Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 1 бөлім: Имам ән-Нәуәуидің өмірбаяны

2 514
26 января, 16
Исламның көрнекті ғұламасы имам Мухйиддин ән-Нәуәуи таныстыруды қажет етпейді. Бұл имам өз дініне қызығушылық танытатын әрбір мұсылманға таныс болар, сірә. Имам ән-Нәуәуидің хадис пен шәфиғилік фиқһ саласындағы еңбектері – аталмыш ғылымдардың басты негізі: бұл туындылар қаншама ғасырлардан бері оқылып-үйреніліп, жатталуда, соларға сілтеме жасалып, олардан дәйексөздер келтірілуде, сан қилы тілдерге аударылуда.

Біз ұлы имамның мұсылман адамның мінез-құлық көркемдігі, рухани тұрғыдан өз-өзін кемелдендіру мәселелеріне арналған қазіргі заманда аса маңызды орын алатын еңбегі «Бустан әл-‘әрифин» («Алланы танығандардың бақшалары») кітабын оқырмандарымыздың назарына ұсынғалы отырмыз. Бұл – мақтауға лайық адамгершілік қасиеттерге қол жеткізудің нұсқаулығы, екі дүниеде де бақытқа жетелеуші жолмен жүруге ынталандыратын құрал. Біз Алла Тағаладан осы кітапты бізге және де барша мұсылмандарға пайдалы етуін сұраймыз!

Имам ән-Нәуәуидің өмірбаяны

Әбу Зәкәрийя Яхья ибн Шәраф ибн Мәр’и ибн Хасан ибн Хусейн ибн Хизам ибн Мухаммад ибн Джум’ата Ән-Нәуәуи әд-Димашки әш-Шәфиғи Исламның шәфиғилік діни-құқықтық мектебінің (мәзһабының) ізбасары, Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадистерінің білгірі және Шейх әл-Ислам деген жоғары мәртебелі атаққа ие болған һәм «Дінді жаңғыртушы» (Мухйиддин) лақап атын иемденген имам болатын.

Ол хижра бойынша 631 жылдың мұхаррам айында Сирияның Нәуә ауылында дүниеге келген. Ол бала кезінен өзімен қатарлас балалардан ілімге және Алланың дініне деген сүйіспеншілігімен ерекшеленген. Оның әкесі ұлының бірде Рамазан айының 27-ші түнінің ортасында оны оятып: «Әке, үйімізді шуаққа толтырған бұл неткен нұр?» - деп сұрағанын баяндаған. Сол сәтте отбасындағылардың барлығы оянған, бірақ, ол нұрды ешкім көрмеген. Сонда әкесі оның мыңдаған айлардан абзал болған құдірет пен тағдыр түні (Ләйләт уль-қадр) екенін түсінген. Болашақ имам ол кезде небәрі жеті жаста болатын. Ол он жасқа келгенде Құран жаттап, исламдық құқық (фиқһ) кітаптарын оқи бастаған.

Яхьяның он жасқа келген шағында балалардың оны қимылды ойындарды ойнауға ықтиярсыз көндіргендерін, оның болса, ойнағысы келмей, жылап, олардан қашқандығын, сөйтіп, бүкіл уақытын Қасиетті Құранды оқуға арнағанын шейх Ясин Әл-Мәракишидің көргендігі баяндалады. Кейін Яхья сол шейхтен рухани тәрбие ала бастаған. Әлгі көрініске куә болған шейх Яхьяның ұстазына жолығып, ол баланы ұлы болашақ күтіп тұрғанын, ол өз заманының дүниеуиден бас тартқан ең әйгілі ғұламасы болатынын және көптеген адамдардың одан пайда алатынын айтқан. Сол кезде Яхьяның ұстазы одан: «Сен астролог емессің бе?» - деп сұраған. Шейх: «Жоқ, маған мұны Алла Тағала білдірді», - деген. Ұстазы осы болған жайтты имам Ән-Нәуәуидің әкесіне айтып бергеннен кейін әкесі ұлының оқуына ерекше мән бере бастаған.

Имам ән-Нәуәуи туып-өскен кішкентай ауыл оның білімге деген қажеттілігін қанағаттандыра алмады. Сол себепті, әкесі ұлының сол кезде ислам өркениеті орталықтарының бірі болған Дамшықта білім алуын жалғастыруға бел буған. Дамшықта жоғары оқу орындарының өзі үш жүзден асып жығылатын. Ол қалаға дүниенің түкпір-түкпірінен ілім іздеген адамдар ағылып кеп жататын. 649 жылы имам Ән-Нәуәуи 19 жасқа толғанда Дамшық қаласындағы танымал Омеядтық мешіттің қасында орналасқан Рауахия медресесіне қоныс аударды.

Бір ғұлама түсінде Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, оған былай дегенін айтып берген: «Егер қандай да бір мәселеде имам Әл-Ғазали, Әбу Исхақ әш-Ширази және Ән-Нәуәуидің пікірлері әр түрлі екенін көрсең, Ән-Нәуәуидің пікірін ұстан, себебі, ол Сүннетті бәрінен де көбірек біледі». Сондай-ақ, сол ғұлама Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екінші рет түсінде көргенін, сөйтіп, одан имам Ән-Нәуәуи туралы сұрағанын жеткізген. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ол – дінді қайта жаңғыртушы (Мухйиддин)», - деп жауап берген.

Оқудың ең басынан бастап, имам Ән-Нәуәуи білімге деген ынтасымен және таңғажайып есте сақтау қабілетімен ерекшеленген. Ол оқу кезінде бос уақтының бірде-бір минутын құр жібермей, қала берді, жолда да қандай да бір сабақты оқып отыратын болған. Имам оқудың бастапқы екі жылында ғылым үйренудің қызығына берілгені соншалық, бірде-бір рет төсегіне жатпағанын айтқан. Ұйқы қысып бара жатса, кітаптардың үстінде біраз көз шырымын алып, оянғанда ары қарай оқуын жалғастыратын болған. Таңғаларлық есте сақтау қабілетіне ие болған бала күніне он екі сабақ алып, түгелдей кітаптарды есінде сақтап отырған. Ол Дамшықтағы оқудың алғашқы жылында-ақ төрт жарым айдың ішінде «Танбих» кітабын және «Әл-Мухаззаб» кітабының бірінші томын жаттап алған. Ол табандылығының, білімге деген құлшынысы мен сүйіспеншілігінің арқасында ұстаздарының ықыласына, махаббатына бөленді. Олар көп ұзамай болашақ имамға өзімен қатарлас шәкірттерге сабақ түсіндіруді тапсыра бастаған.

651 жылы имам Ән-Нәуәуи әкесімен бірге қажылық жасады. Ол жолда қатты сырқаттанып қалды да, қажылықтан қайтқаннан кейін ғана дертінен айықты. Дамшықта алты жыл білім алғаннан кейін 655 жылы «Дар әл-хадис әл-әшрафия» медресесінде дәріс беріп, кітап жаза бастады. Ол өзінің қысқа ғұмырында ислами ғылымдардың түрлі салаларына арналған алпыстан астам туынды жазып шығарды. Ислам ғылымдарын оқып-үйреніп жатқан шәкірттердің арасынан осы әйгілі ғұламаның қаламынан туындаған кітаптарды оқымаған адам кемде-кем шығар, сірә.

Оның туындыларының арасынан төмендегілерін атап өтелік:

1. «Әл-Әрбә’ин». Бұл еңбектің мұсылмандардың арасында кең тарағаны сондай, ол мүміндердің күнделікті қолданатын кітаптарына айналды. Қырық хадис боп жинақталған кітаптар көп болса да, олардың ешбірі Ән-Нәуәуидің «Әл-Әрбә’ині» секілді беделге һәм танымалдылыққа ие емес.

2. «Риядәс-салихин». Бұл хадистер жинағын да көптеген мұсылмандардың үйінен кездестіруге болады.

3. «Әл-Азкар». Бұл кітап кеңінен танымал. Онда Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадистерінен алынған Алла Тағаланы еске алу және мадақтаусөздері жинақталған.

4. «Әл-Минхадж». Бұл кітап шәфиғи мәзһабы бойынша исламдық құқыққа (фиқһ) арналған. Кітаптың өзі шағын болғанына қарамастан, исламдық құқықты оқып жатқан шәкірттердің арасында кең қолданымға ие болды әрі олардың ілім алатын негізгі кітабына айналды. Көптеген ғұламалар оған көптеген томдардан тұратын түсіндірмелер жазды.

5. «Әл-Мәджму’ шарх әл-мухаззаб». Бұл да исламдық құқық (фиқһ) бойынша белгілі кітап. 

6. «Шарх Сахих Муслим». Бұл – имам Муслим құрастырған мұсылман әлеміндегі ең беделді сенімді хадистер жинағының біріне жазылған түсіндірме.

7. «Бустанәл-‘арифин». Бұл – сіздер қолдарыңызда ұстап отырған Алла Тағаланы тану жолы (сопылық) жайындағы кітап.

8. «Әл-Мақасид». Бұл – Ислам негіздері бойынша қысқа, бірақ, өте құнды еңбек.

Имам Ән-Нәуәуидің қаламына жоғарыда айтылған кітаптардан басқа да көптеген тамаша кітаптар тиесілі. Ислам ғылымдарының кемеңгерінің білімінің тереңдігін түсіну үшін атап өтілген туындылардың өзі жеткілікті. Ғұламалардың ойынша, имам Ән-Нәуәуидің кітаптарының мұсылмандардың арасында осыншалықты кеңінен тарағандығы және танымалдылығы оның ниетінің риясыз болғандығынан хабар береді.

Имам Яхья ибн Шәраф Ән-Нәуәуи өзінің терең білімімен ғана емес, дүниеуиден алшақтығымен, діндарлығымен, тақуалығымен және құлшылықтағы ынта-жігерімен белгілі. Ол білімі амалдарына сай келген ғұлама болатын және әміршілерге қорықпастан насихат айтатын. Оның өмірінен мұның жарқын үлгілерін көруге болады. Солардың кейбіреулерін баяндай кетейік.

Ғылымда биік шыңға жетіп, қысқа уақыттың ішінде көпшілікті мойындатқан ғұлама болғандығына және мұның оған дүниеуи игіліктерге қол жеткізуге үлкен мүмкіндік бергеніне қарамастан, ол дүниеуи рахаттарға мүлде мән берген жоқ, тіпті, керек десеңіз, үйленіп те үлгермеді.

Ол Дамшықта тұрып, жұмыс істеген уақытында өзі сол қалаға көшіп барғанда орналасқан «Әл-Әшрафия» медресесінің жанындағы бөлмеде тұрды. Ол кезде Дамшық ислами мәдениет орталықтарының бірі болатын және ұстаздық қызметі ең беделді әрі жоғары ақылы қызметтердің бірі еді. Бірақ, дегенмен, имам Ән-Нәуәуи ол ақшаны өзінің қажеттіліктерін өтеу үшін емес, Алла жолында жұмсады. Ол өзінің жалақысын оқу орнының бақылаушысына беріп отыратын да, жыл аяқталғанда жиналған сомаға медресеге қажет мүлік пен кітаптарды сатып алатын. Оған қоса, ол аса қажет болғанда өзіне жақын адамдардан сыйлық алғаны болмаса, басқа ешкімнен сыйлық қабыл алған емес. Ол анасы жіберіп тұрған киім мен әкесі жіберіп тұрған тамақты қанағат тұтатын.

Ол тамаққа келгенде өте ұстамды болатын, ең қарапайым деген тамақты қанағат тұтатын, тәулігіне бір-ақ рет құптан намазынан кейін тамақтанатын және таң намазының алдында ғана бір-ақ рет су ішетін. Ораза ұстауға тыйым салынған күндерден басқа барлық уақытта имам Ән-Нәуәуидіңаузы берік жүретін, ол тіпті Дамшықтың даңқын шығарған жеміс-жидектен де жеуден бас тартатын. Ол жеміс-жидектің ұйқы шақыратынын, адамды еріншектікке итермелейтінін айтатын.

Әлдекімнің харам нәрсе жасағанын көрсе, оған наразылығын білдіріп, бөгет жасаудан тайсалмайтын. Оған дейін ешкімнен жеңіліс таппаған моңғол-татар әскерін талқандаған Мысыр мен Сиярияның әміршісі, сұлтан Захир Бейбарыс бірде Дамшыққа барды. Қазынашы оған Дамшықтың көптеген бау-бақшалары мемлекетке тиесілі екенін айтып, сендірді, сөйтіп, сұлтанБейбарыс сол жер-суды пайдаланып отырған әрбір адамнан сол жерді иеленуге құқылы екендеріне дәлел көрсетуді талап ететін жарлық шығарды. Сонда адамдар көмек сұрап, имамға жүгінді. Имам Ән-Нәуәуи сұлтанның шешімімен келіспейтінін, оның іс-әрекеттерінің Шариғатқа қайшы келетінін баяндап, билеушіге хат жазды. Сол хатты оқыған сұлтан қаһарына мініп, имамды төлемақысынан және қызметінен айыруды әмір етті. Бірақ, оған имамның лауазымы да жоқ екені, ешқандай төлемақы да алмайтыны айтылды. Хатынан ешқандай нәтиже шықпағанына көзі жеткен имам сұлтанның алдына өзі барып, наразылығын білдіріп, оның жасап отырғандарының Шариғатта тыйым салынған нәрсе екенін айтуға ұйғарды. Оның айтқандарын естіген сұлтан қатты ашуланып, имамды жазаламақ болды. Бірақ, Алла Тағала оның ашуын басып, сабырға келтіріп, ұлы имамды оның қаһарынан қорғап қалды. Сұлтан бұйрығының күшін жойды, осылайша, адамдар қыспақтан құтылды. Жеңілмейтін жауынгер және көптеген шайқастардың қаһарманы сұлтанБейбарыс ол туралы былай дейтін: «Бұл адам менің жүрегіме үрей ұялатады». Орасан зор билікке ие жүрек жұтқан жауынгердің қарапайым ғұламадан қорқуы кейбіреулерге түсініксіз болуы ықтимал. Бірақ, шынайы мұсылман үшін мұның таңғаларлық ештеңесі жоқ. Себебі, Алла Өзінен қорыққан құлының алдында адамдардың жүрегіне қорқыныш ұялатып қояды.

Аз ғана өмірінің соңында имам Ән-Нәуәуи туған жеріне барып, марқұм болған ұстаздары мен сүйген жандарының қадірлі, қасиетті жерлерін және Иерусалим мен Әл-Халилді (Хеврон) зиярат етті. Ол хижра бойынша 676 жылдың Ережеп айында өзінің туған ауылы Нәуәда сырқаттанып, қайтыс болды да, сол жерде жерленді. Лайым Алла оған разы болғай.

Оның әйгілі ұстаздары: Әбдур-Рахман ибн Ибраһим Әл-Казари, Исхақ ибн Ахмад Әл-Мағриби, Әбдур-Рахман ибн Нух Әл-Мақдиси, Салләр ибн Хасан Әл-Ирбили, Әбу Шама Әл-Мақдиси, Әбул-Аббас Ахмад ибн Сәлим Әл-Мисри, Әл-Фахру Әл-Мәлики, Ибраһим ибн Иса Әл-Муради Әл-Андалуси, Әбул-Бака Халид ибн Юсуф Ән-Наблуси, Әбдул-Әзиз ибн Мухаммад Әл-Аңсари, Әбул-Фарадж Әбдурахман ибн Әбу Умар Әл-Мақдиси, Әбдур-Рахман ибн Сәлим Әл-Анбари Әл-Ханбали, Рида ибн Әл-Бурхан, Әбул-Аббас ибн Әбдуд-Даим Әл-Мақдиси, Яхья ибн Әбуль-Фәтх Әс-Сайрафи Әл-Харрани, Әбул-Фәзл Мухаммад ибн Мухаммад Әл-Бәкри, Зия ибн ТамамӘл-Ханафи және тағы басқалар.

Оның әйгілі шәкірттері: Әләуддин ибн Әл-Аттар, Шәмсуддин ибн Такиб, Шәмсуддин Джәуән, Шәмсуддин ибн Каммах, Джәмәлуддин Әл-Миззи, Бәдруддин ибн Джәмә’ә, Рашидуддин Әл-Ханафи, Әбул-Аббас Ахмад ибн Фәрадж Әл-Ишбили.
 
Имамән-Нәуәуидің ақидасы

Барлық ұлы имамдар сияқты, имам Ән-Нәуәуи де әһлү-сүннет уәл-жамағат ақидасын ұстанған, атап айтқанда, әшғарит болған. Ол имам Әбул-Хасан Әл-Әшғариді ақида саласындағы өзінің имамы деп санаған.

Хафиз Әз-Зәһәби оған мынадай сипаттама берген: «Сам’ия[1] сипаттарына қатысты оның жолы – үндемеу және оларды жеткізілген күйінде қалдыру, кейде талдау болатын. Ән-Нәуәуи – ақидада әшғарит, ол сонысымен белгілі.  Ол соларға қарсы келетіндерді бидғатшы деп санайды»[2].

Имам Ән-Нәуәуи имам Муслимнің «Сахих» жинағына жазған түсіндірмесінде былай жазған: «Алла Тағала, Оған ұқсайтын ештеңе жоқ, Ол денеге ие болудан, қозғалудан, белгілі бір тарапта орын алудан және де жаратылыстарға тән басқа да сипаттардан пәк»[3].

Таджуддин Әс-Субки былай жазған: «Қазіргі кезде (хижраның 8-ші ғасыры) кейбір муджәссиманың[4] шектен шыққаны соншалық, Ән-Нәуәуидің имам Муслимнің «Сахихіне» жазған түсіндірмесінің дәл көшірмесін жасап, одан Ән-Нәуәуидің Алланың сипаттары баяндалған хадистер жайлы айтқан сөздерінің бәрін алып тастаған. Имам Ән-Нәуәуидің ақида мәселесінде әшғарит болғандығына ешқандай күмән жоқ болғандықтан, әлгі көшірмені жасаушы адамның кітапты бастапқы жазылған қалпында қалдыруға батылы жетпеген. Ол адам нанғысыз күнә жасады, себебі, бұл – дінді бұрмалау. Ол ғұламалардың жазғандарына және адамдардың кітаптардан алатын біліміне деген сенімге нұқсан келтіруде. Солай жасаған адамды Алла қорлағай және оны сиықсыз еткей»[5].

Ол туралы ғұламалардың айтқан сөздері

Хафиз ибн Кәсир «Табақатәш-Шәфиғия» кітабында былай жазған: «Ол – шейх, имам, ұлы ғұлама, хафиз, фақиһ, бекзат, мәзһабты жетілдірген, сондай-ақ, оны түзетіп, тәртібін орнатқан ғұлама, шынайы құлшыныспен құлшылық жасаған және дүниеуиден бас тартқан ғұламалардың бірі. Ол ілімде, амал жасауда, аскеттікте, өмірде қатаңдық пен орта жолды ұстануда, қиындықта сабырлық танытуда, өзінің заманында болмаған және оған дейін ұзақ уақыт кездеспеген діндарлықта жоғарғы дәрежеге қол жеткізді».

Хафиз Салахуддин Әс-Сафади «Әл-уафи би әл-уафия» кітабында былай деді: «Ол – үмметтің мүфтиі, шейх әл-Ислам, хафиз, фақиһ, дүниеуиден баз кешкен, көрнекті адамдардың бірі».

Имам Таджуддин Әс-Субки былай деген: «Ол – шейх әл-Ислам, ерушілерге тәлімгер және Алланың дәлелі, ізгі ата-бабаларымыздың (сәләфтардың) жолына шақырушы. Яхья, Алла оған разы болсын, өзінің нәпсісіне берілмейтін тау секілді мызғымас адамболатын, бұл дүниеде кедей болудан жасымайтын (қорықпайтын), дүниеуиден баз кешкен, діні кәміл жан болатын. Ол дүниеуиден бас тартқан, орта жолды ұстанған, әһлү-сүннет уәл жамағатқа жататын алдыңғы буындарға ерген және ізгі амал жасауда сабырлы болған. Ол уақытын құлшылықтан басқа ештеңеге зая кетірген емес. Бұған қоса, ол исламдық құқықта, хадистердің мәтіндерінде, жеткізушілердің есімдерінде, грамматикада, сопылықта және т.б. кәсіпқой болатын»[6].

Хафиз Әз-Зәхәби «Сияр» еңбегінде былай жазған: «Шейх, имам, еліктеуге тұрарлық үлгі, хафиз, аскет, Аллаға қызмет етуші, исламдық құқықтың білгірі, муджтахид[7], раббаний[8], шейх әл-ислам, дінді қайта жандандырушы, қаншама адамдар ерген және қалалардың түкпір-түкпіріне тараған шығармалардың авторы. Ол Алланың ғана разылығын қалап, тек Сол үшін кітап жазуда ынта танытты. Оған қоса, құлшылығы, оразасы, Аллаға мақтау айтуы, еске алуы (зікір айтуы), күнделікті тапсырмаларды (уирд) орындауы, денесін харамнан аулақ ұстауы, нәпсісін жазғыруыжәне өмірдің қиыншылықтарында сабыр етуі бар, осының бәрі асқан ынтамен жасалды».

Хафиз Әс-Сахауи былай деген: «Маған Алланы таныған шейх Әбу Әбдуррахим Мухаммад Әл-Әхмими, жаны Жәннатта болсын, былай деді: «Расында, шейх (яғни, Ән-Нәуәуи) сахабалардың, Алла олардың баршасына разы болсын, жолына еруші болатын, және ол жағынан оған ұқсаған ешкімді көрмедім». Мен былай деймін: «Шейх Таджуддинәс-Субки өзінің «Әт-Тауших» атты кітабында өзінің әкесінен (Такиюддин әс-Субкиден) мынаны жеткізген: «Тәбиғиндердің[9]заманынан кейін Ән Нәуәуидің айналасына жиналғандай, ешкімнің айналасына соншалықты көп адам жиналған емес және оған жеңілдетілгендей, ешқандай жеңілдік болған емес»[10].

Имам ибн Әл-Атарол туралы былай деген: «Өз заманының бірегейі, ақыретті қалаған бұл дүниенің аскеті, ізгі мінез иесі және әсем әрі жақсы амалдың адамы, Алланы таныған ғұлама. Оның іліміне, жолбасшылығына, ұлылығына, аскеттігіне, тақуалығына, құлшылығына, сөйлеуде, әрекет етуде және әр түрлі жағдайларда ұстамдылығына ғұламалар бірауыздан келіскен. Ол неше түрлі кереметтердің иесі һәм үмметке еңбегі сіңген ғұлама. Ол өзімен және өзінің мүлігімен мұсылмандарға қол ұшын берді, олар мен олардың жолбасшыларының құқықтарын орындады, оларға насихат айтып, дұға қылды. Ол Құранды жиі оқып, Алланы еске алды, лайым Алла Тағала бізге оның қатарынан табылуды нәсіп еткей, лайым Алла Тағала бізді Өзінің ізгілікке толы үйінде Өзі таңдаған пәк жаратылыстарымен бірге басымызды қосқай…»[11].

Хафиз ибн Насируддин Әд-Димашки«Әт-тибяну бәдиатиәз-заман» ол туралы былай деген: «Хафиз, үлгі-өнеге иесі, имам, шейх әл-Ислам, дұрыс және ғибратты туындылардың, пайдалы еңбектердің авторы. Ол заман фақиһы, үмметтің ілімі, өз заманында көптеген ғылымдардың тереңіне бойлаған бірден-бір адам, оған қоса, асқан тақуалығымен, аскеттігімен, көптеген ізгі амалдарымен, құлшылығымен, жұпыны өмірге қанағат етуімен ерекшеленген... және ізгілік жасауға үндеп, жамандықтан тыйған. Ол қорқынышқа және тамаша айбындылыққа ие болды, тіпті сұлтан Бейбарыс әз-Захир де одан қорқатын».

Имам Муса Әл-Юнини Әл-Ханбали «Миратқа» жазған қосымшасында былай деген: «Хадистанушы, аскет, тақуа, ілімді тереңінен үйренген қызмет етуші, пайдалы шығармалардың авторы, өз заманында тақуалық пен құлшылықта алдына жан салмаған адам».

Имам Джәмәлуддин Әл-Иснауи «Табақатта» былай деген: «Ол мәзһабты жетілдіріп, дамытты, олқылықтарын түзетті және ретке келтірді. Ол елдің аузында болды, халық арасында оның білімі мен абыройы жоғары болды. Ол – танымал, ізгілікті әрі пайдалы еңбектердің авторы».

Имам Таджуддин Әл-Фақиһани Әл-Мәлики «Шархәл-арбаин» кітабының алғысөзінде оған мынадай сипаттама берген: «Шейх, имам, ұлы ғұлама, аскет, дінді қайта жаңғыртушы, лайым Алла оған разы болғай».


[1] Сам’ийясипаттары – Құран мен Сүннеттен келген, бірақ, ақыл-оймен ұғынылмайтын сипаттар. Мәселен, «яд», «уәджх», «айн», «истәуә» және т.б. Оларға сену міндетті.

[2] «ТарихӘл-Ислам» (15/332).

[3] Ән-Нәуәуи, «ШархСахих Муслим» (3/19).

[4] Муджәссима – Алланы жаратылыстарға тән қасиеттермен сипаттаушылар. Мәселен, өзгерумен, кеңістікте орын ауыстырумен, қандай да бір жерде орналасумен, дене мүшелері және дене бөліктеріне ие болумен, т.б.

[5] «ТабақатШәфиғийяәл-Кубра» (2/19).

[6] «ТабақатШәфиийяәл-кубра» (8/395).

[7] Муджтахид – иджтихад құралдарын пайдалануға қажетті біліктілікке ие ғұлама. Иджтихад – Шариғаттың 4 негізгі қайнаркөзінен шешім шығару үдерісі. Олар: Құран, Сүннет, иджма (ғұламалардың бірауызды пікірі) және қияс (Құран мен Сүннеттегі айқын дәлелдермен салыстыра отырып, шешім шығару).

[8] Ілімді, риясыз ықыласты,ынталы құлшылықты, Алла Тағалаға жан-тәнімен берілуді бір бойына сіңіре білген ғұлама.

[9] Тәбиғиндер – сахабалардан кейінгі буын. Мұхаммед Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сахабаларының шәкірттері және ізбасарлары болған, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өзімен тілдеспеген мұсылмандар буыны.

[10] «Әл-Манхаләзбәр-рауи фи таржиматикутбуләулия Ән-Нәуәуи».

[11] «Тухфатәт-талибин», 3-ші бет.


Ин ша Алла, жалғасы бар...

_____________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:понедельник
Новый урок:четверг
Список уроков