Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 3 бөлім: Айқын және жасырын амалдардағы ізгі ниет турасында, 1 бөлім

1 923
5 февраля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 2 бөлім: Кіріспе

1-тарау. Айқын және жасырын амалдардағы ізгі ниет турасында

Алла Тағала былай деді (мағынасы): «Ал олар (христиандар мен яһудилер) (өздерінің кітаптарында, Тәурат пен Інжілде) тек (бүкіл) дінді шын ықыласпен ханиф [бірқұдайшыл]күйде Аллаға ғана арнап құлшылық жасауға, намаз оқуға, зекет беруге бұйырылған еді. Әрі осы – туралық діні»[1] .

Сондай-ақ, Алла Тағала былай деді (мағынасы): «Кімде-кім үйінен Алла мен Оның елшісі үшін шығып, сосын оған өлім жетсе, (ол үшін) сый-сауабы Аллаға түседі[2] »[3] .

Сондай-ақ, Алла Тағала былай деді (мағынасы): «Раббыларың сендердің (уа, адамдар) іштеріңдегіні жақсы біледі»[4] .

Сонымен қатар, Құранда былай делінген (мағынасы): «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді»[5].

Ибн Аббас, Алла оған разы болсын, осы аятты тәпсірлегенде Аллаға біздің ниетіміз жететінін айтқан[6] .

Ибраһим Ән-Нәхәи тақуалықтың Алланың разылығына жету құралы екенін айтқан[7].

Имам Әбул-Хасан Әл-Уахиди, Алла оны рақымына бөлесін, жеткізген: «Әз-Заджәдж «Әл-Хадж» сүресінің 37-ші аятының мағынасын былай түсіндірген: «Алла құрбандыққа шалынған малдың қанын да, етін де қабыл алмайды, егер ол тақуалықпен жасалған болмаса. Ол сендерден Оның алдында қорқатындарыңды білдіріп, жасаған амалдарыңды ғана қабыл алады. Бұл Алла Тағалаға жақындау және Ол әмір еткен үкімдерді орындау ниетінсіз бірде-бір құлшылық жарамсыз екендігінің дәлелі болып табылады»[8].

Ниеттің маңыздылығы

Ниет бойсұну мен құлшылықтан да абзал, өйткені, ол солардың негізі болып табылады. Ниет жасырын болатындығы себепті жүрекпен байланысты. Пайғамбардан, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жеткен сенімді хадисте: «Діндар адамның амалынан ниеті артығырақ» деп хабарланады[9].

Бізге шейхымыз, имам, хафиз  Әбул-Бәка Халид ибн Юсуф ибн Саид ибн Әл-Хасан ибн Әл-Муфәрридж ибн Бәккар Әл-Мақдиси Ән-Нәблуси Әд-Димашки Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, мынаны хабарлаған: «Мухаммад ибн Әбдул-Бәки Әл-Аңсари, Әбу Мухаммад Әл-Хасан ибн Әли Әл-Джәуһәридің, ол Әбул-Хусайн Мухаммад ибн Әл-Музаффәр Әл-Хафиздің, ол Әбу Бәкір Мухаммад ибн Мухаммад ибн Сулайман Әл-Уаситидің, ол Әбу Нуәйм Убәйд ибн Хишәм Әл-Халәбидің, ол Әл-Мубәрактіңде Яхья ибн Саидтан баяндағанын, оның Мухаммад ибн Ибраһим Әт-Тәймиден баяндағанын, оның Әлқамаибн Уаққас Әл-Ләйсиден, ал, оның Омар ибн Әл-Хаттабтан, Алла оған разы болсын, баяндағанын хабарлаған: «Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Расында, амалдар тек ниетке қарай бағаланады, шынында, әр адамға өзі қол жеткізуге ниет еткен нәрсесі ғана тиеді. Сол себепті, Алла мен Оның Елшісіне қоныс аударған адам Алла мен Оның Елшісіне қоныс аударады, ал, дүнияуи нәрсеге бола немесе өзі үйленгісі келген әйел үшін һижра жасаған адам қоныс аударған нәрсесіне ғана қоныс аударады»[10].

Бұл – аса маңызды әрі сенімді хадис, оған Әл-Бұхари мен Муслим имамдар бірауыздан келіскен. Сонымен бірге, Иманның тіректерінің бірі болғандықтан, оның орны ерекше.

Жоғарыда баяндалған хадисті оның әр түрлі нұсқаларында тек бір ғана хабарлаушының сөздерінен жеткізілген хадистердің (хадис ғариб) де, әйгілі хадистердің (хадис мәшһур) де қатарына жатқызуға болады. Бұл хадис Яхья ибн Саид Әл-Аңсаридің риуаят етуімен тарап кеткен.

Хадис білгірлері былай деген: «Бұл хадистің Пайғамбардан, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Омар ибн Әл-Хаттабтан, Алла оған разы болсын, және Омардан Әлқама арқылы, және Әлқамадан Мухаммад ибн Ибраһим Әт-Тәйми арқылы, және Мухаммадтан Яхья ибн Саид Әл-Аңсари арқылы жеткен нұсқасы ғана сенімді. Оны Яхьядан екі жүз адам жеткізген, олардың көпшілігі – ұлы ғұламалар (имамдар)».

Имам Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Исмаил Әл-Бұхари, Алла оны рақымына бөлесін, осы хадисті өзінің «Сахихінде» жеті жерде келтірген: кітаптың басында, содан соң «Әл-Иман», «Ән-Никәх», «Әл-Итк», «Әл-Хиджра», «Тарк әл-хиял» және «Ән-Нузур» бөлімдерінде.

«Ниет» сөзіне келер болсақ, ол «ықылас» деген мағынаны білдіреді, оны былай түсіну керек: «Бір әрекетті жасау үшін жүректе қабылданған шешім».

Зерттеліп отырған хадистің мағынасы мынадай: «Ниетсіз құлшылық жарамсыз. Егер һижра жасаудың мақсаты Алла Тағала мен Оның Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, разылығы болса, ол қабылданады және Алла соның сауабын береді. Ал, кімде-кім һижра жасағанда дүниеуи нәрсені мақсат тұтқан болса, ол бұл дүниеде көздеген мақсатына жетеді, бірақ, ақыретте ол үшін сауап алмайды».
 
Ниетқұлшылықтың шарты

Зерттеліп отырған хадисте дәретте (вуду), бой дәретте (ғұсыл), таза топырақпен, шаңмен тазалануда (тәйәммум), намазда (саләт), дүние-мүліктен төленетін міндетті салықта (зекет), оразада (саум), мешітте болуда (иғтикаф), қажылықта және өзге де құлшылық түрлерінде ниет ету шарт екендігіне нұсқау бар[11].

Біздің Имамымыз Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Идрис Әш-Шәфиғи, Алла оған разы болсын, былай деген: «Аталмыш хадис исламдық құқық кітаптарының жетпіс тарауына кіреді»[12].

Сондай-ақ, Имам Әш-Шәфиғи былай деген: «Бұл хадиске ілімнің үштен бір бөлігі тиесілі»[13]. Дәл сол сияқты, Имам Әбу Абдуллаһ Ахмад ибн Хәнбәл да, Алла оған разы болсын, былай деген: «Оған ілімнің үштен бір бөлігі жатады». Мағынасы осыған ұқсас сөздерді өзге ғұламалар да айтып кеткен[14].

Имам Әш-Шәфиғидің ниет жайлы хадисте ілімнің үштен бір бөлігі тұжырымдалған деген сөзінің мағынасын Имам Әл-Хафиз Әбу Бәкір Әл-Бәйхақи, Алла оған разы болсын, өзінің «Мухтасар Әс-Сунна» кітабының баыснда түсіндіріп кеткен: «Әш-Шәфиғидің, Алла оған разы болсын, «Оған ілімнің үштен бір бөлігі тиесілі» деген сөзінің мағынасы мынада: Алланың құлы қандай бір амалды жүрегімен, тілімен немесе денесімен ғана жасай алады. Жүректе туындайтын ниет сол құралдардың бірі болып табылады, оның үстіне, ол – солардың ішіндегі ең абзалы. Себебі, оның өзі-ақ құлшылық. Ал, сөз бен амалға рия енуі мүмкін»[15].

Ғұламалардың пікірінше, еңбек жазуды қарастырылып отырған хадистен бастаған абзал. Мәселен, Имам Әбу Абдуллаһ Әл-Бұхари, Алла оған разы болсын, солай істеген. Оның Құраннан кейінгі ең сенімді кітап болып табылатын «Сахих» жинағында тізімде ең бірінші ниет туралы хадис келтірілген[16].

Имам Әбу Саид Әбдуррахман ибн Мәхдиден, Алла оған разы болсын, оның былай дегені риуаят етілген: «Мен кітап жазар болсам, оның әрбір тарауын осы хадистен бастар едім»[17]. Сонымен бірге, оның былай дегені жеткізілген: «Кімде-кім кітап құрастырғысы келсе, осы хадистен бастасын»[18].

Имам Әбу Сулайман Хамд ибн Мухаммад ибн Ибраһим Әл-Хаттабидің Имам Әл-Бұхаридің «Сахихіне» жазған түсіндірмелер кітабында оның былай дегені жеткізілген: «Исламның ерте кезеңіндегі ғұламалардың қатарына жататын біздің шейхтарымыз Дінге қатысты әрбір істі әр түрлі жеткізушілер тізбегін пайдаланып, «Расында, амалдар тек ниетке қарай бағаланады» деген хадистен бастағанды жақсы көретін, себебі, ол хадиске барлық адамдар зәру»[19].

Сонымен қатар, бізге ізгі ата-бабаларымыздан (сәләфтар), Алла оларға разы болсын, олардың осы хадиске өте үлкен көңіл бөлгендігінен хабар беретін жоғарыда баяндалғандарға ұқсас көптеген сөздер жеткен. Ал, ең дұрысы Аллаға мәлім.  
 
Зерттеліп отырған хадистің хабарлаушылар тізбегіндегі кейбір ерекшеліктер

Қарастырылып отырған хадистің жеткізушілер тізбегінен қызықты мәліметтерді кездестіруге болады. Бұл хадисті жеткізгендердің арасында сахабалардан кейінгі буынға (тәбиғиндер) жататын үш адам бар. Олар хадисті бір-бірінен риуаят еткен: Яхья ибн Саид Әл-Аңсари, Мухаммад ибн Ибраһим Әт-Тәйми және Әлқама ибн Уаққас, Алла оларға разы болсын. Айта кететіні, осындай қызықты дерекке қарамастан, мұндай жағдай басқа да сенімді хадистерде кездеседі.

Сонымен қатар, жеткізушілер тізбегі хадистерді бір-бірінен риуаят еткен (рубаияттар) төрт сахаба мен олардан кейінгі буыннан шыққан төрт адамнан тұратын хадистер де бар. Әл-Хафиз Әбдул-Қадыр Әр-Рахауи, Алла оған разы болсын, оларды өз кітабының бөлек томында жинақтаған. Бұл менің соларды пайдалануыма мүмкіндік туғызды. Мен Имам Әл-Бұхаридің, Алла оған разы болсын, «Сахихіне» жазған түсіндірмемнің басында оларды қысқартып, үстіне сол сияқты хадистерді қостым, соның нәтижесінде сондай хадистердің саны отызға жетті.

Ал, ең дұрысын Алла біледі[20].
 
Исламға арқау болған хадистерді түсіндіру. Ғұламалардың оларды жинаудағы және түсіндірудегі жұмсаған күш-жігері

Ерекше қамқорлықпен қарауды қажет ететін хадистер бар. Өйткені, олар Исламның іргетасы, Діннің негізі және Иманның, исламдық құқық пен ілімнің арқауы болып табылады. Сол хадистер осы кітапта баяндалып өтеді. Солардың бірі «Амалдар ниетке қарай бағаланады» деген хадис болғандықтан және олардың бәрінің маңызы зор болғандығы себепті, оларды осы еңбектің басында келтіріп кеткен жөн.

Ғұламалардың арасында ондай хадистердің санына байланысты үлкен келіспеушіліктер бар. Ибн Әс-Салах атымен белгілі шейх, Имам, Әл-Хафиз Әбу Әмр Усман ибн Әбдур-Рахман, Алла оған разы болсын, сондай хадистерді жинауда және түсіндіруде ынта-жігер танытқан. Сол зерттеуге және оның нақтылығына алып-қосар ештеңе жоқ. Бұл жерде оның өз кітабында келтіргендері баяндалады. Ал, оның егжей-тегжейлі баяндамаған тұстарына мен түсініктеме беріп отырамын, себебі, «расында, Дін дегеніміз – шынайылық таныту»[21].
 
Нақыл сөздің авторына сілтеме көрсету

Шынайылық танытудың бір түрі – сирек болып саналатын қандай да бір пайдалы нақыл сөздің авторына нұсқау. Солай істеген адамның ілімі мен ахуалына береке беріледі.

Ондай жағынан тәкаппарлық танытып, сол сөздерді өзімдікі деп, меншіктеп алған адам өз білімінен пайда алмауға және ахуалының берекесіз болуына лайық. Ал, адамгершілік қасиетке ие ілім адамдары пайдалы нақыл сөздердің авторын әрдайым көрсетіп отырады. Сол себепті, біз Алла Тағаладан бұл істе үздіксіз жәрдем беруін сұраймыз[22].


 
[1] «Әл-Бәйина», 5-аят

[2] Мұндай жағдай Джәнда’ ибн Дамур Әл-Ләйсидің, Алла оған разы болсын, басынан өткен.

[3] «Ән-Ниса» сүресі, 100-аят

[4] «Әл-Исра» сүресі, 25-аят

[5] «Әл-Хадж» сүресі, 37-аят

[6] Имам Ән-Нәуәуидің «Әл-Азкар» кітабы, 36-бет.

[7] «Тафсир Әт-Тәбәри», 10-том, 216-бет.

[8] «Әл-Уәсит фи тафсирил Қуранил мәджид», 3-том, 272-бет.

[9] «Әл-Му’джәм әл-кәбир» (6/185), «Тарих әл-Бағдад» (9/236), «Хильятул-әулия» (3/255) мырзамыз Сахл ибн Саидтың, Алла оған разы болсын, риуаятында.

[10] Имам Әл-Бұхаридің «Сахихі» (1), Имам Муслимнің «Сахихі» (1907).

[11] Шариғи түсінікте нәжісті тазалауға келер болсақ, оған ниет етудің қажеті жоқ, себебі, бұл бірдеңені тастауға жатады, ал, тастау ниетті қажет етпейді (ибн ДақиқӘл-Идтің «Шарх әл-әрбәин» кітабын қараңыз).

[12] «Әл-Джәми ли әхляқи-ррауи уа адаби-ссами» (2/443).

[13] Имам Әл-Бәйхақидың «Әс-Сунан әл-кубра» кітабы (2/14).

[14] «Шарх Сахих Муслим» (13/53), «Фәтх әл-бәри» (1/11).

[15] «Әс-Сунан әс-сағир» (1/12).

[16] «Әл-Мәджму» (1/27).

[17] «Әл-Мәджму» және «Джәмиу улюм уа әл-хикам».

[18] «Әс-Сунан әс-сағир», «Әл-Азкар», «Әл-Мәджму».

[19] «Ә’ләму әл-хадис» (1/106).

[20] «Шарх Сахих Муслим» (1/63), «Шарх Сахих Әл-Бухари» кітаптарын қараңыз.

[21] Мұнда кімге ақыл-кеңес, насихат айтсаң, соған жақсылық тілеу жайында сөз боп тұр.

[22] Имам Әл-Қуртуби, Алла оны рақымына бөлесін, Құранға жазған тәпсірінде былай деген (3/1): «Бұл кітаптағы менің шартым әлдеқандай нақыл сөздің авторын көрсету және хадистерге қатысты еңбекті құрастырушыға нұсқау болып табылады. Себебі, «Білімнің берекесі – нақыл сөздің авторына нұсқауда» деген сөз бар емес пе.
 
 
 
Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков