Циклы Авторы Сортировка

9 бөлім. Пайғамбарлыққа дейінгі қоғамның жағдайы

2 535
9 февраля, 16
Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, туралы Інжілдегі мағлұматтар
 
Інжілде Ғиса, оған Алланың сәлемі болсын, өзінің шәкірттеріне Параклетостың[1] келетіні туралы қуанышты хабарды жеткізгендігі және де бұл есімнің мағынасы Ахмад пен Мұхаммед[2] есімдерінің мағыналарына жуық екендігі жөнінде айтылған, бұл «Сафф» сүресіндегі Алла Тағала сөздерінің ақиқаттылығын дәлелдейді:
 
وَإِذْ قَالَ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ يَا بَنِي إِسْرَائِيلَ إِنِّي رَسُولُ اللَّـهِ إِلَيْكُم مُّصَدِّقًا لِّمَا بَيْنَ يَدَيَّ مِنَ التَّوْرَاةِ وَمُبَشِّرًا بِرَسُولٍ يَأْتِي مِن بَعْدِي اسْمُهُ أَحْمَدُ

Мағынасы: «Сол уақытта Мәриям ұлы Ғиса (Ғ.С.): “Әй Израил ұрпақтары! Шын мәнінде мен, сендерге Алланың Елшісімін, алдымдағы Тәуратты растаушы және менен кейін келетін “Ахмад” атты пайғамбарменен сүйіншілеймін” деген еді»» (61:6).
 
Және де әл-Масих (Христос) Параклетосты тек біздің Пайғамбарымызда бар қасиеттермен ғана сипаттаған:
 
«Ол қателіктері үшін әлемді айыптайтын болады. Ол сендерді барлық ақиқатқа үйретеді, өйткені ол өз атынан сөйлемейді, естігенін айтады».[3]
 
Бұл Қасиетті Құрандағы «Нәжм» сүресінде айтылғанға сәйкес келеді:
 
وَمَا يَنطِقُ عَنِ الْهَوَىٰ ﴿٣﴾ إِنْ هُوَ إِلَّا وَحْيٌ يُوحَىٰ

Мағынасы: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Сөйлегені көкейіне салынған уахи ғана» (53:3-4).
 
Варнава[4] Інжілінде Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, нақ өз есімімен аталған, бірақ  ол ұзақ уақыт беймәлімділікпен бүркемеленіп келген, тек жақында ғана жария болған.

Пайғамбарлық басталарға дейінгі ақыл-ой ахуалдары
 
Бұның бәрі қоғамдық көңіл күйді, яһудилер мен христиандардың діни қызметкерлерінің пайғамбарлық басталар қарсаңындағы ақыл-ой ахуалдарын түсінуді жеңілдетеді. Яһудилер Мәдине арабтарына келешек елші туралы хабарлаған.
 
ꞌАсым ибн ꞌАмр ибн Катад өз халқы адамдарының сөздерінен жеткізген:
 
«Бізді Исламға әкелген, Алла Тағаланың мейірімі»,- дегенді біз яһуди дін қызметкерлерінен естідік. Біз пұтқа табынатын, пұтқа табынушылар едік, ал Кітап адамдары бізде болмаған білімге ие болған. Бізбен олардың арасында үнемі қақтығыстар болып тұратын. Біз оларға зиян келтіргенде, олар бізге айтатын: «Пайғамбардың келер уақыты жетті. Ежелгі ꞌАд және Ирм халықтары қалай қырылған болса, Ол бізбен бірге сендерді де солай қыратын болады». Біз олардан мұндайды жиі еститінбіз. Алла Өзінің Елшісі Мұхаммедті, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,  жібергенде біз оның Аллаға шақырған үндеуін қабылдадық. Олардың бізді қорқытқандарының іске асқанын біз бірден түсіндік те олардың алдын-алуға асығып, оған сенім арттық. Ал олар сенбеді. Олар бізге:«сол Пайғамбармен бірігіп, ежелгі ꞌАд және Ирм халықтарын жойған сияқты сендерді де өлтіреміз»- деп айтатын, өйткені олардың кітаптарында ол, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, пұтқа табынушыларды күшпен жояды делінген. Бірақ олар (яһудилер), жүректерін қызғаныш пен әділетсіздік мөрлеп тастайды деп ойламаған еді, сөйтіп олар ақиқат діннен бас тартып,сол үшін бұл дүниеде және мәңгілік дүниеде азапқа душар болады»[5].
 
Араб христианы Умайя ибн Аби ас-Сальт мына сөздерді жиі қайталайтын[6]:
 
«Расында, мен кітаптардан біздің жерлерімізде пайда болатын пайғамбардың сипаталған қасиеттерін көремін».
 
Салман әл-Фариси, оған Алла разы болсын, христиан дін қызметкерінің үйінде тұрғанда ол оған былай дегенін айтқан: «Салман, Алла елшісін жібереді, оның есімі Ахмад, ол  Тихама[7] тауларының арасында пайда болады. Оның айқын белгілері болады: ол сыйға тартылғанды жеп, садақаға берілгенді жемейтін болады».
 
Осы әңгіме Салманның Исламды қабылдауына себеп болды.
 
Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әр елдің билеушілеріне хаттар жіберген болатын, тек Хосров[8] қана оның жолдауын қорлаған, себебі ол кітап адамдарының біліміне ие емес еді. Христиан билеушілері  – Эфиоп патшасы Негус, Мысыр билеушісі Мукаукас, Византия императоры Цезарь (Ираклий) – бәрі де Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын,  уәкілдерін құрметпен қабылдаған. Кейбіреулері,Негус сияқты,тіпті оған сенім білдірген. Басқалары, Цезарь тәрізділер, жайлап бас тартқан, алайда, егер өкіметтің қысымы болмағанда,мүмкін олар да сенер ме еді. Үшіншілері, Мукаукас сияқтылар, сыйлықтар жіберген.
 
Пайғамбарымызда, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сол кезде бұл патшаларды қорқытатындай күш болмаған.  Расында, олар әл-Масихтың (Христостың) өзінен кейін пайғамбардың келетіні туралы айтқанын әрі оның сипаттаған қасиеттері біздің Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сәйкес екенін білген.
 
Ал Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, келерінің алдында халық арасындағы дақпырт сөздер мен  сәуегейлердің болжамдары қисапсыз көп болған…
 
Барлық айтылғандар жеткілікті, онан әрі жалғастырмай-ақ қоюға болады. Пайғамбарымызға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Алла Тағаланың оған берген мұғжизалары мен ол жөнінде бізге жеткен барлық мәліметтері, оның дәлелдерін нығайтуға әрі оның үндеуінің ақиқаттығын растауға жеткілікті. Мұның бәрі туралы біз әлі толықтап айтамыз. Оқырман, осы жөнінде ойланыңыз, Алла  сізге ақиқат жолды көрсетеді!
 
[1] «Және де Раббыма жалбарынамын, сендерге басқа Жұбатушыны, ақиқат Рухынжібереді әрі ол сендермен мәңгі-бақи болады, Оны адамдар қабылдай алмайды, өйткені Оны көрмейді және Оны білмейді; ал сендер Оны білесіңдер, өйткені Ол сендермен бірге әрі сендермен бола береді.  Сендерді жетімсіретіп қоймаймын; сендерге келемін» (Иоан Інжілі, 14:16-18)
 
[2] Грек сөзі «Парактлетос» Інжілдің синодальды аудармасында – Жұбатушы. Бірақ сөздің тағы да  «насихаттаушы», «қорғаушы», «шапағатшы» («Брокгауза Інжіл энциклопедиясы») деген мағыналары бар, олар Пайғамбарымыздың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ан-Назир, әл-Мубашшир, Сахиб аш-Шафаға және тағы да басқа есімдерінің мағыналарына сәйкес келеді. 
 
[3] Синодальды аудармада: «Ол, ақиқат Рух, келгенде, сендерді ақиқат жолға салады: өйткені Өз атынан сөйлемейді, бірақ естігенін айтады және келешек сендерге даңқын жаяды» (Иоан Інжілі, 16:13). Христиандар болса, Параклетостың төркінінде «қасиетті рух» үшінші тұрғыда «үш бірлікті құдай» жатыр деп санайды.
 
[4] Апокрифтік (дүдәмал) Інжіл, апостол Варнаваның атынан жазылған, 18-ші ғасырда табылған.
 
[5] Ибн Хишам келтірген.
 
[6] Ибн Исхак жеткізген.
 
[7] Араб түбегінің батысы мен оңтүстік-батысындағы жер. Ол жерде Мекке орналасқан.
 
[8] Иран билеушісі. Ол отқа табынушы (зороастриец) болған.
АВТОР ЦИКЛА
Сира «Нұр әл-яқин» Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны
Ахмад Абу Яхья әл‑Ханафи
Автор:
АХМАД АБУ ЯХЬЯ ӘЛ‑ХАНАФИ
Ұстаз
Мұхаммад әл‑Худари
Автор:
МҰХАММАД ӘЛ‑ХУДАРИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков