Image
Бүкіләлемдік желіде (Ғаламторда) әдеп сақтау ережелері
Оқырмандарымызбен мына мәселе төңірегінде сөз қозғасақ деп едік. Баршамыз Ғаламторды пайдаланамыз ─ «ВКонтактеде», «Фейсбукта», «Твиттер»де немесе өзге де әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ ...
7 542
24 февраля, 15

Бүкіләлемдік желіде (Ғаламторда) әдеп сақтау ережелері

7 542
24 февраля, 15
АВТОР ЦИКЛА
Бүкіләлемдік желіде (Ғаламторда) әдеп сақтау ережелері
 «Әлеуметтік желілерде парақша ашуға бола ма?» деген сұраққа Әли Джифри былай жауап берген: «Болады. Бірақ,ол Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұялмай көрсете алатындай парақша болуы тиіс». 
 
Оқырмандарымызбен мына мәселе төңірегінде сөз қозғасақ деп едік. Баршамыз Ғаламторды пайдаланамыз ─ «ВКонтактеде», «Фейсбукта», «Твиттер»де немесе өзге де әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ жан кемде-кем шығар, сірә. Әлеуметтік желі – өте ыңғайлы дүние. Ол жерде достарыңмен сөйлесуге, жаңалықпен бөлісуге, фильм немесе қызықты бағдарлама тамашалауға, лекция тыңдауға, жаңа ақпарат білуге болады. Сонымен қатар, Ғаламтор Ислам ілімін тарату ісінде үлкен көмекші – ол жерден Ислам ғұламасының кітаптарын немесе мақалаларын оқуға, уағыздарды қарауға, дін маманына сұрақ қоюға мүмкіндік бар.
 
Бірақ, біз сол құралдарды дұрыс пайдаланумен қатар, сол кеңістікте әдеп сақтай білеміз бе? Себебі, мұсылман адам, жүрегінде иманы бар адам қай жерде болса да сол қалпынан таймауы керек емес пе? Өкінішке орай, мұны екінің бірі түсіне бермейді – бәзбір жас мұсылмандар «бұл шынайы емес, виртуалды, тіпті жасанды, ойлап табылған кеңістік болғандықтан, онда алып бара жатқан қандай қағида болуы мүмкін?» деп ойлайды. Алайда, Алла бізді қай жерде болсақ та көреді емес пе? Сондықтан, шынайы өмірде айтқан сөздеріміз бен жасаған амалдарымызды былай қойғанда, Ғаламторда өз-өзімізді қалай ұстағанымыз, не айтқанымыз, неге қарағанымыз және не тыңдағанымыз үшін де жауап береміз. Құранда былай делінеді:
 

«Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы одан сұралады» (17-сүре «Исра», 36-аят).

 
Сондай-ақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
 

«Расында, адам бар болғаны бір сөз айтып, онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлауы мүмкін. Бірақ, ол дәл сол сөзі үшін тереңдігі жетпіс жыл қашықтықты құрайтын Тозаққа тасталады» (Ахмад риуаят еткен).

 
Ары қарай, біз Алланың қалауымен, бүкіләлемдік желіні пайдалану кезінде сақталуы керек болған кейбір ережелер жөнінде әңгіме-дүкен құрамыз.
 
Суреттер мен Ғаламтор: өзіңнің кез келген суретіңді қоя берген дұрыс па?
 
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, көптеген адамдар әлеуметтік желілерді жаңалықпен алмасу құралы ретінде пайдаланады: бүгін менің басымнан қандай жайттар өтті, апта соңын немесе демалысымды қалай өткіздім, не сатып алдым, қандай тамақ пісірдім және т.б. Оған қоса, көп жағдайда әрбір осындай хабарламамен бірге фотоесеп те қатар жүреді («досымның туған күнінде отырған кезім», «менің бітіру кешім», «демалысым», «жаңа тағамым», «менің жаңа автокөлігім»). Адамдардың көпшілігі Исламды ұстана бастағанда кейбір маңызды тыйымдар мен қауіпті қаперден шығарып, бұрынғы әдеттерін жалғастыра береді.
 
1. Бірінші мәселе, әсіресе, діндегі әпке-қарындастарымызға қатысты. Біз хиджабқа қатысты бір нәрсені көп жағдайда ұмытып жатамыз. Хиджаб ─ тәнді ғана жабу емес, бұл ─ әйел адамның бөтен көздерден мейлінше таса болуы. Өкінішке орай, көптеген әпке-қарындастарымыз сыртқы хиджабты кигендерімен, бөгде еркектердің көздеріне түспей жүруді қажет деп таппайды: бұрынғыдай олармен емін-еркін араласуды жалғастыра береді. Әлеуметтік желілердегі ахуал да сондай: исламды ұстанатын әпке-қарындастарымыздың парақшалары олардың (әр түрлі жағдайда, әр түрлі жерлерде, достарымен және туыстарымен түскен) суреттеріне тұнып тұр. Жүзіңізді тұмшалап жүрген күннің өзінде де (бірақ, көптеген мұсылман қарындастарымыз бет-жүздерін бүркемей, ашып жүреді ғой), бекерден-бекер өзіңізді көрсетіп, бөгде еркектердің жүрегінде құмарлық сезімін оятудың қажеті қанша? Осы күнәға толы заманда лаң шығарудың не керегі бар? Көшеде сіздің бетіңізге жүздеген еркектің қадала қарап тұрғанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Оның сізге ұнай қоюы екіталай. Ал, әлеуметтік желілердегі парақшаларға күн сайын неше түрлі мыңдаған адам кіреді емес пе?
 
Қазіргі мұсылман әпке-қарындастарымыздың көпшілігінің киімі мен сыртқы келбетін «хиджаб» деп шартты түрде ғана атауға болады: әдетте олар денеге жабысып тұратын ашық түсті киім киеді; көздерін бояумен сызып, қастарын жұлады; қылымсып күлімсірей қарайды. Мұсылмандардың аналарының немесе сахабалардың әйелдерінің (баршасына Алла разы болсын) бөгде еркектердің алдында сондай кейіпте тұрғандарын көз алдарыңызға елестете аласыздар ма? Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы асыл Фатимадан (Алла оған разы болсын): «Әйел адам үшін ең үлкен игілік не?» ─ деп сұрағанда, ол: «Ол да еркектерді көрмеуі керек, еркектер де оны көрмеуі тиіс», - деп жауап берген. Біздің ізгі ата-бабаларымыздың ұяттылығы мен ибалылығы осындай болған!
 
Топтар мен қауымдастықтарға әке-шешелерінің хиджаб киюге рұқсат бермейтінін, оларды түсінбейтінін айтып шағымдарын қарша борататын, бірақ, өз парақшаларын ашық киім киіп, шаштарын жайып түскен суреттеріне толтырып қоятын әпке-қарындастарымыз жайлы аузымызға да алғымыз келмейді. Осы жерде бауырларымызға да, әпке-қарындастарымызға да айтарымыз: сіздің суретіңіз болмаса да, өзіңіз желіден бір жерден тауып алған бөтен біреудің суреті болсын мейлі, парақшаларыңызға хиджаб кимеген әйелдердің суреттерін қоюдың қажеті жоқ. Олай істеуге болмайды. Әйтпеген жағдайда сіз күнәға себепкер боласыз, себебі, әйел адамның ер адамға ондай сиықпен көрінуіне болмайды емес пе?
 
2. Екінші мәселе: сіз парақшаңызды кім қарайтынын және суреттеріңізді нендей мақсатта пайдаланатынын білмейсіз. Суретті өз қалауымызша өзгертуге мүмкіндік беретін «Фотошоп» пен басқа да бағдарламалардың барын ұмытпаңыз! Сіз бетіңіздің бикини киген (немесе басқа да ерсі кейіптегі) қыздың немесе, керісінше, үстіне қару-жарақты асынып алған және («Исламды қабылда, әйтпесе, біз сені өлтіреміз» деген сияқты) сес көрсету мағынасындағы жазуды ұстап алған лаңкес әйелдің бетінің орнына қойылғанын қалар ма едіңіз?
 
3. Суретіңізді тек қана виртуалды құрбыларыңызға көрсеткіңіз келген күннің өзінде де – олардың ар-ұятты екеніне әрдайым сенімді бола аласыз ба? Құрғақ сөзбен шектеліп қоймас үшін, бір қарындасымыздың хикаясын (Бұл хикая «Муслимы поймут» тобында жарияланған болатын)  оқып көріңіз. Ол қарындасымыз өзге әпке-қарындастарымызды жеңіл ойлаудан сақтандыру үшін өз басынан өткен хикаямен бөліскен:
 
«Сыныптастарым мені «ВКонтактеге» тіркелуге көндірді. Мен бұрын­-соңды парақшама сурет қоймаған едім. Бір күні  өзімнің жеке, жабық альбомыма бір суретімді қоюға бел будым. Ол суретті тек қана діндегі құрбыларым көре алатын еді. Мен ол суретте хиджабта болатынмын.
 
Бірер сағаттан кейін желіге кіріп, діндегі құрбыларымның парақшаларын қарап отырып, кенеттен... өзімді көрдім! Төбемнен жай түскендей күй кешіп, не болғанын түсінбей қалдым. Бір құрбымның парақшасында менің суретім тұр. Мен одан суретімді алып тастауын өтіндім. Ол алып тастады. Бірақ, сурет жан-жаққа тарап үлгеріпті. Ол аздай:«Мұның сенің суретің екенін дәлелдесең ғана алып тастаймын», - дегендер де табылып жатты. Мен оны қалайша дәлелдеймін?!
 
Суретімнің жалпыға ортақ желіге қайдан түскенін білмеймін. Бірақ, кейін сол үшін көрмегенді көрдім. Содан бір-екі жыл өткеннен кейін бір діндегі құрбымыздың үйіне қонаққа бардым. Ол жерде бейтаныс әйелдер көп болатын. Бір әйелдің менен кеш бойы көзін алмай қарап отырғанын байқадым. Кеш аяқталуға таяғанда бәрінің төрт көзі түгел отырғанда ол бәрінің көзінше маған: «Сіңлім, мен саған бағанадан бері қарап, қай жерден көргенімді есіме түсіре алмай отыр едім. Енді есіме түсті. Мен сенің суретіңді күйеуімнің компьютерінен көрген екенмін ғой!» - деп қойып қалмасы бар ма.
 
Сол жерде отырғандардың барлығы маған жалт қарады. Мен алғашында оның қандай суретті айтып жатқанын түсінбедім, «ол жаңылысқан шығар» деп ойладым. Бірақ, ол суретті сипаттап бергенде, қай сурет жайында сөз болып отырғаны есіме түсті. Сөйтіп, сол болған түкке тұрғысыз жайтты түсіндіре жөнелдім... Олардың көпшілігі маған сенген жоқ, әрине. Осылайша, ертеңіне мен «танымал» болып ояндым. Бүкіл жамағаттың айтатыны мен болдым. Керек десеңіз, тіпті мені сол әйелдің күйеуімен сөйлесіп жүр екен, оған сурет жіберіп жүр екен және т.б. деп қаңқу сөз таратқандар да болды. Соның бәрі діндегі әпке-сіңлілерімнің тақуалығына сеніп, өзімнің ақымақтығыммен альбомыма қойған суретке бола... Содан бастап суретке түсуден қалдым».
 
Өз әйелі бола тұра, компьютеріне бөгде әйелдердің суреттерін жүктейтін еркектердің бұл қылығы түсініксіз, әрине. Әйткенмен, қыздар да сақ болып, ибалық танытулары қажет.
 
4. Сонымен бірге, көз тию деген нәрсенің барын ұмытпаңыздар! Көз тию деп, біреудің басқа адамға қарағанынан сол адамның басына бақытсыздық пен ауру-сырқат бұлты үйірілетіндігін айтып отырмыз. Ол көреалмаушылықпен, қызғанышпен немесе тіпті шамадан тыс тамсана қарауы мүмкін.
 

«Көз тию – ақиқат» (хадис 3879, «Сунан» Әбу Дауд).

 
Сіз өзіңіздің, туыстарыңыздың бен жақындарыңыздың, достарыңыздың, сатып алған заттарыңыздың және барған жерлеріңіздің суреттерін желіге жариялағанда, бұл біреудің қызғанышын оятуы ғажап емес. Сіз айналаңыздағыларға өміріңізде орын алған жағымды жайтты хабарлайсыз – бірақ, басқа біреудің өмірінде көрген қуанышынан гөрі қиыншылығы басым шығар. Сіз тұрмысқа шықтыңыз – ал, басқа бір әйел өмірлік серігін таба алмай жүрген шығар; сіз балалы болдыңыз (сөйтіп, соның суретін төрткүл әлемге жария етіп, қуанышыңызды бөлісуге асығасыз) – ал, бір отбасылық жұп қаншама жылдар бойы бала сүйе алмай жүрген шығар; сіз өзіңізге жаңа компьютер (яки, тіпті автокөлік) сатып алдыңыз  – ал, біреу әрең дегенде күнін көріп жүрген болса, сіздің қуанышыңыз бен табысыңыз оның ішін тырнайтын шығар. Біреудің көреалмаушылығын, қызғанышын оятып, өзіңізді және жақындарыңызды қатерге тігудің қажеті қанша?
 
(осы мәселе бойынша толығырақ бір ғұламаның «Әлеуметтік желілер мен көз тию» атты мақаласын оқып білуіңізге болады»
 
Аға-інілер мен әпке-қарындастар, ибалы болыңыздар! Ерлер мен әйелдердің Желіде сөйлесу ережелері!
 
Жоғарыда айтылғандай, өкінішке орай, көптеген мұсылмандар Желіге қатысты көптеген қағидалар мен тыйымдарға немқұрайлы қарайды. Олар мұның шынайы емес, виртуалды қарым-қатынас екенін айтып, өздерінің бұл қылықтарын ақтап алуға тырысады.
 
Ерлер мен әйелдердің арасындағы қарым-қатынас мәселесі де сондай. Мұсылмандардың ер мен әйелдің бөлек сөйлесу қағидаларын қатаң қадағаулары керектігі бәріне белгілі: әйел адам мен әйел адам, ер адам мен ер адам сөйлеседі. Қарама-қарсы жыныс өкілімен қандай да бір қажеттілік туындаған жағдайда ғана, жұмыс, оқу мәселесі бойынша немесе өмірлік серігіңді іздеу кезінде тілдесуге болады. Бірақ, ондай жағдайда да сөйлесу кезінде қатаң қағидаға бағыну керек. Ғаламторда да осы қағидалар өз күшінде: жас жігіттің қыз балаға «достасуға», «жай ғана сөйлесуге», «тілдесуге» ұсыныс жасап хабарлама жазуына жол берілмейді. Қандай да бір істі талқылау керек болған күнде де тілдесу әзіл-қалжыңсыз, артық сұрақсыз («сіз тұрмыстасыз ба?», «жасыңыз қаншада?» деген сияқты), смайликсіз және сол секілді ойнақы суреттерсіз қатаң іскери формада өтуі тиіс.
 
Сондай-ақ, өкінішке орай, қандай да бір жалпы жұртқа ортақ алаңқайлардағы ─ топтардағы, тематикалық талқылаулардағы тілдесу де көңіл қуантарлық емес. Кейбір маңызды әрі қызықты тақырыптарды ерлердің де, әйелдердің де талқылағысы келуі мүмкін, бұл рас. Бірақ, онда да байсалдылық, инабаттылық таныту керек: тақырыпқа қатысты әңгімені ғана қозғау керек; адамның жеке тұлғасын талқыламау керек. Мүмкіндігінше қарама-қарсы жыныс өкілімен пікірталасқа түспеген жөн – егер әйел адам сол пікірталаста дөрекілік танытып, ерсі қылық көрсетіп, сұхбаттасына тіл тигізсе (сұхбаттасы дұрыс істемей, қайдағы-жоқты айтқан күннің өзінде де оны жайына қалдыру керек), ұяттың көкесі сонда болады. Мұндай қылық ешкімге жараспайды. Ал, сондай тұрпайылық пен әдепсіздікті инабаттылық пен байсалдылықтың үлгісін көрсетуге міндетті мұсылман әйел көрсетсе, онда мүлде ішің ашиды. Ер адамның да өзіне қарағанда әлдеқайда нәзік, әлсіз болып келетін әйел затына дөрекі сөйлеп, тіл тигізуі де (ол әйел «бірінші бастаған болса да», ер тұлғалы адам оған кішіпейілділікпен қарауы тиіс) ─ қынжылтатын дүние. Алайда, ер адамның: «Әй, әйел, сен біздің әңгімемізге мүлде араласпа! Сенің орның асүйде!» ─ деген сөздермен бұйырып сөйлеуі ер кісіге жараспайтын мінез. Мұның дөрекілік және көргенсіздік екенін былай қойғанда, бұл ─ барып тұрған ақымақтық. Сол «ақылшы» және «тәрбиеші» мұнысымен «уақытты бос егеске құрту жақсы емес, одан да пайдалы іспен айналысқан абзал» дегенді меңзеген болса, бұл ереженің ерлерге де, әйелдерге де қатысы бар емес пе?
 
Негізі, аға-інілер мен әпке-қарындастар, көркем мінез көрсету қажеттігін ұмытпаңыздар: бір-бірлеріңізге дөрекі сөйлеп, тіл тигізбеңіздер; ашуланбаңыздар; бос пікірталасқа түспеңіздер (Ары қарай, Алланың қалауымен, Ғаламтордағы егестің қаупі мәселесін толығырақ талқылаймыз).
 
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
 

«Қиямет күні құлдың амал таразысында көркем мінезден ауыр еш нәрсе болмайды».

 
Тағы бір қауіп мынада: кейде жас жігіттер мен қыздар «біз жай ғана сөйлесіп жүрген жоқпыз, «бір-бірімізді Исламға шақырып жүрміз» деп, өз-өздерін және бір-бірлерін алдап әлек. Олар дінді ұстанбайтын мұсылман бауырын намаз оқуға немесе мұсылман емес қызды Исламды қабылдауға үндеп жүргендерін тілге тиек етеді. Пенденің өз-өзін ақтап алуға бағытталған мұндай сылтаулар ─ бар көксегені адам баласын күнәға итермелеу болған шайтанның қулығы. Екі жастың жақын сөйлесуі олардың көңілінде бір-біріне деген сүйіспеншілікті оятуы әбден мүмкін. Сөйтіп, олардың сөйлесуі діни үндеудің шегінен шығып, виртуалды (кейде тіпті, өкінішке орай, шынайы) «махаббатқа» және жақын қарым-қатынасқа әкеп соғуы ғажап емес.
 
 Егер біреудің Исламды қабылдауына немесе дін туралы білім алуына шынымен де көмектескіңіз келсе, сұхбаттасыңызды өзімен бір жыныстағы білетін адаммен таныстырыңыз. Сонда ғана, Алланың қалауымен, шынында да Аллаға ұнамды амал жасап, күнәның алдын аласыз.
 
Өмірлік серігіңізді Ғаламтор арқылы іздеуге тура келсе
 
Егер үйленетін (немесе тұрмысқа шығатын) уақытыңыз келген болса, бірақ, шынайы өмірде белгілі бір себептермен өзіңізге лайықты адамды таба алмай жүрген болсаңыз (мәселен, мұсылман емес адамдардың арасында тұрсаңыз немесе туыстарыңыз Исламды ұстанбайтын және сізге көмектесе алмайтын болса), сол себепті Желінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болсаңыз, сізге берер ақыл-кеңесіміз төмендегідей.
 
Біріншіден, Желіден өмірлік серігіңді іздеу жайында ислам ғұламасы былай жазады (ең алдымен ерлерге қатысты):
 
«Өмірлік серігіңізді басқа жолмен табуға мүмкіндігіңіз болмай, әлеуметтік желіге жүгінуіңізге тура келсе, төмендегі ақыл-кеңесімізді ұстанып, осы әдісті пайдалануыңызға болады:
 
• Жай ғана достасып, кездейсоқ қарым-қатынас жасауға емес, тек қана некеге тұруға ниеттенуіңіз қажет.
 
• Өзіңізді таныстыру кезінде толық атыңызды (лақап ат емес), нендей іспен айналысатыныңызды айтып, отбасын құратын ниетіңіз барын білдіріп, болашақ жарыңызға қоятын талаптарыңызды атап өтуіңіз тиіс. Әзілдесіп, қылымсудан аулақ болыңыз. Алға қойған мақсатыңыз бен күткен үмітіңіздің шынайы, ойға қонымды болуын қадағалаңыз, шыншылдық әрі адалдық танытыңыз.
 
• Егер бір-біріңізге суреттеріңізді көрсету қажеттілігі туындаса, суретіңіз біреуге көрсетуге лайықты болса ғана (ол суретте күлкілі немесе ерсі кейіпте болмасаңыз), онымен алмасуыңызға болады.

• Егер ол қызға сізбен сөйлесу қызықсыз болса немесе оның сізге лайықты жар болмайтынын сезінсеңіз, сөйлесуді дереу доғарыңыз.
 
• Бір-бірлеріңізге лайық екендеріңізді түсінсеңіз, онымен және оның отбасымен кездесіп, хиджаб ережелерін бұзбастан (мәселен, онымен оңашада кездеспей) неке мәселесін талқылау үшін шара қолдануға тиіссіз.
 
Өзіңіздің және Алланың алдында ниетіңіз адал болуы қажет және бұл танысуды харам етілген қарым-қатынас бастау үшін пайдаланбауыңыз керек»
 
(Мүфти Сухайл Тармахомед).
 
Бұдан ары қарайғы кеңестер қыз балаларға қатысты:
 
Біреумен танысып, сөйлесу кезінде абай болыңыздар. Сіз сұхбаттасыңызды көрмейсіз, танымайсыз, адам өзі жайында ойынан шығарып неше түрлі нәрсені айтуы мүмкін! Егер сұхбаттасыңыз:
 
 нағыз есімін, мамандығын, тұрғылықты жерін айтудан қашқақтаса (немесе нақты ештеңе айтпай, жалпылап айтса);

 тез арада некеге тұруға ұсыныс жасаса – бірақ, әке-шешеңізбен, туған-туысқандарыңызбен танысқысы келмесе;

 сізді өзінің туысқандарымен таныстырғысы келмесе және «Сіздің әке-шешеңіз мен туралы біле ме? Олар сіздің некеңізге келісімін берді ме?» деген сұрақтарға жауап беруден басын алып қашса;

 өз отбасын асырау, әйел, бала-шағасын қамтамасыз ету мүмкіндігі жайлы сұрақтарға жауап беруден жалтарса немесе нақты жауап бермесе;

 оның екінші әйелі болуыңызды ұсынса, бірақ, «бірінші әйелім білмейтін болсын» десе, – осының бәрі сақтануға себеп!
 
Сондай-ақ, мынаны жадыңызға түйіп алыңыз – скайп немесе виртуалды сөйлесудің басқа да құралдары арқылы жасалған неке жарамсыз болады! Ғаламтордағы күйеу жігітпен некеге тұруға бел бумас бұрын онымен шынайы өмірде міндетті түрде кездесу керек (оңашада емес, әрине), оны туған-туысқандарыңызбен таныстыруыңыз керек (және оның туыстарымен кездесуіңіз қажет); не болмаса, оның таныстары мен достарынан ол жайлы сұрап білуге тырысуыңыз керек.
 
Шын сондай болу ма, әлде солай көріну ме – біз әлеуметтік желілерде өзімізді нағыз мұсылман ретінде көрсетіп жүрміз бе?
 
Біз мақаланың басында әйгілі ғұлама Әли Джифридің (Алла оған жар болсын) сөзін жайдан-жай келтірген жоқпыз. Ол виртуалды өмірде парақшаларымызды Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұялмай көрсететіндей әдеп сақтауымыз керектігін айтты. Бөтен адамдар біздің парақшамызға кірсе, оны мұсылман адамның парақшасы деп айта ала ма? Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шынымен де кенеттен біздің арамызға келіп, парақшаларымызға кірді деп көз алдымызға елестетсек (біздің амалдарымыз шындығында да оған көрсетіледі ғой, бұл жайында сенімді хадистер бар), ол не көрер еді? Музыкалық жазбалар мен бос, мағынасыз, тіпті күмәнді мағынадағы көркем фильмдер ме? Жас жігіттердің шаштарын жайып, ашық-шашық киінген қыздарды өздеріне дос қылып алып, олардың суреттерінің астына «лайк» қойып: «МашаАлла!», «Хас сұлу!», «Құлпырып тұрсың!» деп жазған мақтау сөздерін бе? Жұмыста корпоративтік сауық кешінде немесе мектепте бітіру кешінде арақ-шарап пен басқа да харам етілген нәрселердің арасында өздеріне махрам емес жігіттермен құшақтасуға жақын қалып тұрған қыздарды (немесе, керісінше, хиджаб кимеген әйелдердің арасында тұрған жігіттерді) ма? Ол бұған разы болар ма еді? Оның өз ізбасарларына үйреткені осы ма еді?
 
Желідегі дау-егес пен пікірталастар турасында
 
Жоғарыда айтылып кеткендей, Ислам мен ислам ілімін таратуда ғаламтордың пайдасы зор. Исламдық сайттар мен топтар ашып, үлкен ғұламалардың кітаптарын, мақалаларын, лекцияларын аударып; Исламды дұрыс ұстану жөнін үйретіп, адасушы ағымдар жайында ескертіп (олар көп жағдайда бұл іспен аз ғана сыйақыға, риясыз немесе, керек десеңіз, тегін айналысады), Исламға шақыру игі ісіне ат салысып жүрген мұсылмандарды Алла сый-сияпатқа бөлегей. Мұның бәрі мақтауға тұрарлық амал және, иншаАллах, Алла Тағаланың сауабына кенелтеді.
 
Алайда, сенімді білімді таратуға жағдай жасау басқа да, дін жайында сөз қозғау, ол түгілі, қарапайым білімің жоқ бола тұра, пікірталасқа түсу мүлде басқа дүние. Өкінішке орай, бұл ─ қазіргі кезде жас мұсылмандардың (әсіресе, жас жігіттердің) арасында кең етек жайған мәселе: жас жігіттер әуелі намаздағы «Фатиха» сүресін дұрыс оқуды үйреніп алмай немесе дәретті жөнді ала алмай жүріп, виртуалдық әлемде аянбастан уақыттарын егес, сөзталасқа құртып жатады.
 
Ондай пікірталастардың қауіпті болатын себебі көп:
 
• Біріншіден, адам кей нәрселерді білмесе, бар жасаған құлшылығы жарамсыз болуы мүмкін. Ол сол қажетті білімді үйренудің орнына қаншама уақытын текке өткізеді. Ажал құшқаннан кейін Алла Тағала оны қанша адамды дауда жеңіп шыққаны үшін емес, дәретін жөнді алмағандығы яки намзын дұрыс оқымағандығы үшін жауапқа тартады.
 
Тағы бір қауіптің мәні мынада: пікірталасқа түсушілер білімдері болмаса да, дауға араласады. Сол себепті, олар білімсіздікпен Исламға қатысы жоқ нәрсені дінімізге таңып қоюы мүмкін немесе, керісінше, Исламдағы міндетті болған нәрселерді діннен шығарып тастауы ғажап емес. Тіпті олар өздерін Исламнан шығаратын сөз айтып қоюы да ықтимал, Алла ондайдан сақтасын!
 
Имам әл-Ғазали «Ихья» кітабында былай жазады:
 
«Расында, қарапайым адам тек қана иман келтіріп, бойұсынушылық танытып, өзінің құлшылығымен және күнделікті тіршілігімен айналысып, білім жағын ғұламаларға қалдыруы қажет. (Шешім шығаруға хақы жоқ) қарапайым адамның ілім мәселесі жөнінде сөз қозғағанынан гөрі, зина және ұрлық жасағаны артығырақ.
 
Кәміл білімі жоқ бола тұра, Алла және дін жайында сөз қозғаған адам өзі күтпеген жерден күпірлікке түсуі мүмкін. Ондай адам жүзе алмастан теңіз тұңғиығына сүңгіген адаммен бірдей».
 
Тағы бір қауіп мынада: адам өз мүмкіншілігін асыра бағалап, ақылы мен білімі өзінен жоғары біреумен (адасушы мұсылманмен немесе кәпірмен) пікірталасқа түсуі мүмкін. Ондай қарсылас қитұрқы сұрақтар қойып, оның өзінің ойын шатастырып жіберу қаупі бар. Соның нәтижесінде ол Исламның ақиқаттығына (немесе оның кейбір тұстарына) күмәндана бастауы ғажап емес. Бұл Исламда шынымен де ол сұрақтарға жауап жоқ деген сөз емес. Тек ол адам сол сұрақтардың жауаптарын білмеуі мүмкін.
 
Тағы бір маңызды жайт: өкінішке орай, біз пікірталас мәдениетін білмейміз. Пікірсайысқа түсушілер қарсыласымен сыпайы түрде сөйлесу керек деп таппайды, оған тіл тигізіп, жеке басының мәселелерін қозғап кетеді. Көп жағдайда олар бұл әрекеттерін «ол адасқан (ол түгілі, мұсылман емес)» дегенді тілге тиек етіп, сол үшін онымен жұмсақ сөйлесудің қажеті жоқ деп, өздерінің бұл әрекеттерін ақтап жатады. Алайда, Құранда Исламға шақыру жайында былай айтылған ғой:
 

«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес» («Нахл» сүресі, 125-аят).

 
Сондай-ақ, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай ескерткен:
 

«Өзінікі дұрыс бола тұра, пікірталастан бас тартқан адамға жәннаттың төңірегінен үй берілетініне кепіл боламын, әзілдеп те өтірік айтпайтын адамға жәннаттың ортасынан үй берілетініне кепіл боламын және көркем мінезді адамға жұмақтың ең жоғарғы деңгейінен үй берілетініне кепіл боламын» (Әбу Дауд, сенімді қудси хадис).

 
Шамадан тыс пікірталас жүргізе берсе, жақсы адамның да мінезі өзгеріп кетуі ғажап емес – ол сабырсыз, өрескел, дөрекі болып кетеді; содан кейін ол пікірталасқа адасушы біреуді немесе кәпірді тура жолға бағыттау үшін емес, сол дауда жеңіске жетіп, сұхбаттасынан басым болу мақсатында (және ол жеңілсін деген тілекпен) түсетін болады.
 
Әбу Ханифаның өмірбаяны суреттелген кітапта төмендегі хикая келтіріледі.
 
«Әбу Ханифа кезінде ақиданың мықты білгірі болған. Ол сан түрлі адамдармен, кәпірлермен, сектанттармен пікірталас жүргізіп, оларды жеңіп отырған. Ал, оның ұлы кәлам ғылымымен, яғни, теология, ақида ғылымымен айналыса бастағанда, ол да пікірталасқа түсетін болған. Сонда оның әкесі Әбу Ханифа оған пікірсайысқа қатысуға тыйым салып, былай деген:
 
«Біз пікірталасқа түскенде қарсыласымызға құрметпен қарайтынбыз; құдды төбемізде құс отырғандай сақтықпен пікірталас жүргізетінбіз. Өйткені, біз бір жолдасымыздың ағаттық жіберіп қоюынан қорқатынбыз. Ал, сендер пікірталасқа түскенде қарсыластарыңның қателесіп, күпірлікке түскенін қалайсыңдар. Қарсыласының күпірлікке түскенін тілеген адамның өзі одан бұрын күпірлікке түседі. Өйткені, ол діндегі бауырына такфир шығарғысы келді».
 
Кааб ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені риуаят етілген:
 

«Ғұламалармен тең болу үшін, ақымақтармен дауласу үшін, сөйтіп, ел-жұртты тәнті ету үшін білім алған адамды Алла Отқа тастайды» (имам әт-Тирмизи).

 
Уақытты текке өткізбеңіздер!
 

Қорытындылай келе айтарымыз ─ уақыттың құндылығын естен шығармаңыздар! Компьютерге  отырмас (планшетті, телефонды қолға алмас) бұрын: «Дәл осы кезде міндетті түрде Ғаламторға кіруім керек пе?» ─ деп ойланып көріңіз. Бәлкім, шынайы өмірде басқа да шаруаларыңыз бар шығар: үй тапсырмасын орындамаған шығарсыз, сабаққа, емтиханға дайындалуыңыз қажет шығар? Мүмкін, әке-шешеңіз немесе туған бауырларыңыз үй шаруасына көмектесуіңізді өтінген шығар? Ал, достарыңызға хабарласпағаныңызға немесе туыстарыңыздан немесе көршілеріңізден хабар алмағаныңызға қанша уақыт болды? Әлде, бәлкім, жұбайыңыз бен балаларыңыз жанындай жақсы көретін жақын адамының виртуалдық «достарын» қоя тұрып, соларға көңіл бөліп, тілдесуін, ойнауын, жай ғана қалдарын сұрауын күтіп жүрген шығар. Бәлкім, таза ауа жұтып, саябақта серуендеп қайтқан жөн шығар? Шынайы өмір әлі де бар, ол жайында ұмытпаңыз.

 

«Бес нәрсе келмей тұрғанда бес нәрсенің қадірін біліңдер: кәрілік келмей тұрғанда жастық шақтың қадірін, дертке шалдықпай тұрғанда денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрғанда байлықтың қадірін, жұмыс шықпай тұрғанда бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрғанда өмірдің қадірін».

 

«Қиямет күні құлдан төрт нәрсе сұралмайынша, оның аяғы жерден қозғалмайды: өмірін қалай өткізгені, жастық шағын неге сарп еткені, білімін қалай пайдаланғаны, дүние-мүлігін неге жұмсағаны».

ИНТЕРЕСНЫЕ МАТЕРИАЛЫ

Image
Кедейлік білімнің серігі
Сұрақ: Өмірін исламға қызмет етуге арнаған мұсылман адам, мейлі, ол ғұлама болсын, талибуль-ильм болсын, өз-өзін қалай асырайды? Мұны сұрап отырған себебім, көптеген ата-аналардың балаларыны...
5 657
28 ноября, 14
Image
Жаратушыға деген махаббат – жүрек пен жан азығы әрі көздің нұры!
Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ Аллаға тән, Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), отбасына, сахабаларына Алланың жарылқауы болсын. Баршамызды Алла Тағала Өзі сүйген ...
5 933
1
16 октября, 14