Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 2 бөлім: Кіріспе

2 001
29 января, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 1 бөлім: Имам ән-Нәуәуидің өмірбаяны

Кіріспе

Бұл дүниеде күллі адамзатқа Мейірімді, ал Мәңгілік дүниеде иман келтіргендерге ғана Рақымды Алланың атымен бастаймын. Мырзамыз Мұхаммедке, оның әулетіне және сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын. Зерек ақыл иелері ойлануы үшін күндізді түнмен Бүркеуші, тағдырларды алдын ала Белгілеуші, қожалық Етуші, Құдіретті, Жалғыз Аллаға мақтау-мадақ болсын.

Өзінің таңдаулы жаратылыстарын ұйқыдан оятып, нығметке бөленгендердің қатарына қосқан; Өзі таңдаған құлдарына жәрдем беріп, оларды тақуалардың қатарына қосқан; Өзі жақсы көрген құлдарына Ақиқатты ашқан және оларды бұл дүниеге ұмтылудан сақтаған Аллаға мақтау-мадақ лайық. Соның нәтижесінде, олар Тозақ азабынан және Оның қаһарын тудыратын нәрселерден аулақ болуға тырысып, Оның разылығына талпынуда және мәңгілік тұрағымызға дайындалуда ынта танытты.

Мен Аллаға Оның берген нығметтері үшін ең жоғары дәрежеде мадақ айтамын және Одан бізге деген Рақымы мен Жомарттығын арттыруын сұраймын.

Мен Алладан басқа құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне куәлік етіп, Оның Жалғыздығын мойындаймын және бар жаратылыстың Соның Өктемдігіне міндетті түрде бағынатынын қабыл аламын. Мұхаммедтің Алланың ең бекзат, ең пәк, ең кемел, Оны ең жақсы таныған және Одан ең қатты қорқатын, Оны бәрінен де жақсы білетін және ең тақуа, таңдаулы елшісі және ең сүйікті жаратылысы екеніне куәлік етемін. Ынта танытуда, құлшылықта, бойсұнуда, дүниеуиден бас тартуда оған тең келер ешкім жоқ. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) – ең ұлағатты мінез иесі һәм мұсылмандарға ең рақымды жан. Оған және басқа да пайғамбарларға, сондай-ақ, олардың отбасыларына, сахабаларына және Қиямет күніне дейін оларға шын жүректен ергендерге, еске алушылар Оған мақтау айтқан сайын, ал, немқұрайлылар оны елемеген сайын, Алланың игілігі мен берекеті болсын.

Бұл дүниенің мәнін түсіндіру

Шындығында, бұл дүние мәңгілік тұрақ емес, жойылу мекені; шаттық мекені емес, келесі дүниеге өту орны; құтылу мекені емес, құрдымға кететін жер; кездесулер мекені емес, айрылысу орны болып табылады.

Жоғарыда мазмұндап өткендерімнің барлығы айқын хабарламаларға және ақылдың дәлелдеріне толықтай сәйкес келеді.

Мұны білуде таңдаулылар мен қатардағы адамдар, ақсүйектер мен қарапайым адамдар бірдей. Бұл титтей де күмән қалдырмастан, біздің ішкі және сыртқы талаптарымызды түгелдей қанағаттандырады.

«Талтүс үшін де дәлел қажет болса,  
Санада ештеңе сенімді емес».
 
Қасиетті Құран дүнияуиге бейім болудан сақтандырады

Қасиетті Құран бізді бұл дүниеге үміт артудан, оған елігіп, алданудан және оған сенім артудан көп сақтандырады. Өйткені, бұл жер бетіндегі өмір осыған дейін айтылып кеткендей және жоғарыдағы насихаттарда сипатталғандай болғандықтан, мұны қайта-қайта еске салып, таратудың қажеті шамалы. Сондай-ақ, мұндай ескертулер Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадистері мен ғұламалардың даналыққа толы хикаяларында бар. Сондықтан, бұл жалған дүниенің ең қырағы мекендеушілері – құлшылыққа (уббад) бар жан-тәнімен берілгендер, ал, ең ақылдылары дүнияуиден баз кешкендер (зуххад) болып табылады.

Жалған дүниенің сипаттамасы

Расында да, төмендегі өлең жолдарының авторы әдемі айтқан:

«Қираған орынға қарашы, тұрғындары оны тәрк еткеннен кейін өзгеріп,
адам танымастай болғанын көрдің бе.
Үйдің қалдықтары көнеріп, тастары құлап, қирай бастады.
Оның тұрғындары хабар-ошарсыз, әрқайсысы өз жолымен кетті.
Соның бәріне көз салып, ойланғанда жаным жабырқап, екі көзімнен моншақ-моншақ жас тамды.
Мұны әрдайым жадымда түйіп жүрер болсам, көз жасым ешқашан тыйылмас еді,
Маған және менің көздеріме көргендері жеткілікті.
Еліктірер әшекейлерге толы жалған дүние бізді қызықтырып, тұзақ құрып, алдаудан талмайды.
Бұл дүниеге берілген адамға оның қызығы әсте бітпек емес,
десе де, кенеттен оның көңілі жабырқап, тауқымет тартары хақ.
Жалған дүние ондай адамның бар қалағанын орындаса, демек, оны өз сұлулығымен арбап, құрығына түсіргені,
Егер дүние ондай адамнан алыстаса, жоқтығымен оны құрдымға кетіреді.
Ол сый-сыяпаттарын үйіп-төгіп береді де, содан соң қайта тартып алып, өзі өмірге келтірген нәрсені талқандауды талап етеді.
Байлық иесіне бар дүниені беріп болып, сонымен бірге, оны ойрандау үшін дайындық жасайды»[1].

Тағы бір автор былай деген:

«Өзіне ләззат беретін нәрселерге бола жер бетіндегі өмірді мақтайтын адам,
Көп ұзамай оны сөгетін болады, ант етейін.
Бұл дүние одан сырт айналғанда,
Адам жабырқап, қасірет шегеді,
Жалған дүние ондай пенденің алдынан шықса,
оның бұл дүниеге деген құштарлығы арта түсіп, ұлғаяды»[2]
 
Кітаптың мазмұнына түсіндірме

Адам естілер мен зеректердің жолын ұстануы қажет. Әсіресе, жоғарыда баяндалып, сипатталған дүниелерден кейін. Біз Жомарт, Қамқор, Рақымды Алладан бізге Рақымын төгіп, тура жолға бастауын сұраймыз.

Аталмыш еңбек көркем мінезге ие болу үшін мен бұған дейін баяндап кеткен жолмен жүру жолдарын түсіндіруге септігін тигізеді. Алла қаласа, кітаптан құнды әрі ұлағатты хикаялар табуға болады, сондай-ақ, оларды оқып-білу арқылы ақиқатты тану мүмкіндігі бар. Оқырманды жалықтырып жібермей, мәтіннің оқылуын жеңілдету мақсатында ары қарай кітап проза түрінде мазмұндалады.

Осы еңбекте, Алла қаласа, кейбір қасиетті аяттар, Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, хадистері, ізгі ата-бабаларымыздың тамаша сөздері, салиқалы буын өкілдерінің тамаша әңгімелері және жалған дүниеден бас тартуға шақыратын әдемі өлең жолдары келтіріледі. Мен кітаптың көп жерлерінде хадистердің сенімділігі мен қабылданатын-қабылданбайтындығына, оларды хабарлаушылардың ахуалына[3], сонымен қатар, сөздердің жасырын және қиындық тудыратын мағыналарына түсініктеме беріп отырамын. Сөздер бұрмаланып, мағынасы өзгермес үшін қосымша түсіндіріп кетуді қажет ететін кейбір нәрселерді нақтылап өтемін.

Бұдан әрі кітапта баяндайтын хабарламаларымның кейбіреулеріне ғана маған дейінгі жеткізушілер тізбегі (иснад) қосылып келтіріледі. Өйткені, бұл оқырмандардың көңіліне жақсырақ қонады. Кейбір жерлерде мәтінді қысқарту мақсатында және аталмыш жұмысты оқуды қиындатпас үшін нақыл сөздердің жеткізушілер тізбегі көрсетілмейді. Оның үстіне, бұл еңбек хадистерді үйренуге арналмаған, Алла Тағалаға құлшылық жасауда нұсқаулық ретінде және жеткізушілер тізбегін білуді қажет етпейтіндер мен тіпті (оның бәрі жалықтырып жіберетіндіктен) ұнатпайтындар үшін жазылған.

Аталмыш еңбекте мен баяндайтын мәліметтің көпшілігі Алланың рақымымен әйгілі жеткізушілер тізбегі арқылы танымал және кеңінен тараған кітаптардан алынған.

Мен кітаптың жаңсақ түсінілуі мүмкін деген тұстарына ғана қосымша түсініктеме беріп, айқындап кеттім.

Алланың қалауымен бұл жұмыста шариғи ғылымдардың әр түрінен ақпарат мазмұндалған. Оның ішінде хадис саласынан, исламдық құқықтан (фиқһ), діни әдептен бірқатар егжей-тегжейлі мәлімет, ақида негіздері жөнінде маңызды ақпарат пен аса құнды қағидалар бар. Оған қоса, кітапта таңғаларлық әрі қызықты хикаялар баяндалады. Оларды осындай жұмыстарда пайдалануға болады, сонымен қатар, жүрек түйткілдерін, оның кеселдері мен оларды жою мәселерін танып білу үшін көпшілік жиындарда айта жүрген дұрыс.

Кейбір жерлерде терең түсіндіруді қажет ететін дүниелер кездеседі. Бірақ, кітаптың көлемі оның бәрін түсіндіріп отыруға мұрша бермейтіндіктен, олар қысқаша ғана баяндалып өтеді. Есесіне, сол сөздердің мақсаттары көрсетіледі немесе зерек ақылға ие қандай да бір ғұламаның соған қатысты өзінің кітабында жазған түсіндірмесіне сілтеме беріледі. Кітаптың кейбір жерлерінде менің де еңбектеріме сілтемелерді кездестіруге болады. Сол себепті, Алла қаласа, менің ниетім өзімнің туындыларымның көп екенін көрсетіп, мақтану емес екенін түсіндіре кеткен жөн. Менің ондағы мақсатым – ізгілік жасауға насихаттау және әлдеқандай мәселеге қатысты толық ақпарат жазылған жерді нұсқау болатын. Бұған назарларыңызды аударған себебім, кейбіреулер мені соған бола жазғырған-тын. Бұл олардың надандығынан, жаман пікірде болғандығынан, ойлары бұзылғандығынан, көреалмаушылығынан, бойкүйездігінен және қыңырлығынан туындап отыр. Айтылып кеткен ойдың осы кітапты оқып отырған адамның санасында нық бекуін және әр адамның өз жан-дүниесін теріс жорамалдардан және дөрекі түрде жазғырудан тазартуын шын жүрегімнен тілеймін.
Жомарт Алладан ізгі ниеттерімізге қолдау көрсетуін, құлшылықтың барлық түрлерінде жәрдем беруін және осы жолда жеңілдік нәсіп етуін сұраймын. Сонымен бірге, Алладан бізді әрдайым тура жолға бастап отыруын дұға етемін. Бұл дұғамды өле-өлгенше әсте доғармақ емеспін.

Алладан мен жақсы көретін және мені Алла разылығы үшін жақсы көретін адамдарды, сондай-ақ, барша мұсылмандарды Оның Рақым мекенінде ең жоғарғы дәрежеде қайта қауыштыруын және бізге Өзінің разылығы мен басқа да игілік түрлерін нәсіп етуін сұраймын.

Мен Алладан бекем ұстаймын, Одан жәрдем сұраймын және тек Соған ғана арқа сүйеймін. Алланың ғана қалағаны болады. Аса Ұлы әрі Аса Асқақ Алладан басқа ешкімде күш-қуат жоқ.

Я, Алла, расында, осы еңбектің маған, мен жақсы көретін жандарға және барша мұсылмандарға пайда әкелуін барлық адал етілген құралдармен және Өзіңнің алдыңда мүмкін деген барлық шапағатшылар арқылы сұраймын. Я, Раббым, не жасаймын десең де, Саған ештеңе бөгет бола алмайды және Сен үшін қиын ештеңе жоқ! Енді аталмыш кітапта алдымызға қойған мақсатымызды орындауға кірісетін сәт келді.


[1] Мухриз ибн Халәф ибн Рузайн (хижраның 413 ж көз жұмған) – ғұлама және аскет. Өлеңді Әл-Хафиз Әбу Тахир Әс-Силәфи «Муджәм әс-сафарда» келтіреді.

[2] «Маджәлис Саалаб» (1/209).

[3] Қандай да бір хадистің хабарлаушылары сенімге лайықты ма, жоқ па, соған анықтама беріледі деген мағынада.

 

Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:понедельник
Новый урок:четверг
Список уроков