Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 5-ші сабақ

1 802
13 февраля, 15
Әбу Әли әл-Ашғари: "Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя", имам Әт-Тирмизидің өмірбаяны, 4-ші сабақ

Бірінші хадис, екінші бөлім

Имам әл-Байджури былай дейді: «Біздің имамдардың айтуынша,  Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), қара түсті болған деген адам күпірлікке түседі. Өйткені, Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіне тән емес қасиеттермен сипаттау оны жоққа шығарумен тең. Бұдан шығатын тұжырым, Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бізге тауатур1 жолымен жеткен кез келген қасиеті сондай үкімге ие болады. Кейбір ғұламалар «ол қасиет кемшілікті білдірсе ғана күпірлік болып саналады» деген. Мәселен, қара рең. Бұл – күмәнді пікір. Себебі, кемшіліктің өзі күпірлікке себепкер болмайды»2.

Бұл ақиданың өте маңызды тұсы болып табылады және аз ғана түсіндіріп өтуді қажет етеді. Пайғамбарға, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), деген сенімге бізге тауатур жолымен жеткен оның қасиеттері мен өмірінде орын алған оқиғаларға деген сенім де жатады. Мәселен, оның арабтың құрайыш руынан екендігіне, Меккеде туылғандығына, Мәдинаға қоныс аударғандығына және тағы да басқа нәрселерге деген сенім.

Жоғарыда айтылғандардың бірін немесе осындай жайттарды теріске шығару Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сенімді  жоққа шығаруға әкеп соғады және ол: «Мен Меккеде туылған және Мәдинаға қоныс аударған пайғамбарға сенбеймін, басқа бір адамға, соның пайғамбар болғандығына сенемін», – деумен бірдей. Ал, бұлай айту ─ күпірлік.

Содан соң Әнас бізге Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашын суреттей келіп, оның шашының бұйра да емес, түзу де емес, орташа болғандығын айтқан.  
Имам әл-Байджури былай дейді:

«Арабтардың басым бөлігі бұйра шашты, ал, адамдар (араб еместер) түзу шашты болып келеді. Алла Тағала Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әр түрлі халықтардың сырт келбетіндегі ерекшеліктерін беріп, оны көркем еткен»3.

Сан түрлі халықтарға берілген сұлулық пен кемелділік сипаттарының барлығы біздің жетекшіміз Мұхаммедтің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бойынан табылған.

Мұнда оның күллі адамзатқа жіберілген пайғамбар екеніне тұспал жатыр, өйткені, әр түрлі елдердің сан қилы өзендері ұшы-қиырсыз мұхитқа кеп құятыны тәрізді, адамзаттың бар сұлулығы оның тал бойынан табыла білді.

Содан соң Әнас, (Алла оған разы болсын), Алла Елшісіне, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), қанша жаста уахи түсе бастағанын айтып кеткен.

Алдымен Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), аян түс көре бастаған. Сол түстері әрдайым өңінде шындыққа айналып отырған. Содан кейін оған Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) келген.

Сонымен қатар, Әнас пайғамбарлық миссияның екі үлкен кезеңге бөлінетіндігін атап өткен: хижраға дейінгі және хижрадан (Мәдинаға қоныс аударғаннан) кейінгі.

Пайғамбардың, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Меккені мекендеген уақытына келер болсақ, оған қатысты ғұламалардың пікірі екіге бөлінген: біреулер он жылға созылды десе, екіншілері ─ он үш жыл деген.

Оның Мәдинада болған уақытына да қатысты пікірталастар бар.

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Раббиуль-әууәл айының 12-ші жұлдызында, дүйсенбі күні бұл дүниемен қош айтысқан. Сондай-ақ, дүйсенбі – оның жарық дүние есігін ашқан күні және Мәдинаға аяқ басқан күні.  Бұл күннің алғашқы жартысында бесін намазының уақыты кіргенге дейін (духа намазының уақытында) орын алған.

__________________

1. Адамдардың үлкен тобынан үлкен топқа риуаят етілген, сол себепті, өтірік қосылу ықтималдығы жоқ.

2. Әл-Мауахиб әл-Ладуния, 23-бет.

3. Сол жерде 23-бет


Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
____________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.

Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз
Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков