Циклы Авторы Сортировка

Он сегізінші хадис. Жарыңа жақсы қарым-қатынаста болу

3 278
25 февраля, 16

-: وعن عقبة بن عامر - رضي الله عنه - قال : قال رسول الله - صلى الله عليه وسلم
أحق الشروط أن توفوا به ما استحللتم به الفروج . متفق عليه


Уқбә ибн Әмірден (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Ең мұқият орындауды қажет ететін шарттар– жақын қарым-қатынасты халал ететін шарттар»» (әл-Бұхари мен Муслим).

Молда Әли әл-Қари бұл хадисті былай түсіндіреді:
 

قال القاضي : المراد بالشروط هاهنا المهر لأنه المشروط في مقابلة البضع ، وقيل:
جميع ما تستحقه المرأة بمقتضى الزوجية من المهر والنفقة وحسن المعاشرة


«Әл-Қади былай деген: «Бұл жерде шарт мағынасында мәһр айтылып тұр. Өйткені, ол жыныстық қарым-қатынасқа рұқсат алу үшін беріледі. Өзгелер былай деген: «Некенің жалпы талаптарына сәйкес, әйелге тиесілі болған нәрселер: мәһр, асырап, қамқор болу және жақсы қарым-қатынас»».
 
Сол себепті, ер кісі үшін ең лайықты іс – некенің өз мойнына жүктейтін шарттары мен міндеттемелерін орындау. Өкінішке орай, қазіргі кезде отбасыңа жақсы қарым-қатынаста болу,оған тиісті уақыт пен көңіл бөлу нағыз еркектің сипаты болудан қалды. Қайта керісінше, ондай еркек «әйелінің дегенінен шықпайды» деп әжуа-мазаққа ұшырайтын болады.
 
Есесіне, егер ол тәуліктеп үйіне қонбаса, достарымен бірге дәмханалар мен кинода сенделіп жүрсе, жақындары оның тіпті қайда жүргенін де білмей отыратын болса, әне, сонда ғана ол «нағыз еркек» деген атаққа қол жеткізеді. Бірақ, шындығында, ондай адам еркек емес, диуана.
 
Неке дегеніміз – ерлі-зайыптылардың ортақ бақыттарын тұрғызудағы бірлескен еңбегі, сондықтан, ол екеуі бірлесе күш жұмсамай, нәтижешықпайды. Өмір жолының соңына келгенде өміріңнің басым бөлігін сенімен бірге өткізген адам бар жан-тәнімен сені бәрінен де жек көретін болса, ащы-тәттісін бірге көріп, қол ұстасып өткізген жылдардың мәні неде?
 
Некенің ең алдымен ортақ тіл тауып, ымыраға келе білу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбектену екенін түсінбеу бүгінде мұсылман отбасыларының психологқа деген мұқтаждығының артуына әкеп отыр. Адамдар көп жағдайда ғұламалар мен шариғи ілім студенттеріне психолог сияқты қарайды. Ал, олар болса, отбасындағы қарым-қатынас жайлы сұрақты естігенде шаштары тік тұрып: «Тағы да психологиядан сұрақ!» – деп бастары қатады.
 
Көптеген адамдар «Бисмилләһ» деп үйіндегі адамдармен ойына келгенін істей берсе, ештеңе болмайды, «психология деген кәпірлердің ісі» деген жаңсақ түсінікте. Бірақ, олай емес екенін және мұсылман қоғамында ең алдымен кәсіби академиялық білімге ие мамандарға деген қажеттілік артып келе жатқанын тәжрибеміз көрсетіп отыр. Бірақ, сол «мамандардың» жай ғана Карнегидің кітапшалары бойынша өткізілетін үш айлық курсты бітірулері жеткіліксіз. Сонымен қатар, олардың білімі Ислам ақидасының ұстанымдарына және өнегелік жөніндегі мұсылмандық түсінікке сай келуі тиіс. Осы мәселені түсінбеуге құлықсыздық танытудың нәтижесінде дінді ұстанатын мұсылмандардың көпшілігі ажырасуда.
 
Бірақ, әйелдер де беймаза болмағандары жөн. Бес минут сайын «қайдасың?», «қашан келесің?», «неге сонша ұзақ жүріп қалдың?», тағы сол сияқты сұрақтарды жаудырып, еркектің мазасын алмаған дұрыс. Әсіресе, егер күйеуіңіз достарының ортасында отырса немесе ол ғұлама яки медреседе ұстаз болса, я болмаса, басқа бір лауазымды қызметте болса. Кейбір мұсылман халықтарда ер адам үйінен шығайын деп жатқанда әйелінің одан: «Қайда барасың?» - деп сұрауы әбестік болып саналады. «Сені қай кезде күтейін?» - деп сұрау қажет. Күйеуіңнің ығырын шығарып, жабыса бергеннен оның жиі қасыңнан табылмайтынын, керісінше, үйден шығуға сылтау іздеп тұратынын әрбір әйел түсінгені жөн.
АВТОР ЦИКЛА
Әйелдер жайлы қырық хадис
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков