Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 5 бөлім: Айқын және жасырын амалдардағы ізгі ниет турасында, 3 бөлім

1 864
12 февраля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 4 бөлім: Айқын және жасырын амалдардағы ізгі ниет турасында, 2 бөлім

Сегізінші хадис. Харамды пайдалану – дұғаның қабыл болуына кедергі

ӘбуХурайраның, Алла оған разы болсын, былай дегені хабарланады: «Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Уа, адамдар! Ақиқатында, Алланың ӨзіІзгі, сондықтан, Ол ізгі нәрседен басқа ештеңені қабылдамайды. Шын мәнінде, Алла Елшілерге әмір еткендерін мүміндерге де әмір етті. Алла Тағала былай деді: «Уа, елшілер! Игіліктерден жеңдер де, ізгі іс қылыңдар»[1]. Сондай-ақ, Алла Тағала былай деді: «Өздеріңе берген ризықтарымыздың тазаларынан жеңдер...»[2]. Содан соң Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, ұзақ уақыт бойы сапарда жүрген[3] үсті-басы шаң-тозаң, шашы ұйпа-тұйпа болған біреудің қолын аспанға көтеріп, қайта-қайта: «Я, Раббым! Я, Раббым!» - деп дұға қылғаны жайлы былай деді: «Оның ішкені харам, жегені харам, кигені харам. Өзі хараммен азықтанған, ендеше, оның дұғасы қалайша қабыл болмақ?». Бұл хадисті Муслим өзінің «Сахих» (1015) еңбегінде келтірген.

Тоғызыншы хадис. Ешқандай себепсіз зиян келтіруге және жауап ретінде (кек алу мақсатында) зарар тигізуге тыйым

Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені Әбу Сәид Әл-Худридің, Алла оған разы болсын, баяндауымен риуаят етілген: «Ешқандай себепсіз зиян келтіруге, сондай-ақ, жауап ретінде (есе қайтару үшін) залал келтіруге рұқсат етілмейді».

Мәлік бұл хадисті «мурсәл»[4] нұсқада жеткізген. Әд-Дарақутни (3/77) мен өзге де ғұламалар бұл нақыл сөзді әр түрлі жеткізушілер тізбегімен келтірген. Бұл – жақсы хадис[5].
 
Оныншы хадис. Дін дегеніміз – шынайылық таныту

Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені Тәмим Әд-Дариден, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Дін дегеніміз[6] – шынайылық[7] таныту». Сонда біз одан: «Кімге деген шынайылық?» – деп сұрадық. Ол былай жауап берді: «Аллаға деген, Оның Кітабына деген және Оның Елшісіне деген, мұсылмандардың әміршілері мен жалпы барлық мұсылмандарға деген шынайылық». Хадисті Муслим (55) келтірген.

Он бірінші хадис. Көп сұрақ қоюға тыйым

Әбу Хурайрадан, Алла оған разы болсын, оның Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегенін естігені хабарланады: «Мен тыйған нәрселерден аулақ болыңдар. Ал, мен бұйырған нәрселерден шамаларың жеткендерін орындаңдар. Шынында, сендерге дейін өмір сүргендерді опатқа ұшыратқан[8] – көп сұрақ қойғандары[9] және пайғамбарларына қарсы шыққандары[10] еді». Хадисті Әл-Бұхари (7288) мен Муслим (130/1337) келтірген.

Он екінші хадис. Дүниеден бас тарту және оның жемістері

Сахл ибн Са’дтың, Алла оған разы болсын, былай дегені хабарланады: «Бірде Пайғамбарға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бір ер кісі келіп: «Уа, Алла Елшісі, мені Алла да, адамдар да жақсы көріп кететіндей қандай амал жасауыма болады?» - деді. Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Жалған дүниеден баз кеш[11] , сонда Алла сені жақсы көреді. Адамдардың қолындағы дүниелерден бас тарт, сонда адамдар сені жақсы көреді». Хадисті ибн Мәджә (4102) келтіріп, жақсы деп атаған.

Он үшінші хадис. Мұсылманның дербес құқықтығы. Мұсылманның қаны Шариғат берген құқық арқылы ғана төгіледі

Ибн Мәсғудтан, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім және ештеңе жоқ екеніне, менің Алла Елшісі екеніме куәлік ететін мұсылманның қанын төгу харам, тек үш жағдайды қоспағанда: некелі адам[12] зина жасағанда, біреудің өлімі үшін (тағы) біреу өлтірілгенде және әлдекім діннен шығып, үмметті тәрк еткенде». Хадисті Әл-Бұхари(6878) мен Муслим (1676) келтірген. 
 
Он төртінші хадис. Мұсылманның қаны мен мал-мүлкіне қол сұғылмайтындығы

Абдуллаһ ибн Омардан, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Маған адамдар[13] Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім және ештеңе жоқ және Мұхаммед Оның Елшісі екеніне куәлік етпейінше, намаз (саләт) оқып, дүние-мүліктерінен міндетті салықты (зекет) төлемейінше, олармен шайқасу әмір етілді. Егер олар осының бәрін орындайтын болса, онда өмірлері мен мал-мүліктерін менен қорғап қалады. Содан соң олардың қаны мен мүлігі Ислам беретін құқық арқылы ғана халал етілуі мүмкін[14], сонда олардан есеп сұрауға Алла ғана құқылы[15]». Хадисті Әл-Бұхари (25) мен Муслим (22) келтірген.
 
Он бесінші хадис. Исламның тіректері

Ибн Омардан, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Ислам бес тірекке негізделеді. Олар: Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкім және ештеңе жоқ екеніне, сондай-ақ, Мұхаммед Оның Елшісі екеніне куәлік ету (шәһада), парыз етілген намазды (саләт) оқу, дүние-мүліктен парыз етілген салықты (зекет) төлеу, қажылық жасау, Рамазан айында ораза ұстау (саум)». Хадисті Әл-Бұхари (8) мен Муслим (21/16) келтірген. 
 
Он алтыншы хадис. Исламдағы сот ісінің негіздері

Ибн Аббастан, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Егер адамдарға талап еткен нәрселерін соны даулағандары үшін ғана берер болсаң[16], онда олардың біреулері басқаларының өмірі мен мүлігіне қиянат жасайтын болады. Сол себепті, дау туындаған жағдайда талаптанушы дәлел[17] ұсынуы, ал, жоққа шығарушы өзін ақтап алу үшін ант-су ішуі тиіс». Хадис осы жеткізілген түрінде (риуаят) жақсы хадис болып табылады, ал, оның бір бөлігі екі «Сахихте» де келтіріледі[18].
 
Он жетінші хадис. Жүрек – тақуалық пен күнәһарлықты анықтайтын таразы

Уабисат ибн Мәбәдтан, Алла оған разы болсын, оның Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келгенде Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) одан былай сұрағандығы хабарланады: «Сен тақуалық пен күнәһарлық жайында сұрау үшін келдің бе?». Сонда ол: «Иә», - деп жауап берген. Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деген: «Мұны жүрегіңнен сұра. Себебі, тақуалық дегеніміз – көңіліңмен жүрегіңе сенімділік ұялатқан нәрселер, ал, күнәһарлық – жаныңды мазалап, жүрегіңді толғандыратын нәрсе[19], тіпті егер адамдар сенікі дұрыс десе де». Бір хабарламада (риуаятта) былай делінген: «…тіпті егер адал-арам жайлы шешім шығарушылар сенікі дұрыс десе де». Хадис жақсы деп танылған. Оны Ахмад ибн Ханбал, Әд-Дарими және басқалар келтірген[20].

Муслимнің «Сахихінде» (15/2553) Ән-Нууас ибн Саманнан, Алла оған разы болсын, Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Тақуалық[21] дегеніміз – көркем мінезділік[22], ал, күнәһарлық дегеніміз – жаныңа маза бермей, алаңдататын нәрсе, сен адамдардың оны білгенін қаламайсың».
 
Он сегізінші хадис. Бәрін жақсылап жасауға және жан-жануарларға мейірімді болуға әмір

Шәддад ибн Әустан, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Шындығында, Алла Тағала қандай істі қолға алсаңдар да, жақсылап орындауды бұйырды. Егер өлтіруге тура келсе, жақсы тәсілмен өлтіріңдер, мал бауыздайтын болсаңдар да, жақсылап бауыздаңдар және сендердің әрбірің малды қинамас үшін пышағын жақсылап қайрап алсын». Хадисті келтірген – Муслим(1955). 
 
Он тоғызыншы хадис. Ізгі сөзден және қонақ пен көршінің хақыларын беруден байқалатын Иман көрінісі

Әбу Хурайрадан, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Алла мен Қиямет күніне сенетін адам[23] ізгі сөз айтсын немесе үндемесін және Алла мен Қиямет күніне сенетін адам көршісіне құрметпен қарасын, сондай-ақ, Алла мен Қиямет күніне иман келтірген адам қонағын жақсы қарсы алсын». Хадисті келтірген – Әл-Бұхари(6018) мен Муслим(47).



[1] «Әл-Муминун» сүресі, 51-аят

[2] «Әл-Бақара» сүресі, 172-аят

[3] Мұның мағынасы мынадай: ол адам қажылық және ізгіліктің басқа да түрлері сияқты әр қилы құлшылық түрлерін жасау үшін ұзақ уақыт бойы сапарда жүреді. Бірақ, соған қарамастан, оның ішкен-жегені, кигені харам болғандықтан, дұғасына жауап қайтарылмайды. Ендеше, әр қилы құлшылық түрлерін орындамай, игіліктен құр қалып жатқан, дүниеге белшесінен батып кеткен пенделер жайлы не дерсің!? («Шарх ибн Дақиқ Әл-Ид әлә әл-әрбәин ән-Нәуәуия» кітабын қараңыз).

[4] Мурсәл дегеніміз – хадисті Пайғамбардан, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жеткізген сахабаның аты аталмаған хадис.

[5] Хадис «Әл-Мууатада» (2/745) Әмр ибн Яхьядан, Алла оған разы болсын; имам Әл-Бәйхақидың (6/69) «Әс-Сунан әл-кубрасында» Әмр ибн Яхьяның, Алла оған разы болсын, әкесінен; «Әл-Мустадракта» (2/58) Әбу Сәид Әл-Худриден, Алла оған разы болсын, келтіріледі.

[6] Яғни, діннің тірегі әрі негізі шынайылық (адалдық) таныту болып табылады.

[7] Бұл жерде «шынайылық» (насыха) мағынасында игі насихат айтылған адамға жақсылық, ізгілік тілеу меңзеліп тұр.

[8] Яғни, екі дүниеде де азапқа ұшырауына себепкер болды.

[9] Әсіресе, өздеріне қатысы жоқ дүниелер мен олар білуі керек болмағаннәрселерді сұрауы.

[10] Яғни, пайғамбарларға құлақ аспағандары, олар хабарлаған нәрселерге күмәнданып, дүдәмалды күйде болғандары, сонымен қатар, олар әкелген қағидалар мен Шариғат жөнінде дауласып, пікірталастырғандары.

[11] Имам Ахмад ибн Ханбал, Алла оған разы болсын, бас тартуды үш түрге бөлген. Бірінші түрі – харам етілген нәрселерді тәрк ету, бұл қарапайым адамдардың бас тартуы болып табылады. Екіншісі – адал болған нәрселердің ішінен мөлшерден артығын тәрк ету,бұл таңдаулы адамдардың бас тартуы болып табылады. Үшіншісі – Алладан алаңдататын нәрселерден бас тарту, ал, бұл Алланы таныған адамдардың бас тартуы болып табылады.

[12]Яғни, үйленген еркек немесе тұрмыстағы әйел жайлы айтылып тұр.

[13] Көпқұдайшылдар туралы айтылған. Ән-Нәсәидің хабарламасы (риуаяты) бар. Онда былай делінген: «Маған көпқұдайшылдармен шайқасу әмір етілді…» (3966).

[14] Яғни, Исламды қабылдағаннан кейін олардың өмірі мен дүние-мүлігі мызғымайтын болады, егер тек олар Шариғаттың сәйкес қағидаларын бұзбаса немесе Діннен тайқымаса.                                

[15] Яғни, адамдардан жасырын болған нәрселер мен жүректердің шыншылдығының есебін Алла сұрайды, өйткені, өзге адамның ішкі ойлары мен жан-дүниесінің күйі Аллаға ғана мәлім.

[16] Яғни, қандай да бір дәлелсіз.

[17] Яғни, куәгерлерді.

[18] Әл-Бұхари (4552), Муслим (1711).

[19] Яғни, оның халал екеніне күмән туындайды.

[20] Ахмад (4/228), Әд-Дарими (2575).

[21] Имам Әт-Тирмизибылай деген: «Бұл жерде «тақуалық» сөзі туысқандық қарым-қатынасты сақтау, садақа беру және Аллаға бағыну дегенді білдіреді» (имам Ән-Нәуәуидің «Әл-Әрбәин» кітабына имам Әт-Тафтазанидің жазған түсіндірмесін қараңыз).

[22] Яғни, көркем мінезді болу оның ең ұлы қасиеті болып табылады.

[23] Яғни, Раббымызға Оның жазасынан құтқаратын және Оның разылығына жетелейтін кәміл иманмен сенген адам.



Ин ша Алла, жалғасы бар...


__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
 

АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:понедельник
Новый урок:четверг
Список уроков