Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 6-ші сабақ

2 942
18 февраля, 15
Әбу Әли әл-Ағшари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 5-ші сабақ

Бірінші хадис, үшінші бөлім

Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Раббиуль-әууәл айының 12-ші жұлдызында дүниеден озды. Сондай-ақ, дүйсенбі – оның жарық дүние есігін ашқан және Мәдинаға аяқ басқан күні. Бұл күннің алғашқы жартысында бесін намазының уақыты кіргенге дейін (духа намазының уақытында) орын алған. 

Мұнда мәулітті бір ғана күн ─ Раббиуль-әууәл айының 12-ші жұлдызында ғана тойлаумен шектелудің жаңалық екендігіне маңызды нұсқау бар. Өйткені, бұл Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жер бетіндегі өмірмен қош айтысқан күні ғой. Ал, оның туылған күнін анықтауға қатысты мухаддистердің арасында пікірталас бар.

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Раббиуль-әууәл айында дүниеге келгендігімен олардың көпшілігі келіседі. Бірақ, сонымен қатар, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сафар немесе Рабиуль-ахир айында туылған дегендер де болды.[1]

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл өмірге қадам басқан айы Раббиуль-әууәл дейтіндердің арасында оның нақты туылған күнін анықтауға байланысты келіспеушіліктер бар. Солардың арасындағы ең әйгілі нұсқасы сол айдың 12-ші жұлдызы болып табылады. Бірақ, тарихшылар мен мухаддистердің пікіріне сәйкес, оның туылған күнін сол айдың 8-ші жұлдызы деп санау дұрысырақ.[2] Мұны Абдуллах ибн Аббас пен Джубейр ибн Мутим жеткізген. Бұл пікірді ұлы хафиз Кутбуддин әл-Касталяни де дұрыс деп тапқан.[3] Демек, мәулітті бір ғана күнмен, яғни, Раббиуль-әууәл айының 12-ші жұлдызымен шектеп жүрген адамдар Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болған күнін тойлап жүр. Өйткені, оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден озған күніне қатысты келіспеушілік жоқ.

Оның туылған күні мен қайтыс болған күні бірдей делік. Өзіңіз ойлап көріңіз, егер біреудің жақсы көретін жақын адамы бір айдың бір күнінде дүниеге келіп, бір күнінде қайтыс болған болса, ол сол күнді тойлар ма еді?!

Біз мәулітке қарсы шығып отырған жоқпыз және оны тойлауда Шариғаттың барлық талаптары орындалса, оны тыйым салынған жаңалық деп есептемейміз. Егер кімде-кім мәулітті бір ғана күнмен шектеп қойса немесе оны тек белгілі бір тәсілмен ғана тойлауды бұйырса, сөйтіп, адамдар дәл соны сүннет немесе басқа тойлау түрлеріне қарағанда көбірек сауапқа кенелтетін әдіс деп ойлайтын болса, онда бұл құпталмайтын жаңалық болады.

Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), жасына қатысты пікірлерге келер болсақ, олар да әр түрлі. Мәселен, аталмыш хадистің сыртқы мағынасы оның 60 жаста болғандығын көрсетеді. Бұл ─ бірінші пікір. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 65 жаста болды деген тағы бір нұсқа бар. Сонымен бірге, ол 63 жасында өмірден озды деген пікір де бар. Ибн Хаджар әл-Хайтами айтқандай, осы нұсқа ең сенімді болып табылады.[4] Ғұламалардың айтуы бойынша, Әнас ибн Мәлік, (Алла оған разы болсын), оның нақты қанша жаста емес, қай он жылдықта қайтыс болғанын көрсеткен.[5]

Әнас ибн Мәлік, (Алла оған разы болсын), риуаяттың соңында Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), 60 жасқа таяғанда шашы мен сақалында ақ шаштың болмағандығын, болса да, саусақпен санарлық болғандығын айтады.

Ибн Хаджар мен имам әл-Байджури мұның себебі әйелдердің ер адамның ақ шашты болғанын ұнатпайтындығында деген болжам айтқан. Ал, Пайғамбарды жек көру күпірлікке жатады.[6] Бірақ, бұл пікір көңілге қонымсыз. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері, мұсылмандардың аналары немесе басқа да сахаба әйелдер Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сырт келбетіндегі бірдеңені жек көрді деп ойлаудың өзі мүмкін емес.

Бәлкім, бұл Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ер тұлғалы болғандығының және сондай жасқа келгенде де кәрілік пен еркектік негіздің әлсіреуінің белгілері одан байқалмағандығының көрінісі болса керек.

_______________________________

[1] Шарх Зурқани Аля Мәуәхиб, 1-том 130-бет.

[2] Мәуләнә Идрис Кандехлевидің «Сиратуль Мустафасы», 1-том 63-бет.

[3] Хашият әз-Заракани 1-том131-бет.

[4] Әшрафуль Уасаиль, 48-бет.

[5] Сол жерде.

[6] Әшрафуль Уасаиль, 49-бет пен әл-Мауахид әл-Ладуния, 26-27 беттер.


Жалғасы бар ин ша Алла..


Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков