Циклы Авторы Сортировка

Истиғна (өз ахуалыңа разы болу). 2 бөлім

3 500
28 мая, 15
Истиғна - рухани ахуал: ол сезілмейді, материалдық емес. Зухд пен истиғнаның (дүнияуиден аулақ болудың) мәні ─ дүнияуи істермен айналысып жүріп, жүрегіңді олармен байланыстыруға болмайтынында. Олай болса, зухд кедейлікті білдірмейді: бай болсын, кедей болсын, әрбір мүміннің жүрегі сондай халде болуы тиіс.

Алланың жазған тағдырына сәйкес, сырттай жоқшылық көріп, кедейлікте өмір сүретін, бірақ, жүрегімен бұл дүниенің игіліктеріне ұмтылатын адам зухд пен истиғна иесі болып санала алмайды. Өйткені, зухд пен истиғна еріксіз азға қанағат етіп, құдайдың еркіне мәжбүрлі түрде бағынуды емес, жүректі дүнияуи игіліктердің тұтқыны болудан саналы түрде сақтауды білдіреді.

Мұны жақсырақ түсінуге төмендегі әңгіменің септігі тимек.

Бірде аса қадірлі Шах Нақшыбандтың шәкірті болған аса құрметті Мухаммад Париса (оларға Алланың рақымы болсын) қажылыққа бара жатқан жолда, Бағдатта ақша айырбастаушы бозбаланы жолықтырған. Клиенттер тоқтаусыз келіп жатқандықтан, оның қолы бос емес еді. Қажы оның сыртынан бақылап тұрып: «Қандай өкінішті! Мына бозбала Раббысына қызмет етудің орнына дүниеуи істерден бас алар емес!..» − деген оймен ол жас жігіттің жастық шағын дүниеуи әурешілікпен өткізіп жатқанына қамыққан.

Бірақ, ол жігіттің жүрегіне маңдайдағы екі көзбен емес, көкірек көзімен қарау ақылы оның қолдарының ғана дүниеуи шаруалармен айналысып жатқанын, ал, жүрегі Раббысын еске алу арқылы Онымен бірге екенін түсінді…

Сөйтіп, ол бозбаланың сол амалдарын мақтауға лайық деп тауып: «Алланың қалауы! Қолы – пайда табуда, ал, бар ойы – Аллада!..» – деген тұжырым жасады.

Мухаммад Париса (оған Алланың рақымы болсын) Меккеге жеткеннен кейін  Қағбаның жамылғысына жармасып, еңіреп жылап жатқан адамды көрді. Сол адамның Жаратқан Аллаға жалбарынып дұға жасап жатқанын, сондай жағдайын көріп: «Мен де Аллаға дәл осылай жылап дұға жасай алсам ғой, шіркін!» − деп ойлады.

Содан соң ол адамның жүрегіне көкірек көзімен үңілу арқылы оның осы өмірдің өткінші игіліктеріне бола көз жасын көл қылып, дұға етіп жатқанын аңғарды. Сол кезде оның көңілін мұң басты.
Бұл әңгіме дүнияуи істермен айналысып жүріп, қалайша мәңгілік өмірді жадымыздан шығармауға болатынын түсінуге септігін тигізеді.

Мәуләнә Жәләләтдин Руми (оған Алланың рақымы болсын) адамды әлемнің теңіз-суларында жүзетін кемемен салыстыра отырып былай деген:

«Егер өзен кеменің астында болса, оны ағыспен жүргізіп отырып, жүзуге көмектеседі. Бірақ, егер су толқыны кеменің ішіне кірер болса, оны суға батырады».

Расында, жердегі игіліктердің адамның жүрегін өзіне байлап, Алладан баз кештіретін сипаты бар екенін ұмытпау қажет. Қасиетті Құран дүние-мүлік пен балаларды фитна (іріткі) деп атап, мүміндерді сол қауіптен бекерден-бекер сақтандырмайды. Сол себепті, дүниеуи істермен айналысып жүріп, жүректі бейқамдықтан сақтай білу керек. Егер жүрек жердегі игіліктерге деген махаббаттан қорғалмаған болса, онда тағдыр бойынша, оның кішкентай бөлігі де Раббысынан бас тартуы ықтимал.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

«Бұл дүниенің рахаты мен игіліктері – болашақ өмірдің инелері мен тікендері. Ал, мұндағы уайым-қайғы мен мұқтаждық – мәңгілік өмірдің ләззаты мен игіліктері» (Хаким, Мустадрак, IV, 345).

Тағы бір хадисте былай делінеді:

«Бұл өмір тартымды, оның көрінісі тартымды. Күмәнсіз, Алла қалай әрекет ететіндеріңді, қалай өмір сүретіндеріңді көру үшін сендерге дүниенің тізгінін берді. Сол себепті, бұл дүниеден сақ болыңдар…» (Муслим, Зикр, 99).

* * *

Бірде мен үйден мешітке таң намазына бара жатып, мысықтың қатты мияулаған жабайы дауысын естідім. Сол кезде қаһарына мінген арыстандар секілді бір-біріне қадала қарап, кез келген сәтте бас салғалы тұрған екі мысықты көрдім. Олар бір-бірінен көз алмай, тапжылмай тұрды. Арқаларындағы жүндері тікірейіп кеткен. Біреуі сәл қимылдаса болды, екіншісі қарсыласына тап беріп, күл-талқанын шығаруға дайын еді. Сол кезде қастарында жатқан тұншықтырып өлтірілген тышқанды көзім шалып қалды. Жанжалдың себепкері  сол өлі тышқан болған шығар-ау, сірә. Ол екі мысық кішкентай тышқан үшін жұлысып жатты. Олар әйтеуір екеуінің бірінің талқандалатынын біле тұра, қорықпастан, сол тышқанды ие болу құқығына таласып, шегінбеді!...

Бұл − өте ғибратқа толы көрініс. Ол маған «егер сол екі мысық әлгі өліп жатқан тышқанға таласпай, өз дегендеріне жетуден бас тартса, қалай болар еді?» деген ой салды. Бұл осы өмірдің қызығына батып, соңына түскен, ондағы өткінші игіліктерді қармап қалуға талпынып, мәңгілік өмірдің игіліктерінен құр қалатын адамдардың қылығына ұқсайды. Тұншықтырып өлтірілген тышқан мәңгілік патшалыққа қол жеткізудегі талпыныстарының бос әурешілік екенін аңғармайтын қаншама бейқам жандардың көксеген мұратына айналған жердегі игіліктердің, қалаулардың, артықшылықтардың, биліктің, атақ-абыройдың нышаны іспеттес еді.

Құлдың ондай таңдауының негізін құрайтын нәрсе ‒ ол өзінің қалаулары мен ризашылығын жаңсақ мақсаттарға бағыттайды. Дәл сондай адамдарға Алла Тағала былай әмір етеді:

كَلَّا إِنَّ الْإِنسَانَ لَيَطْغَى أَن رَّآهُ اسْتَغْنَى إِنَّ إِلَى رَبِّكَ الرُّجْعَى

«Сөз жоқ, адам баласы әрине азады; Ол, өзін мұңсыз көргендіктен. Шын мәнінде қайту Раббың жақ»
(әл-’Аләқ, 96/6-8).

Материалдық пайданы көздейтін рухани тұрғыдан пісіп жетілмеген адам сол үшін талмастан күрес жүргізеді. Ал, қолына бірдеңе тигенде табысқа жеткеніне масайрап, қамсыздыққа бой ұрады. Ал, егер ештеңеге қол жеткізе алмаса, қайғырып, сары уайымға салынады. Дүние-мүлігін, атақ-абыройын және жейтін нанын ойлап, қажеттен тыс уайымдауы оны дүниенің, материалдық бұйымның құлы етеді.

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол жөнінде ерекше ескерту жасаған:

«Кімде-кім уайым-қайғысын, шаруаларын біріктіріп, оларды мәңгілік өмірдің қамын жасауға пайдаланса, Алла сол адамға осы дүниеде оны алаңдататын нәрселердің бәрінің билігін береді. Кімде-кім дүнияуиді қажеттен тыс қайғырып, әуреге түссе, онда ол қай жолда болмасын, Алланың оған қасірет жіберуі ғажап емес» (Ибн Маджа, Зухд, 2).

Осылайша, жалған дүние құл мен оның Раббысының арасында тосқауыл болып, оны рухани құрдымға алып барады. Сөйтіп, оның білімсіздігінің шектен шығатыны сондай, ол, айқын түрде болмаса да, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан халге жетеді:

«...Олардың бар абыройы – байлықтары, діні – ақшалары, құбласы – әйелдер. Олар ‒ жаратылыстардың ішіндегі ең нашары. Олар үшін Алланың беретіні жоқ» (Әли-әл-Муттаки, Кәнз-уль-Уммаль, XI, 192).

Алла бізді ондайдан сақтасын!

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларына қарап былай деген: «…Алланың атымен ант етейін, мен сендерді жоқшылықтың зардабын тартады деп қорықпаймын. Сендерден бұрын өмір сүрген ұрпақтар секілді алдарыңнан дүниенің қызықтары ашылғанда сендер де солар сияқты таласып, сол дүниелерді уыстарыңа түсіру үшін жарысып, өздеріңді шыңырауға әкетесіңдер ме деп қорқамын» (Бухари, Рикак, 7).                                            
 
 
____________________

Орыс тілінен аударған Azan.kz
Annisa-today.ru

P.S. Сайтымызда жарияланған мақалалар мен шет елдік сайттардан алынған аудармалардың авторлық құқығы Azan.kz сайтына тиесілі.

Azan.kz сайтында жарияланған кез келген ақпараттарды көшіріп алып, өзге желілерге таратушылардан және басқа сайттарға жариялаушылардан міндетті түрде Azan.kz сайтына сілтеме қоюларыңызды сұраймыз.

Өзге адамның еңбегіне құрметпен және аманат ретінде қарауды ең алдымен мұсылман бауырларымыздан сұраймыз.


Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз Құрметпен, Azan.kz сайтының ұжымы
АВТОР ЦИКЛА
Все подряд
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков