Циклы Авторы Сортировка

7-ші насихат. Ілім алудағы шынайы ниет

3 293
8 апреля, 15

Ілім алудағы  шынайы ниет

 
Имам әл-Хатыб әл-Бағдади (Алла оны мейіріміне бөлесін)өзінің «Иктида әл-ʼильм әл-ʼамаль» кітабында мынадай өте маңызды сөздерді айтады:
 
«Ей, білім алушы! Мен саған білім алуда шынайы ниет танытуыңды және алған біліміңе сай амал етуге күш салуыңды өсиет етемін! Расында, ілім бұл – мәуелі ағаш, ал, оның жемісі – амалдар. Өзінің біліміне ілеспеген адам, яғни, оған сай амал етпеген адам - білімді болып табылмайды».
 
Тасаууф саласының ілімділері ықылас (шынайылық) жайлы көптеген еңбектер жазды. Олардың арасынан, имам әл-Ғазалидің «Ихья ʼулюм ад-дин» және имам әл-Кушайридің танымал болған «Рисала» кітаптарын атауға болады. Сонымен қатар, ықыласқа қатысты айтылған бірнеше анықтамалар бар. Әбу Яʼкуб әс-Суси: «Ықылас – бұл, ықыластың жоқтығы»,-деген. Бұл сөздің мағынасы: бір сәтке де өзіңді шынайымын деп сезінбеу - нағыз шынайылықтың белгісі дегенді білдіреді. Егер адам өз бойынан шынайылықты байқаған болса, мұның өзі рия болуы мүмкін, бұл сезім адамды өзіне-өзі масаттануға итермелейді.
 
Имам Ғазали «Ихья» еңбегінде (Муслим, Тирмизи және өзге имамдар жеткізген) мына хадисті келтіреді, онда Суфиян ибн Абдуллах әс-Сакафи (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінен (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деп сұрайды: «Уа, Алла Елшісі! Мені сақтап қалатын амал жайында хабарлашы». Ол (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Менің Құдайым – Алла деп айт және әрдайым тұрақты бол», - деп жауап береді. Имам Ғазали осы хадиске түсіндірме бере келе: «Нәпсі қалауына ермей, тек Раббыңа ғана құлшылық ет. Оған деген ғибадатың үздіксіз әрі тұрақты болсын. Бұл, яғни, Алладан өзге ешнәрсе ойымызды бөлмеуі керектігін білдіреді. Міне, осы нағыз шынайылық (ықылас) болады».
 
Ұлы мухаддис имам Ибн әс-Салях (Алла оны мейіріміне бөлесін) өзінің «Мукаддима» атты еңбегінде былай жазады: «Хадис үйренушінің ең бірінші міндеті – шынайы ықыласты болу және хадис ілімін үйренуді дүние игіліктерін иемдену құралы етіп алудан аулақ болу».
 
Мұндай сөздерден соң, шынайы болу тек хадис үйренушілер үшін ғана керек екен, ал, тәпсір үйренушілерге қажет емес деп түсіну қате болады. Бұл сөздердің мағынасы - Алла разылығы үшін болмаған кез-келген шариғи ілім – алдамшы жолға түскенмен тең, Алла  ондай пендесіне көмектеспейді, керісінше, оны қорлап, ілім алу бақытынан айырады. Ал, соңында ол адамды үлкен қайғы күтіп тұр.
 
Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ілімді дүниелік мақсатта үйренудің қауіптілігін ескерткен. Ибн Мәджа және Ибн Хиббаннан жеткен бір хадис бар, онда: «Ілімді жиындарда басшылық ету үшін, ақылсыздармен сөз таластырып, ілімділер алдында мақтану үшін ғана ізденбеңдер! Олай істейтіндеріңді тозақ күтіп тұр, тозақ күтіп тұр!»,-деп, қайталап ескертеді.
 
Ілім ізденуді бастап, бірақ ниетін дұрыстап үлгермеген кісіге деген Алланың мейірімі
 
Арамызда жаңадан ғана діни білім алуды бастап жүрген,  бірақ, әлі де ниеттің дұрыс болуы жайында біле бермейтін адамдар кезігеді. Оларға не істеу керек? Шейх Аууаманың (Алла оны панасына алсын) айтуынша, ондай адамдардың бастапқыда ниеті дұрыс болмаса да, Алла Өзінің шексіз мейірімімен олардың ниетін Өзі түзеп қояды.
 
Имам Ибн Абдул-Барр, табиғиндердің ішіндегі (екінші буын ғұламаларының) үлкен ілім иесі Хабиб ибн Әбу Сәбиттен (хижри б.ша 119-шы ж. қайтыс болған) мынаны жеткізеді: «Біз оқыдық, бірақ ниетіміз болмаған еді. Кейін ниетіміз де оянды».  
 
Осы имам, сәләфтар заманының (ерте кездегі ілімділердің) тағы бір ғұламасы - Маʼмар ибн Рашид әл-Басриден (хижри бойынша 154 ж. қайтыс болған) әйгілі болған мына сөздерін де жеткізеді: «Біз бастапқыда ілімді Алла разылығы үшін іздемедік ал, кейін, сол ілім Алладан өзге нәрсеге арналмайтынын бізге өзі ұқтырды». Яғни, басында оларда Алла үшін деген ниет болмаса да, нәтижесінде олар ниеттерін түзетіп, бір Алла разылығы үшін ілім ала бастады.
 
Имам Ибн Джамаʼа «Тазкира әс-самиʼ уәл-мутакаллим» еңбегінде былай жазады: «Ілім жолындағы шәкіртті шынайы ниеті жоқ деп оқытпай қоймаңыздар, себебі, жақсы ниет оның алып жатқан ілімінің берекесімен келуі мүмкін. Егер  ниеттің шынайы болуын жаңадан білім алуды бастағандар үшін шарт етіп қойсақ, кейбіреуге ол ауыр көрініп, білім алудан бас тартуы әбден мүмкін, соның салдарынан біз көпшілікті білімсіз қалдыруымыз ықтимал».
 
Көп жағдайда шәкірттердің ата-аналары салғырттық танытып, балаларын оқуға жіберерде  білім алуда ниеттің дұрыс әрі шынайы болуы маңызды екенін түсіндірмейді. Осыған қатысты, имам Ибн Джамаʼа сөзін жалғастыра келе былай дейді: «Ұстаз шәкірт үшін сөзімен де, ісіменде үлгі болып, шәкірттің ниеті дұрыс болуын қадағалап, оны біртіндеп өзі бағыттап отыруы тиіс және шынайы ниеттің жемісімен ғана, білім мен оған амал етудің алып шыңын бағындыруға болатынын түсіндіргені жөн».
 
Білімге амал ету барысында шынайылық таныту
 
Алған ілімге ықылассыз амал ету құтты бір жаны жоқ дене секілді: біреуі-біреуінсіз пайда бермейді. «Амалдар –ниетке байланысты»  деген хадис бәрімізге белгілі болар. Азғантай ғана, бірақ, шынайы Алла разылығы үшін жасалған амал, аса үлкен, бірақ Алладан өзге дүниелік мақсаттарды көздеп жасалған амалдан гөрі бағалы әрі амал таразысына салғанда ауыр келеді. Ислам тарихына үңілер болсақ, біздің сәләфтар мен тақуалықты ұстанған ілім иелерің барлық істе таңғаларлық жетістіктерге жетуінің себебі: олар ең алдымен, Раббысын разы етуді қалаған еді. Ал, бізде керісінше, көріп жүргеніміздей Ислам дінін халыққа таратамыз деген мақсатта әлдебір жобалар құрылып, оларға қомақты қаражат, аса үлкен адами ресурстар жұмсалып, шығындалуда, алайда, олардың ешбірі жақсылыққа әкеп жатқан жоқ, оның себебі: сол істі ұйымдастырушылар мен оны орындаушылардың  көздеген ниеті - Алла Тағаланың разылығын іздеуден алыс жатқандығы еді.
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков