаға бару керек те, ал ақ сиқыр үшін «әулие» адамдарға бару керек.

Ешқандай да «ақ» сиқыр жоқ. Барлық сиқыр қара болып табылады. Қасиетті Құранда көрсетілген аяттар кез-келген сиқырдан сауықтырады.

Алайда, егер біреу ауырып қалар болса, сырқатты сиқырдың салдары деп үзілді-кесілді санамай, «әулие» тәуіпке жүгірмеңіздер, себебі олардың көпшілігі көз бояушы ғана емес, сондай-ақ, арсыз алаяқтар да.

Жақсы дәрігерге көрініп, Алла Тағалаға жалбарынып, Одан сауығуды сұраңыздар. Егер ештеме көмектеспесе, ал сырқаттың белгілері сиқырды көрсететін болса, сонда ғана сенімге лайық амилге көрініңіздер. Сонымен қатар, шейх Мұхаммед Закария, оған Алланың рақымы болсын, жындар мен сиқырдан сақтану үшін, дәретпен әрі таза жүруге тырысудың маңыздылығын баса айтқан.
 
«Қуль…» сүресінің пайдасы туралы
 
Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай айтқаны келтірілген:
 
«Кімде-кім «Ихлас», «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін оқыса, сол барлық ауыртпалықтардан қорғалады».
 
Абдулла ибн Хубейб мырза, оған Алла разы болсын, бір жаңбырлы қараңғы түні Пайғамбарымызды, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, іздеп, оны тапқан кезде, Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын оларға:
 
- «Қуль...» (айт) – деді.
 
- Нені айт? – деп сұрайды Абдулла ибн Хубейб, оған Алла разы болсын.
 
Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын:
 
- Ертеңгілікте үш реттен «Ихлас», «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін айт. Бәріне осы жеткілікті болады - деген.
 
Мұндай өсиет Пайғамбарымызбен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, тек қана Абдулла ибн Хубейбке, оған Алла разы болсын, айтылмаған. Бұл сөздер Қиямет күніне дейінгі күллі мұсылмандарға айтылған...
 
Алла Тағаланың қудаланған итімен күресуге дәрменсіз бола тұра біз Алла Тағаладан жәрдем сұрауымыз қажет. «Ихлас», «Фәләқ» және «Нас» сүрелерін толықтай үш рет айту керек. Мұны айтып отырғаным, бірде мынандай жағдай болған, бір адамға қырық бір рет «Иа Син» сүресін оқысаң, Алла оңдап, ісің сәтті болады деген екен (қазіргі кезде тіпті біз адамдарға мұндай көлемдер туралы айтпаймыз да, бірақ сол кезде оған осылай жасауға кеңес берген екен). Бірнеше күн өткен соң әлгі адам келеді, одан сұрайды:
 
– Қалай, бәрі болды ма?
 
– Жоқ, көмектеспеді. Қырық бір рет «Иа Синді» айттым, бірақ ештеме болмады.
 
– Сен «Иа Синді» қалай айттың?
 
– Солай: «Иа Син, Иа Син, Иа Син…» – осылай қырық бір рет.
 
Осындай түсінбестіктер болмас үшін, біз осы үш «Қуль...» сүрелерінің әрқайсысын үш реттен оқу керек дейміз.
 
Мағынасы
 
«Мишкат» жинағына түсініктеме ретінде жазылған «Миркат» кітабында, молда Әли Қари, оған Алланың рақымы болсын, осы сүрелер барлық жамандықтардан қорғауға жеткілікті деген. Сонымен бірге, ол былай деп қосады: егер адамның уақыты болмаса, бұл әрекет өзге жағдайда оқылар барлық басқа қосымша мәтіндердің орнын басады.

Менің ұстазым шейх Хаким Мұхаммед Ахтар әлемнің қай нүктесіне бармаса да, күнделікті осы үш «Қуль...» сүрелерінің айтылуына ерекше көңіл бөлген  (әдетте таң және құптан намаздары уақытында). Шейх мұны дуалаудан, сиқырдан, Ібілістің залалынан және өз нәпсіден, сондай-ақ, мүмкін болған барлық кесірден, жамандықтан, жаппай таралған бүліктен қорғаныш деп айтады.

Сондықтан да осы үш сүрені адамның өміріне қатысы бар сыртқы және ішкі мәселелерге бола оқу керек. Жауыздық, бұзақылық пен залал тек қана Ібіліспен ғана емес, сондай-ақ, оның ықпалына ілінгендермен де таралады. Басқаларға жауыздық пен залал тигізуде олар да едәуір рөл ойнайды.

«Қуль...» сүрелерінің айтылуынан пайда көру үшін, міндетті түрде оларды адалдықпен және сеніммен оқуды атап өткен жөн.
 
Жарылғыш оқ
 
Мынаны естен шығармау керек, Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, осы сүрелер туралы сөздерін біз сияқты намаздарын орындамайтын, зекеттерін төлемейтін, ораза ұстамайтын адамдарға және т.б. айтпаған. Осындай күнәларымыз бола тұра, біз: міне, мен осы сүрелерді оқыдым, бірақ пайда болмады – деп айта алмаймыз. Аллаға бойсұнбағандарды бойтұмарлар, оқыған аяттары мен жалбарына жасалған дұғалары Алланың азабынан құтқармайды.

Әлбетте, осы үш «Қуль…»  сүрелерін жарылғыш оқ деп айтуға болады. Бірақ, өкінішке орай, бұл оқ мылтықта емес. «Мылтық» деп мен шынайы Аллаға бойсұнушылықты - сенім мен исламды меңзеп отырмын.

Егер адам жай ғана қолына оқты алып, арыстанға лақтырып қалса, онда мұның аяғы жағымсыз түрде бітер еді. Егер өзге нәтиже көзделген болса, онда үш «Қуль...» сүрелерінің оғы (өзге де дұғалар мен аяттар тәрізді) Алла Тағалаға бойсұнушылық мылтығына оқталуы қажет.

Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сөздері, Алла Тағала мен Оның Пайғамбарының, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,әмірлеріне қарамастан бір нәрсе жасағаннан гөрі, өз жандарын беруге дайын болған  сахабаларына, оларға Алла разы болсын, арналған. Егер дұға жасау мен аяттардың оқылуы біздерге көмектеспесе, онда бұл біздің мәселеміз.

Егер мен керемет сипаттамалары бар әлдебір автокөлікті сатып алар болсам, ал ол аяқ-астынан жүрмей қалса, онда мен сатып алған көліктің қозғалтқышында ақау бар деп айтамыз. Ешкім де бірден бұл сүлбідегі көліктерді кінәлай жөнелмейді.  Егер біз жазылған аяттар мен дұғаларды Алла Тағалаға деген толық сеніммен оқысақ, Алла оңдап, Жаратушы бізді қорғайды.

Егер көрсетілген аяттарды оқып шыққан соң, адам әлдебір себептермен бір бақытсыздыққа душар болса, онда мұндай жағдайда игіліктің бар екеніне біз жүз пайызға сенімді болуымыз керек. Өйткені, Алла Тағала оған одан да үлкен сый қалайтын шығар. Немесе адам бір үлкен бақытсыздыққа ұшырайды, бірақ осы сүрелердің берекелігімен Алла Тағала ол адамды құтқарып қалады және о дүниеде оны нығметке бөлейтін шығар.

Көп жағдайларда  келтірілген дұғалар мен аяттар әлдебір мәселелерден, қасірет пен ауыртпалықтардан қорғайтын тосқауыл болады. 
АВТОР ЦИКЛА
Шайтани азғыруларды жеңу
Юнус Патель
Автор:
ЮНУС ПАТЕЛЬ
Мүфти
Список уроков