Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 10 бөлім: Құлшылықтағы ниет жайында

2 057
29 февраля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 9 бөлім: Ықылас пен шыншылдық турасында, 3 бөлім

Құлшылықтағы ниет жайында

Білгін, құлшылықтың қандай да бір түрін жасайын деп жатқан адам, мейлі ол кішігірім ғибадат болса да, ниет етуі керек. Бұл оның сол амалы арқылы Аса Құдіретті де Ұлы Алланың разылығына талпынғандығын білдіреді.

Ниет амалды жасау кезінде болуы керек. Мұнда құлшылықтың барлық түрлері туралы айтылып тұр: намаз, ораза, дәрет, таза топырақ пен шаң арқылы тазалану (тәйәммүм), мешітте болу (иғтикаф), қажылық, мүліктен төленетін міндетті салық (зекет), садақа,қажеттіліктеріңді өтеу, науқасты зиярат ету, өліні жерлеу, бірінші сәлем беру және сәлемге жауап беру, түшкірген адамға «Алла сені рақымына бөлесін» деп айту, құпталмайтын істен тыю, құптарлық іске шақыру, үндеуге (дағуат) жауап беру, ілім үйренетін және Алланы зікір ететін жиындарға қатысу, жақсы адамдарды зиярат ету, отбасың мен қонақтарға шығындану, жақсы көретін адамдарың мен ағайын-туыстарыңды құрметтеу, білімді талқылау мен пікірталастар, үйренген нәрсеңді қайталау және ілімді өзгелерге жеткізу, ғылымды зерттеу, үйрену және оқу, жазып алып отыру, еңбек құрастыру және шариғаттық шешім (пәтуа) шығару.

Жоғарыда аталған нәрселердің қатарына сол сияқты көптеген амалдарды жатқызуға болады. Керек десеңіз, адам ас-су ішкен кезінде немесе ұйықтағанда, сол арқылы Алла Тағалаға құлшылық жасауға күш жинаймын немесе ізгі амалдар жасауға сергіп, жігерлену үшін денемді тынықтырамын деген ниетте болуы тиіс. Сонымен қатар, ер кісі әйелімен жақындасқысы келсе, Аллаға құлшылық қылатын салиқалы ұрпақ сүюге деген, өзінің ар-ұятын сақтауға деген, сондай-ақ, харамға көз салудан және харамды ойлаудан сақтануға деген ниетін жұбайына жеткізуі қажет. Осы іс-әрекеттерді ниетсіз жасаған адам орасан зор игіліктен құр қалады. Ал, бұл істе Алланың жәрдеміне қол жеткізетін адам мол рақымға бөленеді. Біз осы және өзге де нығметтерде Ұлы һәм Жомарт Алладан жәрдем тілейміз.

Мұндай пайымдамаға біз бұған дейін баяндап кеткен Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, мына сөзі дәлел болып табылады: «Расында, амалдар тек ниетке қарай бағаланады, шынында, әр адамға өзі қол жеткізуге ниет еткен нәрсесі ғана тиеді». Араб тілі, иман негіздері және исламдық құқық (фиқһ) саласындағы ғұламалар былай деген: «Хайуандық іс-әрекеттер – ниетсіз жасалған іс-әрекеттер»[1].

Имамдығын, қадір-құрметін, ұлылығын және жоғарғы дәрежесін бәрі мойындаған, өз кезінде Куфаның мүфтиі болған, сол аймақтың тұрғындарының сеніміне ие болған, сахабалардан кейінгі буыннан шыққан әйгілі жан Әбу Яхья Хабиб ибн Әбу Сәбиттен, Алла оны рақымына бөлесін, оған: «Бізге хадис баяндап берші», – деп айтылғандығы риуаят етілген. Ол: «Ықыласым (ниетім) оянғанша күте тұрыңдар», - деген[2].

Суфьян Әс-Сауриден, Алла оны рақымына бөлесін, хабарланады: «Маған ниетімді түзеуден қиын ештеңе болған емес»[3].

Біз осыған дейін баяндап кеткен Әбул-Хасан Әл-Мәуәрди жайлы хикая да осыған жатады. Ол өзінің еңбектерін жазуда ниетім дұрыс емес деп ойлағандықтан, ажалы жақындағанға дейін оларды жария етпеген. 

Язид ибн Харуннан, Алла оны рақымына бөлесін, хабарланады: «Ниет мәселесінің алар орны жоғары болғандықтан, хадистерде ол жайлы көп айтылмайды»[4].

Ибн Аббастан, Алла оған разы болсын, риуаят етілген: «Шын мәнінде, адам өзінің ниетіне сәйкес қорғанышта болады»[5]. Басқа біреуден былай жеткізілген: «Ақиқатында, адамдарға ниетіне сәйкес беріледі»[6].

Имам Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Идрис Әш-Шәфиғиден, Алла оған разы болсын, сенімді жеткізушілер тізбегі арқылы оның былай дегені жеткізілген: «Мен адамдардың бұл ғылымды оның әріптерінен менің еңбегімді көрместен үйренгендерін қалар едім». Сондай-ақ, Әш-Шәфиғи былай деген: «Мен кіммен пікір таластырсам да жеңіске жеттім және қарсыласымның ақиқатты айтуын қаладым»[7]. Сонымен қатар, ол былай деген: «Мен адамның қолдауға қол жеткізуін, тура жолға  келуін, жәрдемге қол жеткізуін және Алла Тағаланың оған қорғаныш әрі жар болуын тілеместен, ешкіммен сөйлескен емеспін»[8].

Имам Әбу Ханифаның серігі имам Әбу Юсуф, Алла Тағала оларды рақымына бөлесін, былай деген: «Өздеріңнің білімің арқылы Алла Тағаланың разылығын көздеңдер. Себебі, расында, мен мәжіліске барып, қарапайым болуды ниет етіп отырған сайын, адамдардан дәрежем артып тұрдым. Басқосуда адамдардан жоғары болайын деген ниетпен отырған сайын, масқара болып тұрдым»[9].


[1] «Рабиуәл-әбрар» (4/69) кітабын қараңыз.

[2] «Әл-Джәмиу ли ахләқи-ррауи уа адаби-ссами», 698-бет; «Әл-Мәджму» (1/28).

[3] «Әл-Джәмиу ли ахләқи-ррауи уа адаби-ссами», 699-бет, «Әл-Мәджму» (1/28).

[4] «Әл-Джәмиу ли ахләқи-ррауи уа адаби-ссами», 700-бет.

[5] «Әл-Джәмиу ли ахләқи-ррауи уа адаби-ссами», 1843-бет.

[6] «Әл-Джәмиу ли ахләқи-ррауи уа адаби-ссами», 1845-бет. Әбу Асим Ән-Нәбилдің, Алла оны рақымына бөлесін, сөздерінен.

[7] «Әл-Мәджму» (1/20).

[8] «Сифатәс-сафуа» (139/2).

[9] «Ахбәрәл-кудат» (3/258); «Тазкират әс-сами уа әл-мутакаллим фи адаби әл-алимиуа әл-мутааллим», 72-73 беттер.
 
 
Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков