Циклы Авторы Сортировка

Төртінші хадис: Бөтен еркектер үшін сәнденуге болмайды

5 459
12 ноября, 15

عن أبي موسى عن النبي صلى الله عليه وسلم قال كل عين زانية والمرأة إذا

استعطرت فمرت بالمجلس فهي كذا وكذا يعني زانية
 
Әбу Муса Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) риуаят еткен: «Әрбір көз зинақор, ал, [ерлердің] жиынының жанынан үстіне әтір сепкен күйі өткен әйел анадай және мынадай, яғни, зинақор» (әт-Тирмизи).

«Тухфат әл-Әхуәзидің» авторы «әрбір көз – зинақор» дегенді былай түсіндіреді:

أي كل عين نظرت إلى أجنبية عن شهوة فهي زانية
 
«Яғни, бөтен әйелге ынтығып қараған әрбір көз – зинақор».

Хадистің мәні мынада: егер әйел өзіне еркектердің көңілін аудару мақсатында әтірді үстіне әдейі сепкен болса, оның күнә жасағаны. Ал, егер ол әтірді ондай ниетсіз пайдаланған болса, онда оның тыйым салынған (харам) емес, мәкруһ іс жасағаны.

Сол себепті, имам әр-Рамли«Нихаят әл-Мухтаджда» былай дейді:
 
أما المرأة فيكره لها الطيب والزينة وفاخر الثياب عند إرادتها حضورها
 
«Әйелге келер болсақ, жұма намазына барғысы келсе, оған үстіне әтір сеуіп, сәнді әрі қымбат киімдерді кию ─ мәкруһ».
 
Осы мағынаны тағы бір сенімді хадис растайды:

أيما امرمأة استعطرت فمرّت على قوم ليجدوا ريحها فهي زانية

«Ер адамның қасынан өткенде үстіндегі иісті сездірту үшін әтір сепкен кез келген әйел – зинақор» (Ибн Хиббан, Хәким, ән-Нәсәи).
 
Бұдан белгілі болғаны, егер әйел адам өзіне еркектердің назарын аударып, оларға ұнау мақсатында әтір сепсе және әдемі киінсе, мұнысы күнә болады. Әйтпеген жағдайда, бұл ─ мәкруһ.

Сонымен қатар, Алла Тағаланың мына аятын оқудың маңызы зор:
 
وقل للمؤمنات يغضضن من أبصارهن ويحفظن فروجهن ولا يبدين زينتهن إلا ما ظهر منها
 
Мағынасы: «Мүмін әйелдерге де айт: «(Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа» («Ән-Нур» сүресі, 31-ші аят).
 
Бұл аятта Алланың адамдарға жыныстық мүшелерін күнәдан қорғау әмірінен бұрын көздерін күнәдан сақтауды бұйырғандығы бізге ой салуы тиіс. Сол себепті де, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:

النظر سَهْم من سهام إبليس مسموم فمن غضّ بصره أورثه الله الحلاوة في قلبه

«Көз салып қарау Ібілістің улы жебелерінің бірі. Кімде-кім көзін сақтаса, Алла Тағала ол адамның жүрегіне [иманның] тәтті дәмін дарытады».

Имам әл-Қуртуби осы аятты тәпсірлей келіп, сәләфтердің қатарынан шыққан ұлы Құран тәпсіршілерінің бірі Муджәхидтің сөздерін келтіреді:
 
وقال مجاهد: إذا أقبلت المرأة جلس الشيطان على رأسها فزيّنها لمن ينظر؛ فإذا
أدبرت جلس على عجزها فزينها لمن ينظر
 
«Әйел адам келе жатқанда шайтан оның басына отырып, қараған адамға оны әдемі етіп көрсетеді; ал, ол өтіп бара жатқанда оның бөксесіне отырып, қараған адамға оны әдемі қып көрсетеді».
Сондықтан, мұсылман әйел өзі біле тұра немесе еріксіз түрде шайтанның еркектерді азғырудағы қаруына айналмас үшін қолынан келгенін жасап бағуы керек.
 
Алла Тағаланың (мағынасы): «Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ олардың өзіндігінен көрінгендері басқа», – деген сөзіне келер болсақ,  Ибн Кәсир «өзіндігінен көрінгендері басқа» деген сөзді былай талдайды:
 
أي: لا يظهرن شيئاً من الزينة للأجانب، إلا ما لا يمكن إخفاؤه

«Яғни, еріксіз көрінетін жерлерін қоспағанда, сұлулығын бөтен еркектерге көрсетпесін».
 
«Еріксіз көрінетін жерлер» дегенді түсінуде Құран тәпсіршілерінің пікірлері екіге бөлінген: денені түгелдей жабу міндет деп санағандар мұнда әйелдің киімі туралы айтылған десе, өзгелер қол мен бет туралы айтылған деген.
 
Әйел адам өзіне берілген сұлулық пен тартымдылықты күйеуіне арнауы керек, ал, бөтен еркектердің алдында мейлінше жабық болуы тиіс. Біздің заманымызда пайда болған жаман әдеттердің бірі ─ әйел үйінде қалай болса солай киініп, олпы-солпы жүреді де, көшеге шығар кезде сәнденіп, барынша боянып-таранады. Сонда ол кім үшін сонша сыланып-сипаланады? Кім үшін боянады? Кімнің алдында әдемі көрінгісі келеді? Мұның жауабы анық: бөтен еркектердің алдында.
АВТОР ЦИКЛА
Әйелдер жайлы қырық хадис
Әбу Әли әл-Ашғари әл-Ханафи
Автор:
ӘБУ ӘЛИ ӘЛ-АШҒАРИ ӘЛ-ХАНАФИ
Урок вышел:
Новый урок:
Список уроков