Циклы Авторы Сортировка

Екінші хадис: Әйел адам қажет болғанда үйінен шыға алады

4 332
30 октября, 15
Аиша (Алла оған разы болсын) Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) риуаят еткен: «Сендерге қажеттілік туындағанда шығуға рұқсат етіледі» (әл-Бұхари мен Муслим).

Бұл – имам әл-Бұхари келтірген үлкен хадистің бір бөлігі және ол «хиджаб туралы» аяттың түсірілуімен байланысты. Алдымен сол хадисті түгелдей келтіріп, содан соң сол аяттың тәпсірін талдаймыз, инша Алла.
 
عن عائشة أن أزواج النبي صلى الله عليه وسلم كن يخرجن بالليل إذا تبرزن إلى
 المناصع وهو صعيد أفيح فكان عمر يقول للنبي صلى الله عليه وسلم احجب
نساءك فلم يكن رسول الله صلى الله عليه وسلم يفعل فخرجت سودة بنت زمعة
زوج النبي صلى الله عليه وسلم ليلة من الليالي عشاء وكانت امرأة طويلة فناداها
عمر ألا قد عرفناك يا سودة حرصا على أن ينزل الحجاب فأنزل الله آية الحجاب
حدثنا زكرياء قال حدثنا أبو أسامة عن هشام بن عروة عن أبيه عن عائشة عن
النبي صلى الله عليه وسلم قال قد أذن أن تخرجن في حاجتكن قال هشام يعني البراز

 
Аишадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген: Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері ымырт түскенде әл-Минәси`(әл-Бақидың жанындағы аймақ – «Фәтх әл-Бәриді» қараңыз) атты жазық қыратқа шығатын болған. Сонда Омар Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйелдеріңді бүрке», - дейтін болған (Ибн Хаджәр «Фәтхта» мұның не «Оларды көшеге шығарма» дегенді, не «Олар беттерін жапсын» дегенді білдіретінін айтады). Бірақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) олай істемеген. Бірде Сәудә бинт Зәмәә түнде далаға шыққан. Ол бойшаң әйел болған. Омар оны көрген де, хиджаб туралы аят түсіріледі деген үмітпен: «Біз сені танып қойдық, Сәудә!» - деген. Сонда Алла хиджаб туралы аятты түсірген. Зәкәрия бізге былай хабарлаған: «Әбу Усәмә бізге Хишәм ибн Уруәдан, оның әкесінен, Аишадан (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін риуаят еткен: «Сендерге қажеттілік туындағанда шығуға рұқсат етіледі»».
 
Хадисте айтылып кеткен хиджаб туралы аятқа ойыспас бұрын «Фәтх әл-Бәридегі» осы хадистің мағынасына қатысты сөздерді келтірейік:

قال ابن بطال : فقه هذا الحديث أنه يجوز للنساء التصرف فيما لهن الحاجة
إليه من مصالحهن ، وفيه مراجعة الأدنى للأعلى فيما يتبين له أنه الصواب وحيث
لا يقصد التعنت ، وفيه منقبة لعمر ، وفيه جواز كلام الرجال مع النساء في الطرق
للضرورة ، وجواز الإغلاظ في القول لمن يقصد الخير ، وفيه جواز وعظ الرجل أمه
في الدين لأن سودة من أمهات المؤمنين ، وفيه أن النبي - صلى الله عليه وسلم -
كان ينتظر الوحي في الأمور الشرعية ; لأنه لم يأمرهن بالحجاب مع وضوح الحاجة
.إليه حتى نزلت الآية ، وكذا في إذنه لهن بالخروج . والله أعلم

 
Ибн Бәттал былай дейді:
 
«Бұл хадистің фиқһы – әйелдердің өздеріне пайдалы әрекеттерді жасауға хақылы екендерінде. Сондай-ақ, [онда] дәрежесі төмен адамның өзінен дәрежесі жоғары адамға ақыл-кеңес бере алатындығына меңзеу бар, егер оның ойы – ол адамның ар-намысына тию болмаса. Сонымен қатар, бұл хадистің астарында Омардың құндылығы меңзелген және қажет болса, ер адамның көшеде әйел адаммен сөйлесуіне рұқсат етілетіндігі әрі ол ізгі ниетті болса, қатені нұсқауда қатал болуға хақылы екендігі көрсетілген. Сонымен бірге, [біз осы жерден] Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шариғаттық мәселелерде уахидің түсуін күткенін, әйелдердің бүркенуі қажет екені айқын болса да, осы аят түскенге дейін оларға бүркенуді әмір етпегенін түсінеміз. Сондай-ақ, [бұл хадис] оның әйелдерге [үйлерінен] шығуды рұқсат еткенін көрсетеді. Ал, ең дұрысын Алла біледі».
 
Өзінің Кітабын бұрмалаулардан қорғаған және осы үмбетке Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше сөздерінен жүздеген шариғаттық шешімдер шығаратын ғұламаларды тарту еткен Аллаға мақтау-мадақ болсын. Даналыққа толы сөздерді оқығанда мүміннің кеудесін үмбетіміздің ғұламаларына деген мақтаныш кернемей ме? Хадистерді түсіндірулерін сұрап, Исламның ұлы имамдарына жүгінбесе, ол Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерінің алдындағы өз дәрменсіздігін сезінбей ме?!
 
Осы хадисте айтылып кеткен «хиджаб туралы аят»– мынау:
 
يا أيها الذين آمنوا لا تدخلوا بيوت النبي إلا أن يؤذن لكم إلى طعام غير ناظرين
إناه ولكن إذا دعيتم فادخلوا فإذا طعمتم فانتشروا ولا مستأنسين لحديث
إن ذلكم كان يؤذي النبي فيستحيي منكم والله لا يستحيي من الحق وإذا
سألتموهن متاعا فاسألوهن من وراء حجاب ذلكم أطهر لقلوبكم وقلوبهن وما
كان لكم أن تؤذوا رسول الله ولا أن تنكحوا أزواجه من بعده أبدا إن ذلكم كان
عند الله عظيما
 
Мағынасы: «Әй мүміндер! Пайғамбардың үйлеріне сендерге рұқсат берілмейінше кірмеңдер де, тамақтың пісуін күтпеңдер. Бірақ қашан шақырылсаңдар кіріңдер де, тамақ жеген соң дереу тарқандар, сөзге айналмаңдар. Расында бұларың Пайғамбарды қынжылтады әрі ол сендерден ұялады. Бірақ Алла Тағала шындықтан ұялмайды. Егер Пайғамбар (Ғ.С.) дың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, далданың артынан сұраңдар; бұларың, сендердің де, олардың да жүректерінің тазалығы. Сондай-ақ сендердің Алланың Елшісін қынжылтуларыңа және одан кейін жұбайларымен әсте некеленулеріңе болмайды. Сондай істеулерің Алла қасында зор күнә».(«Әл-Ахзаб» сүресі, 53 аят).
 
 
Бұл аятта қонақ қабылдау мен тамақтануға қатысты және Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін оның әйелдеріне ешкімнің үйлене алмайтындығына қатысты көптеген шариғаттық шешімдер тұжырымдалған, өзге де мәселелер қозғалған, бірақ, бізге керегі - мына сөздер(мағынасы): «Егер Пайғамбар (Ғ.С.) дың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, далданың артынан сұраңдар».
 
Осы аяттан кейін Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдеріне қолдары мен жүздерін қоса бүкіл денелерін жабу міндетті болғандығын Құран тәпсіршілері бірауыздан мәлімдеген. Сонымен қатар, бұл аят ерлер мен әйелдердің бір жерде аралас-құралас болуына, (ерлі зайыпты және махрам болмаса), қарама-қарсы жыныс өкілдерінің оңаша қалуына және өзге де сондай жайттарға тыйым салды.
 
Басқа да мұсылман әйелдердің жүздерін жабуының міндеттілігіне келер болсақ, бұл мәселені түсінуде фақиһтердің пікірлері екіге бөлінген: олардың бір бөлігі бұл аяттың жалпы барлық мұсылман әйелдерге қатысты екенін, сондықтан, олардың жүздері де әуретке (яғни, жасыруды қажет ететін дене бөлігіне) жататындығын  айтса, өзгелері мұның тек Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдеріне ғана міндетті екенін айтқан.
 
Имам әл-Қуртуби аса маңызды инабаттылық қағидасын айтып кеткен:
 
هذا يدلّ على أنه لا ينبغي لأحد أن يثق بنفسه في الخلوة مع من لا تحل له؛ فإن
مجانبة ذلك أحسن لحاله وأحصن لنفسه وأتم لعصمته
 
«Бұл жерден түсінетініміз – оған харам болып табылатын адаммен оңаша қалғанда ешкім өз-өзіне сенімді болмауы тиіс. Бұдан аулақ болу ол үшін абзалырақ, анағұрлым қауіпсіз және қорғаныста сенімдірек».
 
 
Осылайша, біз Алла Тағаланың қандай да бір тыйымдарды жайдан-жай бермегенін, күнәға алып баратын нәрселерге тыйым салып, бізге рақымшылық танытқанын түсінеміз. Сол себепті, осы күнәға алып баратын жолдардың бәрін жабу үшін Исламда зинаға да, ер мен әйелдің оңаша қалуына да тыйым салынған. Ешкім өзін қандай да бір күнәдан қорғалғандай сезінбеуі тиіс, ешкім «ондай жағдай менің басыма түспейді» деп ойламауы керек, себебі, күнәдан тек қана Алланың тауфиқының арқасында қорғалуға болады. Алла Тағала Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдері мен сахабалары туралы (мағынасы): «Бұларың -сендердің де, олардың да жүректерінің тазалығы», – деген болса, біздің заманымыз бен өзіміз жайлы айтпасақ та болар, сірә...
 
Хадиске оралып, қорытындыласақ:
 
Негізінде, әйел адам үйінде отырып, үй шаруаларымен айналысуы керек. Әйел үшін отбасы мен ошақ қасы – оның құлшылық жасайтын және Аллаға жақындайтын орны. Сондықтан, оның Алланың рақымы мен разылығына ең жақын болатын кезі – үйінде отыратын шағы. Бірақ, Алла Тағала әйелдерге қажет болса, үйлерінен шығуға рұқсат етті.

Ең дұрысын Алла біледі.
АВТОР ЦИКЛА
Әйелдер жайлы қырық хадис
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков