Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 15 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 3 бөлім

1 863
17 марта, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 14 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 2 бөлім

Ол тек өлгеннен кейін ғана күлді

Әл-Харис Әл-Ғанауи былай деген: «Раби ибн Хираш Келесі өмірдегі (ақыреттегі) тағдырының не болатынын білмейінше, күлмеуге серт берді. Сол себепті, ол көз жұмғаннан кейін ғана күлімсіреді». Одан кейін оның бауыры Риби[1] жан тапсырғаннан кейін өзінің Жұмақта не Тозақта болатынын білмейінше күлмеуге ант ішті. Әл-Харис былай деген: «Өлгеннен кейін оның мәйітін жуған адам мынаны баяндап берді: «Біз оны жуып жатқанда ол төсегінде күлімсіреп жатты. Біз оны толық жуып (ғұсыл) аяқтамайынша жымиюмен болды».

Ахмад ибн Абдуллаһтан оның былай дегені риуаят етілген: «Куфа тұрғындарының қатарына жататын қарилар Әл-Хакам ибн Утайбтың үйінде бас қосты да, Куфаның ең үздік қариі Талхат ибн Мусарраф деген бірауызды ұйғарымға келді. Бұл хабар Талхат ибн Мусаррафтың құлағына жеткенде ол сол атақтан құтылу үшін таңертегісін Әл-Ә’мәштан білім алуға бет алды»[2].
 
Сайид Убәй ибн Каабтың, Алла оған разы болсын, насихаты

Имам Әш-Шәфиғиден, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген: «Убәй ибн Каабқа, Алла оған разы болсын, біреу былай деген: «Уа, Әбул-Мунзир, маған бір насихат айтшы». Сонда ол былай деген: «Діндес бауырларыңмен олардың тақуалығына сәйкес бауырластық қарым-қатынас орнат; тыңдамайтын құлаққа айтып, тіліңді қор қылма[3]; тірі адамға қызығып қарама, марқұм болған жандардың сен қызығатын қыры (иманы, артта қалдырған игі амалдары, бұл фәнидің азғырып-арбауынан құтылғаны және т.б.– аудармашының ескертпесі) сол (тірі) адамда болмаса»[4].
 
Жақын бола тұрып, алыстайтындар қаншама, алыста тұрып жақын болатындар қаншама

Әш-Шәфиғиден, Алла оны рақым бөлесін, хабарланады: «Фудайл ибн ‘Иәд, Алла оған разы болсын, былай деген: «Қағбаны айналып жеті рет тәуаф жасайтындар қаншама, ал, біреулер одан (Қағбадан) алыс болса да, олардан (әлгі тәуаф жасағандардан) да артық сауап алады»[5].
 
Дәуіт пайғамбардың, оған Алланың сәлемі болсын, дұғасы және Алланың жауабы

Имам Әш-Шәфиғи арқылы Фудайлдан хабарланады: «Дәуіт пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Я, Раббым, мен дүние салғаннан кейін маған қандай болсаң, ұлым Сүлейменге де сондай болшы». Содан кейін Алла Тағала оған мынадай уахи түсірді: «Уа, Дәуіт, ұлың Сүлейменге айт, Мен саған қандай қарым-қатынаста болсам, оған да сондай болуым үшін ол да Маған сен сияқты қарым-қатынаста болсын»[6].

Әш-Шәфиғиден хабарланады: «Хишәм ибн Абдул-Мәлік бір ер кісіге былай деген: «Маған мұқтаждықтарыңды айт». Әлгі адам былай жауап берген: «Мен мұқтаждықтарымды Жомарт әрі Кеңпейілді Раббыма айттым»[7].
 
Жоғалтқан затыңды табу үшін оқылатын дұға

Ұстаз Әбул-Қасим Әл-Кушайридің, Алла оны рақымына бөлесін, «Рисаләт» кітабында «Аллаға жақын адамдардың (әулиелердің) кереметтері жайлы» тарауында былай риуаят етілген: «Джәфәр Әл-Хулдидің асыл тасы болғандығы баяндалған. Бірде сол тас Тигр өзеніне түсіп кеткен. Сонда Джәфәр жоғалған затты табуға арналған өзі білетін, оған дейін сыналған дұғаны айтып, Алладан сұраған. Содан кейін ол асыл тасты өзі ақтарып отырған парақтардың арасынан тапқан». Әл-Кушайри былай деген: «Мен Әбу Хатим Әс-Сиджистанидің былай дегенін естідім: «Мен Әбу Нәср Әс-Саррадждың былай дегенін естідім: «Шын мәнінде, ол мына дұға болатын: «Уа, ешқандай күмән тудырмайтын күнде адамзат атаулыны бір жерге Жиюшы Раббым, мені жоғалған нәрсеммен қайта қауыштыр!».

Мен былай дедім: «Расында, мен осы дұғаны оқыдым және пайдалы деп таптым. Ол көп жағдайда жоғалтқан нәрсеңді тез табуға себепші болады және нәтижесіз қалмайды. Мен шейхымыз Әбул-Бәқаның да осы сөздерді айтқанын естідім, бастапқыда маған оны сол үйреткен-тін»[8].
 
Джәфәрды, Алла оны рақымына бөлесін, «Әл-Хулди» деген лақап атпен атаудың себебі

Имам Әл-Хафиз Әбу Са’д Әс-Сам’ани былай деген: «Джәфәр ибн Мухаммад ибн Нусайр Әл-Хулди Әл-Хауасс Әбу Мухаммадқа келер болсақ, ол тасаууфтың шейхтарының бірі болып табылады және оның айқын кереметтері болған. Оны «Әл-Хулди» деп атаған себебі, бірде ол Әл-Джунайдпен бірге отырғанда Әл-Джунайдқа біреу сұрақ қойған. Сонда Әл-Джунайд оған: «Жауап берші», - деген.  Джәфәр жауап берген. Джунайд одан: «Уа, Хулди! Бұл жауаптарды қайдан алдың?» - деп сұраған. Осылайша, ол «Әл-Хулди» деп аталып кеткен. Ол 348 жылы көз жұмды. Әд-Даруқутни, Әбу Хафс ибн Шахин және тағы басқалар одан хадис риуаят еткен. Ол сенімге лайықты болған[9] және Әл-Харис ибн Әбу Усәмәдан және басқалардан хадис риуаят еткен»[10].
 
Шайтан Әл-Мутақади

Ахмад ибн Әбул-Хауари «Әз-Зуһд» кітабында былай деген: «Мен бір ғұламадан бір сөз естідім, қаталеспесем, ол Әбу Сулайман, Алла оған разы болсын, болатын: «Іблістің «Әл-Мутақади» атты шайтаны бар. Ол адамнан жиырма жылдан кейін оның жасырын жасаған ізгі амалын біреуге айтып беріп, жария етуін талап етеді, сол арқылы одан жасырын және айқын ізгі амалдың арасында болатын айырмашылықты[11] тартып алмақ болады»[12].
 
Әз-Зухри сендерді несімен басып озды?

Ибраһим ибн Саадтан оның былай дегені риуаят етілген: «Мен әкем Саад ибн Ибраһимнен: «Әз-Зухри сендерді несімен басып озды?» –деп сұрадым. Ол былай деп жауап берді: «Ол бізді ғұламалардың жиналыстарында артқы емес, алдыңғы қатарларда отырғандығымен[13], сөйтіп, сол жерде бірде-бір жасөспірімді, ересек адамды немесе бозбаланы сұрақ қоймай жібермейтіндігімен басып озды. Содан соң ол Мәдинаның тұрғындарының бірінің үйіне баратын да, ол жерде ол сұрақ қоймаған бірде-бір жасөспірім, ересек адам, бозбала, қария әйел, үлкен әйел қалмайтын. Ол тіпті керек десеңіз, әсемделген бөлмелерде отыратын әйелдерден де сұрауға тырысатын»[14].
 
Әзіреті Омардың, Алла оған разы болсын, сән-салтанатқа толы өмірден аулақ болуға итермелейтін хаты

Киімнің, ас-судың және сол сияқты нәрселердің әсемдігін ойлап, бәйек қағудан бас тартуға түрткі болатын ең абзал сөз – біздің Әбу Әуәнә Әл-Исфәрайиниге дейінгі жеткізушілер тізбегіміз (иснад) арқылы мүміндердің әміршісі Омар ибн Әл-Хаттабтан, Алла оған разы болсын, риуаят еткен сөзіміз болып табылады: «Бізге Әбу Хумайд Әл-Миссиси баяндады, бізге Хаджәдж баяндады, ол былай деді: «Мен Шубаның Қатададан баяндағанын естідім, ол былай деді: «Мен Әбу Усман Ән-Нәхдидің, Алла оны рақымына бөлесін, былай дегенін естідім: «Утбәт ибн Фарқадпен бірге Әзірбайжанда болған кезімізде бізге Омар ибн Әл-Хаттабтан хат келді, онда былай деп жазылған екен: «Изар[15] киіңдер және плащқа ораныңдар, сандал киіңдер және кебіс пен шалбарларыңды тастаңдар. Әкелерің Исмаилдың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, киіну тәсілін ұстаныңдар, сән-салтанатқа толы өмірден және араб емес халықтардың киімдерінен аулақ болыңдар. Күннің тарапында болыңдар[16], себебі, расында, бұл – арабтардың шомылатын орны, Мәәдтің сипаттарын ұстаныңдар[17], қатал өмір сүріңдер, ескі киім киіңдер, үзеңгілерді кесіп алып тастаңдар[18], садақпен нысанаға дәл тигізіп атыңдар және аттарыңа секіріп мініңдер»[19].



[1] Имам Әс-Суюти «Шарх әс-судурда» Риби ибн Хираштың туған бауыры Раби ибн Хираштың жан тәсілім еткеннен кейін сөйлегенін жазған. Ол намаз (саләт) оқуда және ораза ұстауда басқа бауырларынан көбірек ынта танытқан. Аишадан, Алла оған разы болсын, риуаят етілген хадисте Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Менің үмбетімнен шыққан бір ер кісі жан тапсырғаннан кейін сөйлейді». Әбу Нуәймоның «белгілі хадис» екенін айтқан, Әл-Бәйхақи оны «Әд-Даләилде» келтіріп, ол жайлы: «Сенімді хадис, оның сенімділігінде ешқандай күмән жоқ», - деген. 
[2] «Марифатәс-сиқат» (1/479).

[3] «Тіліңді қор қылма» деген сөз «Егер айтқан сөздеріңді тыңдаушы құлақ болмаса, сөзіңді шығындама» дегенді білдіреді.

[4] «МәнәкибӘш-Шәфиғи» (2/175).

[5] «МәнәқибӘш-Шәфиғи» (2/175).

[6] «МәнәқибӘш-Шафиғи» (2/174).

[7] «МәнәқибӘш-Шәфиғи» (2/181).

[8] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 573-бет.

[9] Яғни, хадистануда «сиқат» деген терминмен аталатын хадис жеткізушілерінің санатына жататын.

[10] «Әл-Ансаб», 389-390 беттер.

[11] Игі амалды ашық түрде жасағаннан гөрі жасырын жасағанға әлдеқайда көп (еселенген) сауап берілетіні жалпыға белгілі. Шайтанның олай істейтін себебі, ол адамды ізгі амал жасаудан тежей алмағандықтан, оны өзінің жасырын жасаған игі амалын жария етуге итермелеу арқылы сол (жасырын) амалы үшін берілетін сауаптан мақұрым еткісі келеді.

[12] «Хульятәл-әулия» (9/277).

[13] Яғни, ерте келетін болған, өйткені, кеш келген адам тек артқы қатарларда ғана отыра алады.

[14] Бұл жерде өздеріне арналған әсемделген бөлмелерде отыратын қалыңдықтар немесе жас әйелдер жайлы айтылып тұр.

[15] Белден тізеге дейін жауып тұратын шәлі.

[16] Яғни, күннің астында болыңдар, күн шуаққа қыздырыныңдар.

[17] «Мәәдтің өмір салтын ұстану», «Мәәдтің сипаттарын ұстану» сөздері қатаң өмір салтын ұстануды білдіреді. Мәәд ибн Аднан – араб ру басыларының бірі, қатаң өмір салтын ұстанған.

[18] Яғни, ер-тоқымдарыңды шешіңдер, атқа ер-тоқымсыз мініңдер.

[19] Имам Әбу Әуанаттың «Муснады» (8514).
 


Ин ша Алла, жалғасы бар...


__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:понедельник
Новый урок:четверг
Список уроков