Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 11 бөлім: Ниеттің ықпалын және оның айғақтарын салиқалы жандардың түсіндіруі, 1 бөлім

1 594
3 марта, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 10 бөлім: Құлшылықтағы ниет жайында
 
Сенімді хадистерде белгіленгендей, Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Расында, Алла ізгі және жаман амалдарды жазып қойды. Игі амал жасауға бел буып, бірақ, жасай алмаған адамды  Алла Өз құзырында бүтін бір игі амал жасады деп жазады. Ал, егер кімде-кім ізгі амал жасауға ниет етіп, жасаса, Алла оған оннан жеті жүзге дейін және одан да көп ізгі амалды жазады»[1].

«Сахих» жинағындағы сенімді хадисте белгіленгендей, Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Меккеге бет алатын әскер туралы былай деген: «Жер олардың бірін де қалдырмай жұтып жібереді». Аиша, Алла оған разы болсын, былай деген: «Уа, Алла Елшісі, жер қалайша олардың бірін де қалдырмай жұтып қояды, олардың арасында қарапайым адамдар мен оларға қатысы жоқ адамдар[2] да болады емес пе?». Сонда былай жауап қатқан: «Олардың бірі де қалмай жұтылып кетеді, содан соң әрқайсысы ниетіне сәйкес қайта тіріледі[3]»[4]

Екі «Сахихте» де сенімді хадисте ибн Аббастан риуаят етілгендей, Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Мекке басып алынғаннан кейін қоныс аудару (һиджра) жоқ, бірақ, соғыс (джиһад) пен ізгі ниет қалды»[5].
 
«Мекке алынғаннан кейін қоныс аудару (һиджра) жоқ…» сөзін түсіндірудегі келіспеушіліктер

«Мекке алынғаннан кейін қоныс аудару (һиджра) жоқ…» сөзінің мағынасын түсінуде шәфиғи мен өзге де мәзһабтардың ғұламаларының пікірлері сан-саққа бөлінген. Оның «Меккеден қоныс аудару (һиджра) жоқ, себебі, ол Исламның тұрағына айналды» деген мағынаны білдіретіні айтылған. Сондай-ақ, бұл сөздің мынадай мағына беретіні айтылған: «Мекке алынғаннан кейін ол алынбай тұрғанға дейінгі дәрежеге жететіндей[6] қоныс аудару (һиджра) жоқ»[7].

Біздің заманымызда кәпірлердің елдерінен қоныс аударуға (һиджра) келер болсақ, егер ол жерде Исламды ашық түрде ұстануға мүмкіндігі болмаған жағдайда һижра жасауға шамасы жететін адамға ол міндет (ууджуб мутааққид) болып табылады. Ал, егер ол жерде дінді ашық түрде ұстануға мүмкіндік бар болса, һижра жасау міндет емес, мүстахап болады. Ал, ең дұрысын Алла біледі.
 
Мен мұны Раббыма шарт етіп қоймаймын

Қадірлі әзірет Әбу Мәйсарат Әмр ибн Шурахбил Әт-Табии Әл-Куфи Әл-Хамданиден, Алла оған разы болсын, оның сыйлық алғанда бір бөлігін садақа ретінде беріп отырғандығы риуаят етілген. Содан кейін отбасынакелгенде үйіндегілер оның алған нәрсесін санағанда азаймағандығын көретін болған. Ол бауырының ұлдарынан: «Сендер олай істемейсіңдер ме?» – деп сұрағанда,олар: «Оның азаймайтынын білгенімізде міндетті түрде солай істер едік», - деп жауап қатқан. Сонда Әбу Мәйсарат былай деген: «Ақиқатында, мен мұны Аса Құдіретті де Ұлы Раббыма шарт[8] етіп қоймаймын»[9].
 
Осы және мәңгілік дүниенің игілігін құрайтын бес қасиет

Біздің имамымыз Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Идрис Әш-Шәфиғи, Алла оны рақымына бөлесін, былай деген: «Осы және мәңгілік дүниенің игілігі бес түрлі қасиетте жинақталған: жан дүниеңнің байлығында, айналаңдағыларға зарар келтіруден тыйылуда, адал табыста, инабаттылықта және кез келген ахуалда Алла Тағалаға деген сенімділікте»[10].

Аллаға ең жақын адамдардың (әбдал) бірі болып саналған құрметті әзірет Хаммад ибн Саламаттан, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген:«Хадистерді Алла үшін емес, басқа нәрсе үшін үйренген адам сонысымен алданады»[11].

Қадірлі әзірет Ахмад ибн Әбу Әл-Хауари өзінің «Әз-Зухд» атты кітабында келтірген (Алла Тағала қаласа, сол кітаптан мен баяндайтын құнды ақпаратты көресің. Мен әзірге оның жеткізушілер тізбегін (иснад) алмадым. Алайда, менің қолымда өте тамаша, тексерілген, жақсы жасалған көшірме бар. Ол жайлы кейбір ғұламалар мен тәжірибелі адамдар оның Әд-Дарақутнидің, Алла оны рақымына бөлесін, жазуымен жазылғандығын айтты): «Бізге Исхақ ибн Халәф, Хафс ибн Ғиястан баяндаған: «Әбдур-Рахман ибн Әл-Әсуәд, Алла оған разы болсын, нанды тек қана ниетпен жейтін». Мен Исхақтан: «Нан жегенде қандай ниет болуы мүмкін?» – деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Ол тамақ жеп жүретін де, намаз оқуға еңсесін ауырлық басқанда намазға жеңілдеу үшін жейтін тамағының мөлшерін азайтатын. Аз тамақ жеп, әлсірегендекүш жинап, әлдену үшін қайтадан тамақты көбірек жеп бастайтын. Осылайша, ол тамақ жесе де, жемесе де,намаз үшін солай жасайтын».    
«Жеңілдеу» сөзі намазды оқу жеңіл болуы үшін және одан ләззат алу үшін намазға сергек болуды білдіреді.

Ахмад ибн Әбу Әл-Хауари былай деген: «Мен ӘбуСулейман Әд-Даранидің, Алла оны рақымына бөлесін, былай дегенін естідім:«Аллаға жүректеріңмен жүгініңдер». Мұның мағынасы: «Жүректеріңді тазартыңдар, түзетіңдер және айқын амалдардан ештеңені уыстарыңнан шығарып алмаңдар».

Әбу Сулайман Алланы танығандардың (арифтер), айқын кереметтер, жоғарғы халдер және даналық иелерінің бірі болатын. Оның есімі – Әбдур-Рахман ибн Ахмад ибн Әтийа. Мұнда, Алла қаласа, Дамшық пен оның төңірегінің мақтаныштарының бірі Әбу Сулейманнан мен алған бағалы ілім келтіріледі.

Әбу Сулайман Әд-Даранидің айтқандары қадірлі әзіретіміз Әбу Әли Әл-Фудайл ибн Иядтан, Алла оған разы болсын, жеткізген сөзімізге ұқсайды: «Біздің ойымызша, қалағандарына қол жеткізген адамдар оған көптеген намаз (саләт) оқып, ораза ұстағандары үшін емес, кең пейілділігі, жүрек тазалығы және адамдарға (үммет) деген шынайы ықыласы арқылы жетті»[12].

Имам Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, былай деген: «Кім Алланың игілігіне қол жеткізгісі келсе, адамдар жөніндегі пікірін жақсартсын».
 
Қабисаттың имам Суфьян Әс-Саури дүниеден озғаннан кейін оны түсінде көруі

Бізге шейхымыз, имам Әл-Хафиз Әбул-Бака мен одан білім алып жүргенде былай деп хабарлады: «Бізге Әл-Хафиз Әбул-Ғани хабарлап, осы ақпаратты ары қарай да жеткізуге рұқсат берді, бізге Әбу Тахир Әс-Силәфи хабарлады, бізге Әбу Мухаммад Әбдур-Рахман ибн Хамд Әд-Дуни хабарлады: «Мен Әбул-Хасан Әли ибн Мухаммад Әл-Әсабазиден естідім, бізге Әли ибн Әл-Хусейн ибн Әли хабарлады, бізге Әбу Мәнсур Яхья ибн Ахмад Әл-Мәруәзи хабарлады: «Мен Әбу Тахир Мухаммад ибн Әл-Хусайн ибн Мәймунның былай дегенін естідім: «Мен Әбу Муса Харун ибн Мусаның былай дегенін естідім: «Әбу Хатим Мухаммад ибн Идрис былай деді: «Мен Қабисаттың былай дегенін естідім: «Мен түсімде Суфьян Әс-Сауриді көрдім де, оған: «Алла саған не істеді?» – дедім. Ол былай жауап берді: «Мен Раббымды өз көзіммен көрдім. Ол маған былай деді: «Менің разылығым сенің игілігіңе болсын, уа, ибн Саид. Расында, сен түнек басқанда құлшылық жасау үшін жиітұратынсың және көзің жасқа толып жылайтынсың,сүюші жүректің иесі едің. Қалаған сарайыңды таңда және Мені зиярат етіп тұр, өйткені, шын мәнінде, Мен сенен алыс емеспін»[13].

Оның «Мен Раббымды өз көзіммен көрдім» деген сөзі «Пердесіз және елшісіз тікелей көрдім» деген мағынаны білдіреді. «Түнек басқанда» деп қараңғылық айтылып тұр. Ал, «сүюші» деген сөзді былай түсіну қажет: «Алланы адал махаббатпен сүюші». Араб тілі саласының ғалымдары: «Ғашықтыққа толы жүрек», - деген». 
 

[1] «Сахих Әл-Бұхари» (6491), «Сахих Муслим» (131) Абдуллаһ ибн Аббастан, Алла оған разы болсын.

[2] Мәселен, әскермен бірге жүретін жолаушылар.

[3] Яғни, Қиямет Күні олар ниеттеріне сәйкес жауапқа тартылады және соған сәйкес оларға сый немесе жаза беріледі.

[4] «Сахих Әл-Бұхари» (2118).

[5] «Сахих Әл-Бұхари» (2783), «Сахих Муслим» (1353).

[6] Яғни, сауабы Мекке көпқұдайшылдардың қолында болған кезеңде жасалған һиджраға берілетін сауапқа тең болатын һижра жайында айтылған.

[7] Имам Ән-Нәуәуи, Алла оны рақымына бөлесін, өзінің «Сахих Муслимге» жазған түсіндірмесінде осы пікірді ең дұрыс деп тапқан.

[8] Яғни, ол садақаны соған кеткен шығыным өтеледі деген шартсыз-ақ берген.

[9] «Табақат ибн Са’д» (8/226).

[10] «Тахзиб әл-әсма уа әл-лүғат» (1/178).

[11] «Әл-Джәмиу ли ахләқи әр-рауи уа адаби әс-сами» (20).

[12] «Хульят әл-әулия» (8/103).

[13] «Ихья улюм әд-дин» (9/518).
 


Ин ша Алла, жалғасы бар...


__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:понедельник
Новый урок:четверг
Список уроков