Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 12 бөлім: Ниеттің ықпалын және оның айғақтарын салиқалы жандардың түсіндіруі, 2 бөлім

1 811
7 марта, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 11 бөлім: Ниеттің ықпалын және оның айғақтарын салиқалы жандардың түсіндіруі, 1 бөлім

Жүрек пен тілдің кешірім тілеуі (истиғфар)

Бізге шейхымыз, имам Әл-Хафиз Әбул-Бака, Алла оны рақымына бөлесін, хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад Әбдул-Әзиз ибн Маали хабарлаған, бізге Әл-Қази Әбу Бәкір Мухаммад ибн Әбдул-Баки Әл-Аңсари хабарлаған, бізге имам Әл-ХафизӘбу Бәкір Әл-Хатиб баяндаған, бізге Әбул-Фәтх Мухаммад ибн Ахмад ибн Әбул-Фәрис хабарлаған, бізге Мухаммад ибн Ахмад Әл-Уаррақ хабарлаған: «Мен Абдуллаһ ибн Сахл Әр-Разидің былай дегенін естідім: «Мен Яхья ибн МуазӘр-Разидің, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Қаншама адамдар күнәларының кешірілуін сұрайды, бірақ, олар Аллаға жиіркенішті, ал, қаншама үнсіз жандарға Алла рақымын төкті! Себебі, біріншілері пасық жүректерімен Алладан күнәларының кешірілуін сұрады, екіншілері Алланы зікір етуші жүрекпен үнсіздікте болды»[1].

Әл-Хатибке дейінгі жеткізушілер тізбегімен (иснад) оның былай дегені риуаят етілген: «Бізге Әбул-Хасан Әл-Уаиз баяндады: «Мен Әбу Абдуллаһ Ахмад ибн АттаӘр-Рузбаридің, Алла оны рақымына бөлесін, былай дегенін естідім: «Ілім үшін ілім іздеп шыққан адамға ол ілім ешқандай пайда әкелмейді. Ілімді соған сәйкес амал жасау мақсатында іздеген адамға оның тіпті болмашы бөлігі де пайда береді»[2].

Тағы осы жеткізушілер тізбегі (иснад) арқылы Әбу Абдуллаһ ибн Атаның былай дегені риуаят етілген: «Ілім соған сәйкес амал жасауға байланысты, амал ықыласқа байланысты, ал, Аллаға деген шын ықылас Аса Құдіретті әрі Ұлы Раббымыз беретін зеректікті тудырады»[3]. Бұл жерде ізделінетін, пайдалы білім туралы айтылып тұр. Имамымыз Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, айтқандай: «Білім – жатталған нәрсе емес, пайда әкелетін нәрсе»[4].

Жүрек тазалығы – Пейішке апарар ең абзал жол

Бізге шейхымыз Әбуль-Бака хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад хабарлаған, бізге Әбу Бәкір хабарлаған, бізге Әл-Хатиб хабарлаған, бізге Әли ибн Махмуд Әс-Суфи хабарлаған, бізге Әбдул-Уаххаб ибн Әл-Хасан Әл-Киләби хабарлаған, бізге Саид ибн Әбдул-ӘзизӘл-Халәби баяндаған: «Мен ҚасимӘл-Джуидің, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Діннің негізі – діндарлық, құлшылықтың ең жақсысы – түнде жасалған құлшылық, ал, Жәннатқа жетелейтін жолдардың ең жақсысы – жүректің тазалығы»[5].

Имам, Әл-Хафиз Әбу Саид Әс-Сам’ани былай деген: «Қасим Әл-Джуинеше түрлі кереметтер көрсететін. Ол ұзақ уақыт бойы аш жүруді әдетке айналдырған болар»[6].

Ісіміздің төрт негізі жөнінде

Бізге шейхымыз Әбул-Бака хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад хабарлаған, бізге Әбу Бәкір хабарлаған, бізге Әл-Хатиб хабарлаған, бізге Ахмад ибн Әл-Хусайнибн Әс-Саммак хабарлаған: «Мен Әбу Бәкір Әд-Дукийдің былай дегенін естідім: «Мен Әбу Бәкір Әз-Заккактың, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Біздің ісіміз төрт негізден тұрғызылған: біз қарнымыз әбден ашқанда ғана тамақтанамыз; әл-дәрменіміз әбден таусылғанда ғана ұйықтаймыз; қорыққандықтан ғана үндемейміз; кеудемізді кернеген махаббат пен толғаныстың әсерінен ғана сөйлейміз»[7].

Әд-Дукийұлы сопылардың, таным мен керемет иелерінің бірі болатын.  Ол 360 жылы джумад әл-улә айында Дамшықта қайтыс болды. Әз-Заккакқа келер болсақ, Әс-Саманибылай деген: «Ол ең ұлысопылардың, айқын кереметтер мен таным иелерінің бірі болатын»[8]».

Әз-Заккакқа дейінгі осы жеткізушілер тізбегі арқылы оның былай дегені риуаят етілген: «Фуқарадан басқа әрбір адам өзінің ататегіне жатқызылады[9]. Шындығында, олар (фуқара) аса Құдіретті әрі Ұлы Алламен байланыстырылады. Олардан басқа кез келген жанның бекзаттығы мен шежіресі аяқталады. Себебі, расында, олардың шежіресі – шыншылдық, ал, бекзаттығы – кедейлік»[10].
 
Амалдарды шын жүрекпен тек Алла үшін ғана жасау

Бізге имам Әш-Шәфиғиден, Алла оған разы болсын, Әл-Бәйхақи, Алла оны рақымына бөлесін, арқылы оның жеткізушілер тізбегімен (иснад) Юнус ибн Әбдул-Әлийдің былай дегені жеткізілді: «Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, маған былай деді: «Уа, Әбу Муса, сен барлық адамдарды разы ету (көңілін табу) үшін бар күш-жігеріңді жұмсасаң да, бұл қолыңнан келмейді. Сол себепті, Аса Құдіретті әрі Ұлы Алланың алдында амалың мен ниетің адал болсын»[11].

Бізге шейхымыз Әбул-Бака хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад хабарлаған, бізге Әбу Бәкір хабарлаған, бізге әл-Хатиб хабарлаған, бізге Ахмад ибн Әл-Хусайн Әл-Уаиз хабарлаған: «Мен Әбу Бәкір Әт-Тарасусидің былай дегенін естідім: «Мен Ибраһим ибн Шәйбанның былай дегенін естідім: «Мен Әбу Абдуллаһ Әл-Мағрибидің былай дегенін естідім:«Шыншылдығы жоқ сопыдан қара жұмысшы артық».
 
Хаммад ибн Сәләмнің әміршіге деген шынайылығы (нусх) жөніндегі хикая

Муқатил ибн Салих Әл-Хурасаниден көптеген жеткізушілер тізбектері (иснад) арқылы оның былай дегені риуаят етілген: «Мен Хаммад ибн Саламаттың, Алла оған разы болсын, алдына кірдім. Бөлмеде тек қана оның отыратынқамысы,оқып отырған Құраны (мусхаф), ғылыммен айналысуына көмекші болған жол сөмкесі (джираб) және дәрет алған ыдысы (митхара) бар екен. Мен оның алдында отырған кезде есікті біреу қағып еді, ол: «Қызым, шығып, қарашы, кім екен!», - деді. Әлгі қыз: «Ол - Мухаммад ибн Сулайманның жіберген шабарманы», - деп жауап берді. Хаммад оған: «Оған айт, жалғыз өзі кірсін», - деді. Ер кісі кірді де, бәрімізге сәлем беріп, Хаммадтың қолына бір хатты ұстатты да: «Оқып шық», - деді.

Хатта былай жазылған екен: «Бұл дүниеде күллі адамзатқа Мейірімді, ақыретте иман келтіргендерге ғана Рақымды Алланың атымен. Мухаммад ибн Сулайманнан Хаммад ибн Саламатқа. Өзіне жақын құлдарына (әулие) және Оған құлшылық жасауға бар жан-тәндерімен берілген пенделеріне сәлем бергеніндей, саған да Алланың сәлемі болсын. Бізде бір сұрақ туындап тұр…Бізге келіп-кет, соның жауабынөзіңнің аузыңнан естиік».

Хаммад: «Қызым, сия салынған құтыны бері әкелші!» - деді. Содан соң ол маған былай деді: «Хаттың екінші жағына жаз: «Өзіне жақын құлдарына (әулие) және Оған құлшылық жасауға бар жан-тәндерімен берілген жандарға сәлем бергеніндей, саған да Алланың сәлемі болсын. Біреудің сұрағына жауап беру үшін оның алдына өзі бармайтын ғұламалар әлі де тірі. Сұрағың болса, оны мұнда өзің келіп сұра. Осы мақсатпен бізді зиярат етуге бел бусаң, қасыңа ешкімді ертпей жалғыз кел. Әйтпесе, мен саған да, өзіме де адалдық танытпаймын. Алланың сәлемі болсын».
Бірде оның қасында отырғанымда есікті біреу қақты. Хаммад: «Қызым,шығып қарашы, кім екен», - деді. Әлгі қыз: «Мухаммад ибн Сулайман», – деп еді, ол: «Оған айт, жалғыз кірсін», - деді. Мухаммад ибн Сулайман кіріп, бізге сәлем берді де: «Саған қараған сәтте тұла бойымды неге қорқыныш билейді?» - деп сұрады.

Хаммад былай деді: «Мен Сабиттің (мұнда Әл-Бунани туралы айтылып тұр) былай дегенін естідім: «Мен Әнәс ибн Мәліктің, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Мен Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін естідім: «Егер ғұлама өзінің ілімі арқылы Алланың разылығын қаласа, барлығы оның алдында тебіреністе болып, құрмет танытады. Ал, егер ол білімі арқылы байлық жинауды көздесе, көрінген нәрседен қорқатын болады»[12].

Мухаммад ибн Сулайман былай деді: «Бір ер кісінің екі баласы бар, ол бір баласына қарағанда екінші баласына көбірек разы, сондықтан да, көзі тірісінде-ақ сол баласына мал-мүлігінің үштен екі бөлігін қалдырғысы келеді, бұған не дейсің, Алланың саған рақымы болсын?». Хаммад былай деп жауап берді: «Алланың саған рақымы болсын, расында, мен Сабит Әл-Бунанидің былай дегенін естідім: «Мен Әнәс ибн Мәліктің былай дегенін естідім: «Мен Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін естідім: «Ақиқатында, Аса Құдіретті әрі Ұлы Алла құлын оның өз дүние-мүлігімен жазалағысы келсе, Ол оның өлер алдында әділетсіз өсиет қалдыруына жағдай жасайды»[13].

Мухаммад ибн Сулайман одан: «Әлдеқандай мұқтаждығың бар ма?»– деп сұрады. Хаммад: «Дінге кесапаты жоқ болса, бер», - деп жауап қатты.Мухаммад ибн Сулайман былай деді: «Қырық мың дирхамды ал да, өзіңнің қажеттіліктеріңді өте». Сонда Хаммад оған: «Мен ол ақшаны сен әділетсіздікпен ақшаларын тартып алған адамдарға қайтарып беремін», - деді. Мухаммад оған: «Алланың атымен ант етейін, мен саған тек өзіме мұрагерліктен тиген ақшаны ғана бергелі отырмын», - деді. Хаммад оған: «Мен оған мұқтаж емеспін, мұның көзін құрт, Алла сенің күнәларыңды кешірсін», - деп жауап қатты. Сонда Мухаммад одан: «Басқа бірдеңе аласың ба?» –деп сұрады. Хаммад: «Дінге кесапаты жоқ болса, бер», - деді. Мухаммад: «Ал да, тарат», - деді. Оған Хаммад былай деп қарсылық білдірді: «Мен ақшаны үлестіріп беруде әділ болсам да, менен ақша алмаған біреу: «Шынында, ол ақшаны үлестіруде әділ болмады», – деп, күнәға батады. Мұны маған көрсетпе, Алла сені кешірсін»[14].

Мен былай дедім: «Бұл неткен керемет хикая. Онда қаншама пайда бар, қаншама бағалы дүние тұжырымдалған және қаншама маңызды қағидаларға нұсқау бар!».
 
Хаммад ибн Саламат көз жұмғаннан кейін оны біреудің түсінде көруі

Бізге шейхымыз Әл-Хафиз Әбул-Бакамен одан білім алып жүрген кезде хабарлады, бізге Әл-Хафиз Әбдул-Ғаний хабарлап, осы ақпаратты өзгелерге жеткізуге рұқсат берген, бізге Мухаммад ибн Әбдул-Бакий хабарлаған, бізге Әбул-Хасан Әли ибн Мухаммад ибн Әл-Хатиб хабарлаған, бізге Әбул-Хусайн Әли ибн Мухаммад ибн Бишран хабарлаған, бізге Әл-Хусайн ибн Сафуан хабарлаған, бізге Абдуллаһ ибн Мухаммад баяндаған, маған Әбу Абдуллаһ Әт-Тәмими өзінің әкесінен баяндап берді: «Мен түсімде Хаммад ибн Саламатты көрдім де, одан: «Раббымыз саған не істеді?» –деп сұрадым. Ол:  «Игілік», - деп жауап берді. Сонда мен: «Нақты не?» –деп сұрап едім, ол былай деп жауап берді: «Раббым маған былай деді: «Сен ұзақ уақыт бойы күш-жігеріңді сарп еттің, бүгін Мен сенің және Мен үшін өздерін қажытқандардың демалысын ұзартамын.  Менің оларға дайындаған сыйым қандай тамаша![15]».

 
[1] «Әз-Зухдуа әр-ракаик» (23); «Сафуатәс-сафуа» (4/63).

[2] «ТарихӘл-Бағдад» (5/97).

[3] «ТарихӘл-Бағдад» (95/98).

[4] «Әл-Мадхал иләәс-сунанәл-кубра» (516), «Хульят әл-әулия» (9/123).

[5] «Сыфат әл-сафуа» (3/160).

[6] «Әл-Ансаб» (2/123).

[7] «ТарихӘл-Бағдад» (2/319).

[8] «Әл-Ансаб» (3/160).

[9] Фуқара – өздерінің Аллаға мұқтаждықтарын ұғынған және Оған талпынушы адамдар.

[10] «ТарихӘл-Бағдад» (2/319).

[11] «МәнәкибӘш-Шәфиғи» (2/173).

[12] «Әл-Фирдаус» (4201).

[13] «Әл-Фирдаус» (944).

[14] «ТарихДимашк» (953/133), «Сифатәс-сафуа» (3/213).

[15] «Сифатәс-сафуа» (3/213)

 
 
Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:понедельник
Новый урок:четверг
Список уроков