Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 17-ші сабақ

1 877
3 апреля, 15
Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 16-шы сабақ

Жетінші хадис. Екінші бөлім

Бұл хадисті бүге-шігесіне дейін талдамас бұрын оның жеткізушісіне байланысты өте маңызды бір жайтты айта кеткен жөн.

Жеткізілу тізбегінен белгілі болғандай, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сипаттамасын оның немересі Хасан ибн Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын) ағасы Хинд ибн Әбу Халядан риуаят еткен. Хинд ибн Әбу Халя, Хасанның анасы тарапынан, яғни, Хадиджа (Алла оған разы болсын) тарапынан туысы болып табылады.

Хадиджа (Алла оған разы болсын) Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дейін екі рет тұрмысқа шыққан.

Оның бірінші күйеуінің аты Әбу Халя болған. Ол бірінші күйеуінен Хинд және Халя атты екі ұлды дүниеге әкелген. Екінші күйеуінің аты Әтик ибн Халид әл-Махзуми болған. Одан бір ұл мен бір қызды дүниеге әкелген.

Содан соң ол Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұрмысқа шығып, оның Ибрахимнен басқа барлық балаларын дүниеге әкелген. Ибрахимнің анасы Мария әл-Кибтия (Алла оған разы болсын) болатын.

Әл-Бәйджури хабарлағандай, жәһилдік заманда Хадиджаны әт-Тахира, яғни, Пәк деп атаған. Ол Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығына алғаш иман келтіріп, оған баға жетпес қолдау көрсеткен адамдардың бірі болатын.

Осы риуаятты Хасан ибн Әлиге (Алла оған разы болсын) хабарлап, Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) суреттеп берген жеткізуші оның анасы тарапынан ағасы болып табылады. Яғни, Хинд ибн Әбу Халя – Хасанның (Алла оған разы болсын) анасы Фатиманың (Алла оған разы болсын) ағасы.

Ол сахабалардың арасында туындаған кикілжіңде Әли ибн Әбу Талибке (Алла оған разы болсын) қолдау көрсеткен, сөйтіп, Түйе шайқасында өлтірілген.

«Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Хасанның өзі көрген жоқ па? Неге ол басқа біреуден Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сипаттап беруін сұраған?» деген сұрақ туындауы мүмкін.

Бұл сұрақтардың жауабы мынадай болмақ: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салғанда Хасан әлі кішкентай болған. Сол себепті, бала кезінде көргендері есінде қалмаған болуы ықтимал.

Тағы бір атап өтерлік жайт: ол адамның сырт келбетіндегі екінің бірі аңғара бермейтін сан түрлі ерекшеліктерін аңғарып, бүге-шігесіне дейін, көркем суреттей білетін адамға жүгінген. Ондай адамдардың сипаттамаларының шынайы, әсерлі болатыны соншалық, құдды суреттелген адам көз алдыңда тұрғандай күй кешесің.

Біз Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бейнесінің сахабалардың жүректерінен мәңгілікке орын алғандығын және олардың құлшылықта және Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетін жүзеге асыруда ынта танытқандары секілді, Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) есте сақтап, оның бейнесін жүрекке бекітудің де олар үшін маңызы зор болғанын көріп отырмыз.

Олар Асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасиеттерін біреу естеріне салып, пайғамбарлықтың мөрі болған, күллі адамзат баласына Алланың уахиін жеткізген Адамның ұрпақтарының мырзасының Дидарын жүректерінде қайта жандандырғанда, рухани ләззат алып, ерекше рахат сезімге бөленетін болған!

Біз сахабалардың жүректерінің Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы рухани байланысын жадымызға түйіп, сол жайында көп ойлануымыз керек.
Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла
_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков