Циклы Авторы Сортировка

Әбу Әли әл-Ашғари: Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме, 18-ші сабақ

1 927
7 апреля, 15

Жетінші
хадис. Үшінші бөлім

Біз осы кезге дейін талдап келген Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сипаттамасын беретін хадистердің ішінде бұл хадистің оны толық, егжей-тегжейлі және көркем суреттейтіні шүбәсіз. Бұл Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамның сырт келбетін сипаттауда ерекше дарынға ие болған, өзгелер назарынан тыс қалатын келбет ерекшеліктерін аңғара білген адамның суреттегендігімен байланысты.

Бұл риуаятта Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сипаттамасы мынадан басталады: оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бейнесінің бекзат әрі айбарлы болғаны соншалық, бекзат келбет иесі ретінде адамдардың оған деген еріксіз құрметін оятқан.

Жеткізуші неден бастайды? Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүзінің жерден қарағанда толық көрінетін толған айдай нұр, шұғыла шашып тұрғанын айта келіп, оның бет-әлпетін сипаттаудан бастаған. Арабтар үшін мұндай теңеу сұлулықты білдіреді.

Имам әл-Байджури (рахимахуллах) бұл теңеудің жақындататынын, бірақ, ұқсатпайтынын айтқан. Өйткені, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мінсіз сипаттарына тең келер ештеңе жоқ[1].

Ары қарай жеткізуші бізге Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) орта бойлыдан ұзын, бірақ, шамадан тыс ұзын болмағанын айтып, бойын хабарлаған.

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басы үлкен болған. Арабтар мұны адамның ақылдылығының және жақсы тектен шыққандығының белгісі деп санаған.

Сондай-ақ, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашының бұйра болғандығы және Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашын әдейі екіге айырмағандығы, ал, егер шашы өзі айрылып тұрса, түзулемегендігі хабарланады.

Осыған қарап, біз шашты екіге айырудың да, тегіс қоюдың да Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетіне жататындығын түсінеміз. Бірақ, имам әл-Бәйджури шашты екіге айырып қоюдың абзалырақ екендігін айтады. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейін шашын екіге айырып қоятын болған.

Меккелік пұтқа табынушылардың арасында шаштарын екіге айырып қою ғұрпы болған. Ал, Қасиетті кітаптың адамдары шаштарын жайып жүретін болған. Алғашында Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пұтқа табынушылардың арасында тұрған кезде көбіне шашын екіге бөлмейтін болған. Бірақ, Мәдинаға қоныс аударып, айналасында Қасиетті кітаптың адамдары көбейгеннен кейін шашын көп жағдайда екіге айырып қоятын болған[2].

Мұнда Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің барлығын еруге міндеттейтін, сол заманда кеңінен тараған басқа діндердің бәрінен өзгеше дінді алып келгенін әрдайым көрсетіп, айналасын қоршаған өзге дін өкілдерінен ерекшеленгенді жақсы көргендігіне маңызды меңзеу бар.

Бұл жерде мұсылмандарға өзгелердің ықпалына түсіп, оларға ұқсамай, өз ерекшеліктерін сақтап қалуға және әрдайым өз дінін сақтап қалып, соны ұстануға тырысуға ақыл-кеңес бар. Себебі, қазіргі кезде бізді рухани үндесуден Исламды ұстану ғана сақтап қала алады. 

Басқа риуаяттарда талдағанымыздай, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шашы ұзын болған. Әдетте оның шашы құлағының сырғалығынан төмен түспеген, десе де, кейде иығына түскен кездері де болған.

Содан соң жеткізуші Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аққұба өңді болғанын айтып, оның терісінің түсінен хабар берген. Бірақ, өзге риуаяттардың түсініктемесінде айтқанымыздай, ол қызыл шырай аралас аққұба реңді болған.

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасы қалың болған, бірақ, бір-бірімен бітісіп жатпаған. Сол себепті, қастарының арасы ашық болған. Риуаятта айтылғандай, сол жерден оның көктамыры көрініп тұрған. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ашуланғанда сол көктамыры томпайып ісетін болған.

Бұл Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ашуланғандығын көрсетеді. Бірақ, ол дүниеуи нәрселерге бола немесе нәпсінің жетегінде кеткеннен емес, дінге ғана қатысты және әлдекім Шариғаттың шеңберінен шыққан жағдайда ғана ашуланатын болған.

[1] Әл-Мәуәхиб әл-Ләдуния, 54-бет.

[2] Сол жерде, 55-бет.


Жалғасы бар ин ша Алла..

Әбу Әли әл-Әшғари, хафизахулла

_____________________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы

АВТОР ЦИКЛА
Имам әт-Тирмизидің «Әш-Шамаиль әл-Мухаммадийя» кітабына түсіндірме
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков