Циклы Авторы Сортировка

8-ші насихат. Шәкірттің ілім алу маңызын ұғынуы

4 447
13 апреля, 15
Шәкірттің ілім алу маңызын ұғынуы
 
Біздің бүгінгі қозғамақ болғанымыз, алдыңғы тақырыптағы секілді, ең алдымен енді ғана білім іздену жолына түскендерге арналмақ. Бұған дейінгі мақалада Алла разылығы үшін болған шынайы ниеттің маңызын жазып едік. Ендігі кезекте, шәкірттің өзі ізденуге бел буған ілім жолының  ұлылығы мен маңызына тоқталамыз. Бұл жазбамызда да әдеттегідей, шейх Мұхаммед Аууамның (Алла оны панасына алсын) «Маʼалим иршадия» еңбегіне сүйенетін боламыз.
 
Шынайы ниеттен кейінгі дұрыс әдіспен ілім алудың екінші негізі – ол, ілім алушының қандай ұлы істі қолға алғанын, сол ісінің өзіне әрі қоғамға тигізер маңызын түсінуі.
 
Егер маңызды бір жұмысты оның маңызды екеніне мән бермей істер болсақ, бұдан жұмыстың орындалу сапасын нашарлатып аламыз. Бұдан келер пайда жоқ. Ілім алу да дәл осылай, бұл ұлы міндеттің маңызын ұғынбастан үйренсек, қалай болмақ? Раббымыздың Өзі құрметтеп, дәрежесін биіктеткен амал - ілім алудың маңызын бұлай елемеудің салдары үлкен өкінішке әкелуі мүмкін.
 
Ілімнің биік дәрежесін түсінгеннен соң, шәкірт ол жайды әрдайым жадында ұстауы тиіс. Сөйтіп ол, өзінің айналысар ісінің басымдырағы қайсысы екенін жүйелеп, парыз құлшылығынан соң, маңызды орынды ілім алу ісіне арнайды. Осылай болған жағдайда, шәкірт оқуға бар ынтасымен кірісетін болады әрі мүмкіндігінше уақытының да көбін білімге арнайды, себебі, ол ілімнің маңызын ұқты және оны Алла Тағала миллиондаған адамның ішінен білім нәсіп етуге таңдап алғанын естен шығармайтын болады.
 
Имам Ибн Мәджа, Ахмад және Ибн Хиббаннан жеткені: Пайғамбарымыз (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Алла дінінде Өзіне бойсұнып, бағынатын көшеттер отырғызуды тоқтатқан емес». Егер сен осындай көшет болсаң, онда қуанғын, бұл - Алла сені таңдап, саған игілік қалайтынының белгісі!
 
Бұл айтылған сөз, жас немесе қабылдау қабілеті ерекшелігіне қарамастан, діни ілім алып жүрген барлық адамға қатысты.
 
Әрі қарай әңгімені туллаб әл-ʼильм – студенттер жайлы, яғни, Исламды жеке басын қорғап қалу үшін ғана емес, оқуын аяқтаған соң мұсылман үмметіне пайда әкелуді көздеп жүргендер туралы өрбітпекпіз. Шейх Аууаманың оларға арнаған насихатының мазмұнын өз сөзімізбен сіздерге жеткізіп көрейік.
 
Шәкірттің өз міндетінің мәнін ұғынудағы келесі сатысы – болашақ ісінің маңызын ұғыну. Яғни, қазіргі студент – ертеңгі имам, оған ілесіп жамағат намаз оқитын болады, ол құтба оқып, халыққа уағыз айтады. Немесе мұсылмандарға олардың дүниелік және діни өмірлерінің барлық қырларына қатысты шариғат шешімдерін түсіндіретін муфти болуы мүмкін.
 
Ілім алушының міндеті – Алладан өзіне берілген нығмет үшін Оның мейіріміне мадақ айту, өзімен замандас құрдастары пайдалы істермен айналысып жүр деп, мысалы, олардың экономика немесе заң саласын үйреніп жүргеніне қарап, ал, менің ісім пайдасыз сияқты деп есептеуден аулақ болу. Кейде құрдастарым оқуын бітірген соң жетістікке жетіп, бай әрі қоғамда құрметке ие адамдардан болады, ал, мен жай ғана мешітте имам әлде медреседе ұстаз болып қаламын деген ой да келуі мүмкін. Жоқ! Олай ойлай көрмеңіз! Алдымен, сіз өзіңізге Алланың мейірімі ауғанын түсініп, естен шығармаңыз, сіздің аузыңыздан шығатын сөздер, яғни, келтірген аят, хадистеріңіз, ненің бұйырылғанын, неге тыйым салынғанын айтып түсіндіруіңіз – Алланың және Оның Пайғамбарының (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сөзі емес пе?! Өзіңнің емес Алланың және Оның Елшісінің (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сөзін сөйлеу, өзіңнің емес Әлемдердің Раббысының бұйрығы мен тыйымын жеткізу және осыған бүкіл ғұмырыңды арнау – бұдан асқан жоғары, абыройлы әрі керемет нәрсе бар ма?!

Тіпті, қарапайым ауылдың имамы - Алла Тағала мен қарапайым адамдардың арасын жарастырушы  болып табылады. Бұл, христиандардың түсінігіндегі Құдай Өзінің қасиетті қызметкерлеріне ерекше өкілдік береді, сосын олар адамдардың күнәларын жуа алады т.б деген мағынада емес. Айтпағымыз, имамның дәнекерлік көрсетуіндегі жатқан мағына -  ол Алланың және Оның Елшісінің (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сөзін, Раббымыздың  бұйрық, тыйымдарын адамдарға түсіндіріп, олардың жамағатпен оқылатын намазын жүргізу қызметін атқарады. Ілімнің шынайы құндылығын ұғынған жандар, имамның бұл жағдайы басқа бір іскер-миллиардердің жағдайынан гөрі қызығуға тұрарлық екенін анық білген болар еді.
 
Бұл тақырыпқа қатысты айтар сөзіміз аз емес еді, бірақ негізінде айтқымыз келген ойды толықтай жеткізуге Пайғамбарымыздың (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) ілім алудың маңызы жайлы айтқан бір ғана хадисі жеткілікті болды. Ол (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Расында, ілім иелері – пайғамбарларлың мұрагерлері», - деген. (Тирмизиден жеткен) Ал, жер бетінде пайғамбардың дәрежесінен асқан дәреже бар ма?! Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) пайғамбарлар тізбегінің ең соңғысы. Ол (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) - Алланың адамдарға ақиқат нұрын жеткізу үшін таңдап алынған құлы. Одан кейін пайғамбар келмейтіні бәрімізге белгілі. Демек, пайғамбарлық міндет, яғни, адамдарға ақиқатты жеткізу – ілім иелеріне көшті. Олай болса, қазір әлемде діни ілім алудан  дәрежесі биік әрі абыройлы болған оқу жоқ.
 
Ал, енді, жұмысы немесе оқып жүрген дүниәуи білімін тоқтатпай, оған қоса шариат негіздерін де үйренуді бастаған адамдарға айтарымыз, мына екі нәрсенің маңызын жақсылап есте  сақтаулары керек:
 
1.Әрдайым өз ниетін бақылап отыруы тиіс. Ілімді Алла үшін, Оның разылығына жету үшін алу керек, бұл, мәңгілік өмірде сыйға кенелтеді.

2. Оқудың бәрінен маңызды екенін ұмытпау. Ілім алуды нәсіп еткен Алланың бұл мейірімі - мына өмірде пендеге берілген баға жетпес нығмет екенін түсіну. Мейлі қарапайым  болса да, әрбір ізденген білім – Пайғамбарымыздан (Оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) иеленетін мұрамыз. Ешқашан діни ілімді жай ғана қызығушылық, көңіл көтеру немесе негізгі жұмысыңыз бен ісіңізден кейінгі екінші кезектегі нәрсе деп қабылдауға болмайды. Сөз соңында, ілім алуда, жақсылыққа жетудегі көмек тек бір Алладан ғана демекпіз!
АВТОР ЦИКЛА
Ислами ілімнің маңызы мен ілім алудың әдістері жайлы насихаттар.
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад Аууама
Автор:
МҰХАММАД АУУАМА
Список уроков