Image
Даруль-Улюм, дәстүрлі ислам медресесі
Жастардың дәстүрлі ислам біліміне деген қызығушылығы күн өткен сайын артып келе жатқандықтан, ОАР-дағы Деобанди (Даруль-улюм) дәстүрлі ислам мектебінің ұстазымен болған сұхбатты назарларыңыз...
2 098
16 октября, 15

Даруль-Улюм, дәстүрлі ислам медресесі

2 098
16 октября, 15
АВТОР ЦИКЛА
Даруль-Улюм, дәстүрлі ислам медресесі
Жастардың дәстүрлі ислам біліміне деген қызығушылығы күн өткен сайын артып келе жатқандықтан, ОАР-дағы Деобанди (Даруль-улюм) дәстүрлі ислам мектебінің ұстазымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

«Даруль улюм» термині мен ұғымының шығу тегінің қысқаша тарихы

«Дарульулюм» терминінің мағынасы: «дар» сөзбе-сөз аударғанда «үй», «тұрғылықты мекен» дегенді білдіреді, «улюм» − «ильм», «білім» сөзінің көпше түрі, яғни, «дарульулюм» − ілім үйі, ілім жайлаған мекен, бүгінгі күні өзіміз білетіндей, дәстүрлі ислам институты. Дәстүрлі исламдық оқу орындарының тарихына келер болсақ, мұсылман ғұламаларының айтуынша, олардың тарихы Исламның алғаш пайда болған кездерінде басталған.
Алғашқы ислам институты туралы (әрине, ол қазіргі институттардай болмаған) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихынан оқып біле аламыз. Ол Меккедегі Сафа тауына жақын маңда Зайд ибн Аркамның (Алла оған разы болсын) үйінде орналасқан. Онда Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі ұстаздық еткен де, ал, оның шәкірттері ізгілікті сахабалар (Алла оларға разы болсын) болған. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихында хижрадан кейін (Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін) де сондай оқу орны жайлы айтылған – ол Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінде орналасқан Суффа деген медресе болған. Ол жерде де Пайғамбардың өзі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұстаздық етіп, оның шәкірттері сахабалар болған. Осы ұстаздан шәкіртке ілім беру тізбегі Ислам тарихы бойы жалғасын табады.
 
Мәселен, халиф Әлидің (Алла оған разы болсын) басқаруы кезінде ислам мемлекетінің астанасы Иракқа ауыстырылғанда көптеген сахабалар да Иракққа қоныс аударды. Осылайша, сахабалар өз білімдерін мұсылмандардың келесі ұрпақтарына жеткізу арқылы дінді таратудың және үйретудің жүйесі жүректен жүрекке жалғаса берді. Уақыт тарихымен ары қарай жылжыр болсақ, дін ілімі сол жерден әлемнің түкпір-түкпіріне тараған: Мароккоға, Каирға, Азия елдеріне. Самарқандпен Бұхара (Орталық Азиядағы ежелгі қалалар) ислам ілімін таратқан әйгілі аймақтар еді. Ілім жеткізудің мұндай жүйесі Осман халифатының кезінде жалғасын тауып, Үнді субконтинентінде қанат жайған.

Ислам әлемінде Даруль-улюмнің, яғни, дәстүрлі ислам мектептерінің маңызы орасан зор. Себебі, олар діни білімді дәстүрлі жолмен, ұстаздан шәкіртке жеткізу арқылы таратумен айналысатын орталықтар болып табылады. Аталмыш мектептердің күні бүгінге дейін сақталып қалған өздеріне тән ерекшеліктері көп: мәселен, дәріс кезінде ұстаз бен шәкірттер жерде отырады және тағы басқалар.

Деобанд үнді мектебінің Даруль-улюмі төрткүл дүниеге даңқты – оның көптеген түлектері әлемнің түкпір-түпкірінен деобанди медреселерін тұрғызған. Біздің елдегі Даруль-улюм (ОАР) де сондай оқу орындарының бөлімшесі болып табылады. Оңтүстік Африкадағы алғашқы Даруль-улюмнің негізін Ньюкасл (Ұлыбритания) медресесіндегі әзірет мәуләнә Қасим қалады. Содан кейін елімізде өзге де ислам мектептері бой көтерді. Қазіргі кезде біздің оқу орнына дінді үйренуге дүниенің әр бұрышынан жастар ағылып келіп жатады. Сол себепті, бұл – Алланың бізге деген үлкен рақымы.
 
Оңтүстік Африкадағы Даруль-улюмдегі сабақтарбір оқу жоспарымен жүргізіле ме, әлде олардың оқу жоспарлары әр түрлі ме?
 
Біздің мектептің оқу бағдарламасының іргетасы ең алдымен Құран, Сүннет және ислам құқығы (фиқһ) болып табылады. Бұл сабақтарды кең мағынасында алар болсақ, олардың біртекті болатыны сөзсіз, себебі, олар Құранды, Сүннетті және фиқһті үйретеді. Сабақтардың мазмұны да солай біртектес болады. Әр түрлі медреседе осы сабақтарда пайдаланылатын кітаптардың арасында болар-болмас айырмашылықтар болуы ықтимал.

Алайда, студенттің Құранды, Сүннетті және фиқһті оқып-білуі үшін әуелі араб тілін үйренуі керектігі айдан анық. Ол үшін ол араб тілінің грамматикасын, морфологиясын, синтаксисін және Құран, Сүннет пен фиқһті түсінуге септігін тигізетін өзге де ғылымдарды үйренуі қажет. Бұл сабақтар да біркелкі, бірақ, осы дәрістерде пайдаланылатын оқулықтар әр оқу орнында әр түрлі болуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлік маңызды жайт, мұнда, ОАР-да және Ұлыбритания мен АҚШ-тың кейбір қалалары секілді Даруль-улюм Деобанди бар басқа да елдерде Даруль-улюмнің екі түрі бар.

Солардың біріншісінде оқыту мен тілдесу тілі − урду мен араб тілдері, екіншісінде ағылшын мен араб тілдері білім алу мен сөйлесу тілдері болып табылады. Сондықтан, ғұлама болғысы келетін талапкердің алдында таңдау бар. Әлхамдулилләх, біздің ғұламаларымыздың көпшілігі Үнді субконтинентінде білім алған. Сол себепті, урду тілінде білім алатын студенттер Үнді-пәкістан субконтинентінің ұлы ғұламаларының жазып қалдырған ілімдері мен кітаптарынан білім нәрімен сусындай алады.
 
Даруль-улюмнің оқу бағдарламасы қалай аталады?
 
Бағдарлама «Дарс Низами» деп аталады, бұл – өте көне оқу жоспары. Кейбір ғұламалардың пайымдауынша, бұл атау сонау Аббасидтер халифатының заманынан бастау алады. Ол кезде Низам уль-Мүлік деген әміршілердің бірі Мадраса Низамийя атымен белгілі ең алғашқы ірі ислам мектептерінің бірінің негізін қалады. Оған дейін ислам ілімін үйрету жүйесі мынадай болатын: үлкен исламдық шаһарлардағы мешіттерде бейресми басқосулар мен кездесулер ұйымдастырылып, ірі шейхтер, ақида, тәпсір, хадис, фиқһ, араб тілінің мамандары дәрістер өткізетін. Осы жүйенің, яғни, ұстаздан шәкіртке білім берудің негізінде дәстүрлі даруль-улюмнің, ислам мектептерінің тарихы басталды. Дәл сол себепті, біздің оқу жоспарымыз Дарс-Низами атымен белгілі. Оның көптеген тұстары әлі күнге дейін медреселерде ауқымды мазмұнда пайдаланылады. Біздің студенттеріміздің Исламның алтын ғасырларында үлкен ғұламалар жазған классикалық шығармалар бойынша дәріс алатындары – Даруль-улюмнің бірегей белгілерінің бірі. «Әл-Хидая» атты фиқһ саласындағы классикалық еңбекті алып қарайтын болсақ, ол 6-шы ғасырда жазылды. Біз 10 ғасырдан астам уақыт бойы соның пайдасын көріп келеміз.
 
Даруль-улюм медресесіндегі бір күнді сипаттап берсеңіз
 
Аллаға шүкір, мұнда, ОАР-да діни мектептер көп. Әдетте біздің мектептердің жатақханалары бар, шәкірттер Даруль-улюм кампусына орналасады. Дін ілімінен нәр алу үшін ұшқан ұяларын тәрк етіп, сан түрлі елдерден келген көптеген студенттер білім алатын Даруль-улюмдегі бір күнді сипаттап бергелі отырмыз. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, ілім алу үшін үйінен шыққан адам қайтып оралғанға дейін Алла жолында жүрген болып саналады. Біздің оқу орындарында мыңдаған студенттер білім алады. Еліміздің климаттық, тұрмыстық және өзге де жағдайлары олардың өз елдерінде үйренген жағдайларынан өзгеше екені мәлім – бұл да олардың білім үшін баратын құрбандықтарының бірі.
 
Әдетте біздің жатақханаларда студенттер ұйқыларынан таң намазынан бұрын тұрады. Әсіресе, бұл Құран жаттау үшін келетін студенттерге қатысты – олардың оқу күні, әсіресе, қыста таң намазынан әлдеқайда көп уақыт бұрын басталады. Олар таң намазына дейін Құран оқуды бастайды да, намаздан кейін «Ясин» сүресін немесе Құранның басқа да сүресін оқып бітіреді. Содан соң таңғы астарын ішеді: жылдың қай мезгілі екеніне байланысты, шамамен 7.00-де немесе 7.30-да. Содан кейін талтүске дейін дәріс алады. Содан соң бесін намазы мен түскі асқа үзіліс жасалады.
 
Аллаға шүкір, мектептеріміздің көпшілігінде күндіз көз шырымын алу сүннеті жүзеге асырылады – студенттер мен ұстаздарға түстен кейін тынығып алуға уақыт беріледі. Содан соң олар шамамен күндізгі екіден бастап, екінті намазына дейін сабақ алады. Екінті намазынан кейін ұстаздардың арасынан біреуі студенттерге арнап кеңес жүргізеді. Содан соң олар кешкі астарын ішеді. Ақшам намазынан кейін және кешкі сағат 9.00-ға дейін студенттер екі сағатқа жуық уақыт бойы сол күні өткен сабақтарын қайталап, келесі күннің дәрістеріне дайындалулары тиіс. Міне, бағдарлама осындай. Сондай-ақ, студенттерге спортпен айналысуға және дем алуға уақыт бөлінеді.
 
Оңтүстік Африкада оқу аптасы сенбі күні басталып, бейсенбі күнгі екінті намазына дейін жалғасатын, ал, демалыс бейсенбі күнгі екінті намазынан басталып, жұма күнгі екінті намазына дейін жалғасатын мектептер бар. Оған қоса, сабақтар зайырлы мектептердегідей дүйсенбіден сенбіге дейін өткізілетін өзге де мектептер бар.

Курстың ұзақтығы қандай?

Тахфизуль-Құран (Құранды жаттау, Құран хифзы) курсының белгілі бір ұзақтығы жоқ. Оның ұзақтығы шәкірттің қабілетіне, Құранды қанша уақытта жайттындығына байланысты. Кей студенттер Құранды екі немесе үш жыл бойы жаттайды, кейбіреулері оны бір немесе бір жарым жылда жаттап алуға қабілетті. Алим (ғұлама) курсына алты немесе жеті жыл уақыт кетеді, бұл студенттің қай мектепте оқитындығына байланысты. Сонымен қатар, бізде қыздарға арналған оқу орындары бар – бұл мұсылман қарындастарымызға да дін ілімін алуға, араб тілін үйренуге, хадис, тәпсір, фиқһ бойынша біліммен сусындауға мүмкіндік береді. Олар төрт жыл мен бес жыл аралығында оқиды.
 
Сіздердің оқу орындарыңызға түсу үшін қандай білім қажет?

Біз оқу орындарымызды ислам ілімін алуға арналған жоғарғы оқу орындары деп санаймыз. Сондықтан, мұнда оқуға түскісі келетіндер Ислам негіздерімен таныс болулары тиіс, яғни, Құранды еркін оқи алатын, негізгі діни міндеттерді (дәрет, намаз, тағы сол сияқтылар) білетін болулары керек. Сол себепті, біз студенттерімізге оқуға түспес бұрын мактаб деп аталатын, яғни, бастауыш оқу орындары сатысынан өтуді кеңес етеміз. Біздің ойымызша, талапкерлер кем дегенде 14 немесе 15 жасқа толған болулары қажет, әсіресе, егер олар жатақханада тұратын болса. Сондықтан, талапкерлер (шариғат тұрғысынан) балиғат жасына толған, өздерінің өмірдегі мақсат-мүдделерін түсіне білетін болулары керек және артықшылықтары болуы тиіс (ненің маңызды, ненің маңызсыз екенін ажырата білулері тиіс).

Оқу барысында қандай сабақтар оқытылады?

Алимдерді дайындау курсы араб тілін үйренуден басталады. Сабақтар урду тілінде жүргізілетін Даруль-улюмде шәкірттер осы екі тілді үйренеді. Құранды, хадистерді, фиқһті түсіну үшін студенттердің араб тілін білулерінің маңызы зор. Айтып өткеніміздей, біздің мектептеріміздің негізгі сабақтары – Құран, Сүннет және фиқһ. Әрине, ол үшін шәкірттер араб тілін, оның грамматикасын ойдағыдай үйренулері тиіс. Оған қоса, олар әдебиеттен, логикадан және философиядан азда болса білім алады. Студенттер фиқһ бойынша негізгі кітаптарды оқудан бастап, содан соң Құран тәпсіріне көшеді, хадистерді және олардың түсіндірмелерін, усуль-фиқһ атымен белгілі фиқһ пен оның ұстанымдарын егжей-тегжейлі зерттейді. Тағы бір маңызды тақырып – ақида (сенім). Шәкірттер діни көсемнің, яғни, имамның немесе медресе ұстазының міндеттерін атқаруды үйренеді. Соңғы оқу жылы хадистерді үйренумен аяқталады. Ол кезде студенттер негізгі алты хадистер жинағын оқып зерттейді. Содан соң түлек алим болып саналады.
 
Негізгі оқу курсынан кейін қандай да бір қосымша мамандандыру бар ма?

Егер студент мүфти болу үшін фиқһ саласында немесе пәтуа беруде маманданғысы келсе, тағы қосымша екі жыл оқуына болады. Сондай-ақ, студенттер тәжуид пен қырағат (Құран оқу) ғылымдарында, хадис немесе ақида ғылымдарында мамандана алады. 

ИНТЕРЕСНЫЕ МАТЕРИАЛЫ

Image
Мухаммад ибн Адам әл-Кәусари: Шариғаттағы бидғат ұғымы мен оның категориялары
Сұрақ: Бидға ұғымының мағынасы мен оның категорияларын түсіндіріп бересіз бе? Фиқһтегі классикалық ғұламалардың пікіріне сәйкес, бидға ұғымы жаман және жақсы болып бөліне ме? ...
3 330
10 апреля, 15
Image
Ханафи мен Матуриди – екеүі бір ұғым
Біз «ханафи» мен «матуриди» ажырамас ұғымдар екенін түсінуіміз керек. Адам фиқһта ханафи, ал ақидада муджассим немесе Ибн Тәймиянің ізбасары болуы мүмкін емес. Бұлар ажыратып қарауға жатпайт...
4 040
2
1 декабря, 14