Циклы Авторы Сортировка

Истиғна (өз ахуалыңа разы болу). 1 бөлім

2 985
20 мая, 15
Ізгілікті сахабалар бар дүние-мүліктерін қалдырып, Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солар мен Мәдиналық ансарлардың арасында бауырластық байланыс орнатты. Мәселен, мухаджир Әбдуррахман бин Ауф пен ансар Сағд бин Рабиғдің (Алла оларға разы болсын) арасында. Сағд бин Рабиғ, Әбдуррахман бин Ауфқа былай деген:

― Мен ─ ансарлардың арасындағы ең ауқаттысымын. Саған дүние-мүлігімнің жартысын бөліп берейін. Міне, менің мал-мүлігім, қабыл ал.

Әбдуррахман бин Ауф (Алла оған разы болсын) өзінің ахуалына толықтай риза күйде былай деп жауап берді:

― Алла Тағала мал-мүлігің мен мүмкіншіліктеріңді таза әрі берекелі етсін. Мен бұған зәру емеспін. Маған базарға баратын жолды көрсетіп жіберсең жетіп жатыр...

Әбдуррахман бин Ауф (Алла оған разы болсын ) базарға бет алып, сауда-саттықпен айналысты. Сол салада айтарлықтай табысқа қол жеткізіп, жақсы түсім көре бастады. Сөйтіп, көп ұзамай игілікті байлардың қатарына енді.

Уақыт өтіп, мұсылмандар үшін Исламның күшіне еніп, өркендейтін кезі де кеп жетті. Бір күні ифтардың уақыты кіргенде сол Әбдуррахман бин Ауфтың (Алла оған разы болсын) алдына сан түрлі тағамдар келгенде, ол алдындағы асқа көз тастап, мұңлы жүзбен былай деді:

« Мус’аб бин Умайр шейіт болғанда оның мәйітін орайтын ештеңе таба алмаған едік. Қолымызда бар кебін кішкентай болып шықты: оның денесінің төменгі жағын орағанда үстіңгі жағы ашық болып қала берді. Ақыры, үстіңгі жағын орап, төменгі жағын хош иісті шөптермен жаптық. Оны сол күйде жерледік! Хамза (Алла оған разы болсын) шейіт болып жан тәсілім еткенде оның денесін егде әйелдер киетін жамылғымен жауып жерледік.

Маған болса, Алла Тағала бұл өмірде қаншама игілік берді. Сонда мені мәңгілік өмірде жаза күтіп тұрғаны ма?! Бар игілікті осы өмірде тәмамдап, ақыретте одан құр қаламын ба? Ертеңгі күні Алланың алдына барғанда Оның осыншама игіліктері үшін қалайша жауап беремін?!» – деп, көзіне жас толып, дастарханның басынан тұрып кетті.

Исламдағы көрнекті жандардың дүние игіліктеріне қатысты аскетизмі олардың зухд (дүниелік рахаттардан аулақ болу) және истиғна (қолыңдағы барыңа ризашылық) халінде болғандығының дәлелі еді, құлдың Алла жолына рухани тұрғыдан адал болғандығын көрсететін. Себебі, олардың әлемінде зухд Аллаға деген асқақ махаббат пен Оның алдындағы қорқынышты білдіріп, жүректің Одан басқа нәрселерге немесе адамдарға деген іңкәрлігін ізім-қайым жоқ қылып, рухани тұрғыдан бағасыз ететін. Ал, истиғна болса, сүйген жүректің аскеттік болмысының шыңы болып табылатын.

Осы тұрғыдан қарағанда, истиғна – мінез шикілігін еңсеріп, Жаратушымыздың құпияларын танып білуде кемелдікке қол жеткізген діндар әрі тақуа құлдарға тән қасиет. Жан-дүниелері бай ондай адамдар қолдарындағы барға қанағат етіп, өзге ештеңені де қаламайды. Рухани тұрғыдан бай жүрек тыныштық табады. Истиғна жайлы ізгі хадисте айтылғандай: «Қанағатшылдық – ұшы-қиыры жоқ шексіз қазына» (Дайлами, Муснад, 4699). Өйткені, Алла Тағалаға жақындаған жүрек рухани байлыққа жетіп, жай табады. Себебі, шүкіршілікте болған жүрек материалдық дүние жайлы үрей мен мазасыздықтан арылады. Рух өзінің шексіздігіне жетіп, өткінші дүниенің бәрі мүмін үшін қызық болмай қалады, маңызын жояды.

Сондай халде өмір сүретін әулиелер, Алланың сүйікті құлдары, рухани кемелдікке қол жеткізіп, өз амалдарымен тарихта қаншама жарқын іздер қалдырды.

Әділ халиф Омар ибн әл-Хаттабтың (Алла оған разы болсын) әмірлік еткен кезінде Сирия, Палестина, Мысыр басып алынды және Иранның жерлері Ислам Халифатының иелігіне өтті. Византия мен Иранның байлығы Халифаттың астанасы ─ Нұр сәулелі Мәдинаға қарай ағылып жатты. Мүміндер өркендеу үстінде болды. Алайда, рухани дамудың жоғарғы деңгейіне қол жеткізген, сол сансыз байлықтан бас тартқан мұсылмандардың халифасы, аса қадірлі Омар (Алла оған разы болсын) құтпаны (Жұма күнгі уағызды) жамау-жамау киіммен өткізетін. Ара-тұра адамдардан қарыз алып, жоқшылықта, таршылықта өмір сүрді. Ол қазынадан өзі қажет деп тапқан соманы ғана алатын. Сол себепті, үнемі тұрмыс тауқыметін тартумен болды.

Жақын нөкерлері оның мұндай ахуалына іштей қынжылды. Олар халифтің жалақысын арттырғылары келді. Бірақ, бұл ұсыныстарын Омардың (Алла оған разы болсын) өзіне айтуға бата алмағандықтан, оның ізгі қызы Хафсаға (Алла оған разы болсын) жүгінді. Ол бір кездері Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелі болған еді. Хафса (Алла оған разы болсын) әкесіне осыны айтқанда, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде құрмадан басқа қарын тойдыратын ештеңе болмағанына талай рет куә болған Омар (Алла оған разы болсын) оған былай деп жауап берді:


― Қызым! Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) не жегені, қандай киім кигені есіңде ме?
― Иә, оның қажетін өтейтіннен артық ештеңесі болған емес, – деп жауап берді. Сонда аса қадірлі Омар сөзін былай жалғастырды:

Екі жақын дос (Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Әбу Бәкірмен, Алла оған разы болсын, бірге) және мен үшеуміз жолы бір жолаушылар едік. Арамыздағы біріншіміз (Пайғамбар, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) межелі жеріне жетті. Екіншісі (Әбу Бәкір, Алла оған разы болсын) дәл сол соқпақпен ілесіп отырып, бірінші жолаушыға барып қосылды. Мен достарымның соңынан қуып жетіп, солардың үшіншісі болғым келеді. Егер менің жүгім өзіме қажеттен артық болса, олардың соңынан үлгермей қаламын ба деп қорқамын! Әлде сен менің сол жолда үшінші болғанымды қаламайсың ба?

Халиф Омардың (Алла оған разы болсын) көкейінде мұндай ойдың жүрегіндегі кіршіксіз тазалық пен жоғары руханилықтан туындағаны сөзсіз. Аса қадірлі Омардың (Алла оғнан разы болсын) адамдардың құқықтарын сақтап, қорғаудағы, әділдікті көбейтудегі сансыз ізгі амалдары жайлы әңгімелер тәрбиеленген рухтың ең тамаша үлгісін көрсетеді.

Расында, адамдар шығармашылық тұлғалары мен көрнекті тұлғаларға құрметпен қарайды. Алайда, оларды көп үлгі тұта бермейді. Олар қайсар мінезді, өз-өзіне сенімді, өз ахуалына қанағат ететін тұлғаларға еліктеуге талпынады. Сондай жандардың асқан өнегелілігі мен адамгершілігі олар өмірден озғаннан кейін де үмбетке насихат әрі ізгілік тағлымы ретінде мұра болып қалып, еліктеуге тұралық үлгіге айналады.  

Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тұлғасының көркемдігіне тәнті болған оның соңынан ерген сахабалары былай деген:

«Адам Исламға қол жеткізгенде өзіне жеткілікті ризыққа толықтай қанағат етіп, ризашылықта болады» (Тирмизи, Зухд, 35).

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тәрбиесінен өткен және үмбетіміздің лайықты үлгісіне айналған олар мұсылмандардың алдыңғы қатарынан өз орындарын алды. Өзіңнің қажетіңе қарағанда діндегі бауырыңның қажетін өтеп, қолда бар игіліктерге өзіңнен гөрі бауырыңды әлдеқайда лайық көру жөнінен адамзатқа ғибрат берген жандар ─ әне, солар.

Айша (Алла оған разы болсын) былай деген:

«Біз Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде тойып тамақтанған күніміз болған емес. Қаласақ, оған шамамыз жетер еді. Бірақ, біз исар (діндегі бауырларымыздың қажетін өтеуді абзал көретінбіз) жасайтынбыз».

Джабирдің (Алла оған разы болсын) Хандак шайқасының ауыр күндері жайлы төмендегідей баяндағаны хабарланады:

«Біз ор қазып жатқанда тас үйіндіге кезіктік. Сол жайында Аса Қадірлі Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хабарлағаннан кейін ол да сол жерге келді. Ол қолына балға шот алып, үйіндіні бір ұрып еді, үйінді құдды құмнан жасалғандай опырылып, төгіліп кетті. Сол муджизаны (ғажайыпты) көргендер Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарнының ашқанын басу үшін белдігінің алдыңғы жағына тас байлап алғанын байқады. Себебі, сол жақта үш күн болғанда ешқайсымыз нәр татпаған едік. Сонда мен оған былай дедім:

― Уа, Алла Елшісі! Үйге барып қайтуыма аз ғана уақыт мұрсат беріңізші.

Мен үйге келіп, әйелімнен: «Қадірлі Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай халіне бейжай қарай алмаймын. Үйде жейтін ештеңе жоқ па?» - деп сұрадым. Ол: «Аз ғана арпа мен лақ бар», – деп жауап берді.

Мен сол лақты бауыздадым. Ал, әйелім нан пісірді. Етті отқа қойып, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қарай бет алдым.

Оған: «Біздің үйде аз ғана тамақ бар. Сіз бен тағы бір-екі адамды үйіме шақыра келдім», – дедім. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қанша тамақ бар?» ─ деп сұрады. Мен үйде қанша тамақ барын айттым. «Көп екен. Оның үстіне, сондай дәмді тағамдар! Әйеліңе айт, етті оттан түсірмесін, нанды пештен шығармасын», – деді ол. Содан соң сахабаларына: «Орындарыңнан тұрыңдар!» ─ деп бұйырды. Мухаджирлер мен ансарлардың бәрі Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әмірін естіген бойда орындарынан ұшып тұрды.

Сөйтіп, мен жанұяма қайтып бардым. Тамақтың аз екенін, шақырылғандардың өте көп екенін бір сәтке ойлағанда не істерімді білмей дағдардым.

― Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мухаджирлер, ансарлар мен оларға ергендердің бәрі осында келе жатыр, – дедім.

Әйелім: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйімізде қанша ас барын сұраған жоқ па?» ─ деп сұрады. «Иә, сұрады», – деп жауап бердім мен. «Олай болса, алаң болма», ― деді ол.

Үйге бәрі келген кезде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келгендерді тәртіп сақтауға шақырып: «Бір-біріңді итермей кіріңдер», ─ деді.

Содан соң нанды өзі турап, оның үстіне бір тілім ет қойып, үстінен сорпа құйып, әр сахабаға беріп отырды. Сол жерде отырғандардың бәрі тойып тамақтанып алды. Керек десеңіз, ас артылып та қалды. Сол кезде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жанұяма қарап, былай деді:

― Өздерің тамақтанып алып, көршілеріңе де беріңдер. Өйткені, айналамыздағылардың бәрі аштықтың зардабын тартып жүр. (Имам Нәуәуи, Ислам Хадистерде, 363-бет).

Бірнеше сахабасымен бірге тамаққа шақырылған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жайлы бұл ізгі хадисте оның уайым-қайғысы мен «үмбетім, үмбетім» деген сөздерінің сыры ашылады. Олар рухани қанағатшылдықта, жүректері рақым мен жанашырлыққа толы күйде өздеріне арналған нәрсені жақын бауырларымен бөліскен. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дастархан басында отырып, сахабалардың өтінгеніне қарамастан, тамақ жемей, әбден тойғанша оларға асты өзі беріп отырғандығы, содан соң сол үйдегі адамдар мен солардың қасында тұратын көршілері тамақтансын деген тілегі шексіз рақым мен теңдессіз жанашырлықтың көрінісі болып табылады. Бұл біздің жүрегімізде оның «шәфә’әтына» (Алла Елшісінің шапағаты) деген үміт отын тұтандырады.

Әлемдерге рақым ретінде жіберілген Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір бойы байлықта да, жоқшылықта да сабырлық пен тақуалық танытып, Алла Тағаладан пана іздеумен болды:

«Я, Алла! Мұхаммедтің отбасына аз тамақты жеткілікті ете гөр» (Бұхари, Рикак, 17).

Сондай-ақ, Айшадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген: бірде солардың үйіне қонаққа барған бір әйел Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сабанмен қапталған қатты төсегін көріп, таң қалған. Ол дереу үйіне барып, жүнге толы құс төсек пен жамылғы әкелген. Төсегінің өзгеріп кеткенін көрген асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұны жақтырмай былай деген:

― Уа, Айша! Төсегімді қайтар. Алланың атымен ант етейін, мен өзім қаласам, тау-тау алтын мен күміс соңымнан еріп, әміріме бағынар еді (Ахмад бин Ханбаль, Китабу-з-Зухд, 30).

Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір сүру салтына тән және оның хадистерінде мәні ашылған «зухд» (аскетизм) пен «тақуа» (тақуалық) ұстанымдарын көптеген адамдар әр түрлі түсініп, қате талдайды.  Кейбіреулер мұны жердегі игіліктерге селсоқ қарау және орын алып жатқан жайтқа немқұрайлы болу деп түсінеді. Бірақ, Алланың алдында материалдық дүниемен жасалатын құлшылық түрлері жоғары құндылыққа ие.  Қасиетті Құранда олар жайлы 200-ден астам рет айтылған. Исламның бес тірегінің ішінде екеуін – қажылық пен зекетті орындау үшін белгілі бір табысың болып қана қоймай, біршама байлығың да болуы қажет. Оның үстіне, Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ислам жолының қағидасы болып табылатын «алған қолдан берген қол артық» деген сөзі табыстың керекті көлеміне ие болу үшін құлшылықтың осы түрлерінде ынта таныту қажеттігін растайды. Бұл «дін зухдты ынталандырады» деген пайымдауға мүлде қайшы келмейді.

Күнәға батып, бейқамдыққа салынудан қорыққандықтан, зухд пен тақуалық танытып, қолыңда бар игіліктерге қанағат ету де қажет шарттардың бірі.

____________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz
Annisa-today.ru

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Все подряд
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков