Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 10-ші сабақ

2 267
3 марта, 15
Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 9-ші сабақ

Үшінші хадис. Үшінші бөлім. Соңы

Өткен бөлімде айтылған әс-сунан әз-зәуәид пен әс-сунан әл-худаның арасындағы айырмашылықты талдаудан кейін шашты өсірудің шешіміне (үкіміне) қатысты сұраққа жалпы жауап мынадай болады: негізі, шашты өсіру сүннет емес, бірақ, егер кімде-кім бұл амалды Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұқсау ниетімен жасаса, сол үшін сауапқа кенеледі.

Ал, жалпы шашты өсірудің үкіміне келер болсақ, бұл мәселеге байланысты факихтердің арасында келіспеушіліктер бар.

Ханбали мәзһабының ғұламаларының бір бөлігі[1],негізінде, ер адамның шашын өсіргені абзал дейді. Осыған қатысты имам Ахмадтан жеткен риуаят бар[2].

Қалған факихтердің көпшілігінің айтуынша, жалпы шашты өсіру ─  рұқсат етілген амал (мубах). Ал, кейбіреулері шашты өсіргеннен гөрі қысқартқан абзал деген. Олар Әбу Даудта келтірілген, Уәил ибн Худжрдан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисті осыған дәлел ретінде пайдаланады:

أتيت النبي صلى الله عليه وسلم ولي شعر طويل فلما رآني رسول الله صلى الله عليه وسلم قال ذباب ذباب قال فرجعت فجززته ثم أتيته من الغد فقال إني لم أعنك وهذا أحسن

«Мен Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барғанда, шашым ұзын болатын. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мені көргенде: «Бәлекет, бәлекет», - деді. Сонда мен кетіп қалдым да, шашымды қидырдым. Ертеңіне келгенімде ол маған: «Мен сені айтқан жоқ едім. Бірақ, осылай жақсы», ─ деді».

Басқаша айтқанда, шашыңды қысқартқаның — өсіргеніңнен жақсы.

Имам әт-Тахауи осы хадиске сүйене отырып былай дейді: «Біз бұл хадистен шашты өсіргеннен гөрі қысқартып жүрген абзал екенін түсінеміз. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі еткен нәрседен артық ештеңе болмайды. Соған бағыну керек және оған қайшы келетін амал жасамаған абзал»[3].

Сонымен қатар, кейбір имамдар Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында араб еркектерінің арасында шашты өсірудің қалыпты жағдай болғандығын айтқан. Бірақ, кейінірек бұл мәселедегі ғұрып өзгеріп, ғұламалар мен тақуалар шаштарын өсірмейтін болған. Бұл мәселеде соларға ілескеніміз жөн.

Атап айтқанда, Ибн Абдуль-Барр «Әт-Тамхид» кітабында сол жайында айтады:

«Әскерилерді қоспағанда, біздің заманның адамдары шаштарын өсірмейді. Олардың шаштары құлақтарына және иықтарына түсіп тұрады. Ал, тақуалар мен ілім адамдары шаштарын олай өсірмейді. Бұл олардың ерекше белгісіне айналды. Ал, шашты өсіру қазіргі кезде ақымақтардың белгісіне айналды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қандай да бір халыққа ұқсаған адам ─ солардың бірі», — яғни, солармен бірге қайта тіріледі. Біреулер мұнда «іс-әрекеттерімен соларға ұқсағандар жайында айтылып тұр» деген, ал, біреулер «сырт келбетімен соларға ұқсағандар туралы айтылған» деген. Саған осы жеткілікті болады. Мұнда кез келген халде тақуаларға ілесудің абзал екендігіне жалпы нұсқау бар. Қиямет күні шашың да, яки оны қиғаның да ешқандай көмегін тигізбейді. Себебі, сауап ниетің мен амалдарың үшін беріледі. Бәлкім, шашын қырған адам шашын өсірген адамнан артық болатын шығар және шашына тиіспеген адам тақуа болған шығар»[4].

Бұл хадистің талдауды қажет ететін соңғы тұсы — Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) киімінің түсі.

Біз оның үстіндегі киімінің қызыл түсті болғанына қарап, сондай түсті киімді киюге болатынынын аңғарамыз. Сондықтан, имам әл-Байджури айтқандай [5], қызыл түсті киім кимеген абзал деген кейбір факихтердің сөздері дұрыс емес. Оның айтуынша, қызыл түсті киімдерді күнәһарлар киюді әдетке айналдырып, бұл олардың ерекше белгісіне айналса ғана ондай киімді кимеген абзал.

Имам әл-Байджури былай дейді: «Ғұламалар Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сияқты, ешкімнің бойынан мінсіз, кемел сұлулықтың табылмағандығына сенімді болу иманның кәмілдігіне жататындығын анық айтты. Бірақ, оны өз көзімен көргендер ғана мұны толықтай сезіне білген»[6].

[1] قال المرداوي في الإنصاف: (يستحب إتخاذ الشعر على الصحيح من المذهب وعليه الأصحاب

[2] وقال ابن قدامة في المغني: (واتخاذ الشعر أفضل من إزالته. قال أبو إسحاق: سئل أبو عبد الله عن الرجل يتخذ الشعر فقال سنة حسنة لو أمكننا اتخذناه

[3] Мушкиль әл-Асар, 8/142.

[4] Әт-Тамхид, 6/80.

[5] Әл-Мәуәхиб әл-Ләдуния, 32-бет.

[6] Сол жерде, 32-33 беттер.


Жалғасы бар ин ша Алла..


Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков