Циклы Авторы Сортировка

Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 9 бөлім: Ықылас пен шыншылдық турасында, 3 бөлім

1 678
26 февраля, 16
Имам ан-Навави "Алланы танығандардың бақшалары". 8 бөлім: Ықылас пен шыншылдық турасында, 2 бөлім

Алланың тек ықыласты әрі дұрыс амалдарды қабыл алатындығы жайында

Әбу Әли Әс-Сақафи былай деген: «Алла амалдардың дұрысын ғана, дұрыс амалдардың ықыласпен жасалғандарын ғана, ықыласпен жасалған амалдардың Сүннетке сай болғандарын ғана қабыл алады»[1].

Сондай-ақ, ол былай деген: «Сау бұтақ сау діңгектен ғана тарқайды. Амалдарының Сүннетке сай болғанын қалайтын адам жүрегіндегі ықыласты нығайтсын. Себебі, айқын амалдар жасырын ықылас арқылы түзеледі»[2].

Әл-Фудайл ибн Ияд, Алла оны рақымына бөлесін, Алла Тағаланың (мағынасы): «Сендердің қайсыңның ісі көркем болатындығын сынау үшін[3]» деген сөзі жайлы былай деген: «Бұл жерде ең шынайы және адал деген мағынада». Одан: «Уа, Әбу Әли, «ең шынайы және адал» деген не?» –деп сұралғанда, ол былай деп жауап берген: «Егер амал ықыласпен жасалса, бірақ, дұрыс болмаса немесе дұрыс болса, бірақ, ықыласпен жасалмаған болса, әрі ықыласпен, әрі дұрыс жасалмайынша қабылданбайды. Шынайылық – амалдың Алла үшін жасалуында, ал, амалдың адалдығы – Сүннетке сай болуында»[4].
 
Имам Әл-Мәуәрдидің, Алла оны рақымына бөлесін, шын ықыласын білдіретін өлер алдындағы кереметі

Ибн Халлиқан «Уафаятәл-аян» кітабында былай деген: «Әбул-Хасан Әли ибн Мухаммад Әл-Мәуәрдиден оның ажалы жақындағанда өзі сенім артқан адамына былай дегені баяндалады: «Бәленше деген жерде тұрған кітаптардың бәрі – менің туындыларым. Мен оларды жария етпедім, өйткені, оларды құрастырудан тұнба[5] араласпаған шын ықыласты көрмедім. Мен ажалым келіп, арпалысып жатқанда қолыңды менің қолыма сал. Егер мен сенің қолыңды қысып, жібермей ұстасам, білгін, демек, менің еңбектерімнің ешбірін Алланың қабыл алмағаны. Ондай жағдайда кітаптарды ал да, түнде Тигр өзеніне лақтырып жібер. Егер өзімнің қолымды жазып, сенің қолыңды ұстамасам, білгін, демек, мен ниетім адал болғандығы үшін қалағаныма қол жеткіздім». Ол хал үстінде жатқанда мен қолымды оның қолына салып едім, ол қолын жазды да, менің қолымды ұстамады. Мен оның еңбектерінің Алла Тағала тарапынан қабыл болғанын түсіндім де, ол көз жұмғаннан кейін, Алла оны рақымына бөлесін, кітаптарын жарияладым»[6].

Шыншылдықтың мәні

Алла Тағала шыншылдыққа қатысты былай деді (мағынасы): «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, (қандай жағдайда да тек шындықты айтатын) шыншылдармен бірге болыңдар»[7].

Ұстаз Әл-Қушайриден, Алла оны рақымына бөлесін, жеткізілген: «Шыншылдық амалдың тірегі болып табылады, сол арқылы кемелдікке қол жеткізіледі және онда тәртіп болады». Сонымен қатар, ол былай деген: «Шыншылдықтың ең төмен дәрежесі – жасырын және айқын тараптардың бірдей болуында»[8].

Сәһлден, Алла оны рақымына бөлесін, жеткізілген: «Өзінің және өзгелердің дегенінен шыға алмайтын адам шыншылдықтың иісін де сезбейді»[9].

Зун-Нун Әл-Мисриден, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген: «Шыншылдық – қай жерге қойылса да, кез келген нәрсені кесетін Алланың қылышы»[10].

 
Имам Әл-Мухасибидің, Алла оны рақымына бөлесін, пікіріне сәйкес, шыншыл адамның (сыддық) анықтамасы

Құрметті әзірет, Имам, Алланы таныған Әл-Харис Әл-Мухасибиден, Алла оны рақымына бөлесін, риуаят етілген: «Шыншыл адам – өз жүрегінің тақуалығын сақтау үшін адамдардың пікіріне немқұрайлы қарайтын адам, тіпті олардың жүректеріндегі оған деген бар сый-құрмет байқалған жағдайда да. Бұл – ізгі амалдарының титтей де көлемін адамдарға білдіргісі келмейтін жан. Бұл – оның жаман істерін адамдардың білгеніне қарсы болмайтын адам. Себебі, оның мұны[11] ұнатпауы адамдардың алдындағы дәрежесінің көтерілуін жақсы көретіндігіне дәлел болып табылады. Ал, бұл ең шыншылдардың сипатына жатпайды»[12].

Былай делінген: «Егер сен Алла Тағаланы шын іздесең, Ол саған осы дүние мен ақыреттің барлық таңғажайыптарын көрсететін айнаны сыйға тартады»[13].
 
Шыншыл адам (сыддық) ақиқатпен бірге жүріп отырады, ал, амалдарын мақтан үшін жасайтын адам өзгелердің пікірі үшін табанды болады

Қадірлі әзірет Әбул-Қасим Әл-Джунайдтан, Алла оған разы болсын, риуаят етілген: «Шыншыл адам бір күннің ішінде қырық рет өзгереді, ал, амалдарын мақтан үшін жасайтын адам қырық жыл бойы бір қалыпта тұра береді»[14].

Мен былай дедім: «Мұның мағынасы мынада: шыншыл адам ақиқат қандай болса да, соны қабыл алу арқылы өзгереді. Қандай да бір істе шариғаттық дәлел болса және сол дәлел оның қалыптасқан әдеті мен соған дейін ұстанып келген жолына қайшы болса да, шыншыл адам сол дәлелге сай амал жасайды. Шариғи тұрғыдан алғанда, бұрынғы шешімнен гөрі анағұрлым маңызды шешім шықса және ол екеуін біріктіруге мүмкіндік болмаса, шыншыл адам лайықты іске көшіп, солай жасауын жалғастыра береді. Ол ілімін арттырып, өзіне белгісіз болған нәрселерді танып-білген сайын, сондай-ақ, соған сәйкес амал жасаған сайын, бір күннің ішінде жүз, мың және одан да көптеген түрлі халдерден өтуі ықтимал.

Амалдарын мақтан үшін жасайтын адамға келер болсақ, ол әрдайым бір қалыптан өзгермейді. Тіпті, керек десеңіз, оның алдынан маңызды іс шықса да және кейбір жағдайларда Шариғат сол істі оның сол кездегі қалпынан абзал көрсе де, ол сол маңызды істі орындамайды, керісінше, өзінің қалпын сақтап қалуға барын салады. Өйткені, ол өзінің құлшылығында және халінде адамдардың пікіріне мән береді, сондықтан да, орын алатын өзгерістің кесірінен олардың махаббатынан айрылып қалудан қорқады. Осы айтылғандарға бола, ол өзінің халін сақтап қалуға барынша тырысады. Шыншыл адам болса, өзінің ғибадаты арқылы Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуді көксейді. Сол үшін Шариғат қандай ахуалды дұрыс көрсе де, ол соған көшеді де, адамдарға қарамайды[15].

Мен өзімнің «Әл-Мухаззаб» кітабына жазған түсіндірмемде осы әңгімені қысқаша түсіндіріп кеттім. Сол жерде түсінікті болуы үшін дәлелдер мен үлгілер келтірілген. Оның да мақсаты менің осы еңбекте баяндап кеткенімдей. Сол себепті де, мен осымен шектелдім. Ал, ең дұрысы Аллаға мәлім[16].
 

[1] Әл-Хафиз ибн Раджаб, Алла оны рақымына бөлесін, «Джәми әл-улюм уа әл-хикам» (1/70) кітабында әзіреті ибн Мәсғудтан, Алла оған разы болсын, хабарлаған: «Амалсыз сөз, ниетсіз сөз бен амал, сондай-ақ, Сүннетке сай келмейтін сөз, амал және ниет пайда әкелмейді». Ол бұл сөзді әлсіз жеткізушілер тізбегі арқылы ибн ӘбуДуньямен байланыстырған.

[2] «Әт-Табақатәс-суфия», 363-бет.

[3] «Әл-Худ» сүресі, 7-аят.

[4] «Хульятәл-әулия» (8/95); «Джәми әл-улюмуа әл-хикам» (1/72).

[5] Яғни, өз-өзіңе масаттану, тәкаппарлық және т.б.

[6] «Уафаятәл-аян» (3/282).

[7] «Әт-Тәуба», 119-аят.

[8] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 366-бет.

[9] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 367-бет.

[10] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 369-бет.

[11] Яғни, оның жаман қырларын адамдардың білгенін.

[12] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 369-бет.

[13] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 369-бет.

[14] «Әр-Рисаләт әл-кушайрия», 366-бет; «Әл-Мәджму» (1/30).

[15] Яғни, ол адамдардың өзіне деген немесе оның қандай да бір амалына деген қарым-қатынасының өзгеріп кетуі мүмкін екендігіне көңіл аудармайды.

[16] «Әл-Мәджму» (1/30).
 
 
Ин ша Алла, жалғасы бар...

__________________________________


Орыс тілінен аударған Azan.kz


P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз

Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Имам ән-Навави
Имам Абу Закария Яхья ибн Шараф ән-Науауи
Автор:
ИМАМ АБУ ЗАКАРИЯ ЯХЬЯ ИБН ШАРАФ ӘН-НАУАУИ
Урок вышел:четверг
Новый урок:понедельник
Список уроков