Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 8-ші сабақ
«Бізге Мухаммад ибн Башар[1]әл-Абдий[2] , Мухаммад ибн Джафардан[3] хабарлады, оған Шу`ба[4],Әбу Исхақтың[5] былай дегенін хабарлаған: „Менәл-Бараъа ибн Азибтің[6] былай дегенін естідім: “Алла Елшісі (солляллаху алейхи уа саллям) бұйра шашты, сымбатты мүсінді, жауырынды болатын, шашы қалың еді және құлағының сырғалығына дейін түсіп тұратын. Ол үстіне қызыл түсті киім киіп жүрген еді. Бұрын-соңды ешкімнің үстінен ондай әсем киімді көрмеппін ”».
«Мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдында қобалжығаннан жүзіне тура қарай алмайтынмын. Егер біреу менен оны суреттеп беруімді сұраса, суреттей алмас едім. Өйткені, менің оған қарауға батылым бармайтын».
«…Кең кеуделі».
Біз бұдан алдын Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашының қандай болғанын: бұйра да, түзу де емес, толқынды болғанын айтып кеткенбіз. Хадистің осы нұсқасында да Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашы суреттелген, сонымен қатар, оның ұзындығы жайында да айтылған.
Араб тілінде шаштың ұзындығын білдіретін әр түрлі сөздер бар. Қарастырылып отырған хадисте қолданылған الجُمَّة (әл-джумма) сөзі шаштың иыққа түсіп тұрғанын білдіреді, «әл-уәфра» (الوفرة) сөзімен иықтан жоғары шаш ұзындығы сипатталады, «әл-лимма» (اللِمّة) сөзі болса, құлақтың сырғалығынан төмен, иыққа дейінгі немесе одан жоғарғы шаш ұзындығы[7]. Алайда, хадисте «الجُمَّة» сөзінен кейін Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашының ұзындығы құлағының сырғалығына дейін жеткендігі нақтылап айтылған.
Бұл Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашының ұзындығы жайлы айтылған жалғыз хадис емес. Мәселен, Муслимнің «Сахихінде» Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашы сипатталған тағы бір хадисті табуға болады:
«…Оның шашы құлағы мен иығына түсіп тұратын».
«…Алла Елшісінің (солляллаху алейхи уа саллям) шашы иығына түсіп тұратын».
_____________________________
[1] Мухаддистердің арасында Бундар атымен белгілі. Мұның мағынасы: «Әс-Сиярда» имам әз-Зәхәби айтып кеткендей [9\508], Мухаммад ибн Башар «бундаруль-хадис», яғни, хадистердің хафизі болған. Ибн Хаджар әл-Әсқаляни ол жайында былай деген: «Ол ─ барлық алты имамның шейхі», — яғни, бұл жерде «имам» деп, алты хадистер жинағының авторлары жайында айтылып тұр. Әбу Дауд ол туралы былай деген: «Мен одан елу мың хадис жазып алдым». Оның жеткізуші ретінде сенімді екеніне ғұламалардың барлығы келіскен. Мухаммад ибн Башар хижра бойынша 167 жылы дүниеге келіп, 252 жылы қайтыс болған.
[2] Әл-Әбдий — Әбд Кейстен (әйгілі тайпа).
[3] Гундар атымен белгілі, бұл «ақымақ» немесе «зұлым» деген мағынаны білдіреді. Оны солай атаған бірінші адам Ибн Джурейдж болатын. Ибн Джурейдж, Хасан әл-Басридің орнына мінберге отырғанда Гундар оған көп сұрақ қоятын болған. Хасан әл-Басри, Мухаммад ибн Джафардың ұстазы болған. Сол себепті, оған шейхінің орнын біреудің басқаны ұнамай қалған. Мухаммад ибн Джафар сұрақты үсті-үстіне жаудыра бастағанда, Ибн Джурейдж оған былай деген: «Саған не керек, уа, Гундар?». Сол жағдайдан кейін оны осы лақап есіммен атап кеткен. Мухаммад ибн Джафар өте діндар адам болған. Барлық имамдар оны сенімді жеткізуші ретінде таныған. Хижра бойынша 193 жылы көз жұмған.
[4] Ибн әл-Хаджадж ─ ұлы хафиз және мұсылмандардың имамы, «хадис ілімінде мұсылмандардың әміршісі». Имам әш-Шәфии ол жайында былай деген: «Шу`ба болмағанда Иракта хадис сақталмас еді». Имам Ахмад ол туралы былай деген: «Оның заманында оған тең келер ешкім болған жоқ». Ибн әл-Хаджадж Васытта жарық дүние есігін ашып, Басрада өмір сүрген. Хижра бойынша 160 жылы қайтыс болған.
[5] Әмр ибн Абдуллах әс-Сабии ─ көптеген хадис жеткізген ұлы тәбиғин, ұлы тақуа. Оның ұстаздарының жалпы саны үш жүзден астам. Ол Османның (Алла оған разы болсын) халифаттағы билігі аяқталуға таяғанда дүниеге келіп, хижра бойынша 129 жылы көз жұмған.
[6] Абдуллах ибн Омармен бір жылда дүниеге келген. Оның ең бірінші көрген шайқасы әл-Хандак шайқасы болатын. Содан кейін Куфаға қоныс аударған. Хижра бойынша 72 жылы сол жерде дүние салған.
[7] «Әл-Мәуәхиб әл-ләдуния», 32-бет.
_____________________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.
Azan.kz
сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге
желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті
түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.
Комментарии: 0
Правила форума