Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 17 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 5 бөлім

1 448
7 апреля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 16 бөлім: Құнды сөздердің інжу-маржаны, 4 бөлім

Алла Тағаланың құлына деген жеккөрінішінің белгілері

Бізге шейх, ислами құқықтанушы (фақиһ), муснид[1] Әбу Мухаммад Әбдур-Рахман ибн Сәлим Әл-Әнбәри, Алла оны рақымына бөлесін, хабарлаған, бізге қазы (қады), имам Әбул-Қасим Әбдус-Самад ибн Мухаммад ибн Әбул-Фәдл Әл-Аңсари хабарлаған, бізге имам Әбул-Фәтх Насрулла ибн Мухаммадибн Әбдул-Кауи Әл-Мисиси хабарлаған, бізге шейх, ислами құқықтанушы (фақиһ), имам Әбул-Фәтх Нәср ибн Ибраһим ибн Нәср Әл-Мәқдиси Әз-Захид, Алла оған разы болсын, хабарлаған, маған қазы (қады) Әбул-Хасан Мухаммад ибн Әли өзінің маған жазғанын хабарлады, ол былай деді: «Бізге Ахмад ибн Яқуб Әл-Харауи хабарлаған, бізге Әбу Абдуллаһ Әр-Рузбәри баяндаған, бізге Умар ибн Махлад Әс-Суфи баяндаған, ол былай деген: «Ибн Әбул-Уард былай деген: «Мәруф Әл-Кархи, Алла оған разы болсын, былай деді: «Алла Тағаланың құлына деген жеккөрінішінің белгісі – оның өзіне қатысы жоқ іспен айналысуы»[2].
 
Өзің Аллаға жеккөрінішті істерді жасай тұра Одан Жәннатты сұрайсың ба?

Бізге шейхымыз Әл-Хафиз Әбул-Бәқа, Алла оны рақымына бөлесін, хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад хабарлаған, бізге қазы (қады) Әбу Бәкір хабарлаған, бізге Әл-Хатиб Әбу Бәкір хабарлаған, бізге Әбу Саид (яғни, Мухаммад ибн Муса ибн Әл-Фәдл ибн Шәзан) хабарлаған, бізге Мухаммад (яғни, ибн Абдуллаһ Әс-Саффар) баяндаған, бізге Абдуллаһ баяндаған, бізге Исхақ ибн Ибраһим баяндаған, ол былай деген: «Мен Әл-Фудайл ибн ‘Иядтың, Алла оны рақымына бөлесін, былай дегенін естідім: «Сен Алладан Жәннатты сұрайсың, сөйте тұра, Оған жеккөрінішті нәрселерді жасайсың ба!? Мен өз-өзіне сенен артық немқұрайлы қараған адамды көрген емеспін»[3].
 
Мұқтаждықты сезіну – Ұлы әрі Кешірімшіл Аллаға апаратын ең жақын жол
 
Бізге Әбул-Бәқа хабарлаған, бізге Әбу Мухаммад хабарлаған, бізге Әбу Бәкір хабарлаған, бізге Әбу Бәкір Әл-Хатиб хабарлаған, бізге Әбул-Қасим Әбдур-Рахман ибн Әс-Саррадж хабарлаған, ол былай деген: «Мен Әбу Нәср Абдуллаһ ибн Әли Әс-Саррадждың былай дегенін естідім: «Мен Әбу Бәкір Ахмад ибн Мухаммад Әс-Саихтың былай дегенін естідім: «Мен Сәһлдің досы Әл-Қасим ибн Мухаммадтың былай дегенін естідім: «Мен Сәһл ибн Абдуллахһтың былай дегенін естідім: «Алла Тағала мен Оның құлының арасында Одан құқықтарыңды талап етуден асқан берік перде жоқ және Оған мұқтаждықтан артық жақын жол жоқ»[4].

Біз сенімді жеткізушілер тізбектері (иснад) арқылы Әбу Бәхр Әл-Бәкрауиден риуаят еттік, ол былай деген: «Мен Алла Тағалаға Шу’бәдан[5] артық құлшылық жасаған ешкімді көрген жоқпын. Оның Аллаға асқан құлшыныспен ғибадат еткені соншалық, терісі сүйегіне жабысып, құр сүлдері қалды»[6].

Имам Әш-Шәфиғидің, Алла оған разы болсын, кейбір сөздері

Имам Әш-Шәфиғиден, Алла оны рақымына бөлесін, бізге мына сөздер кеп жетті:«Бес сипатта жалған дүние мен ақыреттің игілігі бар: жан-дүниенің байлығында, айналаңдағыларға зиян тигізуден тыйылуда, адал табыс табуда, өнегелікте және кез келген халде Алла Тағалаға деген сенімділікте»[7].

Сондай-ақ, имам Әш-Шәфиғиден, Алла оны рақымына бөлесін, хабарланады:«Дүнияуиге деген құштарлығының ырқынан шыға алмаған адам соның (дүнияуи нәрселердің) иелеріне табынуға мәжбүр, ал, азды қанағат тұтқан адам дүниеуи нәрселердің иелеріне деген тәуелділіктен босатылады»[8].

Имам Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, былай деген: «Кім Алла Тағала оның жүрегін ашқанын және оған білім бергенін қаласа, оның көбінесе оңаша болғаны, тамақты аз ішіп, ақымақтармен және әділдік пен әдептен жұрдай кейбір білім жолын ұстанушылармен араласудан бас тартқаны абзал»[9].

Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, былай деген: «Ең пайдалы қазына – тақуалық, ең зиянды қазына – әділетсіздік»[10].

Әш-Шәфиғи, Алла оны рақымына бөлесін, былай деген: «Ең бағалы үш амал: Жаратқан Иемізді зікір ету, мұсылман бауырыңа қол ұшын беру және мәселе өзіңе кеп тірелгенде адамдарға әділ болу».

Яғни, осы үш амал ең бағалы амалдардың қатарында.
 
Амалдың риямен жасалғандығын таза жүректің иесі ғана көре алады

Имам Әш-Шәфиғи, Алла оны рақымына бөлесін, былай деген: «Амалдың риямен жасалғандығын жүрегі таза жан ғана аңғарады»[11].

Бұл сөздің мағынасы мынадай: «Ықыласты түгелдей және бүге-шігесіне дейін тани білу үшін оны зерттеуге, ол туралы ой толғауға және оны іздеуге қаншалықты ұзақ уақыт бойы күш-жігерін сарп етсе, соншалықты уақыт бойы оған ұмтылған адам ғана рияның мәнін ұғынып, қыр-сырын тани алады. Бұған екінің бірі қол жеткізе бермейді, таңдаулы жандар ғана жете алады. Ал, амалдарды риямен жасаудың мәнін түсіндім дейтін кейбір адамдарға келер болсақ, бұл олардың аталмыш мәселедегі білімсіздігінен туындайды».

Алла қаласа, мен бұл кітапта бір тарауды баяндап кетемін, ол жерден сен, Алла қаласа, разылығыңды тудыратын таңғажайып дүниелерді көресің[12].

Рияның қаншалықты жасырын болатынын түсіндіруге біздің имам, ұстаз Әбул-Қасим Әл-Қушәйриден, Алла Тағала оны рақымына бөлесін, оның «Әр-Рисәләт» атты еңбегінде өзі көрсеткен алдыңғы жеткізушілер тізбегімен (иснад) риуаят еткен сөзіміз жеткілікті болмақ: «Мен Мухаммад ибн Әл-Хусайнның былай дегенін естідім: «Мен Ахмад ибн Әли ибн Джәфәрдың былай дегенін естідім: «Мен Әл-Хасан ибн Әллюуияның былай дегенін естідім: «Мен Әбу Язидтің, Алла оған разы болсын, былай дегенін естідім: «Мен он екі жыл бойы нәпсімнің ұстасы болдым, бес жыл бойы жүрегімнің айнасы болдым, бір жыл бойы сол екеуінің арасындағы нәрсеге қарадым, сонда сол екеуінің ортасында айқын зунәр[13] бар болып шықты. Мен оны жою үшін он екі жыл бойы күш жұмсадым. Содан соң өз-өзіме қарап, зуннәрдың ішімде жатқанын[14] аңғардым. Оны құрту үшін бес жыл бойы тер төктім. Оны қалай жоямын деп ойланып жүргенде шабытым оянды (кәшф), сөйтіп, мен жаратылыстарға қарап, олардың өлгендерін көрдім де, олардың үстінен «Алла ұлық» (тәкбір) деген сөзді төрт рет оқыдым[15]».

Мен былай дедім: «Бұл жолда теңдесі сирек кездесетін ғұламаның мұндай көмескі (түсініксіз) сөзі іс-амалдарды риямен жасаудың мәнін айтарлықтай анық көрсетіп берген».
 
Оның «... олардың өлгендерін көрдім» деген сөзінің мағынасы

Оның «... олардың өлгендерін көрдім» деген сөзіне келер болсақ, бұл сөз өте құнды һәм маңызды. Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, сөздерін қоспағанда, бұл сөздің мағынасына жететін сөз некен-саяқ. Ал, мен оның түсіндірмесін қысқаша әңгімелеп кетейін.

Бұл сөздің мағынасы мынадай: ол нәпсісімен күресуге бар күш-жігерін салғаннан кейін оның нәпсісі түзелген және жүрегі нұрланған. Сөйтіп, оның нәпсісін өзіне бағындырып, ауыздықтағаны, оған түгелдей билік еткені соншалық, нәпсісі оған шынайы түрде бойұсынған. Сонан соң ол барлық жаратылыстарға көз салған да, оларды өлі деп тапқан, яғни, биліктен мақұрым, пайда да, зиян да әкеле алмайтын, бере де, тыя да алмайтын, тірілте де, өлтіре де алмайтын, байланыстыра да, ажырата да алмайтын, жақындата да, алыстата да алмайтын, бақытты да, бақытсыз да ете алмайтын, ризықты бере де алмайтын, ризықтан айыра да алмайтын, ажалға да, өмірге де, қайта тірілуге де иелік етпейтін мақұлықтар екенін көрген: ал, бұл – өлілерге тән белгілер.

Сол себепті де, жоғарыда аталып өткен істерде оларға өлі сияқты қараған жөн: оларды қорқытпаймыз, олардан үміттенбейміз, олардың қолында бар нәрсені қаламаймыз, оларға екіжүзділік танытпаймыз, оларға жағымпазданбаймыз, оларға көңіл бөлемейміз, оларды жек көрмейміз, олардың жақсы қасиеттерін кемітпейміз, олардың кемшіліктерін сөз қылмаймыз, оларды ағаттықтары үшін жазғырмаймыз, олардың қателіктерін іздемейміз, оларға қызықпаймыз, оларға Алланың тарту еткен нығметтерін көп деп санамаймыз, оларға мейіріммен қарап, қате-кемшіліктерін кешіреміз.
Алайда, сонымен қатар, біз оларға қатысты Шариғат әкелген сот төрелігін қолданамыз. Жоғарыда баяндалғандар сот төрелігін қолдануымызға бөгет болмайды, өлілерге жасайтынымыз секілді, біз ары қарай олардың кемшіліктерін жасыруға тырысып, сол кемшіліктеріне бола оларды төмендетпейміз.

Әлдекім олар туралы жаман сөз айтса, марқұм болғандар жайлы жаман сөйлеуге тыйым салатынымыз секілді, оларға да мұны қазбалауға тыйым саламыз. Біз оларға ештеңе істемейміз, оларға ештеңе қалдырмаймыз, өлілерге бола құлшылықтан тыйылмайтынымыз секілді, соларға бола Алла Тағалаға құлшылығымызды жасаудан тыйылмаймыз, оларды көп мақтай бермейміз, оларды жақсы көрмейміз, олардың ұрысуын жек көрмейміз және оған жауап бермейміз.

Мұның барлығының мәні мынада: жоғарыда айтылған нәрселердің бәрінде олар басқарылады және оларға қатысты Жаратушы Иеміздің заңдары қолданылады. Оларға осылай қарайтын адам бұл дүниенің және ақыреттің игіліктеріне қол жеткізеді. Біз Жомарт Алладан осы істе бізге жәрдем беруін сұраймыз.
Оның, Алла оған разы болсын, сөздерін түсіндіруге осы да жеткілікті. Ал, ең дұрысы Аллаға мәлім.


[1] Муснид – хадистерді өзінің жеткізушілер тізбегімен (иснад) риуаят ететін адам. Ғұлама да, жай ғана хадистерді жеткізумен айналысатын ғұлама емес адам да муснид бола алады.

[2] «Әт-Табақат әс-суфия», 89-бет. Ибн Әл-Джәузи, Алла оны рақымына бөлесін, өзінің «Сифат әс-сафуә» атты кітабында Әл-Джунәйд Әл-Бағдади, Алла оған разы болсын, көрсеткен жеткізушілер тізбегімен риуаят еткен: «Алла Тағаланың құлынан теріс айналғандығының белгісі – Алланың оны өзіне қатысы жоқ нәрсеге әуестендіріп қоюы».

[3] «Әз-Зухд уәәр-рақаиқ», 122-бет.

[4] «Әз-Зухд уәәр-рақаиқ», 123-бет.

[5] Суфьян Әс-Сәури былай деген: «Шу’бә мұсылмандардың хадистегі әміршісі болып табылады».

[6] «Әл-Ансаб» (4/153).

[7] «Мәнәқиб Әш-Шәфиғи» (2/170).

[8] «Мәнәқиб Әш-Шәфиғи» (2/170).

[9] «Мәнәқиб Әш-Шәфиғи» (2/172).

[10] «Мәнәқиб Әш-Шәфиғи» (2/171).

[11] «Мәнәқиб Әш-Шәфиғи» (2/173).

[12] Имам Ән-Нәуәуи, Алла оған разы болсын, бұл уәдесін орындап үлгерместен қайтыс болып кетті, бірақ, разы болуымыз үшін бізге оның осы кітапта жеткен дүниелері де жеткілікті.

[13]Айқын зунәр мағынасында Алладан басқа нәрсеге арқа сүйеп, сену меңзелген.

[14]Ішкі зунәр деп, өз амалдарың мен халдеріңді қоштау айтылған.

[15]Яғни, олардың жаназа намазын (саләт) оқыған.



Ин ша Алла, жалғасы бар...


__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков