Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 6 бөлім: Айқын және жасырын амалдардағы ізгі ниет турасында, 4 бөлім

1 809
16 февраля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 5 бөлім: Айқын және жасырын амалдардағы ізгі ниет турасында, 3 бөлім

Жиырмасыншы хадис. Ашуға бой алдырмау

Әбу Хурайрадан, Алла оған разы болсын, бір адамның[1] Пайғамбардан, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Маған бір кеңес берші», – деп өтінгені хабарланады. Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Ашуланба»[2], - деп жауап берген. Содан кейін сол адам өтінішін бірнеше рет қайталап айтқан. Бірақ, ол сұраған сайын Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ашуланба», – деп жауап қатқан. Хадисті Әл-Бұхари өзінің «Сахихінде» (6116) келтірген.
 
Жиырма бірінші хадис. Алла халал және харам еткен нәрселердің шектері

Әбу Салабат Әл-Хушәниден, Алла оған разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Шындығында, Алла адамдарға міндеттемелер (парыздар)[3] жүктеді, ендеше, оларға немқұрайлы қарамаңдар[4] және шекара белгілеп берді[5] , ендеше, одан аттап кетпеңдер, сондай-ақ, кей нәрселерге тыйым салды, сол тыйымды бұзбаңдар және ұмытқандықтан емес, сендерге Рақым танытқандықтан, кей нәрселердің үкімін бермеді[6], ендеше, оларды қазбаламаңдар!». Хадисті Әд-Даруқутни (4/184) жақсы жеткізушілер тізбегімен (иснад) келтірген.
 
Жиырма екінші хадис. Тақуалық пен көркем мінезділік

Әбу Зарр мен Муаз бин Джәбәлдан, Алла екеуіне де разы болсын, Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай дегені хабарланады: «Қайда болсаң да, Алладан қорық. Жаман істен[7] кейін оны өшіретін игі амал жаса және адамдармен қарым-қатынас жасауда көркем мінезді бол». Хадисті Әт-Тирмизи (1987) келтіріп, жақсы деп атаған. Сенімге лайықты кейбір нұсқаларында «жақсы, сенімді хадис[8]» делінген.
 
Жиырма үшінші хадис. Жұмаққа жетелеуші жол және игілік қақпасы

Муаз бин Джәбәлдан, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Мен былай дедім: «Уа,Алла Елшісі[9], мені Жәннатқа кіргізетін[10] жәнеТозақтан алыстатын амалды айтып берші». Ол былай деді: «Сен ұлы іс жөнінде сұрадың. Бірақ, расында, Алла Тағала кімге мына нәрселерді жеңілдетсе, соған бұл іс жеңіл болады: Аллаға құлшылық жаса да, Оған серік қоспа, намаз (саләт) оқып, мүлігіңнен парыз болған салықты (зекетті) төле, Рамазан айында ораза ұста және Үйге[11] қажылық жаса».

Содан соң ол былай деді: «Игіліктің қақпасы не екенін білгің келе ме? Бұл – қалқан болатын ораза және судың отты сөндіретіні секілді, күнәларды өшіретін садақа және адамның түн ортасында оқитын намазы (саләт)». Содан соң ол мына аятты оқыды (мағынасы):«Олар [мүміндер] бүйірлері төсектерден көтеріліп, Раббыларына [қаһарынан] қауіптене һәм (рақымынан)дәмете жалбарынады әрі Біздің берген ризықтарымыздан (қайырға) жұмсайды [садақа-зекет береді]. Һәм ешбір жан істеген ісінің сауабы ретінде олар [мүміндер] үшін көзайымдардан [жұмақ қызықтарынан]не жасырылғандығын білмейді»[12].

Содан соң ол былай деді: «Саған осы істің басы[13], тірегі һәм шыңы жөнінде айтайын ба?». Мен: «Иә, уа, Алла Елшісі», – деп жауап бердім. Сонда ол былай деді: «Бұл істің басы – Ислам, тірегі – намаз (саләт), ал, шыңы – күрес (джиһад)».

Сосын ол былай деді: «Саған осының бәрінің басты бөлігі не екенін айтайын ба?». Мен: «Иә, уа, Алла Елшісі», – деп жауап бердім. Сонда ол тілін ұстап көрсетті де: «Мынаған ие бол», – деді. Мен: «Уа, Алла Елшісі, біз шынымен де айтқан сөздеріміз үшін жауапқа тартыламыз ба?» – деп сұрадым. Сонда ол былай деп жауап берді: «Ол не дегенің! Адамдардың Тозаққа етпетінен тасталуына себеп болатын өсек-аяңнан басқа не нәрсе бар?!». Хадисті Әт-Тирмизи (2616) келтіріп:«Жақсы, сенімді хадис», – деген.                       
 
Жиырма төртінші хадис. Сүннетке ілесуге шақыратын Пайғамбар өсиеті

Әл-Ирбаз ибн Сарияттан, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Бірде Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бізге уағыз айтты. Сол уағызынан жүректерімізге қорқыныш ұялап, көзімізден жас ағыл-тегіл жас ақты. Сонда біз былай дедік: «Уа, Алла Елшісі, бұл мына фәнимен қоштасып жатқан адамның уағызына ұқсайды екен. Бізге насихат айтшы!». Ол былай деді: «Мен сендерге Алладан қорқуды өсиет етемін. Сендерге құл билік етсе де, тыңдаңдар да бағыныңдар. Ақиқатында, сендердің араларыңнан ұзақ өмір сүретіндер көптеген ұрыс-керіс, алауыздыққа куә болады. Сондықтан, менің Сүннетім мен менен кейін болатын ақиқат жолындағы әділ халифаларымның Сүннетін ұстаныңдар. Оған азу тістеріңмен жармасыңдар[14] және жаңалықтан(бидғаттан) аулақ болыңдар, себебі, әрбір жаңалық – адасушылық».

Хадисті Әбу Дәуд (4607) пен Әт-Тирмизи (2676) келтіріп: «Жақсы, сенімді хадис», – деген.

Жиырма бесінші хадис. Жүректегі Иманды нығайтуға арналған Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, насихаты

Ибн Аббастан, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Бір күні мен Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, артында отырғанымда[15] ол былай деді: «Әй, балақай, шындығында, мен саған бірер ауыз сөз[16] үйретемін: Алланы есіңе алып жүр[17], сонда Ол саған жар болады, Алланы есіңде сақта, сонда Ол алдыңнан шығады[18]. Егер сұраса,Алладан сұра, жәрдем тілесең, Алладан тіле. Біліп қой, саған қандай да бір пайда әкелу үшін адамдардың бәрі жиналса да, олар саған Алланың сен үшін жазғанынан артық пайда әкеле алмайды. Саған зиян келтіру үшін адамдардың бәрі жиналса да, олар саған Алланың сен үшін жазғанынан артық зиян келтіре алмайды. Өйткені, қалам көтерілді[19], парақ кепті». Хадисті Әт-Тирмизи (2516) келтіріп: «Жақсы, сенімді хадис», – деген.

Басқа нұсқасында (риуаят) мынадай толықтыру бар: «Алланы есіңде ұста, сонда Оны алдыңнан табасың,аман-есеніңде(жақсылықта) Алланы тануға талпын, сонда қиындықта (жамандықта) Ол саған жар болады. Біліп қой, бір нәрсе сені айналып өтсе, демек, ол маңдайыңа жазылмаған, ал, бір іс басыңа түссе, демек, ол бәрібір сені айналып өтпес еді».

Ең соңында былай делінген: «Біліп қой, сабыр мен жеңіс бірге жүреді, қайғының орнын қуаныш басады, ал, ауыртпалықтан кейін жеңілдік болады»[20]. Орасан зор маңызға ие бұл хадис «Әл-Икмәлда» да баяндалған.
 
Жиырма алтыншы хадис. Иман, Ислам және Ихсан

Ибн Омар әкесі Омар ибн Әл-Хаттабтан, Алла ол екеуіне де разы болсын, риуаят еткен тағдырға иман келтіру жөнінде баяндалатын хадисте Иман, Ислам, Ихсан ұғымдарына да түсініктеме берілген және Қиямет күнінің белгілері де мазмұндалған[21].

Бұл – шейх Әбу Әмр ибн Әс-Салах, Алла оған разы болсын, баяндап кеткен хадистер.

Сондай мағынадағы өзге де хадистер бар, солардың бірі келесі хадис болмақ.

Жиырма жетінші хадис. Тура жолмен жүру(истиқама) – Исламның жүрегі

Суфьян ибн Абдуллаһтан, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Бірде мен былай дедім: «Уа, Алла Елшісі, маған сенен кейін ешкімнен сұрамайтындай Ислам туралы бірер сөз айтшы». Ол былай деді: «Мен Аллаға иман келтірдім», – деп айт та, содан соң Ислам жолын бекем ұстан». Хадисті келтірген – Муслим (38).
 
Жиырма сегізінші хадис. Ұялшақтық – амалдың өлшемі

Әбу Мәсғуд Әл-Бәдриден, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Шын мәнінде, адамдарға алғашқы пайғамбарлықтан жеткен сөздердің бірі: «Ұялмасаң, білгеніңді  істе»[22]. Хадисті Әл-Бұхариөзінің «Әс-Сахихінде» (6120) келтірген.

Жиырма тоғызыншы хадис. Жәннатқа апарар жол

Джәбирден, Алла оған разы болсын, хабарланады: «Бір адам[23] Алла Елшісінен, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай сұрады: «Егер мен өзіме парыз етілген намаздарды (саләт) оқысам, Рамазан айында оразамды ұстасам, адалды адал деп, харамды харам деп біліп, осыған ештеңе қоспайтын болсам, Жәннатқа кіремін бе, айтшы?». Ол: «Иә», – деп жауап берді». Хадисті келтірген – Муслим(18/15).      



[1] Ол – сахаба Джәрият ибн Қуддама, Алла оған разы болсын бола. Сонымен қатар, ол Омар, Алла оған разы болсын, болатын деген де нұсқа бар.

[2] Яғни, «ашудың тууына себеп болатын нәрседен аулақ бол» немесе «ашудың жетегінде кетпе».

[3] Шариғат іс-әрекеттерді тыйым салынған (харам), рұқсат етілген (хәләл), міндетті (парыз), абзал болған (сүннет), ұнамсыз (мәкруһ) деп бөледі. Адам харам іс-әрекеттен бас тартқаны үшін сауапқа кенеледі де, оған бой алдырар болса, жазаға тартылады. Халал амал – бұл жасауға да, жасамауға да рұқсат етілген амалдар. Міндетті амал – оны жасағаны үшін адам сауапқа бөленеді де, тәрк еткені үшін жазаға тартылады. Абзал амал – оны жасағаны үшін адам сауап алады, бірақ, тастағаны үшін жазаға тартылмайды. Ұнамсыз іс-әрекет – мұны жасағаны үшін адам жазаланбайды, бірақ, бас тартқаны үшін сауап алады.

[4] Яғни, сол міндеттерді орындауды доғармаңдар, немқұрайдылық танытпаңдар.

[5] Худуд – күнәдан тыюды көздейтін Шариғаттағы белгілі бір жаза.

[6] Яғни, оларды парыз немесе харам деп белгілеп бермеді, сол себепті, Шариғатта олар жалпы рұқсат етілген деп саналады.

[7] Яғни, күнәлі іс.

[8] Ибн Хәджәр, Алла оған разы болсын, «жақсы, сенімді хадис» деген терминнің мағынасын былай түсіндіреді:

а) егер хадистің екі немесе одан да көп жеткізушілер тізбегі (иснад) болса,онда «жақсы, сенімді хадис» деген сөз бір жеткізушілер тізбегін ескеру арқылыаталмыш хадистің жақсы екенін білдіреді, ал, екінші жеткізушілер тізбегі де қабыл алынса, сенімді дегенді білдіреді.

б) егер хадистің бір ғана жеткізушілер тізбегі болса, онда «жақсы, сенімді хадис» деген сөз кейбір ғұламалардың оны жақсы деп санайтынын, басқа ғұламалардың оны сенімді деп есептейтінін білдіреді.

Имам Әт-Тирмизи осы терминді қолдану арқылы бұл хадис жайлы ғұламалардың пікірлері әр түрлі екенін және өзінің ол жайындағы екі пайымдаманың ешбірін екіншісінен артық көрмегенін білдіргендей.

[9] Бұл Табукқа жорық кезінде орын алған.

[10] Яғни, Жәннат тұрғындарының қатарынан орын алуға себепкер болатын амалды сұраған.

[11] Яғни, Қағбаға.

[12] «Әс-Сәждә» сүресі, 16-17 аяттар.

[13] Яғни, негізі.

[14] Яғни, Сүннеттің ешбір тұсынан тайқымай, одан мықтап ұстаныңдар.

[15] Яғни, көлік жануарының үстінде Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, артында.

[16] Яғни, дұға ретінде оқылатын сөздер емес, пайдалы насихат.

[17] Яғни, Оған мойынсұн, әмірлерін орында, Оның тыйғанынан бойыңды аулақ сал.

[18] Яғни, Оған бойұсын, Ол сенің ешқандай қателігіңді көрмесін, сонда қиындықта Оны алдыңнан табасың.

[19] Яғни, Алла Тағала бәрін алдын-ала тағдырыңа (       жазып қойған.

[20] «Әл-Мустадрак» (3/542).

[21] Омардан, Алла оған разы болсын, риуаят етілген: «Бірде Алла Елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жанында отырғанымызда күтпеген жерден қасымызға бойында жолаушының
белгісі жоқ және біздің ешбіріміз танымайтын қара шашты, аппақ киімді кісі  келді. Ол Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, қарсы алдына тізесіне тізесін тигізіп отырды да, қолын санына қойып: «Уа, Мұхаммед, маған Ислам жайлы айтып берші», – деді. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Ислам дегеніміз – Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешкімнің және ештеңенің жоқ екеніне һәм Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік келтіруің, намаз (саләт) оқуың, мүлігіңнен парыз етілген салықты (зекет) төлеуің, Рамазан айында ораза ұстауың және шамаң жетсе, Үйге қажылық жасауың». Әлгі кісі: «Дұрыс айтасың», – деді. Біз оның Пайғамбарға, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, әрі сұрақ қойып, әрі оның айтқандарының дұрыстығын растап отырғанына таңырқадық. Содан соң ол: «Маған Иман жөнінде айтшы», – деп тіл қатты. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп жауап берді: «Иман дегеніміз – Аллаға, Оның Періштелеріне, түсірген Кітаптарына, Оның Елшілеріне, Ақырет күніне және жақсылық пен жамандықтың тағдырдан екеніне иман келтіруің». Әлгі адам тағы да: «Дұрыс айтасың», – деді де: «Маған ихсан туралы баяндап берші», – деді. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ихсан дегеніміз – Аллаға Оны көріп тұрғандай құлшылық жасауың, сен Оны көрмесең де, шын мәнінде, Ол сені көріп тұр», – деп жауап қайтарды. Сонсоң ол: «Енді маған Қияметтің қашан болатынынан хабар берші», – деді. Оған Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай жауап қайырды: «Сұралып тұрған адам сұрақ қойған адамнан артық білмейді». Әлгі кісі: «Ендеше, маған Қияметтің белгілерін айтшы», – деді. Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп жауап қатты: «Ақырет жақындағанда күң өз қожайынын дүниеге әкеледі және жалаң аяқ, үстінде киімі жоқ, қой баққан кедейлердің биік үй салып жарысқандарын көресің». Сосын әлгі адам кетіп қалды. Мен біраз уақыт кідіре тұрғаннан кейін Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Уа, Омар, әлгі сұрақ қойған кісінің кім екенін білесің бе?» – деп сұрады. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсырақ біледі», – дедім. Сонда Алла Елшісі, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Расында, ол сендерге діндеріңді үйрету үшін келген Жебірейіл еді», – деді». Хадисті келтірген – Муслим (8).

[22] Имам Ән-Нәуәуи, Алла оған разы болсын, өзінің «Әл-Әрбәун» атты кітбаның соңында былай жазады: «Бұл хадистің мағынасы мынада: «Егер бірдеңе істегің келсе, ол Алладан және адамдардан ұялатындай нәрсе болмаса, істе, ұялатын нәрсе болса, істеме».

[23] Ол сахаба Ән-Нуғман ибн Кавкал, Алла оған разы болсын, еді.



Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков