Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 13-ші сабақ

2 567
20 марта, 15
Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 12-ші сабақ

Бесінші хадис. Екінші бөлім

Жалғастырамыз. Қарастырылып отырған хадисте Әли (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі олсын) басын үлкен деп сипаттайды. Бірақ, ол қандай да бір кейіпсіздікті немесе кемшілікті білдіретіндей үлкен болмаған. Сондай-ақ, осы хадистің тағы бір риуаятында былай делінеді:

عظيم الهامة

«Үлкен бас…»

Әдетте бұл адамның ақылының және жақсы тектен шыққандығының белгісі болып саналады[1].

Сонымен қатар, Әли (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйегінің, білегінің, иығының жалпақ болғанын айтқан. Бұл оның үлкен күш иесі әрі шыныққан, шымыр денелі болғанын көрсетеді. Әли (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кіндігінен көкірегіне дейін бір жолақ түк болғанын да айта кеткен. Имам әл-Бәйхақи хадистің осыған ұқсас нұсқасын келтіреді:

له شعرات من سرته تجري كالقضيب ليس على صدره و لا على بطنه غيره

«
Оның денесінде кіндігінен бастап бір жолақ бойымен өскен түк болған. Содан басқа кеудесінде де, қарнында да түк болмаған».

Бұл да Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ер тұлғалы болғанын көрсетіп тұр. Өйткені, бұл – оның денесінің әйелдерге ұқсамағандығының көрінісі.

Әли (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қырдан түсіп келе жатқан адам тәрізді өте жылдам жүргенін айтып, оның жүрісін де суреттеп берген. Бұл Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шапшаң жүргенін көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мінезіне еріншектік жат болған; керісінше, ол өте ширақ әрі жігерлі, белсенді болған.

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тіпті жүрісінде де біз үшін ғибрат бар. Адам өз уақытын қадірлей білуі тиіс. Егер бір жаққа бет алса, мейлінше тезірек баруға тырысуы қажет. Бірақ, шектен шығушылыққа бой алдыруға болмайды, әрине.

Хадистің соңында Әли (Алла оған разы болсын) Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұқсайтын адам көрмегенін айтқан. Күмәнсіз, бұл ─ Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көркемдігі мен ұлылығының дәлелі.

Әл-Бәйджури былай дейді: «Алла Тағаланың Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) денесін солай жаратқанына, оған дейін оған ұқсас адам болмағанына және одан кейін де болмайтынына сену ─ әрбір мукалляфтың міндеті»[2].

Біз қарастырып отырған хадиске келер болсақ, имам әт-Тирмизи оның екі түрлі риуаятын келтірген:

• Бұл хадисті Әбу Нуэймнан риуаят еткен имам әл-Бұхари арқылы. Әбу Нуэйм өз кезегінде оны әл-Мәсғудиден жеткізген.

• Суфьян ибн Уаки арқылы. Ол бұл хадисті әкесі Уаки ибн әл-Джаррахтан риуаят еткен. Ол әл-Мәсғудиден риуаят еткен.

Бұл хадисті жеткізушілердің екі тізбегінде де жеткізуші әл-Мәсғудидің аты аталғаннан кейін ғана өзгерістер бар. Оған дейін бұл иснадтың екеуі де бірдей: Осман ибн Муслим ибн Хурмуздан, Нәфи ибн Джубейра ибн Муимадан және Әли ибн Әбу Талибтен.

Хадистің екі түрлі жеткізушілер тізбегінің ұқсас және ары қарай бірдей болатын тұсы мухаддистердің терминологиясында «мадаруль-иснад» (белдік, тірек) деп аталады. Бұл жағдайда  «мадар» әл-Мәсғуди болып табылады. Екі иснад та тізбек бойынша Әл-Мәсғудиден жоғары қарай бірдей екеніне қарамастан, мухаддистер үшін бұл екі тізбек екі түрлі. Сондықтан, олар аталмыш хадистердің өздерін де екі түрлі деп санайды. Сол себепті, «Шамаильдің» кейбір басылымдарында біз бесінші хадис ретінде келтіріп отырған, екі түрлі тізбекпен жеткізілген бұл хадис екіге бөлінген. Олардың басылымында алтыншы хадис ретінде Суфьян ибн Уаки риуаят еткен хадис келтіріледі. Ал, біз ол екеуін біріктіріп, бір хадис ретінде қалдыруға ұйғардық.

[1] «Әл-Мәуәхиб әл-ләдуния», 37-бет.

[2] «Әл-Мәуәхиб әл-ләдуния», 38-бет.


Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.
АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков