Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 8 бөлім: Ықылас пен шыншылдық турасында, 2 бөлім

1 647
23 февраля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 7 бөлім: Ықылас пен шыншылдық турасында, 1 бөлім

Қарапайым және таңдаулы адамдардың ықыласы

Әзіреті Әл-Фудайл ибн ‘Иядтан, Алла оны рақымына бөлесін, оның былай дегені риуаят етілген: «Амалдарды адамдарға бола жасамай қалу – рияшылдық, ал, адамдар үшін амал жасау – ширктің көрінісі. Ал, шынайылық – Алланың сені осының бәрінен құтқаруында».

Әзіреті Әбу Мухаммад Сахл ибн Абдуллаһ Әт-Тустариден, Алла оны рақымына бөлесін, одан: «Нәпсіге ең ауыр нәрсе не?» –деп сұралғаны хабарланады. Ол: «Ықылас. Себебі, ықыласта нәпсінің ешбір үлесі жоқ», - деп жауап берген.

Сайф ибн Әл-Хусейннан, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген: «Дүниедегі ең қымбат және сирек кездесетін нәрсе – шынайылық».

Әбу Усман Әл-Мағрибиден, Алла оны рақымына бөлесін, оның былай дегені риуаят етілген: «Қарапайым адамдардың шынайылығы  – нәпсінің үлесінен ада шынайылық. Алланың таңдаулы құлдарының шынайылығы – олардың еркімен емес, ырқынан тыс болатын шынайылық. Олар шынайылықты көрмесе де, елемесе де, одан оқшауланған болса да, бойұсынушылық танытады»[1].

Әзіреттен,имамнан, сахабалардан кейінгі буыннан шыққан адам Макхулдан, Алла оған разы болсын, риуаят етілген: «Егер Алланың құлы қырық күн бойы шын ықылас танытса, онда оның тілі мен жүрегінде даналықтың белгілері міндетті түрде білінеді»[2].

Сахл Әт-Тустариден, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген: «Кім қырық күн бойы шын жүрегімен және адал түрде бұл дүниеден бас тартса, ол адамда кереметтер байқала бастайды. Ал, егер ол байқалмаса, бұл оның бас тартуында шыншылдықтың жоқтығынан». Сахлдан: «Оның кереметтері неден байқалады?» –деп сұралғанда, ол былай жауап қатқан: «Ол қалаған нәрсесін қалаған тәсілімен қалаған жағынан алады»[3]
 
Көреген адамдардың ықыласты талдауы

Сахл Әт-Тустари, Алла оны рақымына бөлесін, былай деген: «Көреген жандар «ықылас» түсінігін зерттеп, мынадай қорытындыға келген: «Адамның тасада да, ашық түрде де жасаған іс-әрекеттері мен тыныштығының адам да, нәпсі де, дүние де араласпастан, бір ғана Алла Тағала үшін жүзеге асырылуы»[4].
 
Шын ықыласпен айтылған уағыздың пайдасы

Жоғарыда баяндалғандарға сүйене отырып, былай делінген: «Шынында, уағыздың сәні – ондағы насихаттың риясыздығында, ал, оның табысы – оған талпынған адамды мұқият тыңдауда».

Әмр ибн Әбдул-Қайс былай деген: «Егер сөз жүректен шықса, жүрекке барып ашылады, ал, егер тілден ғана шықса, құлақтан ары аспайды»[5].

Мұсылмандардың ізгі буынының айтқан сөздері тек қана Алланың разылығын алуға бағытталатын. Сол себепті де, олардың айтқандары әрдайым адамдардың жадыларында бекіп, жүректеріне орнықты.

Шейх Әбдул-Қадыр Әл-Джиләниден, Алла оны рақымына бөлесін, Әл-Хасан Әл-Бәсридің «Егер ғұлама дүниеден баз кешпесе, онда ол өз заманының адамдарына азап болады», деген сөзінің мағынасы сұралған. Ол былай жауап берген: «Оның ондай болатын себебі – уағызды ықылассыз айтады және амалдары айтқандарына сәйкес келмейді, сондықтан, оның сөздері жүректерге жетіп, бекімейді. Халық оның сөзін тыңдаса да, соған сәйкес амал жасамайды».

Мәлік ибн Динар былай деген: «Шындығында, тән сау болмаса, ас-су оған пайда әкелмейді. Жүрек те солай, егер ол дүниеге деген махаббатқа байлаулы болса, ондай адамға уағыз оң әсер етпейді»[6].

Яхья ибн Муәз былай деген: «Кім уағыздан теріс айналса, Тозақты қанағат тұтатын болады»[7].  
    
Хамдун Әл-Кассардан былай сұралған: «Мұсылмандардың ізгі буынының айтқан сөздері біздің сөздерімізден пайдалырақ дегеннің мағынасы неде?». Ол былай деп жауап берген: «Өйткені, олар Исламның қуаттылығы үшін, жандардың құтылуы үшін, Рақымдының разылығы үшін сөйлейтін, ал, біз жандардың қуаттылығы үшін, дүниеуиге қол жеткізу үшін және жаратылыстардың разылығы үшін сөйлейміз»[8].

Әс-Сари, Алла оны рақымына бөлесін, былай деген: «Адамдар үшін ештеңе істеме, олар туралы ештеңе айтпа, олар үшін ештеңені тәрк етпе, олар үшін ештеңе берме және олар үшін ештеңені ашпа»[9].

Әбу Әл-Қасим Әл-Джунәйд, Алла оны рақымына бөлесін, былай деген: «Шынайылық дегеніміз – амалды тұнбадан тазарту[10]»[11].

Әбу Усман Әл-Мағриби былай деген: «Ықылас – Алланың жалғыз екендігін тілмен айту және жүрекпен бекіту».

Әбу Ата былай деген: «Ықылас дегеніміз – кесапаттан ада нәрсе[12]»[13].

Ибраһим ибн Адхам былай деген: «Шынайылық дегеніміз – Пәк әрі Құдіретті Алланың алдында ниеттің адалдығы»[14].

Сәһл ибн Абдуллаһ Әт-Тустари былай деген: «Шынайылық дегеніміз – жаратылыстардан жасырын және құштарлықтан таза болған нәрсе»[15]. Сондай-ақ, ол былай деген: «Ықылас жайлы оны жазатындай періште де, бұзатындай шайтан да білмейді»[16].

Әбу Сулайман Әд-Дарани былай деген: «Құл шын ықыласты болса, көптеген күмәндардан және амалдарды мақтан үшін жасаудан арылады»[17].

Юсуф ибн Әл-Хасан Әр-Рази былай деген: «Дүниеде ең сирек кездесетін нәрсе – риясыздық»[18].

Ибраһим ибн Әл-Мууәлләд былай деген: «Шын ықыласпен жасалған құлшылықтың ләззаты өз-өзіңе масаттануды су сепкендей басады»[19].

Ибн Әсим Әл-Антаки былай деген: «Ең пайдалы шынайылық – сені амалдарыңды мақтан үшін жасаудан, өзіңді жақсы көрсетуден және жасанды (жалған) қылықтан арылтатын шынайылық»[20].


[1] Шейх уль-Ислам Зәкәрья Әл-Аңсари, Алла оны рақымына бөлесін, «Ихкам әл-адилләда» (2/627) былай деген: «Шынайылықтың үш деңгейі бар: ең жоғарғы, орташа және төменгі. Ең жоғарғы шынайылық – құлдың Алланың әмірлеріне еріп, өзінің құлшылықтағы міндеттерін орындап, бір ғана Аллаға ғибадат етуі. Орташа шынайылық – құлдың амалдарды Ақыретте сауап алу үшін жасауы. Ең төменгі шынайылық – амалдарды осы өмірде Алланың сый-құрметіне ие болу үшін және Оның жіберетін бәле-жаласынан сақтану үшін жасау. Осыдан басқаның бәрі – рия, оның деңгейлері бір-бірінен өзгеше болса да».

[2] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 360-бет; «Әл-Мәджму» (1/28).

[3] Бұл дегеніміз – Алла оған Өзінің рақымын төгіп, Исламға қатаң ерген түрде басқа да амалдарының жасалуын жеңілдетеді. Алайда, шыншылдыққа бола міндетті түрде керемет орын алмайды(«Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 572-бетті қараңыз).

[4] «Шуабәл-иман» Әл-Бәйхақи (6468), «Әл-Әзкар», 34-бет.

[5] «Әл-Бәйән уа әт-тәбйин» (1/34).

[6] «Хульятәл-әулия» (2/323), «Тарих Димашк» (56/425).

[7] «Ихья улюмиәд-дин» (9/220).

[8] «Хульят әл-әулия» (10/231), «Шуабәл-иман» (1701).

[9] «Хульятәл-әулия» (10/126), «Шу’абәл-иман» (6521).

[10] Яғни, өз-өзіңе масаттанудан, тәкаппарлықтан және т.б.

[11] «Тахзибәл-әсрар», 285-бет.

[12] Яғни, нәпсі итермелейтін нәрселерден, яғни, менмендіктен, паңдықтан және т.б.

[13] Әл-Калабазидің «Әт-Таарруфли мазхаби әһли әт-тасауууф» кітабында айтылған.

[14] «Тахзибәл-әсрар».

[15] Әл-кәшфуа әл-бәйән» (7/2).

[16] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 362-бет. Осы сөз Джунайдта, Алла оны рақымына бөлесін, «… өз дегеніне бойұсындыру үшін нәпсі де білмейді» деп аяқталады. Яғни, ықылас жүректе болатындықтан және жасырын амал тек Раббыңа ғана арналатындықтан, оған жоғарыда аталғандардан еш нәрсе де, ешкім де ықпал етпейді. Алла жүректері жалған дүниеден сырт айналған Өзіне жақын құлдарына (әулие) осындай ахуал береді.

[17] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 363-бет.

[18] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 363-бет.

[19] «Табақатәс-суфиййя», 412-бет.

[20] «Хульятәл-әулия» (9/282).



Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков