Циклы Авторы Сортировка

6-шы насихат. Қасиетті Құран білім иелерінің қадірі жайында

3 317
4 апреля, 15
Қасиетті Құран білім иелерінің қадірі жайында
 
Білім иелерінің Алла алдындағы дәрежесінің биік екендігі Құранның көптеген аяттарында айтылған. Соның біреуіне тоқталсақ. Құран Кәрімде Алла Тағала айтады:
 
شَهِدَاللّهُأَنَّهُلاَإِلَهَإِلاَّهُوَوَالْمَلاَئِكَةُوَأُوْلُواْالْعِلْمِقَآئِمَاًبِالْقِسْطِلاَإِلَهَإِلاَّهُوَالْعَزِيزُالْحَكِيمُ
إِنَّالدِّينَعِندَاللّهِالإِسْلاَمُ

(«Әли Имран» сүресі, 18-19 аят)
 
Мағынасы: «Алладан басқа ешбір Құдай жоқ екендігіне Алланың Өзі әрі періштелер және білім иелері де куәлік береді. Ол – әділдікті Орнатушы, Одан басқа ешбір Құдай жоқ. Ол әл-Азиз [бәрінен үстем], әл-Хаким [аса Дана]. Ақиқатында, Алланың алдындағы дін –Ислам!»
 
Яғни, Алла Тағала, періштелер мен білім иелері Алланың жалғыз екендігіне, Оның бәріне әділдік ететініне және жалғыз шынайы дін – Ислам екеніне куәлік береді.
 
Осы тұста сұрақ тууы мүмкін: неліктен Алла Тағала, періштелер және білім иелерімен бірге елшілер, пайғамбарлар да айтылмаған?  Бұл сұраққа имам әл-Бағауи (Алла оны мейіріміне бөлесін) өзінің тәпсірінде былай жауап береді:
 
«Мұндағы білім иелері деген сөздің мағынасы  пайғамбарларды да (оралға Алланың сәлемі болсын), қамтиды. Салих ибн Кисан: «Бұлар мухаджирлер мен ансарлар»,-деген. Мукатиль – Кітап иелерінің арасынан шыққан иман келтірген білім иелері, мысалы, Абдуллах ибн Сәләм және оның сахабалары секілді. Ал, Әс-Суди мен әл-Кальби болса, иман келтірген барлық білім иелері деп санаған»
 
Бұл ерте кездегі ғұламалардың түсіндірмелері бір-біріне қарама-қайшы келмейді. Барлығы да дұрыс айтқан. Алла Тағала білім иелері деп, шынайы, пайдалы білімге ие болғандарды,осы айтылған елшілер немесе пайғамбарларды және Исламның бүкіл  шынайы білім иелерін меңзеген. Бұл білім иелерінің дәрежесінің соншалықты биік екенін көрсетеді, тіпті, Раббымыз оларды білімділіктеріне қарай пайғамбарларға қосып, Құранда Өзі және періштелермен бірге бір сапта атап өтеді.
 
Имам хафыз Ибн Рәжаб әл-Ханбали (Алла оны мейіріміне бөлесін) «Әбу Дардадан жеткен хадиске түсіндірмеде» осы аятқа қатысты былай жазады:
 
«Мұнда пайғамбарлар жеке айтылмаған. Олар білім иелерінің қатарына кіреді. Осының өзі білім иелерінің зор беделін білдіреді, себебі, олар пайғамбарлармен бірге бір сөзбен айтылады».
 
Шынайы білім иелерінің мұсылман үмметі үшін алар орны
 
Мұсылман үмметі үшін шынайы білім иелерінің атқарар рөлі – қауымына аса қажет болған пайғамбарлардың рөлі іспетті. Пайғамбарлар тізбегі біздің Ардақтымыз Мұхаммедпен (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) аяқталғанын және Қиямет күніне дейін одан кейін пайғамбар келмейтінін жақсы білеміз. Сондықтан, пайғамбарлардың рөлі, олардың мұрасы - тақуа білім иелеріне көшті.

Имам Ахмад Әнастан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай дегенін жеткізеді:
 
«Жет бетіндегі ілім иелері аспандағы жұлдыздар секілді. Құрлықта да, теңізде де қараңғылық орнаса, сол жұлдыздар арқылы жол табасыңдар. Ал, егер, жұлдыздар көрінбей қалса, онда тура жолдан адастым дей бер»
 
Иә, біздің ғалымдарымыз шынында  да жұлдыз секілді, адамдарды тура жолға бағыттап, Алла Тағалаға деген сенімнің дұрыс болуына, Оның разылығына, Оның бізге арнаған сыйы мен мәңгілік өмір бақытына жетуімізге жол көрсетеді. Кейбір адамдарды ақиқаттан тайдыратын адамдар мен жындардан болған шайтандар бар, ал, білім иелері сол шайтандарға  қарсы  лақтырылатын  тас секілді.

Пайғамбарлар мен елшілер (Алланың оларға сәлемі болсын) өздерімен бірге қауымына  бір Құдайға сиыну нұрын әкеліп, оларды күпірлік пен ширк түнегінен жарыққа шығара білді. Сол сияқты, білім иелері де жүрген жерінде нұр таратып, сол арқылы олар қарапайым мұсылманды надандық қараңғылығынан шығарып, дүниедегі адасушылық тұзақтарынан байқатпай өткізу үшін, біраз қиындығы бар жолдармен алып жүреді, есесіне, оның соңы бақытқа кенелтпек.
 
Шынайы білім иесі – өз бойына білім мен оған амал етуді біріктіре білген адам.
 
Білімсіз адамның сенімі мен құлшылығы дұрыс болмайтынына күмән жоқ.
 
Алайда, тек білім талап ету жеткіліксіз, оған қоса, білгеніңді амалға асыруың қажет. Шынайы білімді адам - өзінде екі нығметті: терең білім мен шынайы ғибадатты біріктіре алған адам. Біз әрбір намазымыздың рәкәғатында қайталап Алладан тілеп жүрген - «ас-сырат аль-мустакым», яғни - Тура Жол, міне, осы:
 
اهدِنَاالصِّرَاطَالمُستَقِيمَ (6)
صِرَاطَالَّذِينَأَنعَمتَعَلَيهِمْغَيرِالمَغضُوبِعَلَيهِمْوَلاَالضَّالِّينَ (7)

Мағынасы: «Бізді тура жолмен жүргізе гөр, игілікке бөленгендердің жолымен! Ашуға ұшырағандардың және адасқандардың жолымен емес!» («Әл-Фатиха» сүресі, 6-7 аят)
 
Осындағы «ашуға ұшырағандар» және «адасқандар» дегеннің түсіндірмесі Сүннетте келген (хадисті Тирмизи, Ахмад және Ибн Хиббан жеткізген): біріншісі – яһудилер, ал, екіншісі – христиандар.
 
Неліктен бұлай дейтін болсақ, оның себебі, яһудилер Алланың дінін, Оның Тәуратта келген бұйрықтарын біле тұра, ол бұйрықтардың кейбіріне мүлде амал етпеді, тағы бірін өз қалауларына сай өзгертіп алды. Сол себепті, Алла Тағаланың оларға ашуы туды. Бұл жерде «ашу» сөзін Аллаға ғана қатысты деп ұғыну керек, яғни, біздің түсініктегі ашу сезімі емес, бұл – Алланың бұйрығына қарсы келгендерге берілетін үлкен жазаның бар екеніне уәде. Ал, христиандарға келсек, олар Құдайға сенгілері келді, бірақ, оны білімге сүйене отырып істемеді, адамның санасы мен табиғатына қарсы келетін құлшылық ету түрлерін өздері ойдан шығарып алды. Сондықтан, олар тура жолдан тайды және Алла оларды «адасқандар» деп атады.
 
Осылайша, Тура Жол дегеніміз – білім мен оған амал етудің бірігуі болып табылады: құлшылыққа қатысты сұрақтар мен дүниелік өмірдің барлық қыр-сырына қатысты шариғат  үкімдерін үйрену және оған  ілесе отырып амал ету.
 
Әсіресе, осы жолда «жолкөрсетуші жұлдыздарға» – ізгі білім иелеріне ілесу аса маңызды, себебі, оларға ілесуіміз арқылы ғана, бір күнде бірнеше мәрте Раббымыздан сұрап жүрген Тура Жолымызға түсе аламыз.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков