Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 9-ші сабақ

2 215
1 марта, 15
«Ерлердің шашының ұзын болуына байланысты ғұламалардың шешімі қандай?» деген сұрақ жиі туындайды. Бұл мүстахап амал ма, әлде парыз амал ма? Біз бұл сұрақтарға жауап беру үшін усуль әл-фиқһке жүгінуіміз қажет. Сунан әл-худа мен сунан әз-зәуәидтің арасында қандай айырмашылық барын нақтылап түсініп алуға тиіспіз.

Сунан әл-худа — тікелей дінмен байланысты барлық іс-әрекеттер, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғибадат ретінде жасаған амалдары. Оларды орындамау күнә болуы мүмкін.

Сунан әз-зәуәид — бұл дінге жатпайтын, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасаған амалдары, күнделікті өмірде айналысқан қарапайым іс-әрекеттері. Оларға амал жасамау күнә болмайды. Мәселен, ондай іс-әрекеттерге Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қалай жүргенін, ішіп-жегенін, ұйықтағанын және т.б. жатқызуға болады.

Жалпы қағида мынадай: егер кімде-кім сунан әз-зәуәидті Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұқсау ниетімен жасаса, сол үшін сауапқа кенеледі.

«Кашф әл-әсрардың» авторы сунан әл-худа жайында былай дейді: «Бұл ─ дінді кемелдікке жеткізетін сүннет, оны орындамау мәкрух (әл-караха), яки оны орындамауда қандай да бір кемшілік (исаъат) бар. Ал, кемшілік мәкрухтен де жаман. Ондай маңызды амалдарға азан, иқамат, жамағат намаздарын, мүстахап намаздарды (рауәтиб) оқу жатады. Сол себепті, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сунан әл-худаның кейбір амалдарын орындамаудың лайықсыз іс, кейбіреулерін орындамаудың күнә екенін айтқан.

Осы категориядағы кейбір амалдардың қазасын өтеу керек. Алайда, келесі өмірде оларды орындамағаны үшін ешкім жазаға тартылмайды. Өйткені, ол амалдар міндетті (парыз немесе уәжіп) емес. Ондай құлшылықтың түрлеріне, мәселен, таң намазының сүннетін оқу жатады.

Сунан әз-зәуәид (немесе жай ғана «әз-зәуәид») — бұл амалдарды орындамауда мәкрүх те, кемшілік те жоқ. Мәселен, бұған намазда сүрелерді ұзартып оқу, рукуғта немесе сәждеде ұзақ уақыт болу, қиямда тұрғанда немесе рукуғқа, сәждеге барғанда артық қимыл жасамау жатады. Бұл категорияға мұсылмандардың Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) еліктеу мақсатында намаздан тыс жасайтын амалдары жатады. Мәселен, жүру, белгілі бір киім түрін кию, белгілі бір тағамды жеу және т.б. Шынында, Алланың құлынан бұл амалдарды орындау талап етілмейді және оларды қалдыруда күнә жоқ. Бұл мұсылманның жеке тұлғасындағы қандай да бір кемшілік болып та саналмайды. Дегенмен, оларды орындаған абзал»[1].

Сунан әл-худа мен сунан әз-зәуәидтің арасындағы айырмашылықты түсінуге мүмкіндік беретін мысал — сақал қою мен шашты өсіру мәселесі.

Бұлардың біріншісі сунан әл-худаға жатады. Себебі, сақал қоюды әмір ететін көптеген хадистер бар. Ғұламалардың сақалды қыруға байланысты ғана пікірі екіге бөлінген. Олардың көпшілігі мұны күнә (мәкрух тахрими) десе, шәфиғи мәзһабының кейбір ғұламалары ғана мұны ұнамсыз амал (мәкрух танзихи) деп санайды.

Ал, шашты өсіру мәселесіне келер болсақ, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «шаштарыңды өсіріңдер» деген әмірі жоқ. Сонымен бірге, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қажылық кезінде шашын қырғаны белгілі.  Сондай-ақ, ғұламалар шашты қысқартудың мәкрух екенін де, онда қандай да бір кемшілік барын да айтпаған. Сол себепті, шашты өсіру мәселесі сунан әз-зәуәид категориясына жатады.

[1] «Кәшфуль Әсрар», 2/310.


Жалғасы бар ин ша Алла..


Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков