Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 16 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 4 бөлім

1 562
4 апреля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 15 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 3 бөлім

ӘбуУсман Ән-Нәһдидің, Алла оны рақымына бөлесін, өмірбаянынан

ӘбуУсман Ән-Нәхди сахабалардан кейінгі мухазрамундар буынынан (тәбиғиндер) шыққан ұлы адам болатын. Надандық (джәһилият) кезеңінде, содан соң Ислам кезеңінде, содан соң Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, өмір сүрген жылдары ғұмыр кешкен, бірақ, Исламды қабылдаса да, оны көре алмаған адамдарды солай атаған. Мен шейх Әбу Әмір ибн Әс-Салахтың, Алла оны рақымына бөлесін, кітабынан конспектілеп алған «Әл-Иршәд фи улюми әл-хадис» атты еңбегімде де оның дәрежесіне осындай түсініктеме бердім[1].

Әбу Усман, Алла оны рақымына бөлесін, жоғары адами қасиеттер мен абырой-беделге ие болатын. Ол былай деген: «Мен жүз отыз жасқа дейін өмір сүрдім, сондықтан, мен үшін өзімнің үмітімнен басқа бейтаныс (беймәлім) нәрсе жоқ. Расында, менің үмітім бұрынғы қалпында қалды».

Әл-Хусайн, Алла оған разы болсын, өлтірілгенде ол Куфадан Бәсраға көшіп кетті және былай деді: «Мен Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қызының баласы өлтірілген қалада тұрмаймын»[2].

Ол хижра бойынша 95 жылы көз жұмды, басқа ақпарат бойынша, 100 жылы дүние салды, Алла оны рақымына бөлесін.
 
Әзіреті Джәбирдің, Алла оған разы болсын, хадис іздеп шыққан сапары

Бізге шейх, ислами құқықтанушы (фақиһ), муснид[3] Әбу Мухаммад, Әбдур-Рахман ибн Сәлим ибн Яхья Әл-Әнбәри хабарлаған, ол былай деген: «Бізге Әл-Хафиз Абдул-Қадир Әр-Рахауи хабарлаған, ол былай деген: «Бізге Әл-Қады Әбу Сулайман Дәуіт ибн Мухаммад ибн Әл-Хасан Әл-Халиди баяндаған, ол былай деген: «Бізге Умар ибн Мухаммад ибн Ахмад Ән-Нәсәфи хабарлаған, бізге Әл-Хасан ибн Абдул-Мәлік хабарлаған, бізге Әл-Хусайн ибн Мухаммад ибн Нуәйм хабарлаған, бізге Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Мухаммад ибн Яқуб хабарлаған, бізге Әл-Хасан ибн Суфьян хабарлаған, бізге Мухаммад ибн Марзуқ баяндаған, бізге Муслим ибн Ибраһим баяндаған, бізге Иса ибн ХумайдӘр-Расиби Әбу Хаммам баяндаған, бізге Хафс Әбу Ән-Нәср, Джәбир ибн Абдуллаһ Әл-Аңсариден, Алла оған разы болсын, баяндаған: «Ол бір ер кісіге барып, мүміннің айыбын жасыру жөнінде сұрайды. Ол адам: «Мұны білетін адам мен емес, алайда, мұны Шиһәб есімді кісі біледі», - деп жауап береді. Джәбир Мәсләмә деген билеушіге (мұнда қаланың билеушісі жайлы айтылып тұр) жол тартады да, қақпаның алдына келіп, қақпашыға: «Әміршіге айт, төменге түссін», - дейді. Қақпашы күлімсіреп, әміршінің алдына кіргенде әмірші одан: «Не айтарың бар?» – деп сұрайды. Қақпашы оған: «Қақпаның алдында түйеге мінген бір кісі: «Әміршіге айт, төменге түссін», - деді», - деп жауап береді. Әмірші одан: «Ол кім екен, сұрамадың ба?» - дейді. Сонда қақпашы Джәбирге келіп, кім екенін сұрайды. Джәбир оған: «Мен – Джәбир ибн Абдуллаһ Әл-Аңсаримін», - деп жауап қатады. Қақпашы әміршіге қайтып барып, әлгі адамның кім екенін айтқанда әмірші орнынан ұшып тұрып, Джәбирдің алдына шығып: «Жоғары көтеріл», - дейді. Джәбироған: «Көтерілгім келмейді. Маған Шиһәбтың үйі қайда, соны айтшы?» - дейді. Әмірші былай дейді: «Жоғары шық, мен оған адам жіберемін, сөйтіп, ол сенің дегеніңді орындайды». Джәбир, Алла оған разы болсын, оған былай дейді: «Мен оған сенен адам барғанын қаламаймын. Өйткені, әміршінің адамы өзін іздеп келгенде адам қорқып кетеді. Менің кесірімнен мұсылман адамның зәре-құты құшқанын қаламаймын». Сол кезде әмірші төменге түседі де, Джәбирмен бірге Шиһәбқа жаяу барады. Шиһәб оларға басын шығарып, былай дейді: «Не сіздер жоғары көтеріліңіздер, не мен төменге түсейін». Сонда Джәбир былай дейді: «Сенің төменге түскеніңді қаламаймыз, біздің де көтерілгіміз келмейді. Алайда, мүміннің айыбын жасыру жөніндегі Алла Елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, естіген хадисіңді баяндап берші». Ол былай дейді: «Мен Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін естідім: «Кім мұсылман бауырының кемшілігін жасырса, оны тірілткендей болады»[4].
 
Сүйіктілеріңе деген сый-құрмет жайында

Жақсы көретін адамыңмен байланысты нәрселерге ізетпен қарау жөнінде айтылған сөздерге Джәрирдің мына сөзі жатады:

«Саадтағы баспаналарға сәлемімді жеткіз.
Мен Фатиманы жақсы көргенімдей, сол жерлерді де жақсы көремін».
 
Бұл шумақ жолдарына басқа ақынның да сөзі ұқсайды:

«Мен тұрмыс құрмаған әйелдерді жақсы көремін, себебі, Бусайна тұрмыста емес.
Сен тұрмысқа шыққаннан кейін тұрмыстағы әйелдерді жақсы көретін болдым[5]»[6]

Алланың заңдарын мазақ етудің жазасы

Бізге Әл-Әнбәри хабарлаған, бізге Әл-Хафиз Абдул-Қадир Әр-Рахауи хабарлаған, бізге Әбдур-Рахим ибн Әли Әш-Шәһид хабарлаған, бізге Мухаммад ибн Таһир Әл-Мәқдиси Әл-Хафиз хабарлаған, бізге Әбул-Фәтх Әл-Муфид хабарлаған, бізге Әбул-Хасан Әли ибн Мухаммад ибн Талхат хабарлаған, бізге Сулайман ибн Ахмад ибн Айюб Әт-Тәбәрани баяндаған, ол былай деген: «Мен Әбу Яхья Зәкәрийя ибн Яхья Әс-Саджидің, Алла оны рақымына бөлесін, былай дегенін естідім: «Біз Бәсраның көшесімен бір хадистанушының қақпасына қарай бара жаттық. Содан соң жүрісімізді жылдамдаттық. Қасымызда иманы күмән тудыратын бейқам адам бар еді, сол кекесінмен былай деді: «Періштелердің қанаттарын сындырмай, аяқтарыңды тартыңдар». Сол-сол екен, ол орнынан жылжып үлгермей, екі аяғы семіп, түсіп қалды».

Әл-Хафиз Абдул-Қадир былай деген: «Бұл хабарламаның жеткізушілер тізбегі (иснад) өз қолыңмен ұстаумен немесе өз көзіңмен көрумен парапар, өйткені, оның жеткізушілері – кемеңгерлер, ал, осы хабарламаны жеткізген хабарлаушы – имам».

Әл-Мәқдисиге дейінгі дәл осы жеткізушілер тізбегімен оның былай дегені риуаят етілген: «Бізге Әбул-Хасан Яхья ибн Әл-Хусайн Әл-Алауи хабарлаған, бізге Әбул-Хасан Әл-Әтиқи хабарлаған, ол былай деген: «Мен Абдуллаһ ибн Мухаммад ибн Мухаммад Әл-Укбәридің былай дегенін естідім: «Мен Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Яқуб Әл-Мәтусидің былай дегенін естідім: «Мен Әбу Дауд Әс-Сиджистанидің былай дегенін айттым: «Хадисті ұстанушылардың арасында арам ойлы біреу болған. Ол Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Шын мәнінде, ілім іздеушінің ісіне риза болған періштелер оның аяғының астына қанаттарын төсеп тұрады» деген хадисін естігенде сандалының астына темір шегелерді қадап қойған да: «Осы шегелермен періштелердің қанаттарын басқым келеді», – деген. Сол кезде оның аяғы гангрена дертіне шалдыққан (шіри бастаған)»[7].

Имам Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Исмаил ибн Мухаммад ибн Әл-Фәдл Әт-Тәйми, Алла оны рақымына бөлесін, өзінің «Муслимнің Сахихіне Шарх» атты кітабында осы хикаяны келтіріп, былай деген: «…оның екі аяғы да, екі қолы да және денесінің басқа да бөліктері жансызданып қалды». Ол былай деген: «Риуаяттардың бірінде «…оның денесі шіріп кетті» деп жазылғанын көрдім».
 
Сүннетті келемеждеудің жазасы

Ол былай деді: «Мен бір хикаядан бидғаттарды ұстанушы бір адамның Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Сендерден біреу ұйқыдан оянғанда қолын жумастан су құйылған ыдысқа салмасын, себебі, ұйықтап жатқанда қолының қайда болғанын ешкім білмейді»,[8] - деген сөзін естіп, тәкаппарланып: «Мен ұйықтағанда қолымның қайда болатынын білемін, төсекте болады», - дегенін оқыдым. Сол адам таңертең оянып қараса, түнде қолын артқы жағына шынтағына дейін тығып жібергенін көрген».

Әт-Тәйми былай деген: «Адам Сүннет пен тыйылатын жерлерді[9]  елең қылмаудан сақ болсын! Қараңдаршы, екеуі де өздерінің шалыс әрекеттерінің кесірінен тез арада бақытсыздыққа ұшырады».
Мен былай дедім: «Имам Әш-Шәфиғи мен өзге де ғұламалар, Алла оларға разы болсын, айтқандай, бұл хадистің мәні мынада: расында, ұйықтап жатқан адамның қолы бүкіл денесін аралап шығады және оның безеудің, биттің, бүргенің қаны сияқты нәжіске яки жыныстық мүшеге және де сол сияқты нәрселерге тиген-тимегеніне сенімділік жоқ. Ал, ең дұрысы Аллаға аян»[10].
 
Сүннетті әжуа-мазақ еткен адамның басынан өткен жайт жөніндегі сенімге лайықты әңгіме

Мен былай дедім: «Жоғарыда баяндалған оқиғаға ұқсас жағдай біздің заманымызда да орын алған. Ол жайындағы хикая көптеген тұлғалардан жеткізілген және қадылардың алдында мақұлданған. 665 жылдың басында Бусра қаласының маңындағы ауылда тұрған бір ер кісі ізгілік жолын ұстанып жүргендер жайлы жаман сенімде болған. Ал, оның баласы ондай жандар туралы жақсы сенімде (көзқараста) болған. Бірде оның баласы бір салиқалы шейхтан шығып, әкесіне келгенде оның қолында мисуәк болады. Әкесі одан кекесінмен: «Шейхың саған не берді?» – деп сұрайды. Баласы: «Бұл - мисуәк»[11], - деп жауап береді. Әкесі мисуәкті алып, оны менсінбегенін білдіріп, өзінің артқы жағына тығады. Біршама уақыттан кейін әлгі өзіне мисуәк тыққан адам балыққа ұқсайтын күшікті туады. Ол күшікті өлтіріп тастайды, содан соң бірден немесе екі күннен кейін өзі де өледі. Алла бізді оның басына түскен бақытсыздықтан сақтағай және Сүннетті барлық жамандықтан тазартып, Оның үкімдерін ұлық тұтуымызға жәрдем бергей.

[1] «Иршәд әт-тулләб әл-хақаиқ».

[2] «Сиярәл-ә’ләм уәән-нубәлә» (4/177).

[3] Муснид – хадистерді өзінің жеткізушілер тізбегімен (иснад) жеткізетін адам. Ғұлама да, тек хадис жеткізумен айналысатын ғұлама емес адам да муснид бола алады.

[4] Әбу Нуәйм«Марифатәс-сахабат» кітабында келтірген.

[5] Бұл – омеядтар дәуірінің жауынгері, ақын Джәмил ибн Абдуллаһ ибн Муәммәр Әл-Узри Әл-Кузаидың (82/701 жылы көз жұмған) сөздері. Бұл сөздер оның Бусайнә бинт Хаян ибн Сааләбәт Әл-Узрия деген ғашығына арналған. Джәмил ибн Абдуллаһ оны жақсы көргендіктен, ол тұрмыста болмаған кезде тұрмыс құрмаған қыздарды жақсы көрген, өлеңінде де сол жайлы айтқан. Ал, ол басқа еркекке тұрмысқа шыққанда Джәмил сол сәттен бастап тұрмыстағы әйелдерді жақсы көретінін айтқан.

[6] Бұл екі өлеңге де ортақ мағына мынау: адам біреуді немесе бір нәрсені жақсы көргенде соған қатысты нәрселердің бәрін жақсы көреді.

[7] «Әт-Туюрият» кітабын, 198-бетті қараңыз.

[8] Әл-Бұхари (1620) мен Муслим (278) әзіреті ӘбуХурайрадан, Алла оған разы болсын, келтірген.

[9] Бұл жерде қандай да бір әрекеттің мағынасына ұңілместен, даналығын  түсінбестен, тек Алланың әмірі болғандығы үшін ғана жасау жөнінде айтылып отыр.

[10] Қараңыз «Әл Мәджму» 1/411

[11] Мисуак – арак ағашының талынан жасалатын тіс тазалағыш


Ин ша Алла, жалғасы бар...


__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков