Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 13 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 1 бөлім

1 803
10 марта, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 12 бөлім: Ниеттің ықпалын және оның айғақтарын салиқалы жандардың түсіндіруі, 2 бөлім

Исламның негізін құрайтын үш сипат

«Сахих» Әл-Бұхариде, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген: «Әммәр, Алла оған разы болсын, былай деген: «Үш қасиетке ие адамның Иманы толық болады. Олар мына қасиеттер: шын көңілден шығатын әділдік, адамдарға берекелі сәлем беру және өзіңнің кедей болғаныңа қарамастан, дүние-мүлігіңді жұмсау»[1].

Мен былай дедім: «Әммәр, Алла оған разы болсын, өзінің осы сөздерінде осы және келесі дүниенің игілігін жинақтаған. Исламның арқауы – осы үш қасиетте. Себебі, кім Алланың және жаратылыстардың алдындағы міндеттерінде өз-өзіне әділ болса, сондай-ақ, өзінің жан-дүниесіне әділ болып, оған шынайылық танытып, оны қорғаса, ол Аллаға бойұсынудың шегіне жетті».

Оның «адамдарға берекелі сәлем беру» деген сөзінде барлық адамдар меңзелген. Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сөзінде ол жайында былай айтылған: «Исламның ең жақсы көрінісі – адамдарды тамақтандыру және танысаң да, танымасаң да жолыққан адамдарға сәлем беру»[2].

Бұл өнегелі мінез-құлықтың белгілеріне жатады және өшпенділіктің, жеккөрініштің, адамдарды жақтырмаудың және өзіңді олардан жоғары қоюдың жоқтығын білдіреді.

«Өзіңнің кедей болғаныңа қарамастан, дүние-мүлігіңді жұмсау» сөзіне келер болсақ, бұл жомарттықтың шегі болып табылады. Алла Құранда бұл қасиетті мақтайды: «Сондай-ақ оларда тапшылық болса да, (мүһәжірлерді) өздерінен жоғары қояды»[3]. Бұл сөз жалпы мағына береді, сондықтан, Алланың алдында бойұсынғаныңды білдіру мақсатында отбасыңа, қонақтарға, сұраған адамға және тағы да басқаға мүлігіңнен шығындану да осыған жатады. Өйткені, мүлігіңді олай жұмсау Жаратушы Иемізге тәуекел еткеніңнің, Оның мейірімінің кеңдігіне арқа сүйегеніңнің және ризықпен қамтамасыз етуді Оның Өз мойнына алғанына сенгеніңнің көрінісі емес пе? Сонымен қатар, бұл сөздер дүниеуиден баз кешуге, дүнияуи істерге немқұрайлы қарауға (алаңдамауға), бір-біріңнің алдында тәкаппар болудан бас тартуға және бұл өмірдегі ризықтың артуына нұсқайды. Жоғарыда айтылып кеткен сөздермен көрсетпей кеткен басқа да игіліктерді қамтиды. Алайда, оқырмандарды жалықтырып жібермес үшін бұл кітапта осымен тоқтауды жөн көрдім.

Имам Әл-Бағауидің «Шарх әс-сунна» кітабында Әммардан, Алла оған разы болсын, Пайғамбардан, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, риуаят етілген. Ал, ең дұрысы Аллаға мәлім[4].
 
Білім алуда ыждаһатты болуға итермелеу

Имам Муслимнің, Алла оны рақымына бөлесін, «Сахихінде» Яхья ибн Яхьяның былай дегені риуаят етілген: «Бізге Абдуллаһ ибн Яхья ибн Әбу Кәсир хабарлады: «Мен әкемнің былай дегенін естідім: «Дене тыныққанда білім алынбайды (өз-өзінен келмейді)»[5].

Имам Әл-Бұхаридің, Алла оны рақымына бөлесін, «Сахихінде» Рабианың(имам Мәлік ибн Әнәстың, Алла ол екеуіне де разы болсын, шейхы) былай дегені жеткізілген: «Қандай да бір ілімі бар адамның өз-өзін зая кетірмегені дұрыс»[6].
 
«Қандай да бір ілімі бар адамның өз-өзін зая кетірмегені дұрыс» сөзінің мағынасы

Рабианың бұл айтқан сөзінің мағынасы жөнінде екі түрлі пікір бар. Мен «Сахих» Әл-Бұхариге» жазған түсіндірмемде (шарх) соларды толығырақ түсіндіріп кеттім, ал, бұл жерде соның екеуі де қысқартылған түрде келтіріледі.

Бірінші пікір мынадай: ғылымға қабілеті бар, ілімнің белгілі бір бөлігін алып қойған және ғылымда дарыны байқалған адамның ілім іздеуін тоқтатып, өз-өзін босқа құртпау үшін ілім алуды ары қарай жалғастыруда ынта танытқаны абзал.

Екінші пікір болса, мынадай: білім алған адам ілім адамдарға жеткізілуі үшін және адамдардың да, өзінің де содан пайда алуы үшін Алла Тағаланың разылығына ұмтылып, алған ілімін адамдардың арасында таратуда барын салып еңбек еткені жөн. Ол ілім таратуда өзінен білім алатын адамдарға жұмсақ болып, білім алудың жолдарын жеңілдеткені жөн. Бұл ілімді жеткізуде мейлінше шынайылық танытуға[7] қол жеткізу үшін қажет, себебі, «расында, Дін дегеніміз – шынайылық таныту».

Имам Әш-Шәфиғидің мәзһабындағы ғұламалардың, Алла олардың баршасын рақымына бөлесін, арасында бірінші пікірде сипатталған қасиет иелеріне қатысты келіспеушілік бар: «Ондай адамдарға ілім алуды аяқтау міндетті бола ма және ары қарай оқуды тастап кетуге тыйым салына ма? Әлде бұл жерде ұжымдық міндет (фард-кифәя) туралы айтылып тұр ма, яғни, ілім алумен басқа адам айналысып жүрген болса, әрбір адамға оқымай қалуға рұқсат етіле ме?». Ғұламалардың көпшілігі екінші пікірдің[8] дұрыс екенін айтқан. Ал, ең дұрысы Аллаға мәлім.

Ұялшақ білім алмайды

Омар ибн Әл-Хаттаб пен оның ұлы Абдуллаһтан, Алла ол екеуіне де разы болсын, риуаят етілген: «Кімнің жүзі биязы (нәзік) болса, соның білімі де таяз». Бұл дегеніміз, оқуда ұялшақ болған адамның ілімі аз болады.

Әл-Бұхаридің, Алла оны рақымына бөлесін, «Сахихінде» Муджахидтің, Алла оны рақымына бөлесін, былай дегені риуаят етілген: «Ұялшақ пен тәкаппар адам білімге қол жеткізбейді»[9].

«Сахих Муслимде» және өзге де кітаптарда Аишадан, Алла оған разы болсын, риуаят етілген: «Тамаша әйелдер – аңсарлардың әйелдері[10]! Оларға Дін ілімін алуға ұялшақтығы бөгет болған емес»[11].

Жастық шақта ілім алудың маңыздылығы жайында

Әл-Бұхаридің, Алла оны рақымына бөлесін, «Сахихінде» Омардың, Алла оған разы болсын, былай дегені риуаят етілген: «Сендерді бірдеңеге басшы етіп қоймай тұрғанда Дін ілімін алыңдар»[12].

Бұл дегеніміз: «Ілімдеріңді жетілдіруге талпыныңдар, қандай да бір кәсіпке (іске), басшылыққа қол жеткізбей (істің жетекшісі болмай) тұрғанда және мосқал жасқа жетпей тұрғанда,жастық шақта ілім алуда ынта танытыңдар. Расында, сендер жастарың ұлғайып, өзгелер артынан еретін сыйлы адам болғанда әр түрлі себептермен ілім алудан тыйыласыңдар. Ондай себептердің ішінде шаруаның көптігі, үлкен жасқа және басым дәрежеге жетудің салдарынан өзіңнің абыройыңның жоғарылығын сезіну, еріншектік және т.б. бар.

Бұл имам Әш-Шәфиғидің, Алла оған разы болсын, айтқан сөзіне ұқсайды: «Біреуге басшылық етпей тұрғанда Дін ілімін ал, басшылық еткенде ілім алуға ешқандай жол қалмайды»[13].

Ілім Алланың алдында қорқыныш тудырады

Бізге шейхымыз Әбул-Бәқа хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад хабарлаған, бізге  Әбу Бәкір хабарлаған, бізге Әл-Хатиб хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад Әл-Әсбахани хабарлаған, бізге Джәфәр Әл-Хулди баяндаған, ол былай деген: «Мен Әл-Джунайд Әл-Бағдадидің, Алла оны рақымына бөлесін, былай  дегенін естідім: «Мен Сари Әс-Сактидің, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Мені бәрі танитын жерде өлгім келмейді, жер мені қабылдамай, масқарам шыға ма деп қорқамын»[14].

Осы жеткізушілер тізбегі (иснад) арқылы Әл-Джунайдтың былай дегені   риуаят етілген: «Мен Сари Әс-Сактидің былай дегенін естідім: «Шын мәнінде, мен жүзім қарайып кетпеді ме екен деген қорқынышпен мұрныма күніне екі рет қараймын»[15].
 
Нығметтердің ең жақсысы – ақыл

Дәл осы жеткізушілер тізбегі (иснад) арқылы оның былай дегені риуаят  етілген: «Бізге Әли ибн Әл-Қасим, Әбул-Хусайн ибн Арджактың былай дегенін естігендігін баяндаған: «Нығметтердің ең жақсысы – ақыл, бәлекеттердің ең жаманы – надандық»[16].
 
Рахаттанудан және алаңсыз өмір сүруден бастарту – Жәннат мекендеушілерінің жолы

Осы жеткізушілер тізбегі (иснад) арқылы Әл-Хатибке дейін оның былай дегені риуаят етілген: «Бізге Әбдул-Әзиз хабарлаған, бізге Мухаммад оның  былай дегенін баяндаған: «Мен Бишр ибн Әл-Харистің шәкірті Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Абдуллаһтың былай дегенін естідім: «Мен Бишр ибн Әл Харистің, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Олар рахаттанып ас  ішкен емес және мәз болып киінген емес (тамақ пен киімді жүрекке кіргізген емес)»[17]. Сондай-ақ, ол былай  деген: «Бұл – Жәннатты мекендеушілердің, пайғамбарлардың, салиқалы жандардың және солардың соңынан ергендердің жолы. Ал, мәселе басқада деп ойлайтын адамның маңдайына сор біткен»[18].



[1] «СахихӘл-Бұхари», Иман жайлы тарау (1/15).

[2] Әл-Бұхари  (12) мен Муслимнің (39) «Сахихтеріндегі» Абдуллаһ ибн Әмрден, Алла оған разы болсын, риуаят етілген хадис.

[3] «Әл-Хашр» сүресі, 9-аят.

[4] «Шархәс-сунна» кітабын (7/190) қараңыз. Имам Ән-Нәуәуидің бұл жерде айтпақ болғаны, имам Әл-Бұхари, Алла оны рақымына бөлесін, хадистің жеткізушілер тізбегін (иснад) Пайғамбарға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, дейін жеткізбеген, сахаба Әммәрда, Алла оған разы болсын, тоқтатқан. Имам Әл-Бағауиге, Алла оны рақымына бөлесін, келер болсақ, ол жеткізушілер тізбегін (иснад) Пайғамбарға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, дейін жеткізген. Жеткізушілер тізбегі (иснад) сахабада үзіліп қалған хадис «мәуқуф» деп аталады, жеткізушілер тізбегі (иснад) Пайғамбарға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, дейін жеткізілген хадис «мәрфуғ» деп аталады.

[5] «Сахих Муслим» (175/612).

[6] «СахихӘл-Бұхари», «Ілім кітабы» тарауы (27/1).

[7] Бұл жерде насихат туралы айтылып тұр.

[8] Бұл ұжымдық міндет дегенпікір.

[9] «СахихӘл-Бұхари», «Ілім кітабы» (1/38).

[10] Аңсарлар – Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Исламға үндеуіне жауап берген және оған барлық жағынан қол ұшын берген Мәдина тұрғындары.

[11] «СахихӘл-Бұхари» (1/37) мен «Сахих Муслим» (61/332).

[12] «СахихӘл-Бұхари» (1/25).

[13] «Әл-Мадхал иләәс-сунанәл-кубра» (375), «Әл-Мәджму» (1/65).

[14] «Сифатәс-сафуат» (2/227).

[15] «Сифатәс-сафуат» (2/227).

[16] «Әз-Зухдуа әр-ракаик», 88-бет. Осы кітапта келтірілетін жеткізу тізбегінде «ибн Арджактың» орнына «ибн Канджак» делінген.

[17] Яғни, олар оған аса мән бермеген.

[18] «Әз-Зухдуа әр-ракаик», 109-бет. Ол жерде соңында: «…мақұрым қалған» делінген.
 

Ин ша Алла, жалғасы бар...


__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков